АСПАНДА ҚАНША ЖҰЛДЫЗ БАР?
Категориясы: Ғарыш
Күн - біздің космостық үйіміздегі әрі жалғыз, әрі ең жақын жұлдыз. Оның үлкен болып көрінетін себебі салыстырмалы түрде жақын тұрғандығында. Ал басқа жұлдыздардың бізден алыстығы сондай, олар Күнмен салыстырғанда құртақандай ғана болып көрінеді. Бірақ қандай көп! Бүкіл аспан жылтыраған, алыс та сырлы Күндерге толып тұр! Қанша екен өздері? Санауға бола ма?
Адамдар баяғы замандарда-ақ аспанда қанша жұлдыз барын білуге құмартқан. Түнде ұйқыдан безіп, аспандағы жұлдыздарды бақылап қарайтын адамдарды жұлдызшы деп атаған, кейінірек бұларды астроном дейтін болды, мұндағы «астр» - «жұлдыз» деген сөз.
Аспанды дұрыс бағдарлау үшін олар көк күмбезін шартты түрде әр түрлі аудандарға бөліпті, ал жұлдыздарды топқа, шоғырларға жіктеген. Әр топтағы ең көрнекті, ең жарық жұлдыздарды ойша жүргізілген сызықтар арқылы жалғастырып, әр түрлі таңба, суреттер шығарған да, олардың неменеге ұқсайтынын жобалаған. Сонда жұлдыз топтарының сұлбасы аңға, құсқа, адамға, әр түрлі затқа үйлес тәрізді көрінеді. Сөйтіп, аспан әлемінде тұтас бір хайуанаттар қорығы «пайда болады». Мұнда не жоқ десеңші! Жираф пен Жылан, Аққу мен Шаян, Балық пен Түлкі...
Кейбір шоғырлар ертегілер мен мифтердің кейіпкерлерінің атына ие болады - Андромеда, Кассиопея, Орион, Геркулес деген сияқты...
Сөйтіп, жұлдыз патшалығын танып-білу біршама жеңілдеді. Астрономдар үңіліп тұрып санағанда жұлдыздардың ұзын саны 3 мың екен. «Қалайша, небәрі үш-ақ мың ба? - десті олар таңырқап, - Мүмкін емес! Сірә, адамның көзі онша өткір болмаса керек». Енді олар жұлдызды аспанға дүрбі - көру түтігі арқылы қарайды. Шынында да жұлдыздар он есе көп болып шығады! Көру түтігі арқылы бұрын әлсіздігінен мүлде байқалмаған қаншама жұлдыз көрінеді.
Егер көру түтігінен де алғыр «қырағы көз» жасап шығарса, мүмкін, бұдан да алыста тұрған жұлдыздарды көрудің сәті түсер, - десті олар.
Мұндай «қырағы көз» - телескоп болып шығады, оның көрген жұлдызының көптігі сонша, ешкім санына жете алмай, көмекке машина-роботты шақыруға тура келеді. Машина ары санап, бері санап, ақыры есебін айтып берді: «Аспандағы жұлдыздың саны - шамамен алғанда, 200 миллион».
Мәссаған! Машинаның өзі нақпа-нақ санап шыға алмайды, тек шамамен мөлшерлейді. Жұлдыз қандай көп, тіпті ойша елестетудің өзі қиын!
Осыншама жыпырлаған жұлдызды қайтсең есте сақтап каласың? Ғалымдар мұның да амалын ойлап тапты - әр жұлдызға жеке паспорт ашу керек. Ал паспортта ең мәнді деректер көрсетілуге тиіс. Мәселен, жұлдыздың есімі немесе рет саны, өйткені бәріне бірдей ат таба алмайсың ғой! Содан соң жұлдыздың көк күмбезіндегі нақты тұрағы, бұл - керек кезінде бірден тауып алу үшін. Одан ары - жасы, мөлшері және түсі. Өйткені жұлдыздар әр килы болады: қартаң немесе өте жас, алып немесе ергежейлі, жанып тұрған немесе сөніп қалған. Жұлдыздардың тұстері де әр түрлі, бұл - олардың температурасына байланысты. Егер жұлдыз өте ыстық болса - оның түсі аппақ немесе көгілжім, егер біздің Күн сияқты, басқаларымен салыстырғанда «салқындау» болса - сарғыш немесе қызғылтым келеді, мүлде суып кеткен жұлдыздар да бар, олардың түсі батар Күн сияқты қып-қызыл болады, онда жарық та, жылу да шамалы.
Ғалымдар жұлдыздарды бақылау және зерттеу жұмысын обсерватория деп аталатын, егекше жабдықталған астрономиялық ғимараттарда жүргізеді. Әдетте обсерваториялар қала сыртында, завод мұржаларының түтіні мен шаңынан аулақта немесе тіпті ауасы айрықша таза әрі тұнық болатын таулы жерде орналасады.
Аспан ашық болған жағдайда ғана жұлдыздарды қапысыз бақылауға болады.
Астрономдардың көмекші «көзі» - телескоп өздері үшін арнайы салынған, төбесі күмбезді, мұнара-үйлерге орнатылады. Кеш батысымен күмбез шатырлар жылжып ашылады да, «қырағы көз» - телескоптың түнегі аспанға бағытталады - қиян биікте жамырай жымыңдап, өзіне шақырып тұрған беймәлім әлемді нысанаға алады.
Жарияланған-2016-08-26 12:25:30 Қаралды-45542
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
АЛМА СТРУДЕЛІ
Бадам және жүзім араластырылған алма повидлосын арасына қабаттап салған қамырдан жасалған тағамды алма струделі дейді.
ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІНІҢ ТАРИХЫ
Әліпбилік жазу - дүние жүзі мәдениетінің қол жеткен орасан зор табысы болса, бұл мәдени мұраға біздің ата-бабаларымыз да өзіндік үлес қосқан деуге болады.
ЕҢ БИІК ТАУ ҚАЙ ЖЕРДЕ?
Планетамыздағы ең биік тау құрлықта емес, Тынық мұхитының түбінде тұр
ОБА
Оба - адамдар мен жануарлардың өте тез жұғатын күшті жұқпалы ауруы. Әдетте оба жалпы әлсіздікпен басталып калтырауға, бас ауыруына, естен тануға алып келеді, температурасы тез көтеріледі.
ЖЕМІС ЧУРЧХЕЛАСЫ
Бұл - аршылған грек жаңғағынан жасалып, жеміс-мармелад қабатымен қапталатын тағам. Түтікшелердің диаметрі 35-40 мм, ұзындығы – 250-260 мм.