UF

ЖЕНТТЕН ҚАНДАЙ ТӘТТІ ТАҒАМДАР ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ?

Категориясы: Тағам


Жент

Бұл - қыста да, жазда да бұзылмайтын, әрқашан өзінің нәрлілігі мен дәмділігін сақтайтын, сондықтан да көшпелі халықтың дастарқанынан тиесілі орын алған ұлттық тағам. Ол қазіргі кезде де өзінің құндылығын жойған жоқ. Керісінше, күнделікті сүйіп жейтін тағамдарымыздың біріне айналып келеді.

Дайындау ерекшеліктеріне қарай женттің бірнеше түрі болады. Жентті кейде «қазақ шоколады» дейді. Ал Орта Азия халықтары оны «шербет» деп атайды. Жент сөкке тортасынан айырған сарымай, қант, ірімшік қосып, келіге түйіп жасалады. Жылқы майы мен бал, ірімшік араластырып та дайындауға болады.

Кейде оған қосылатын компоненттердің ішіне өріктің дәні мен мейіз де кіреді. Сөк орнына оның жармасын пайдалануға да болады. Өйткені сөкті қолмен түйгенде жармаланып кеткен дәндері бөлек айырып алынады. Соны немесе сөкті диірменге ірілеу етіп тартып, жармалап алып қосуға болады. Сөкті диірменге тартқанда ірілеу етіп жармақтау үшін диірменнің үстіңгі бетінің ортасына орнатылған бақалақ ағашты сәл төменірек (0,5-1,0 мм) түсіріп қою керек. Жент қоспасының мөлшері, дәмділігі дайындаушының өз қалауына, шеберлігіне байланысты. Женттің қандай түрі болмасын тіл үйіреді. Оны жесең тәбетің ашылады. Ал емдік қасиеті болса өз алдына. Жент көбінесе қыс айында дайындалады.

Жентті аз-аздан дайындауға да, бірден көп мөлшерде дайындауға да болады. Қоспаның ең негізгісі сөк болғандықтан қалғандарының мөлшерін соған бейімдеп қосу керек.

Жентті жасағанда 100 грамм сөкке 80 грамм ірімшік, 80 грамм қытырлақ нан немесе қуырма, 80 грамм бал, 80 грамм қант, 350 грамм сарымай, 80 грамм мейіз немесе кепкен еріктің еті, 100 грамм ұнтақталып, қуырылған жаңғақ не өрік дәні және 100 грамм құрт қосып жаншылады немесе келіге түйіледі.

Ескерту: балды қыздырып, сарымайды ерітіп тортасынан айырып қосу керек. Дайын болғаннан кейін жент шамалы уақыт салқындатып қойылады. Өйткені, келіге түйілген кезде қоспа қызады. Салқындағаннан кейін оны оңай кесіп, ыдысқа салу үшін пышақты шамалы қыздырған абзал. Женттің басқа түрлерін дайындағанда да қоспалардың осы арақатынасын сақтау керек.

Қазыжент

Сөкке жылқының қазысын, қант, ірімшік қосып жаншып жасалады. Егер сөктің мөлшері 1-1,5 кг болса, онда 4 стакан ірімшік, 2 стакан қазы майы қосылады.

Жанышпа

Жарты килограмм сөкке 50-70 грамм сарымай, 50 грамм қант араластырып, біраз жаншылады. Сонан соң 3 ас қасық қаймақ құйып, тағы жақсылап араластырылады. Қонаққа берілер шайдың дастарқанына қойылатын мұндай өте дәмді жанышпаны қажетті мөлшерде тез дайындап алуға болады.

Жанышпа талқанға ірімшік, қатқан бауырсақтың үгіндісін, жеміс, бал немесе қант қосып та дайындалады.

Сүтжент

Сүтке бұқтырылған сөкке сарымай, қант, мейіз, қытырлақ нан, қаймақ қосып жаншып жасалады.

Шикізат әркімнің қалауынша алынады.

Жентті өндірістік жағдайда дайындау

Өндірісте жентті екі түрлі етіп дайындауға болады. Біріншісі - сөктен, екіншісі - сөктің талқанынан жасалады. Бұларға қосатын компоненттер: қант және сарымай.

Қажетті қоспаларды алдын-ала дайындау. Піскен сөк көздерінің диаметрі 2,1 және 2,3 миллиметр елеуішпен, ал құм шекер жіңішке сымнан тоқыған елеуішпен еленеді. Сарымай май қайнататын арнайы ыдысқа салынып 60 градусқа дейін қыздырады. Содан кейін осы шикізаттарды магнитті қондырғыдан өткізгенде, ішіндегі металл қиқымдарынан тазарып шығады.

Мелшерлеу. Дайындалған шикізаттар жент жасайтын қондырғының өнімділігіне қарай мөлшерленеді. Мысалы, бір тонна жент жасауға мынадай мөлшерде шикізат жұмсалады: құрамындағы құрғақ заттың мөлшері тарыда немесе оның талқанында 93 процент, сарымайда 78 процент (сарымайдың түріне қарай нақты құрғақ затқа айналдыру есебі қайта жүргізіледі), құм шекерде 99,85 процент, қондырғыны бір толтыруға 66,67 килограмм тары немесе оның талқаны, 20,0 килограмм сарымай, 13,33 килограмм құм шекер (барлық қоспа 100 килограмм) кетеді, бұларды құрғақ затқа айналдырғанда тары немесе оның талқаны 62,0 килограмм, сарымай - 15,6 және құм шекер 13,31 килограмм болады; енді бір тонна жент жасауға 704,56 килограмм тары немесе оның талқаны, 211,23 килограмм сарымай және 140,95 килограмм құм шекер (құрғақ затқа айналдырғанда тиісінше 655,24; 164,76 және 140,74 килограмм) жұмсалады, сонда бір тонна жент (930 килограмм құрғақ зат) шығады.

Осы мөлшер бойынша дайындалған шикізат араластырғышқа салынады. Сөк пен құм шекер автоматты таразылармен, сарымай сұйық өлшеуіштермен өлшенеді.

Араластыру. Бұл процесс үзіліссіз немесе үзіліспен жұмыс істейтін араластырғыштармен жүзеге асырылады. Үзіліссіз араластыратын қондырғыларға қоспалар аз-аздан салына отырып, қажетті мөлшерге дейін жеткізіледі. Ал үзіліспен жұмыс істейтін ңондырғыға қоспалар мынадай тәртіппен салынады.

1. Сөк немесе талқан;

2. Сарымай;

3. Құм шекер.

Салынған қоспалар біртектес массаға айналғанша 5-7 минут бойы араластырылады да, магнитті қондырғыдан өткізіліп металл қиқымдарынан тазартылады. Мұндай тазарту кезінде магнитті қондырғылардың тазалығын және тарту күшін қатаң бақылап отыру керек. Мезгіл-мезгіл тексеріп, тарту қабілеті азайған жағдайда арнайы қондырғыларға қосу арқылы қалыпқа келтіріп отырған дұрыс.

  Жарияланған-2016-03-03 18:42:39     Қаралды-6378

Мәлімет сізге көмек берді ма

ИТМҰРЫННАН ЖАСАЛҒАН КӘМПИТ

...

Итмұрын жемістері жуылып, дәнінен тазаланады да, кастрюльге салынып, үстіне су құйылады. Сөйтіп бәсең отқа қойылып, жұмсарғанша қайнатылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БАЛ ЖАҢҒАҚТАР

...

Балды жақсылап ерітіп, қантпен, ұнмен, содамен, маймен және ұнтақталған жаңғақтармен араластырып, қатты қамыр иленеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮДЕРІ БҰЙЫМДАРДЫ ТАЗАЛАУ

...

Күдерден тігілген бұйымдарды қалай тазалауға болатын тәсіл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДОЛБАР ДЕГЕН НЕ?

...

Суретші кейін өз шығармасына керсі белгілі бір детальді, не көріністі тап онша тәптіштеп жатпай-ақ, тек сырт долбарын асығыс суретке түсіреді. Міне, мынау П. А. Федотовтың «Майордың үйленуі» деген картинасы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖАҢҒАҚ ҚОСЫП КЕПТІРІЛГЕН ШАБДАЛ

...

Шабдал тазаланып, үстіңгі жағынан дөңгелектеліп ойып алынады да қабығы мен сүйегі алып тасталады. Шабдал мен ойып алынған кесегі күннің көзіне немесе пешке қойып кептіріледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЕНТТЕН ҚАНДАЙ ТӘТТІ ТАҒАМДАР ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ?

...

Бұл - қыста да, жазда да бұзылмайтын, әрқашан өзінің нәрлілігі мен дәмділігін сақтайтын, сондықтан да көшпелі халықтың дастарқанынан тиесілі орын алған ұлттық тағам.

ТОЛЫҒЫРАҚ »