UF

50 РЕЦЕПТ СҮТ ТАҒАМДАРЫ

Категориясы: Тағам


Cүтті емшектегі баладан, еңкейген кәріге дейін ішеді. Өйткені ол витаминдерге, углеводтар мен майларға, белоктар мен минералды заттарға, микроэлементтер мен ферменттерге өте бай. Бір сөзбен айтқанда химиялық құрамы жағынан тамаша тағам. Себебі оның құрамында адам организмінің қалыпты жетілуі үшін барлық зат болады. Соған орай физиологиялық құндылығы жағынан бір де бір азық тең келе алмайды. Сүт басқа өнімдердің биологиялық құндылығын да көтереді. Оның тағы бір ерекше қасиеті - ас қорыту бездерінің жұмыс істеу қабілетін үнемі жақсартып отырады.

СҮТ ҚАТЫЛҒАН БАЛЫҚ СОРПАСЫ

Құрамы: 
100 грамм жас балық, 2 кесе сүт, 2 кесе су, 2 шай қасық сары май, тұз әркімнің қалауынша.
Дайындау процессі:
Сүтке су қосып қайнатады. Тұздап, сүйегін алып тастаған жас балықты бөліп, қайнап жатқан сүтке (су қосылған) салып пісіреді. Дастарқанға әкелерде үстіне сары май салады.

СҮТ ҚАТЫЛҒАН АСҚАБАҚ КӨЖЕСІ

Құрамы: 
100 грамма асқабақ, 2 кесе сүт, 1 шай қасық сары май, қант, тұз әркімнің қалауынша.
Дайындау процессі:
Асқабақтың қабығы аршылады, ішіндегі дәні алынып тасталған соң жұқалап турайды. Сөйтіп аз ғана суға жұмсарғанша бұқтырады. Жұмсарғаннан енйін үккішпен үгіледі де сары май, сүт қосылып, тұз салынады да қайнатылады.

КӘКӘРІМ КӨЖЕ

Құрамы: 
3 кесе тәтті айран, 1 көк пияз, ас қасықтың 2/3 бөлігіндей қызыл бұрыш, 3 кесе ыстық су, тұз татымына қарай.
Дайындау процессі:
Айранға жұқалап сақиналап туралған пияз, тұз, қызыл бұрыш қоса отырып аралатырады. Үздіксіз араластыра отырып, үстіне сарқылдап қайнап тұрған су қосылады. Содан соң ыдысқа құйып, дастарқанға әкелуге болады.

СҮТКЕ ПІСКЕН КҮРІШ БОТҚА

Құрамы: 
2 кесе су, 2 кесе сүт, жарты кесе күріш, жарты ас қасық қант, 1 шай қасық сары май, тұз татымына қарай.
Дайындау процессі:
Күріш күрмегінен, майда тастардан тазартылады, қайнап тұрған суда 5-6 минут пісіріледі. Содан соң кепсермен сүзіп алынып, сүт қайнап жатқан ыдысқа аударылады. Қант қосылып, тұз салынады да жақсылап араластырылады. Сөйтіп отты басып қойып, 15 минут пісіріледі. Дайын бола бергенде тағы бір араластырып, қақпағын жайып, ыдысымен 15 минуттай салқын суға салып қояды. Сонда күріш жақсы жарылады. Сары май дастарқанға әкелерде салынады.

АСҚАБАҚ ҚОСЫП СҮТКЕ ПІСІРІЛГЕН КҮРІШ БОТҚА

Құрамы: 
1 кесе күріш, 1,5 литр сүт, 0,5 л су, 200 грамм асқабақ, 2 шай қасық сары май, тұз татымына қарай.
Дайындау процессі:
Қайнап жатқан тұзды суға алдын ала іріктеліп, жуылған күріш салынады да шала пісіріледі. Содан кейін сүт құйылып, бір қайнатылады да ұшбұрыштап немесе төртбұрыштап кесілген асқабақ салынады. Отты басыңқырап қойып, үздіксіз бұлғай отырып әбден пісіріледі.
Дастарқанға қояр алдында тарелкаға салып, үстіне ерітілген сары май құйылады.

СҮТ ҚАТЫЛҒАН МАКАРОН КӨЖЕ

Құрамы: 
40 грамм макарон, 1,5 кесе сүт, ас қасықтың 1/2 бөлігіндей сары май, тұз әркімнің қалауынша.
Дайындау процессі:
Қайнап жатқан суға салынған макаронды 5-8 минут пісіреді. Содан соң сүзіп алып, қайнап жатқан сүтке салады да баяу отта дайын болғанша пісіреді. Пісті-ау деген кезде тұз, қант, сары май қосылады.

КӨКӨНІС ҚОСЫЛҒАН СҮТ КӨЖЕ

Құрамы: 100 грамм картоп, 1 сәбіз, 70 грамм капуста, 1,5 кесе сүт, ас қасықтың 1/2 бөлігіндей сары май, тұз әркімнің қалауынша.
Дайындау процессі:
Тазаланған капуста төртбұрышталып, қабығы аршылып жуылған картоп қиықшаланып туралады, сәбізді үккіштің ірі көзінен өткізіп алады. Сөйтіп оларды аздаған тұзды суға шала пісіріп алады. Содан кейін үстіне қайнап тұрған сүтті құйып, сары май қосады да, бәсең отта дайын болғанша пісіреді.

СҮТ ҚАТЫЛҒАН ҮЗБЕ ҚАМЫР КӨЖЕСІ

Құрамы: 1,5 кесе сүт, кесенің 3/4 бөлігіндей су, жарты жұмыртқа, жарты ас қасық сары май, 1 шай қасық қант, тұз әркімнің қалауынша.
Дайындау процессі:
Бидай ұнынан жұмыртқа, сары май және су қосып қамыр иленеді. Қасықпен үзбе қамыр жасалады. Оған су және қант қосып, тұз салынады да қайнап жатқан сүтке салып пісіріледі. Сары май дастарқанға әкелерде салынады.

СҮТ ҚАТЫЛҒАН ВЕРМИШЕЛЬ ЖӘНЕ КӨКӨНІС КӨЖЕ

Құрамы: 
80 грамм вермишель, 25 грам кәді, 25 грамм шалқан, 25 грамм пияз, орташалау 2 картоп, 2 ас қасық сары май, 2 кесе сүт, 2 кесе су, тұз әркімнің қалауынша.
Дайындау процессі:
Сүтке су қосылып қайнатылады. Картоп, шалқан және кәді  жуандау етіліп, ұзыншалап кесіледі, пияз ұсақталып туралып, әбден қызарғанша сары майға қуырылады. Сонан соң осы көкөністердің бәрі әлгі қайнап жатқан сүтке салынып асылады. Көкөніс жартылай дайын болған кезде вермишель салынып, тағы бір қайнатылады.

СҮТ ҚАТЫЛҒАН КӨК БҰРШАҚ КӨЖЕ

Құрамы: 
1 кесе су, 50 грамм картоп, 2 кесе сүт, 1 шай қасық сары май, 2 ас қасық көк бұршақ, тұз әркімнің қалауынша.
Дайындау процессі:
Картоптың қабығы аршылып жуылады, қиықшаланып туралады. Дайын болған соң үстіне ыстық сүт құйып, 12-15 минут пісіреді. Сонан соң сары майға шала қуырылған пияз, консервілінген көк бұршақ, сүт қосылып, тағы бір қайнатылады. Дайын көжеге сары май салуға болады.

СҮТ ҚАТЫЛҒАН СӘБІЗ ЖӘНЕ МАЙДА ЖАРМА КӨЖЕСІ

Құрамы: 
2 сәбіз, ас қасықтың 1/2 бөлігіндей сары май кесенің 1/4 бөлігіндей су, 2 кесе сүт, 1 ас қасық майда жарма, тұз әркімнің қалауынша.
Дайындау процессі:
Сәбізді ұсақтап турап, суға бұқтырады да үккіштен өткізеді. Қайнап жатқан суға майда жарма салынып, 10 минуттай қайнатылады. Сонан соң сәбіз пюресі мен қант қосылады, ал сары май дастарқанға әкелерде қосылады.

СҮТ ҚАТЫЛҒАН ВЕРМИШЕЛЬ КӨЖЕ

Құрамы: 
35 грамм вермишель, 1 шай қасық қант, кесенің 1/2 бөлігіндей су, 2 шай қасық сары май, 2 кесе сүт, тұз татымына қарай салынады.
Дайындау процессі:
Су қосылған сүт отқа қойылып, қайнағаннан соң алдын ала дайындалған вермишельді пісіреді. Дастарқанға әкелер алдында сары май салуға болады.

СҮТ ҚАТЫЛҒАН КЕПКЕН НАН КӨЖЕСІ

Құрамы: 
4 ас қасық ұнтақталған кепкен нан, жұмыртқа сары уызының 1/3 бөлігі, кесенің 1/4 бөлігіндей су, 2 кесе сүт, 1 шай қасық қант, 2 шай қасық сары май, тұз әркімнің қалауынша.
Дайындау процессі:
Алдын ала ұнтақталған кепкен нан ұны елеуішпен еленеді. Сонан соң су қосылған сүт қайнап жатқан ыдысқа салынады. Сөйтіп тағы бір қайнатылады да оттан алынады. Жұмыртқаның сары уызы, алдын ала су қосылып дайындалған салқын сүт, қант, ванилин, сары май қосылып, тұз салынады. Дастарқанға жылы күйінде әкеледі.

СҮТ ҚАТЫЛҒАН МАЙДА ЖАРМА КӨЖЕСІ

Құрамы: 
2 шай қасық сары май, 1 шай қасық қант, 1 ас қасық майда жарма, кесенің 1/4 бөлігіндей су, 2 кесе сүт, тұз әркімнің қалауынша.
Дайындау процессі:
Ыдыстағы сүтке су қосылады да отқа қойылып қайнатылады. Сол қайнап жатқан кезінде үстіне майда жарма салынады. Сөйтіп тағы да 10 минут қайнатылады. Содан соң қант қосып, тұз салынады. Дастарқанға әкелер алдында сары май салғанның артықтығы жоқ.

ТӘТТІ АЙРАН ҚАТЫЛҒАН КӨЖЕ

Құрамы: 
2 кесе тәтті айран, ас қасықтың 2/3 бөлігіндей бидай ұны, жұмыртқаның 2/3 бөлігі, 2 ас қасық піскен күріш, 2 ас қасық қорытылған сары май, бір пияздың 1/2 бөлігі, 15 грамм көк, тұз әркімнің қалауы бойынша.
Дайындау процессі:
Тәтті айранға су қосылады. Үстіне жұмыртқа мен бидай ұнын араластырып дайындалған масса салынады. Әбден араластырып, отты басып қойып қайнатылады. Қайнағаннан кейін піскен күріш, қорытылған сары май, пияз, көк қосылып, тұз салынады. Содан соң тағы бір қайнатылып, дастарқанға әкелінеді.

СҮЗБЕ ҮЗБЕСІ ҚОСЫЛҒАН ҚАРАҚАТ КӨЖЕ 

Құрамы: 
100 грамм қара қарақат, 2 кесе су, 2 ас қасық қант, шай қасықтың 1/2 бөлігіндей крахмал, үзбе үшін - 100 грамм сүзбе, 1 жұмыртқа, 2 шай қасық қант, 1 ас қасық бидай ұны.
Дайындау процессі:
Жақсылап іріктілген қара қарақат жуылады. Ағаш қасықпен әбден езіліп, сөлі алынады. Сығынды кастрюльге салынып, үстіне ыстық су құйылады. Қайнатылып, сүзіледі. Нәр суы қайта қайнатылады. Қант және салқын суға езілген крахмал қосылады. Содан соң аздап тағы қайнатылады. Оттан түсірілген соң манағы алынған сөл құйылып салқындатылады. Үгілген сүзбеге жұмыртқа, қант, ұн қосылып, араластырылады. Аспаз қолын ылғалдап алып, осы массадан үзбе дайындап, тұзды суға салып асады. Үзбелер су бетіне қалқып шыққанда кепсермен сүзіп алынады. Содан кейін суытылады.
Дастарқанға әкелерде әлгі сүзбе үзбелер ыдысқа салынып, үстіне көже құйылады.

ІРІМШІК КӨЖЕ

Құрамы: 
100 грамм ет, 100 грамм ірімшік, 50 грамм кепкен ақ нан, 2 кесе сорпа, түз татымына қарай.
Дайындау процессі:
Тұзды суға салынған ет әбден піскенше асылады. Сорпасы басқа ыдысқа құйып алынады. Бірақ оны міндетті түрде сүзу керек. Қатып қалған нанның алдын ала кесіп алынған қабығы мен ірімшік үккішпен үгіледі, қатты етіп пісірілген жұмыртқаның сары уызы ұсақталады. Бәрі жақсылап араластырылып, үстіне аздап сорпа құйылады. Содан соң сорпаға салынып, 30 минут отқа қойылады. Дастарқанға әкелмес бұрын көжеге ұсақтап туралған ет салынады.

АСҚАБАҚ ҚОСЫП, СҮТКЕ ПІСІРІЛГЕН КҮРІШ КӨЖЕ 

Құрамы: 
400 грамм асқабақ, 1 кесе күріш, 3 литр сүт, 1 шай қасық тұз, 100 грамм сары май немесе 2 ас қасық қаймақ.
Дайындау процессі:
Асқабақтың сыртқы жұқа қабығы сыдырылып, дәні алынып тасталынады да, ұшбұрыштап туралады. Салңын суға жуылады. Содан соң алдын ала іріктеліп, жуылған күрішпен бірге қайнап жатқан суға салынады да, тұздалып, шала пісіріледі. Шала піскеннен кейін сүт құйылып, бір қайнаған соң тағы да 8-10 минут асылады. Шұңғыл тарелкаға құйылып, бір кесек сары май салынады. Сары май болмаса қаймақ құюға да болады.

СҮТ ҚҰЙЫЛҒАН ҚАРАҚҰМЫҚ БОТҚАСЫ
 
Құрамы: 
1,5 кесе су, 2 шай қасық сары май, 4 ас қасық қарақұмық жармасы, 2 кесе сүт, тұз татымына қарай.
Дайындау процессі:
Қарақұмық жармасы салқын суға салынып қойылады. Сөйтіп, 2-3 сағатта бөртеді. Бөрткен жарма бәсең отқа қойылып, тұз салынады да 10-15 минут пісіріледі. Піскен соң ерітілген, яғни қыздырылған сары май құйылады да, бабына келгенше духовкаға қойылады. Дастарқанға әкелерде үстіне ыстық сүт құйылады.

СҮТКЕ ПІСКЕН АРПА БОТҚА
 
Құрамы: 
1 кесе су, 1 шай қасық қант, 1 шай қасық сары май, 1 кесе сүт, жарты кесе арпа жармасы, тұз татымына қарай.
Дайындау процессі:
Тазартылып жуылған арпа жармасы салқын суға салынып, 3 сағат бөрттіріледі. Содан кейін суы төгіледі де үстіне қайнап тұрған су құйылады. Сөйтіп, 10-15 минут пісіріледі. Піскен арпа жармасының суы тағы да төгіліп, өзі сүт қайнап жатқан ыдысқа аударылады. Оған қант қосылып, тұз салынады. Жақсылап араластырылады, 30-40 минуттай бәсең отта пісіріледі. Дастарқанға қоярда сары май салынады.

СҮТКЕ ПІСКЕН СҰЛЫ БОТҚА 

Құрамы: 3 кесе су, 1,5 кесе сүт, 4 ас қасық сұлы жармасы, 2 шай қасық қант, тұз әркімнің қалауынша.
Дайындау процессі:
Жуылып, тазартылған сұлы жармасы салқын суға салынып, 1-2 сағат бөрттіріледі. Мөлшерлі уақыттан кейін суы төгіліп, үстіне қайнап тұрған су құйылады. Оған қант, тұз қосып жақсылап араластырған соң отты басып қойып, 2 сағат асылады. Сары май дастарқанға әкелерде салынады.

СҮТКЕ ПІСКЕН МАЙДА ЖАРМА БОТҚАСЫ 

Құрамы: 2,5 кесе сүт, жарты ас қасық қант, жарты кесе майда жарма, 1 шай қасық сары май, тҰз әркімнің қалауынша.
Дайындау процессі:
Майда жарма қайнап жатқан сүтке себеленіп салынады. Отты басып қойып, 15 минут қайнатылады. Қайнату үстінде үздіксіз араластырып отыру керек. Осы уақыт ішінде әбден қоюланған ботқаға қайт қосылып, тұз салынады. Дастарқанға әкелерде үстіне сары май салған дұрыс.

КӨКӨНІС ҚОСЫЛҒАН СҮЗБЕ

Құрамы: 
4 ас қасық майсыз сүзбе, жұмыртқа сары уызының жартысы, 1 ас қасық қаймақ, жарты помидор, 1 шалғам, жуа (пияз) әркімнің қалауы бойынша.
Дайындау процессі:
Жұмыртқаның сары уызымен қосып үгілген сүзбеге майдалап туралған көк жуа (пияз), қаймақ қосылып, тұз салынады да араластырылады. Дайын массаның беті дөңгелектеп кесілген шалғаммен және помидормен әсемделеді.

ШАЛҒАМ ЖӘНЕ ІРІМШІК ҚОСЫЛҒАН СҮЗБЕ

Құрамы: 
25 грамм шалғам, 25 грамм балқытылған ірімшік, 1 ас қасық қаймақ, 15 грамм жуа, 150 грамм майсыз сүзбе, зире, тұз әркімнің қалауы бойынша.
Дайындау процессі:
Ұзыншалап шалғам, майдалап пияз туралады. Сүзбе мен балқытылған ірімшік қосылып, үккішпен үгіледі де үстіне әлгінде дайындалған шалғам, жуа, зире, тұз салынады, қаймақ қосылады. Сөйтіп жақсылап араластырылады.

АСКӨК ЖӘНЕ ЗИРЕ ҚОСЫЛҒАН СҮЗБЕ 

Құрамы: 
15 грамм аскөк, 2 ас қасық қаймақ, 100 грамм майсыз сүзбе, зире мен түз дәмі мен татымына қарай.
Дайындау процессі:
Үккішпен үгілген сүзбеге майдалап туралған аскөк, зире, тұз қосылып, бетіне қаймақ құйылады.

САРЫМСАҚ ҚОСЫЛҒАН СҮЗБЕ 

Құрамы: 
2 ас қасық өсімдік майы, сарымсақтың бір баданасы, 2 ас қасық майсыз сүзбе, лимон қышқылы, қызыл бұрыш, тұз әркімнің қалауынша.
Дайындау процессі:
Әуелі сарымсаққа тұз себіледі содан соң келіге салынады да бір-бір тамшыдан өсімдік майы тамызыла отырып, түйіледі. Оған уккішпен үгілген сүзбе, аздаған ұнтақ қызыл бұрыш, лимон қышқылы қосылып, жақсылап араластырылады.

ҚАЙМАҚ ЖӘНЕ СӘБІЗ ҚОСЫЛҒАН СҮЗБЕ 

Құрамы: 
1 ас қасық қаймақ, кішкентайлау сәбіздің жартысы, 50 г майсыз сүзбе, тұз бен қант татымы мен дәміне қарай.
Дайындау процессі: 
Сүзбе майда көзді үккішпен жақсылап үгілген сәбізбен мұқият араластырылады. Үстіне қант, тұз салынып, қаймақ құйылады да әбден бұлғанады.

ҚАЙМАҚ ҚОСЫП ПІСІРІЛГЕН АРПА БОТҚАСЫ 

Құрамы: 
жарты кесе арпа жармасы, 1,5 кесе сүт, жұмыртқаның 1/4 бөлігі, 2 ас қасық қаймақ, 1 ас қасық сары май, тұз татымына қарай.
Дайындау процессі:
Арпа сүтке пісіріледі. Әбден қойылған соң сары май қосылып, тұз салынады. Содан соң қаймақ, шикі жұмыртқамен араластырылып, май жағылған табаға аударылады да духовкаға қойылып, жарты сағат бұқтырылады. Кісіге берерде устіне ерітілген сары май құйылады.

ҚАЙМАҚ ҚАТЫЛҒАН МАКАРОН 

Құрамы: 
200 грамм макарон, 2 жұмыртқа, жарты кесе қаймақ, 2 ас қасық сары май, 1 ас қасық сухарь ұнтағы, тұз татымына қарай.
Дайындау процессі:
Макарон тұзды суға пісіріледі. Үстіне сары май құйылады. Содан соң май жағылған табаға аударылып, қаймақпен араластырылған жұмыртқа сары уызы құйылады. Бетіне сары май шашылып, ұнтақталған сухарь себіледі. Сөйтіп, духовкаға бұқтырылады.

ҚАЙМАҚ ҚОСЫЛҒАН ҚАРАҚҰМЫҚ БОТҚАСЫ

Құрамы:

1 кесе су, жарты кесе қаймақ, 3 ас қасық қарақұмық жармасы, 1 ас қасық қант, тұз татымына қарай.
Дайындау процессі: 
Тұзды суға пісірілген қарақұмық ботқасы суытылады. Қант қосылып, үстіне қаймақ құйылады.

ҚАЙМАҚ ҚОСЫЛЫП ҚУЫРЫЛҒАН КАПУСТА

Құрамы: 
1 ас қасық сары май, 1 ас қасық қаймақ, 25 грамм капуста, тұз татымына қарай.
Дайындау процессі:
Ұсақтап туралған капустаның үстіне ыстық су құйылып, 5 минут қайнатылады. Қайнап болған соң суы төгіледі де, сары май салынған ыдысқа аударылып, қуырылады. Содан кейін үстіне қаймақ құйылып бұқтырылады.

ҚАЙМАҚ ҚОСЫЛЫП БҰҚТЫРЫЛҒАН КАРТОП 

Құрамы: 
2 шай қасық сары май, 3 ас қасық қаймақ, 200 грамм картоп, бір шөкім ұн, тұз әркімнің цалауынша.
Дайындау процессі:
Қабығы аршылып, қиықшалап туралған картоп сары майға қуырылады. Қуырылған картоп басқа ыдысқа салынып, дөңгелектеп кесілген пияз араластырылған қаймақ құйылады да тұздалады. Содан соң ыдыстың қақпағы нығыздап жабылады да жақсылап бұқтырылады. Дастарқанға қойыларда көкпен әсемделеді.

СҮЗБЕ САЛЫНҒАН ОРАМА 

Құрамы: 
құймақ үшін жарты кесе ұн, жарты жұмыртқа, кесенің 3/4 бөлігіндей сүт немесе су, жарты шай қасық қант, 1 ас қасық қорытылған сары май, тұз татымына қарай. Құймақ оралатын өнім үшін - 150 грамм майсыз сүзбе, 1 ас қасық қант, жұмыртқаның 1/3 бөлігі, тұз татымына қарай. Дастарқанға қойыларда құйылатын 2 ас қасық қаймақ.
Дайындау процессі:
Ыдысқа шикі жұмыртқа мен сүт құйылыи, оған қант қосылады. Ұн мен тұз салынып, біркелкі сұйық қамырға айналғанша бұлғанады. Май жағылып, әбден қыздырылған табаға сол қамыр жұқалап құйылып, оған сүзбе салынады. Содан соң түтікше секілдендіріп орап, жұмыртқа жағылады да сухарь ұнтағына аунатылады. Табаға салып, сары майға немесе тоң майға қуырылады. Дастарқанға қойыларда үстіне қаймақ құйылады.

СҮЗБЕ ҚОСЫЛЫП ПІСІРІЛГЕН ҮЗБЕ ҚАМЫР 

Құрамы: 
1 ас қасық сары май, 1 ас қасық қант, 50 грамм майсыз сүзбе, 1 кесе бидай ұны, 1 жұмыртқа, 1 ас қасық қаймақ, тұз татымына қарай.
Дайындау процессі:
Ұн еленеді. Ыдысқа салынып, су, шикі жұмыртқаның 3/4 бөлігі құйылады. Тұз салынып, қатты етіп қамыр иленеді. Содан соң оқтаумен жазылады. Ұсақтау етіп төртбұрыштап кесіледі де тұзды суға салып пісіріледі. Піскен соң кепсермен сүзіліп алынады да басқа ыдысқа салынып, ет турағыштан өткізілген сүзбе, қалған жұмыртқа, қорытылған сары май, қант, қаймақ қосылады. Сөйтіп бәрі араластырылып, алдын-ала май жағылған табаға аударылады да духовкаға қойылып, бір сағат пісіріледі. Дастарқанға қойылар алдында бірнеше бөлікке бөлініп, үстіне ерітілген сары май құйылады.

ҚАЙМАҚҚА ПІСКЕН СҮЗБЕ ҮЗБЕСІ

Құрамы: 
1 ас қасық бидай ұны, 2 ас қасық қаймақ, 1 ас қасық қант, бір жұмыртқаның бөлігі, 100 грамм майсыз сүзбе, тұз әркімнің қалауынша.
Дайындау процессі:
Сүзбе, жұмыртқа, ұн, қант, тұз араластырылады. Осы масса қасықпен үзбелерге үзіледі де, ыстық суға салынып пісіріледі. Піскен соң олар табаға аударылып, үстіне қаймақ құйылады да, духопкаға қойылып, 30 минут қыздырылады.

СҮЗБЕ ҚОСЫЛҒАН МАКАРОН 

Құрамы: 
100 грамм макарон, 1 ас қасық қант, 1 ас қасық сары май, 100 грамм майсыз сүзбе, 1 жұмыртқа, 1 ас қасық жүзім, тұз татымына қарай.
Дайындау процессі:
Тұзды суға асылған макарон кепсермен сүзіп алынады. Оған үгітілген сүзбе, қант, сары май, шикі жұмыртқа, табылса жүзім қосып араластырылады. Ол май жағылып, сухарь ұнтағы себілген табаға аударылады да беті тегістеліп, май шашылады. Сөйтіп, духовкаға қойып пісіріледі. Дастарқанға әкелерде бірнеше бөлікке бөлініп, үстіне қыздырылған сары май құйылады.

СҮЗБЕ ҚОСЫЛҒАН КҮРІШ КОТЛЕТІ

Құрамы: 
1 кесе су, 50 грамм майсыз сүзбе, жұмыртқаның 1/5 бөлігі, 2 ас қасық күріш, сухарь ұнтағы, 1 шай қасық қорытылған сары май, 1 ас қасық қаймақ, тұз әркімнің қалауы бойынша.
Дайындау процессі:
Тұзды суға асылған күріш суытылады, сүзбе, жұмыртқа қосылып жақсылап араластырылады. Осы массадан котлет жасалып, сухарь ұнтағына аунатылады. Сөйтіп, екі жағы кезек-кезек қуырылады.
Дастарқанға әкелерде күріш котлетінің үстіне қаймақ құйылады.

СҮЗБЕ ҚОСЫЛҒАН ТАРЫ БОТҚАСЫ

Құрамы: 
жарты кесе су, 50 грамм майсыз сүзбе, 1 шай қасық қант, 1 ас қасық сары май, 2 ас қасық тары, тұз татымына қарай.
Дайындау процессі:
Алдын-ала дайындалған тары қайнап жатқан тұзды суға шала пісіріледі. Піскен соң қант, сүзбе, сары май қосылып араластырылады да, әбден піскенше баяу отта қайнатылады.
Дастарқанға сүт немесе айран қоса әкелінеді.

СҮЗБЕ ҚАТЫП ПІСІРІЛГЕН ҚАРАҚҰМЫҚ БОТҚАСЫ

Құрамы: 
жарты кесе қарақұмық жармасы, 1 кесе су, 1 шай қасық тоң май, 100 грамм майсыз сүзбе, жұмыртқаның жарты сары уызы, жарты кеседей қаймақ, тұз татымына қарай.
Дайындау процессі:
Әуелі қарақұмықтан ботқа пісіріледі. Сонан соң тең жартысы алдын ала май жағылған табаға аударылып, үстіне жұмыртқаның сары уызы, үккішпен үгілген сүзбе салынады да бетіне қалған ботқа жайылып, тегістеледі. Тұздалып, жұмыртқаның сары уызы араластырылған қаймақ құйылады. Сөйтіп, 15-20 минут духовкаға қойылады.
Дастарқанға үстіне сары май құйылып әкелінеді.

СҮЗБЕ САЛЫП ПІСІРІЛГЕН ТӘТТІ БҰРЫШ

Құрамы: 
200 грамм майсыз сүзбе, 1 жұмыртқаның жартысы, 1 шай қасық қант, жарты кесе қаймақ, тұз татымына қарай.
Дайындау процессі:
Тәтті бұрыштың дәні алынып тасталады да 15-20 минут суға салынып қойылады. Сонан соң ішіне үгілген сүзбе толтырылып, қант қосылады да тұздалып, кастрюльге аударылады. Үстіне қаймақ құйылады. Сөйтіп, кастрюльдің қақпағы жабылып, тағам бұқтырылады.

СҮЗБЕ САЛЫП ПІСІРІЛГЕН ГОЛУБЦЫ 

Құрамы: 
100 грамм майсыз сүзбе, 1 жұмыртқа, 2 ас қасық күріш, 1 ас қасық тоң май, 2 ас қасық қаймақ, ақ қауданды капустаның 250 грамм жапырағы, аскөк пен тұз әркімнің қалауы бойынша.
Дайындау процессі:
Әбден піскен күріш оттан алынып, салқындатылады. Суыды-ау деген кезде шикі жұмыртқа және үккішпен үгілген, тұздалып, бұрышталған сүзбемен араластырылады. Содан соң шала піскен капуста жапырақтарына оралады да табаға салынып, қуырылады. Қуырып болғаннан кейін тағы ыдысқа аударылып, үстіне қаймақ құйылады. Сөйтіп, духовкаға қойып жарты сағаттан астам бұқтырылады.
Дастарқанға аскөкпен әсемдеп әкелуге болады.

ІРІМШІК ҚОСЫЛҒАН ҚҰЙМАҚ

Құрамы: 
1 жұмыртқаның 2/3 бөлігі, 80 грамм ірімшік, 1 шай қасық қорытылған сары май, 1 шай қасық қуыруға арналған тоң май, жарты кесе сүт, кесенің 2/3 бөлігіндей бидай ұны.
Дайындау процессі:
Жұмыртқаның сары уызы тұздалып, үккішпен үгіледі. Араластырыла отырып, сүт құйылады. Осы массаға ұн қосылып, қамыр иленеді. Оған жұмыртқаның ақ уызы қосылып, әбден араластырылады. Қамыр қатты болмауға тиіс. Ірімшік әуелі жұқалап тілінеді де төрт бұрыштап туралады. Содан соң табаға май салынып, қыздырылады да бір қасық қамыр, ал оның үстіне бір түйір ірімшік салынады. Сөйтіп, құймақтың екі жағы да жақсылап қуырылады.
Дастарқанға үстіне ерітілген май құйылып әкеледі.

ІРІМШІКТЕН ДАЙЫНДАЛҒАН ҮЗБЕ 

Құрамы: 
2 ас қасық майда жарма, жарты кесе үгілген ірімшік, 2 жұмыртқа, тұз, қаймақ немесе тұздың әркімнің қалауынша.
Дайындау процессі:
Жұмыртқаның сары уызы үккішпен үгіледі. Ол үгілген ірімшікпен және майда жармамен араластырылады. Тұздалып, 2-3 сағат беті жабылып қойылады. Осы мерзім өткенде жұмыртқаның ақ уызымен араластырып, ылғалданған клеенка үстіне аударылады. Сөйтіп, білікше тәріздендіріп созылады. Содан кейін таза шүберекке оралып, екі ұшы жіппен байлап тасталынады да қайнап жатқан тұзды суға салынып, ол су бетіне қалқып шыққанша қайнатылады. Қалқып шыққан соң ыдыстан алынып, ораған шүберегі жазылады да піскен масса дөңгелеістеп кесіледі.
Дастарқанға әкелерде үстіне тұздың немесе қаймақ құюға болады.

ІРІМШІК ҚОСЫП ПІСІРІЛГЕН КЕСПЕ

Құрамы: 
50 грамм кеспе, жарты кесе үгілген ірімшік, тұз татымына қарай.
Дайындау процессі:
Алдын ала иленіп, дайын тұрған қамырдан кеспе кесіледі. Ол қайнап жатқан тұзды суға салынады. Піскен соң кепсермен сүзіп алынып, үстіне үккішпен үгілген ірімшік себіледі.
Дастарқанға ыстық күйінде қойылады.

ІРІМШІК ҚОСЫЛҒАН КҮРІШ КӨТЛЕТІ

Құрамы: 
жарты кесе су, 1 ас қасық күріш, 1 жұмыртқаның 1/4 бөлігі, 1 ас қасық үгілген ірімшік, 1 шай қасық сары май, 1 ас қасық сухарь ұнтағы, қуыруға арналған 1 шай қасық тоң май, 1 ас қасық қаймақ, тұз татымына қарай.
Дайындау процессі:
Күріш күрмегінен тазартылады. Тазаланған күріш жақсылап жуылады. Содан соң алдын ала сары май салынған тұзды суға пісіріледі. Піскен соң суыған күрішті үккішпен үгілген ірімшік пен жұмыртқа қосып араластырады. Сөйтіп, одан котлет жасалады да сухарь ұнтағына аунатылып, қуырылады.
Дастарқанға қояр алдында үстіне қаймақ құйылады.

СҮТ ЖӘНЕ ІРІМШІК ҚОСЫП ПІСІРІЛГЕН КАРТОП

Құрамы: 
1 жұмыртқаның 1/4 бөлігі, жарты кесе сүт, 200 грамм картоп, 2 ас қасық үгілген ірімшік, сарымсақтың бір баданасы, 1 ас қасық сары май, бұрыш, тұз дәмі мен татымына қарай.
Дайындау процессі:
Картоп шала пісіріледі. Оған үккішпен үгілген ірімшіктің тиісті бөлігінің тең жартысы қосылады да бұрышталып, тұздалады. Содан кейін жақсылап бұлғанады да сүтке шыланған жұмыртқа қосылып әбден араластырылады.
Керамикалық ыдыстың іші сарымсақпен сүртіліп, сары май жағылады да әлгі масса салынып, бетіне ірімшіктің қалғаны себіледі. Үстіне ерітілген сары май жағылып, қызуы күшті духовкаға 40-45 минут қойылады. Осы уақыттың іщінде картоптың сырты қызарып, қабыршақтануға тиіс. Бұл тағам пісті деген сөз.
Дастарқанға әкелерде бетін аскөкпен немесе петрушка жапырақтарымен әсемдеуге болады.

ІРІМШІКТЕН ҚОСЫЛЫП ПІСІРІЛГЕН МАКАРОН

Құрамы: 
1 ас қасық маргарин, 2 шай қасық сары май, 1 ас қасық үгілген ірімшік, 70 грамм макарон, тұз татымына қарай.
Дайындау процессі:
Макарон қайнап жатқан тұзды суға салынып пісіріледі. Үстіне май құйылып, табаға аударылады. Бетіне үгілген ірімшік себіліп, ерітілген май шашылады. Сонан соң қызуы орташа духовкаға қойылып, жақсылап бұқтырылады.
Дастарқанға әкелерде үстіне сары май салынады немесе ерітілген сары май құюға да болады.

ІРІМШІКТЕН ДАЙЫНДАЛҒАН ОМЛЕТ

Құрамы: 
4 ас қасық үгілген ірімшік, 2 шай қасық ұн, 2 жұмыртқа, 2 шай қасық тоң май, тұз әркімнің қалауы бойынша.
Дайындау процессі:
Жұмыртқа мен ұн әбден араластырылады. Оған үккішпен үгілген ірімшік қосылады. Содан кейін тағы бір араластырып жіберіп, май жағылған ыстық табаға салынады да қуырылады.
Дастарқанға қойылар алдында үстіне ащылау тұздық құйған дұрыс.

ІРІМШІКТЕН ДАЙЫНДАЛҒАН ШНИЦЕЛЬ

Құрамы: 
1 жұмартқа, 2 түйір ірімші, 1 шай қасық сухарь ұнтағы, 1 ас қасық ұсақтап туралған пияз, бір шай қасық ерітілген сары май, 1 помидор.
Дайындау процессі:
Жұмыртқа жарылып, шұңғыл ыдысқа қуйылады. Оған 1 см қалыңдықта жалпақтау етіп туралған ірімшіктің бір түйірі батырылып, сухарь ұнтағына аунатылады да май қатты қызып жатқан табаға салынып, сыртқы жағы әбден қоңыр тартқанша қуырылады.
Дастарқанға қояр алдында бетіне ұсақтап туралған пияз себіледі, табылса - помидор тіліктерімен әсемделеді, үстіне ерітілген сары май құйылады.

  Жарияланған-2016-06-26 18:23:57     Қаралды-24557

Мәлімет сізге көмек берді ма

ДОПТЫ ХОККЕЙ СПОРТ ТАРИХЫНАН

...

Бұл спорт футбол ойынына ұқсас мысалы, ойын барысы 45 минуттық екі кезеңнен тұрып, бұрыштан доп беру, айып добын соғу кезеңдерінде болады

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӨШІРГІШ НЕЛІКТЕН ӨШІРЕДІ?

...

Алдына қағаз жайып, қолына қарындашты алса болғаны, көп кешікпей-ақ бір тамаша сурет дайын тұрады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЛВАХАЗИ

...

Қайнатылған ара балынан түрліше, яғни сақина, сегіздік, бұрама, т. с. с. етіп жасалған кәмпит осылай аталады. Түсі жібектей жылтыр реңді, ашық сары болады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚҰМЫРСҚАЛАР ИІС СЕЗЕ МЕ?

...

Құмырсқалардың иіс сезімі иттер сияқты жақсы дамыған!

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕРІ МЕН БЫЛҒАРЫДАН ТІГІЛГЕН КИІМДЕР КҮТІМІ

...

Қандай киім болса да оның ажары таймай, қалы бұзылмай сақталуы киюшісіне байланысты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КАРАМЕЛЬ МАССАСЫ ЖАҒЫЛҒАН ІНЖІР ЖӘНЕ АЛХОРЫ

...

Інжірден жасалып, ішіне грек жаңғағы толтырылған, сыртына карамель массасы жағылған тағам - карамель массасы жағылған інжір деп аталады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »