UF

МАЛДЫҢ УЛЫ ӨСІМДІКТЕРМЕН УЛАНУЫ

МАЛДЫҢ ИТСИГЕКПЕН (ЕЖОВНИК БЕЗЛИСТНЫЙ) УЛАНУЫ

Ғылыми әдебиеттерде бұл өсімдікті анабазис деп те атайды. Бұл - көп жылдық, жартылай бұталы, улы өсімдік.

Табиғатта таралуы. Қызылорда, Атырау, Шымкент, Алматы, Талдықорған және Қарағанды облыстарының сортаң тартқан аудандарында, шөл және шөлейт далаларда, құмдарда өседі.

Химиялық құрамы. Өсімдіктің жасыл бұтақшаларының құрамында 2-5 процент анабазин деп аталатын алколоид бар.

Малдың улану белгілері. Итсигекті мал жемейді. Бірақ оның қалың болып өсетін жерлерінде дайындалған шөптің құрамында аздаған мөлшерде болса да итсигек қосылып кетеді де, оның пішенін мал жегенде уланады. Уланған малдың аузынан шұбырып, ақ көбіктенген сілекей ағады. Лоқсиды, ірі қара мен қой күйісінен жаңылады. Уланған малға дереу жәрдем көрсетпесе, онда оның алдыңғы, артқы аяқтары тырысып, өлім-жітімге ұшырайды.

Емі. Аурудың қанға сіңуіне жол бермеу керек. Ол үшін уланған малдың аузына зонд салып, марганец қышқылды калийдің әлсіз ерітіндісімен асқазанды жуып-шаю керек. Содан кейін мал аузына ішті айдайтын глаубер тұзы ерітіндісін, костор майын құйып, ішектің жиырылып-созылуын үдету керек. Ірі қараға кофеин, камфора және димедрол дәрілері егіледі. Сондай-ақ малға жылы сумен клизма жасау қажет. Сақа малдан 20-30 процент шамасында қан алу да улануды жеңілдетеді.

МАЛДЫҢ КӨКНӘРМЕН (МАК, МАК ПЛАВЛЕННЫЙ) УЛАНУЫ

Көкнәр - биіктігі 25-30 см, бір жылдық шөп тектес өсімдік. Республика территориясында оның 40-тан аса түрі бар.

Табиғатта таралуы. Алматы, Талдықорған, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстарының тау етектеріндегі шөп арасында және далалы аймақтарында жиі өседі. Сондай-ақ ол Семей облысының оңтүстігінде де кездеседі (Д. А. Зыков, 1969).

Химиялық құрамы. Қөкнәрдің барлық бөлігінде папаверин, морфин, кодеин, апиын деп аталатын алколоидтар болады. Тұқым шашар алдында осы алколоидтар оның қалпақшасына жиналады, ал тұқымының құрамында алколоидтар болмайды.

Малдың улану белгілері. Көкнәрді көктеп келе жатқанда барлық мал түлігі жей береді. Бірақ оны көп жеп қойған мал уланады. Уланған малдың тыныс алуы қиындайды, тітіркену қасиетін жоғалтады, көзі дұрыс көрмей, құлағы нашар естіп қалады. Байлауда тұрған ірі қара тартынып, мойын жібін үзіп, қашып кетуге тырысады.

Емі және сақтандыру шаралары. Егер мал көкнәрмен уланса, дереу мал дәрігеріне хабар беру қажет. Ол келгенше табылса - сүт ішкізуге болады. Жалпы көктем айларында осы көкнәрдің қалың өсетін жерлерінде малды байқап жаю қажет.

Уланған малдың асқазанын немесе қарнын жылы сумен жуып-шаю керек. Іш жүргізгіш дәрілер ішкізіледі. Сондай-ақ уланған малға несептің шығуын үдететін дәрілер берген пайдалы.

МАЛДЫҢ СҮТТІГЕНМЕН (МОЛОЧАЙ ОБЫКНОВЕННЫЙ) УЛАНУЫ

Сүттіген - көп жылдық, өте улы, шөп тектес өсімдік. Июнь-июль айларында гүлдейді. Сабағының биіктігі бір метрге дейін жетеді.

Табиғатта таралуы. Сүттіген Қазақстанның оңтүстік және шығыс облыстарының ормандарында жабайы бұталарының арасында, құмда, сортаң, шөлейт жерлерде өседі. Сүттігеннің өте қауіптілері түйе сүттігені, құм сүттігені, күнбағар сүттігені деп аталады.

Химиялық құрамы. Сүттіген шөбінің құрамында іш өткізетін май болады. Сондай-ақ оның құрамында зуфорбин қышқылының улы тотығы, шайырлы заттар, органикалық заттар қышқылдар және аздаған мөлшерде алколоидтар болады.

Малдың улану белгілері. Сүттігенді мал жемейді. Бірақ жазда дайындалған пішен арасында сүттіген шөбінің болуы ықтимал. Малды осындай шөппен азықтандырғанда олардың улануы мүмкін. Уланған малдың асқазан-ішегі зақымдалып, қабынады, іші өтеді. У денеге әбден тараған кезде оның зәрінен кан араласып шығады. Малдың аузынан шұбырып көбікті, сілекей ағады, тыныс алу жүйесі мен жүрек қызметі нашарлайды. Дер кезінде ем жасалмаса уланған мал 1-2 күнде өледі.

Емі және сақтандыру шаралары. Біріншіден, сүттіген қалың өсетін жерлерден пішен дайындамау қажет. Ол шаруашылықтың мал дәрігерлері пішен дайындалатын шабындықтарды аралап, онда улы өсімдіктердің қай түрі, қанша мөлшерде өсетініне зер салып, ол туралы агрономдарға, пішен дайындаушыларға ескерту жасаулары керек.

Екіншіден, малшылар мен шопандардың сүттіген қалың есетін жайылымдарға мал жаймауға тырысуы қажет.

Уланған малға алғашқы жәрдем оның қарнын марганец қышқылды калийдің әлсіз ерітіндісімен жуу болып табылады. Сондай-ақ іш жүргізетін, несеп айдайтын дәрілер қолданған да жақсы.

МАЛДЫҢ У ҚОРҒАСЫНМЕН (АКОНИТ ЖУНГАРСКИЙ) УЛАНУЫ

У қорғасын - биіктігі 30-100 см, көп жылдық шөп тектес улы өсімдік.

Табиғатта таралуы. Қазақстанда бір-біріне өте ұқсас Жоңғар және Қарақол у қорғасыны деп аталатын тұрлері өседі.

Жоңғар у қорғасыны Алматы, Талдықорған, ІІІымкент облыстарының тауларынан, сондай-ақ Іле Алатауынан кездеседі. Ал Қарақол у қорғасыны Жамбыл, облысының Қордай, Красногор аудандарының тауларында өседі. Бұл екеуінің уыттылық және дәрілік қасиеттері бірдей. У қорғасынның басқа түрлері Шығыс Қазақстан облысының таулы жерлерінен де кездеседі.

Химиялық құрамы. У қорғасынның тамыры, сабағы, жапырағында тірі организмнің орталық нерв жүйесіне өте улы әсер ететін акотнин деген олколоид (у) бар. Ол әсіресе тамыр түйнектерінде және жемісінде көп болады. Сондай-ақ оның құрамында хелидонин, сангванкрин және басқа да алколоидтар, эфир майлары, органикалық қышқылдар бар.

Малдың улану белгілері. Табиғи жағдайда мал у қорғасынды жемейді. Өсімдіктің қалың өсетін жерінде ашыққан мал басқа шөптермен қосып жеп қоюы мүмкін. Ондай мал уланады, аузынан шұбырып сілекей ағады, жүріс-тұрысы бұзылады, жүрегінің соғуы нашарлап, өледі. Е. А. Қаргополовтың (1954) арнайы жүргізілген зерттеуі бойынша 14-16 грамм у қорғасын шөбін жеген қой, ешкі және шошқа уланады.

Емі және сақтандыру шаралары. Таулы өрісте у қорғасын қалың өсетін жерлерде қойды ашқарынға жаймау керек.

Уланған малға марганец қышқылды калийдің әлсіз ерітіндісін, сүт ішкізу қажет. У қорғасыннан уланып өлген малдың етін жеуге болмайды.

ЖЫЛҚЫНЫҢ КЕКЕКПЕН (ОСТРОЛАДОЧНИК ПУШИСТЫЙ) УЛАНУЫ

Кекек - бұршақ тұқымдас, жоңышқаға ұқсас, бір жылдық шөп тектес өсімдік.

Табиғатта таралуы. Ол Іле өзенінің аңғарында, Балқаш көлі маңындағы шабындықтарда қоғамен араласып өседі.

Кекек шөбі - жылқы үшін өте улы өсімдік. Онымен жыл сайын Алматы облысының Күрті, Балқаш аудандарының жылқылары уланып шығынға ұшырайды.

Химиялық құрамы әлі толық зерттелмеген.

Улану белгілері. Кекек шөбінің құрамында жылқының орталық нерв жүйесін зақымдайтын улы алколоидтар бар. Ол жылқыны өсіп тұрған кезінде де, кепкен күйінде де уландыра береді.

Кекекпен уланған жылқы өлі тигендей болып құлайды, басын жерге ұрып, аяғын серпіп әбден қиналып барып өледі.

Емі және сақтандыру шаралары. Одан сақтандырудың негізгі жолы - кекек өсетін өріске жанмау.

Кекек шөбімен тек қана жылқы уланады, ал ірі қара, қой, түйе оны жей береді, бірақ уланбайды.

МАЛДЫҢ ҚАРАПЫШАҚ, КҮШӘЛАМЕН (ЭМИНИУМ РЕГЕЛЯ) УЛАНУЫ

Қарапышақ - биіктігі 20-40 см болатын, көп жылдық, шөп тектес жартылай улы өсімдік. Жапырақтары тікелей тамырдан өсіп шығады, олардың пішіні сопақша болады. Өсімдік гүлдеген кезде ортаңғы жапырағының шетін өткір пышақтың жүзі сияқты қабықша басады. Сондықтан оны малшылар қарапышақ деп атаған.

Табиғатта таралуы. Өсімдік Жамбыл, Шымкент, Алматы облысының тау етектерінде өседі. Әсіресе ол Қаратау және Батыс Тянь-Шань тауларының етегіндегі шалғындарда, шабындықтарда жиі кездеседі.

Химиялық құрамы. Өсіп тұрған кезінде өсімдік түгел улы. Жалпы оны мал жемейді. Бірақ ғылыми әдебиеттерде ашыққан қойлардың оны жеп уланғаны туралы жиірек жазылады.

Әсіресе оның тамыры мен тұқымы өте улы келеді. Құрамында түрлі улы алкблоидтар, сапониндер және 30 процентке жуық крахмал бар.

Бұл өсімдік қалың өсетін жайылымға малды ашқарынға, дәлірек айтқанда ертеңгісін жаюға болмайды. Ал пішен арасында кезіксе мал үшін қауіпті емес. Бірақ ол дайындалған шөп арасында 30-40 процент шамасында болса, онда күйіс қайтаратын мал үшін қауіпті. Сондықтан сақтық шараларын ылғи да назардан тыс қалдырмуа керек.

МАЛДЫҢ ҮШКІР АЗИНЕУМА (АЗИНЕУМА ОСТРАЯ) ШӨБІМЕН УЛАНУЫ

Үшкір азинеума - биіктігі 60-90 см, шөп тектес, көп жылдық жартылай улы өсімдік.

Табиғатта таралуы. Бұл өсімдік Шымкент, Жамбыл, Алматы және Талдықорған облыстарының тастақты беткейлерінде, тау етектеріндегі құмдауыт, тас жиі кездесетін жерлерде, сондай-ақ Қаратау мен Батыс Тянь-Шань тауларының кейбір жерлерінде қалың болып өседі.

Химиялық құрамы. Өсімдік шөбі мен тамырының құрамында 0,8 процент шамасында сапониндер бар.

Малдың улану белгілері. Өсімдікті өсіп тұрған кезінде ешқандай мал жемейді. Ал дайындалған пішенге араласып кетсе күйіс қайыратын мал жеп уланады. Уланған малдың аузынан шұбырып сілекей ағады, күйісінен жаңылады, сілейіп бір орнында тұрып алады, маңайында болып жатқан құбылысты сезбейді. Жемшөп жеуден қалады.

Сақтандыру шаралары. Малдың улану себебін білу керек. Ол үшін азық рационының құрамындағы жемнің, шөптің және басқа да минералды заттардың сапасына, химиялық құрамына зер салып, қай азықтан уланғанын анықтау қажет. Әрбір шаруашылықтың жыл сайын пішендеме дайындайтын жерінде қандай улы өсімдіктер өсетінін агрономдар, зоотехниктер, мал дәрігерлері және малшылар алдын ала біліп отыруға тиіс. Өйткені осы деректерге сүйеніп малдың қай улы өсімдіктен уланғанын білуге болады.

Малды уланудан сақтандыру мақсатымен үшкір азинеума шөбінің қалың өсетін жерлерінен пішен дайындағанда осы шөптің тым көп араласып кетуіне жол бермеу керек. Жергілікті мал дәрігерлері мен зоотехниктер шөп дайындау кезінде дайындалған пішеннің сапасын қадағалап, оларға улы өсімдіктер мен улы химиялық заттардың араласып кетуіне жол бермегендері дұрыс.

Емі. Уланған малдың денесінен у тез арада айығатындай шара қолдану қажет. Ол үшін малдың қарнына зондпен су құйып, 2-3 қайтара шаяды. Несеп жүргізетін дәрілерді қолдануға, сондай-ақ удың күшін қайтару мақсатымен сүт ішкізуге болады.

МАЛДЫҢ ШАШАҚ ЖЕМІСТІ ГЕЛИОТРОППЕН (ГЕЛИОТРОП АРГУЗИЕВОЙ ИЛИ ВОЛОСИСТО-ПЛОДНЫЙ) УЛАНУЫ

Шашақ жемісті гелиотроп - биіктігі 15-20 см, бір жылдық шөп тектес, жартылай улы өсімдік.

Табиғатта таралуы. Өсімдік тек құмды аймақтарда ғана кездеседі. Республикада Алматы, Талдықорған облыстарында, Жамбыл облысының Мойынқұм өңірінде табиғи шөптермен араласып өседі.

Химиялық құрамы. Өсімдіктің көк балауса шөбінің құрамында «гелиотрин» және «триходесмин» деп аталатын алколоидтар бар. Сонымен қатар шөбінің, тамырының құрамында флавнойдтар, илік заттар және аздаған мөлшерде витаминдер бар.

Малдың улану белгілері. Бұл өсімдіктен негізінен ірі қара және жылқы уланады. Ал түйе мен қой қанша жесе де уланбайды.

Ғылымда дәл қазіргі күнге дейін бұл өсімдіктің малға қаншалықты зиянды әсер ететіні толық зерттелген жоқ. Бірақ оның құрамындағы алколоидтар мал организміне күн сайын аздаған мөлшерде жинақталып, соңынан көбейе келе улы әсер ететіні анықталды.

Жергілікті жерлердегі мал дәрігерлерінің мәліметі бойынша осы өсімдіктің қалың өсетін жерінде жайылған буаз сиырлар мен буаз биелер іш тастайды.

Арық жылқы мен ірі қара оны көп жесе шығынға ұшырайды.

Сақтандыру шаралары. Өсімдік қалың өскен жайылымда малды жиі жаюға болмайды. Мүмкіндігінше 3-4 күнде қой өрісін ауыстырып отыру қажет.

МАЛДЫҢ БАТПАҚ ҚАЛТАГҮЛ ШӨБІМЕН (КАЛУЖНИЦА БОЛОТНЫЙ) УЛАНУЫ

Ол - биіктігі 30-40 см, көп жылдық шөп тектес, жартылай улы өсімдік.

Табиғатта таралуы. Республикамыздың солтүстік, солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс аймақтарында жпі кездеседі. Сондай-ақ Талдықорған, Алматы облыстарының кейбір жерлерінде, әсіресе Балқаш, Алакөл көлдерінің маңында, Тарбағатай және Жоңғар Алатауында өседі. Олар батпақты-сазды жерлерде, өзен-көл жағалауларында тұнып тұрады.

Химиялық құрамы. Оның шөбінің құрамында камфораға уқсас жүрекке зиянды әсер ететін анемонал деген зат бар. Сондай-ақ өсімдік жапырағында, гүлінде қан ұйытқыш заттар болады.

Малдың улану белгілері. Ірі қара, жылқы өсімдіктің гүлдеп тұрған кезінде көбірек жеп қойса уланады. Уланған малдың аузынан шұбырып сілекей ағады, меңірейіп шөп жеуден, су ішуден қалады. Сондай-ақ малдың жүріс-тұрысы бұзылады. Малды уландырмас үшін бұл өсімдік қалың өсетін жерге, әсіресе гүлдеп тұрған кезінде жаймау керек. Өсімдік гүлдегенге дейін және әбден гүлдеп, жемісі, тұқымы пісіп болған кезде аса улы емес.

Емі. Уланған малға тез арада көмек жасап, оның ішін жүргізу жағын қарастырған дұрыс. Ол үшін малға глаубер тұзын, кастор майын ішкізіп, содан кейін табылса сүт ішкізу қажет.

МАЛДЫҢ ТҮЙЕШЫРМАУЫҚПЕН НЕМЕСЕ ТҮЙЕ ТАБАНМЕН (ЛАСТОВЕНЬ ОБЫКНОВЕННЫЙ) УЛАНУЫ

Түйетабан - шырмауық тұқымдас, көп жылдық шөп тектес, жартылай улы өсімдік.

Табиғатта таралуы. Олар көбінесе тау беткейлеріндегі, орман шетіндегі жайылым шөбінің арасында өседі.

Химиялық құрамы. Өсімдіктің химиялық құрамы толық зерттелмеген. Ал кейбір ғылыми-зерттеу жұмыстарының деректері бойынша оның шөбінің құрамында асклепиадин, кейбір сапонин глюкозидтері және уытты қасиеті бар алколоидтардың бар екені анықталды.

Малдың улану белгілері. Одан көбінесе ірі қара мен қой уланады. Уланған мал жайылым шөбін жеуден қалады, аузынан шұбырып сілекей ағады, әлі құрып, жүріп-тұруы қиындайды. Сондай-ақ көзінің, аузының кілегейлі қабықтары бозарады, кейде сарғаяды, малдың жүрек соғуы нашарлайды.

Емі. Уланған малға тездетіп көмек көрсету керек. Іш жүргізетін дәрілер, жүрек соғуын жақсартатын кофеин дәрісі беріледі. Малдың қарнына арнайы зондпен жылы су құйылып, бүкіл жыны сыртқа шығарылады да, сол зондпен бір проценттік ас содасының ерітіндісі ол болмаса марганец қышқыл калийдің ерітіндісі жіберіледі. Арпа, не күріш көжесінің суын, олар болмаса крахмал ерітіндісін ішкізуге де болады.

МАЛДЫҢ ЖАТАҒАН ТЕМІРТІКЕНМЕН (ЯКОРЦЫ СТЕЛЮЩИЕСЯ) УЛАНУЫ

Теміртікен - биіктігі 10-70 см, бір жылдық шөп тектес, шартты улы өсімдік. Оның негізгі сабағынан тарайтын ұзындығы 50 сантиметрге дейін жететін жіңішке бұтақшалар жер бетінде көлбеу жатып өседі. Сондықтан оны жатаған дейді, ал өсімдік өсіп жетілгенде оның бұтақшаларында иненің ұшындай өте қатты тікендер пайда болады. Осыған байланысты оны халық теміртікен деп атаған. Оның өткірлігі сонша машинаның дөңгелегіне, қойдың тұяғына кіріп кетеді. Бұл өсімдік қалың жерде ірі қара, жылқы, қой жүруден қалады.

Табиғатта таралуы. Теміртікен арам шөп ретінде құмдауыт жайылымдар шөбінің арасында, жол бойында, құмды-далалы аймақтарда кездеседі. Айталық Алматы облысындағы Жаманқұм, Тауқұм мал жайылымдарында өседі.

Химиялық құрамы. Өсімдіктің жер бетіндегі бөлігінде аздаған мөлшерде алколоидтар, флавиоидтар, сапониндер және филоэритин деп аталатын бояғыш зат болады. Теміртікенді гүлдеп тұрған кезінде ашыққан ірі қара, жылқы, қой жеуі мүмкін. Осы кезде өсімдік құрамындағы бояғыш зат мал денесіне сіңіп, ол теріге шоғырланады. Күн сәулесінің әсерінен терідегі бояғыш заттар ыдырап, улы заттар түзеді, ол малға зиянды әсер етеді.

Малдың улану белгілері. Теміртікен гүлдеп тұрған кезінде жеген малға уытты. Олармен малдың барлық түрі, әсіресе ақ түсті мал өте қатты уланады. Уланған малдың құлағына, мойын терісіне және бүкіл денесіне бөртпелер пайда болады. Олар алғашында қышып малдың мазасын кетіреді, кейіннен суланып жарылып жараға айналады. Акыры мал өрістен қалады, асқазан және ішек жұмысы нашарлайды. Бірақ уланған мал біртіндеп жазыла бастайды.

Емі. Бұл өсімдікпен уланған малды дереу бастырма астына көшіріп, мал денесіне күн сәулесін түсірмеуге тырысу қажет. Малдың ішін жүргізетін дәрілер беріледі, терінің бөртпе шыққан жерлеріне дәрілік майлар жағылады.

Сақтандыру шаралары. Теміртікен қалың шығатын жерлерде олар жаңадан гүлдей бастағанда шауып алып отыру керек. Сонда келесі жылы ең болмаса сирек шығатын болады.

Қорыта айтқанда жатаған теміртікен малға екі жақты зиянын тигізеді. Біріншіден, малды уландырады, екіншіден, оның темірдей тікені тұяғына кіріп, жайылуына кедергі жасайды.

МАЛДЫҢ У ТАМЫРМЕН (ВЕХ ЯДОВИТЫЙ НЕМЕСЕ ЦИКУТА) УЛАНУЫ

У тамыр - биіктігі 10-25 см, көп жылдық шөп тектес, жартылай улы өсімдік.

Табиғатта таралуы. Қазақстанның барлық жеріндс кезде седі десек қателеспейміз. Олар көбінесе өзен-көл жағалаула рында, ойпаң және қазан шұңқырлы, күн сәулесі нашар түсетін жерлерде өседі.

Химиялық құрамы. Өсімдік шөбінің, тамырының құрамында цитотокспн деп аталатын улы зат, аздаған мөлшерде гликозидтер, сапониндер және басқа да заттар болады.

У тамыр шөбі өсіп тұрған кезінде де, пішен жәнс сүрлем күйінде де улы болады.

Жаз, күз кезінде жылқы мен ірі қара тез уланады, сирек болса да басқа малдың да улануы мүмкін.

Малдың улану белгілері. Уланған малдың аузынаи сілекей ағады, жүріс-тұрысы өзгеріп, азық жеуден қалады.

Емі. Уытты тез арада қайтару үшін малдың асқазанын, қарнын калий, марганец қышқыл тұзының әлсіз ерітіндісімен жуып шаяды.

* * *

Мал дәрігерлігі практикасында және малды жайылымда күтіп-бағу кезінде у тамыр, лобелия, у кекіре, дала қырық буыны, мүйізді шөңгебас, иісті пикульник, тікенді бойдана, тегеурінгүл, у балдырған, дала қылшасы деп аталатын улы өсімдіктер кездесуі мүмкін. Бұл өсімдіктердің улы алколоидтары, басқа заттары малдың орталық нерв жүйесінің жұмысын тежейді, зақымдайды.

Олардан уланған малдың клиникалық белгілері бір-біріне ұқсас болады. Осыған орай уланған малға қолданылатын ем, сақтандыру шаралары және улануды анықтау да бірдей. Сондықтан оларды бір топқа жатқызып, қысқаша жазып өтуді жөн көрдік.

ЛОБЕЛИЯ

Лобелия - биіктігі 40-50 сантиметрден аспайтын, көп жылдық шөп тектес, улы өсімдік. Республикамыздың Қостанай, Павлодар, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Семей, Талдықорған және Алматы облыстарының орман, тоғай араларында, жел көп соғатын жерлерінде, тау бөктерлерінде өседі.

Ол көгеріп тұрған кезінде де, пішен және сүрлеммен араласқан кезінде де улы. Кептірілген шөбі улылық қасиетін жоймайды. Бұл өсімдіктен көктемнің соңғы айында, жазда және күздің бастапқы кезінде қой мен ешкі жиі уланады.

Лобелияны көгеріп өсіп тұрған кезінде жылқы мен ірі қара жемейді, ал бірақ қыс айларында оның пішенін жесе уланады. Бұл өсімдіктен сақтанудың негізгі жолы - олардың өсетін жерлерінде жаз кезінде қой мен ешкі жаймау, екінші жолы жаз айларында дайындалған пішенге араласып кетпеуін қадағалау болып табылады.

У КЕКІРЕ (ВАСИЛЕК ПОЛЗУЧИЙ НЕМЕСЕ ГОРЧАК)

У кекіре - көп жылдық арам шөп. Ол Қазақстанның барлық аймақтарында кездеседі. Егіс аңыздарында, шабындықтарда және шөл, шөлейт далаларда жиі өседі. Оны көгеріп тұрған кезінде малдың қай түрі болмасын жемейді. Бірақ ашыққан малдың жеп қоюы мүмкін.

Мал дәрігерлігі практикасында жылқының өсімдіктің пішенге араласқан дәнін жегенде уланатыны жиі кездеседі. Сондықтан пішен дайындағанда у кекіре араластырмауға тырысу керек.

МҮЙІЗДІ ШӨҢГЕБАС (РОГОГОЛОВНИК ПРЯМОРОГИЙ, СЕРПОВИДНЫЙ)

Ол - бір жылдық шөп тектес, улы өсімдік. Қазақстанның оңтүстік, батыс және солтүстік аймақтарындағы шөл және шөлейт жерлерде өседі.

Оның шөбінің құрамында протоанемонин деген улы зат болады.

Мүйізді шөңгебаспен оңтүстік облыстарда февраль-март, солтүстік және батыс облыстарда апрель-май айларында өсімдік көктеп, гүлдеген кезде қой, әсіресе қозылы саулықтар уланады. Кептірілгең шөп улылық қасиетін жоғалтады.

ДАЛА ҚЫЛШАСЫ (ЭФЕДРА, ХВОЙНИК НЕМЕСЕ КУЗЬМИЧЕВА ТРАВА)

Дала қылшасы - көп жылдық, бұталы өсімдік. Ол шөл және шөлейт жерлерде құмда және тастақты беткейлерде өседі. Оның бойында эфедрин деп аталатын алколоид болады. Өсімдік гүлдеп, тұқымы пісе бастаған кезде улы келеді. Оны жайшылықта малдың қай түрі болса да жемейді. Бірақ ұсақ мал әсіресе қозы, лақтың әуес көріп жеп қойып, уланатыны мал дәрігерлігі практикасында кездесетін жайт. Ал ірі қара және сақа қой, ешкілердің онымен улануы өте сирек кездеседі.

У БАЛДЫРҒАН (БОЛИГОЛОВ НЕМЕСЕ ОМЕГ ПЯТНИСТЫЙ)

У балдырған - екі жылдық шөп тектес улы өсімдік. Ол республикамыздың оңтүстік және шығыс облыстарының тау етектерінде өседі, ал солтүстік облыстарда өте сирек кездеседі. Сонымен қатар ол ескі мал қораларының маңайында, ескі жұртта, қоқыр-соқыр төгілген жерлерде өседі.

Оның шөбінің құрамында алколоидтар мен эфир майлары болады. Гүлдеп тұрған кезінде өсімдіктің жапырағы аса улы келеді. Әдетте оны жылқы, қой, ешкі, түйе жемейді, сондықтан да олар өте сирек уланады. Ал ірі қараның ашыққан кездерінде жеп қойып улануы практикада кездесіп жүр.

Осы аталған бес өсімдіктен малдың улану белгілері бірдей. Себебі олар негізінен малдың орталық нерв жүйесін зақымдайды.

Уланған мал өзінен-өзі үркіп, беті ауған жаққа жүре береді, көзі адырайып, аузынан көбікті сілекей шұбырады. Жүрек қызметі нашарлап, малдың жүріп-тұруы қиындайды.

Мал өрісте уланса оны ең бірінші малшы немесе шопан біледі. Егер олар мал уланды-ау деп күдіктенсе табынның немесе отардың өрісін ауыстыруы керек, қатты уланған малды бөліп алып, емдік көмек көрсетуі қажет. Сонымен қатар малдың уланғаны жөнінде мал дәрігері мен басқа да мал мамандарына дереу хабар беруі тиіс.

Малшылар мен шопандардың сақтық шараларын ылғи да естерінен шығармай, малды улы өсімдіктер өсетін жайылымға жаймауы керек.

Шаруашылықтың мал мамандары, ферма меңгерушілері жыл сайын ерте көктемде мал жайылымдарын аралап шығып өте улы өсімдіктердің қай жерде қалың өсетінін анықтап, олардың нағыз улы шағында немесе гүлдеген кезінде сол жерге мал жаюға тыйым салуы керек.

Жергілікті мал дәрігерлігі мамандары жазда дайындалатын пішен, сүрлем арасында улы өсімдіктер болмауын қадағалап, шара қолданулары қажет. Шаруашылыққа басқа жерден дайындалып әкелінетін пішеннің сапасын, олардың арасында улы өсімдіктердің бар-жоғын анықтауға да солар міндетті.

Мал мамандары жыл сайын шаруашылық территориясындағы улы шөптер жайлы малшылар арасында әңгіме өткізуге тиіс.

Мал аурулары (құрастырған З.Қ. Қожабеков). -Алматы: 1989. -Б.319-334.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2023-12-01 13:12:55     Қаралды-203

ЖАЙЫҚ ӨҢІРІ

...

Еліміздің солтүстік-батысындағы екі өзен аралығын алып жатқан аймақты қазақтар ежелден Еділ-Жайық өлкесі деп атап келген. Мұнда Жайық өзенінің орта ағысынан бастап Каспий теңізіне құяр сағасына дейінгі телімі ел аумағында ағады. Жайық өзенінің ел аумағынд

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЛИНОГРАВЮРА ҚАЛАЙ ЖАСАЛАДЫ?

...

Қазір сендер көріп отырған сурет тек аң және қара бояудан ғана тұрады. Бұл - гравюра. Бірақ ол ағаштан емес, линолеумнен ойылып көшірілген.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕСКЕРТКІШ

...

Салт аттының тегеурінді қолы құз-құяның ұшар басына жете бере асаудың басын әзер тартып тоқтатты. Екінші қолын алыс қиырларға қарай сілтепті.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЗАҚТАРДА ҚОЙ-ЕШКІГЕ ҚАТЫСТЫ ЫРЫМДАР МЕН ТЫЙЫМДАР

...

Қазақ сенімінде төрт түлік те аса киелі жануарлар санатында. Кез-келген малды сол түліктің қарасы ауылдан ұзаған соң ғана бауыздаған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЗАҚТЫҢ КҮЙШІЛЕРІ

...

Ән-күй өнері қазақ даласында халықпен бірге жасап келеді. Қазақ халқының тарихындағы айтулы оқиғалар ән-күй жанрында өз көрінісін тауып отырған. Әншілер мен күйшілер халықтың мұң-мұқтажын, арман-тілегін, мақсат-мүддесін әндері мен күйлеріне қосқан. Негізі

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ ЕСКЕРТКІШТЕРІ

...

Тараз қаласында Жамбыл Жабаев атындағы алаңда 1961 жылы Жамбыл ескерткіші орнатылған. Ақын ұлттық киімде, сол қолына домбыра ұстап тұрған күйінде кескінделген. Мүсін мыс араластырылған шойын коспасынан құйылып, қола жалатылған. Тұғыры төрт бұрышты биік ет

ТОЛЫҒЫРАҚ »