UF

МАЛДЫҢ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАРЫ

БРОНХОПНЕВМОНИЯ

Бронхопневмония дегеніміз - өкпе құрамындағы шеміршек түтік (бронх) пен оның ауа жүретін ткандерінің қабынуы.

Бұл ауруға көбінесе жаңа туған төл, марқа бұзау, қозы, құлын, торайлар шалдығады.

Аурудың себептері. Қазіргі кезде бронхопневмония ауруын тудыратын себептер негізінен екіге бөлінеді. Оның біріншісіне малдың ауруға қарсы тұру қабілетін төмендететін жағдайлар жатады. Олар малды құнарлы азықтармен жеткілікті азықтандырмау салдарынан болатын белок, майлы, витаминді және минералды заттардың жетіспеуі, малды күтіп-бағу кезінде мал дәрігерлік-зоогигиеналық талаптардың орындалмауы (қораның тарлығы, ластығы, ішкі ауаның тым салқын болуы, тым ылғалды болуы, сол сияқты ішкі ауаның құрамындағы аммиак пен көмірқышқыл газының шамадан тыс көп болуы) жатады.

Аурудың екінші себебіне төлдің тыныс алу жолдарындағы тіршілік ететін микробтар (стрептококк, стафилококк, ішек және протеп таяқшалары, вирустар) мал организмінің әлсіреген кезінде патогендік әсер етіп, ауру қоздырады. Көпшілік жағдайда осы көрсетілген факторлардың екеуі бірдей әсер етіп, малдың немесе төлдің ауруға төтеп беру қабілетін төмендетеді де, ауруға шалдықтырады.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Бронхопневмония ауруына шалдыққан төл күтімі, азықтандыруы жақсы болғанның өзінде біртіндеп арықтай бастайды. Оның себебі ауруға шалдыққан бронхылардың ішкі кілегей қабықтары, өкпе ткандері қызарып, суланып қабынады. Қабынған бронхыдан, өкпеден сілекей араласқан сұйық шығып, ауа жүретін тесікті немесе жолды бітейді. Мұның өзі өкпеге келетін ауаның мөлшерін шектеп, организмдегі клеткалардың тыныс алу деңгейін азайтады. Сөйтіп мал организмі клеткаларының тыныс алу деңгейі төмендеп, ауру төл арықтайды.

Қабынған өкпе тканінде сілекей араласқан кілегейлі, сулы заттардың көбеюіне байланысты онда микробтар өсіп, жетіле келе қанға өздерінің уын шығарады. Осыдан барып микроб уы жалпы организмді уландырып, ауру мал денесінің қызуын көтереді, азықтан қалдырып, жалпы күйін төмендетеді.

Ауруға душар болған төл енесін ембей, селсоқ тартады, жүріп-тұруы қиындайды, жата бергіш болады. Оның денесінің қызуы көтеріліп, құрғақ жөтел пайда болады. Екі танауынан сұйық зат ағады.

Ауру асқынған кезде малдың тыныс алуы жиілейді. Оның ауа жұту мерзімі ұзарып, ауа шығаруы қиындай түседі. Тыныс алуы қиындаған кезде мал аузын ашып, тілін салақтатады, ыңқылдайды, басын салбыратып селсоқ қимылдайды. Тыңдап көрген кезде өкпеден қырылдаған шу естіледі.

Ауруды анықтау. Ғалымдардың соңғы жылдардағы тәжірибелері бұл аурудың жұқпалы және жұқпайтын бронхопневмония деп екіге бөлінетінін анықтап отыр.

Жұқпалы бронхопневмония негізінен қатерлі вирустардың өкпеде өсіп, зиянды әсер етуінен пайда болады. Осыған байланысты ғылыми әдебиеттерде жұқпалы пневмония вирустік және бронхопневмония деп аталуда. Вирустік пневмония жас бұзау, шошқа, құс өсіретін ірі комплекстерде төл арасында жиі кездеседі. Оның себебі комплекстің қорасында мал тығыз орналастырылады және тәулік бойы қорадан шығарылмайды. Осыған байланысты ауырған төлден коздырғыш вирус сау төлдерге тез жұғып, ауруды шапшаң таратады.

Жалпы алғанда қазіргі кезде мал және төл арасында жұкпайтын бронхопневмония жиі кездесуде.

Бронхопневмонияны оған ұқсас басқа аурулардан ажырату үшін фермадағы немесе комплекстегі және төл күтімі, өсу ерекшеліктері, аурудың қашан, қалай пайда болғаны, қораның микроклиматы, тағы басқа да жағдайы ескеріледі.

Ал ірі мал шаруашылығы комплексі жағдайында ауру малдың танау қуысынан сұйық зат, ал өлген малдан патологиялық заттар (өкпе кесіндісі) алынып, оларды лабораторияда арнайы бактериялық және вирустік әдіспен зерттейді. Осы зерттеулер арқылы бронхопневмония ауруының жұқпалы әлде жұқпайтын түрі анықталады.

Емі. Ауру малдың денесіндегі белоктар мен минералды заттар мөлшерін толықтыру үшін оларға гидрозилин Л-103, аминопаптид-2, гамма-глобулин препараттарын қолданған дұрыс. Бұл дәрілер мал салмағының әр килограмына 2 мл есебінен тері астына жіберіледі.

Тыныс алу жолдарындағы қақырықты тездеп тазарту үшін ауру мал терісінің астына эуфиллиннің 24 проценттік ерітіндісін жіберу керек. Бұл дәріні жібергеннен кейін 3-5 минуттан соң бронх тесіктерінің ауа өткізу қабілеті артады.

Сонымен қатар аурудың тездеп жазылуы үшін антибиотиктер мен сульфаниламид препараттарын қолдану қажет.

Бронхопневмония ауруы асқынған кезде өкпедегі және бронх тесіктеріндегі мнкробтардың бірден бірнеше турін жою үшін дибиомицин, окситетрациклин және басқа да тетрациклин қатарына жататын антибиотиктер қолданған жақсы. Олар малға арнайы жазылған нұсқауға сәйкес мөлшерде егіледі.

Ауру төлдерді антибиотиктермен емдеу кезінде қосымша физотерапевтіқ заттар (соллюкс, кварцты-сынапты шамдардың сәулесімен қыздыру) қолдану емдеу жұмыстарын жақсарта түседі.

Көптеген ғылыми жұмыстар бронхопневмония ауруын жай әдіспен емдеу малдың толық және тез арада жазылып кете алмайтынын көрсетуде. Сондықтан қазіргі кезде ауру малды топтық әдіспен емдеу қолданыла бастады.

Емдеу жұмысы ұзындығы 5 метр, ені - 4 м, биіктігі - 1,8 м аэрозольдік үйшікте жүргізіледі. Оның жалпы ауа сыйымдылығы немесе көлемі 36 м3. Бірақ әрбір шаруашылықта аэрозольдік үйшіктің аумағы немесе көлемі өздерінің ұйғаруымен жоғарыда көрсетілгеннен үлкен немесе кіші болуы мүмкін.

Әдетте аэрозольдік үйшік қораның бір бұрышынан жасалынады. Оның емделетін малдың кіргізіліп, шығарылуына ыңғайлы болуы қажет.

Аэрозольдік үйшіктің дәл ортасынан 1,2 метр биіктікте дәріні тұмандатып шашатын САГ-1, САГ-2 аппараты орнатылады. Оған СО-7А маркалы ауа сорғыш компрессор генераторынан арнайы түтік жалғастырылады. Ауру малға тұмандатылып шашылатын дәрі ерітіндісі САГ-1 аппаратының екі шыны құмырасында болады. Ауа қысымының күшімен дәрі қоспасы өте майда түйіршік түрінде камерадағы ауаға шашылып, тұман болады. Ауру қозы не бұзау белгілі мерзімде осы ауамен тыныстайды.

Ауру қой организмінде дәрілердің емдік мөлшерін жасау үшін 50-60 минут бойы пенициллин, стрептомицин, новомицин және сульфаниламид препараттарының қоспасы беріледі. Емдеу жұмысының тиімділігі дәрінің тиісті мөлшерін дұрыс анықтап, оны малға белгілі мерзімде беруге байланысты.

Әдетте аэрозольдік камерада емделетін бір қойға 0,3-0,5 м3 ауа қажет. Мәселен, біз емдеу жұмысын жүргізген аэрозольдік үйшіктің (камераның) жалпы аумағы 36 м3, оған бір кіргізгенде 18-20 тоқтыны емдеп шығардық. Емдеу жұмысына қолданылатын дәрінің алдымен бір малға деген мөлшерін анықтап алып, содан соң оны 20 малға көбейтіп САГ аппаратының шыны құмырасына ерітінді күйінде құяды. Содан соң 20 ауру тоқты кіргізіліп, камераның есігі және терезесі ауа кірмейтіндей етіліп жабылады да, компрессор генераторы электр жүйесіне қосылып жұмыс істейді. Қысымның күшімен камерада САГ-1 аппараты дәрінің емдік ерітіндісін аэрозоль түрінде тұмандатып, ішкі ауаға біркелкі шашады.

Аэрозоль түйіршіктері ауада жақсы таралу үшін САГ-тын, шыны құмыраларына 50 мл глицерин құйылады. Әрбір шыны құмыра өзінің орындарына қойылып, аузы қақпағымен мықтап жабылады. Осылайша дайындалған аппаратпен емдеу жұмысын 2-3 рет жүргізуге болады.

Аэрозольдік камерада дәрінің емдік мөлшері біркелкі болуы үшін оны дүркін-дүркін тұмандату керек.

Ауруы тым асқынбаған қозыларды аэрозольдік камерадан 30 минуттан 4-5 рет өткізгенде, олар жазылып қатарға қосылады.

Соңғы жылдарда бронхопневмония ауруын аэрозольдік әдіспен емдеу республиканың көптеген шаруашылықтарында енгізілуде. Себебі ол экономикалық жағынан тиімді және еңбек өнімділігі де жоғары.

Павлодар облысының шаруашылықтарында жүргізілген тәжірибе бойынша 100 қозыны аэрозольдік әдіспен емдеуге орта есеппен 250 сом жұмсалды да, жазылған малдан 750 сом пайда түсті.

Аурудан сақтандыру шаралары. Бұл ауруды болдырмаудағы негізгі және басты шара жыл бойы малды зоотехникалық-мал дәрігерлік талаптарға сай дұрыс күтіп-бағу болып саналады. Мәселен, ең алдымен қыс және көктем айларында буаз саулықтар дұрыс күтіп-бағылып, олардың қоңдылығының төмендемеуі тиіс. Тірілей салмағы 50 кг биязы жүнді қой тұқымының саулықтарына күніне 0,95-1,05 азық өлшемін беру керек. Басқа көптеген шаруашылықтар қыс айларында бір саулыққа жайылым шөбінің сыртында 2-3 центнер пішен, 50-60 кг жем беріп, малдың қыста қоңын түсірмеуге күш салады. Мұндай қоңды саулықтан әлді, денсаулығы күшті қозылар туады. Бұл қозылар сыртқы ортаның жеңіл-желпі қатерлі әсеріне бой бермей, ауруға төзімді болып өседі, төл арасында шығын өте аз болады.

Қозының бронхопневмония ауруын болдырмаудағы екінші күрделі мәселе - қой төлдету науқанында саулықты жылы, кең, құрғақ қорада қоздату болып табылады.

Егер қораның ауасы 6 градустан төмен, ал оның салыстырмалы ылғалдылығы 80-85 проценттен жоғары болса, онда арық саулықтан туған қозының денесінен суық өтіп, өкпесі қабынады.

Сондай-ақ қора ауасындағы аммиак газының мөлшері 15 мг/м3 жоғары болса онда әлсіз қозылар тыныс органдары ауруына шалдығады.

Бүкіл одақтық норма бойынша қой қоздайтын қорадағы бір саулық қозысымен тұратын орын - 2,0 м2 кем болмауы керек. Мәселен отарда 620 саулық болса, онда осы отардың қой қоздайтын қорасының жалпы аумағы 1220 м2, ал қораның еденнен төбесіне дейінгі биіктігі 2,6 кем болмауы тиіс.

Қазіргі кезде республикамыздағы оңтүстік және оңтүстік-шығыс (Семей, Шығыс Қазақстан) облыстардың көптеген шаруашылықтарының қой төлдету қораларының жалпы мөлшері тар. Соның салдарынан осындай тар қораларда қой қоздату кезінде ішкі ауаның температурасы, ылғалдылығы, газ мөлшері (микроклимат) бірқалыпты болмауына байланысты көгітеген қозылар тыныс органдары ауруларына шалдығып, шығын болуда. Келешекте қой қораларын салу барысында шаруашылық басшылары, мамандары осы жағдайларды ескерулері керек.

Қой қораларын жобалаудағы Бүкіл одақтық нормада (1986 ж.) қой қоздату қорасындағы ауаның температурасы 8 градустан төмен болмауы, ал қолайлы температураның 12 градус екені көрсетілген.

Ішкі ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 75 проценттен, сондай-ақ ауадағы аммиак, күкіртқышқыл газының мөлшері 10 мг/текше метрден аспауы, ал көмірқышқыл газының 0,25 проценттен кем болмауы тиіс.

Қозының бронхопневмония ауруын болдырмау шараларының бірі - жас қозыларды ірі сақманда баққан кезде блардың сыз жерде көп жатып қалмауын қадағалау. Бұл жағдай оңтүстік облыстардағы шаруашылықтарда жиі кездеседі.

Төл алу науқаны біткен кезде сақмандарды бір отарға біртіндеп қосу да тыныс органдары ауруларын болдырмау шаралары болып саналады.

Жас қозылардың тыныс органдары ауруларын болдырмау мақсатымен Павлодар және Шығыс Қазақстан облысының шаруашылықтарында қой қораларының еденін төл қабылдауға алдын ала дайындайды. Ол үшін жаз айларында мал жайылымға шығарылғаннан кейін қораның едені мал қиынан және көңнен жақсылап тазартылады. Бұдан кейін қораның едені күрекпен босатылады да, содан соң 2-3 рет сөндірілмеген утас шашылады немесе төселінеді. Осыдан соң еденге көлденеңінен салынған жуан сырықтар үстіне тал не қамыс салынып, оның үстіне қалың етіп сабан төсейді. Мұндай төсеніш ылғалды жақсы өткізіп, жылуды жақсы сақтайды.

Осылайша дайындалған қорада, біріншіден, аммиақ газы болмайды, екіншіден, ылғи да құрғақ, жылы тұрады, үшіншіден, жас қозы ауруға шалдықпай ширақ өседі.

Осындай қораларда өсірілген қозылар арасында суық тиюден және басқадан болатын аурулар тіпті кездеспейді. Сонымен қатар қозылардың тыныс алу органдары ауруларын болдырмау шаралары ретінде әрбір шаруашылықта мынандай жұмыстар жүргізілуі тиіс:

  1. Жаз айларында отарды екіге бөліп жаю. Оның біріншісінде қозылары әлді, дұрыс жетілген саулықтар, ал екіншісінде қозылары нашар жетілген және егіздер бағылуы керек. Бірінші топта қозысымен 400-450-дей саулық, ал екіншісінде 200 қозылы саулық болғаны дұрыс.
  2. Тау жайылымдарындағы шаруашылықтың әрбір бөлімшесінде уақтылы жұмыс істейтін емдеу-санитарлық және емдеу-азықтандыру пункттерін ұйымдастырып, ауру қозыларды тұрақты түрде емдеп отыру керек.

Әрбір шаруашылықта жұқпалы бронхопневмония ауруын болдырмау үшін қозыларды енесінен бөлген кезде төмендегіше талаптар орындалуы керек:

а) қыста, ерте көктемде туған қозылар бөлек отарға топтастырылуы тиіс;

б) тұсақтардан туған қозылар да бөлек отарға топтастырылуы керек.

Себебі әрбір қозы денесінде өзіне тән қалыптасқан микробтар мен вирустар болады. Ал жаңа бөлінген отарға бірнеше отардан қозы әкелінсе қозылар арасында микробтар мен вирустар көбейіп, әлсіздері бронхопневмония ауруына шалдығады;

в) енесінен жана бөлінген қозы отарларына ірі қой, тіпті тоқты қосуға болмайды.

Әрбір қозы отарына жайылым алдын-ала белгіленіп, ол жайылымға басқа отар қойы шығарылмауға тиіс;

г) енесінен жаңа бөлінген қозы отарларында мал саны 700-ден аспауы керек.

Отардағы мал санын көбейту және бір отардан екінші отарға қалай болса солай қозы қосу мал арасында ауру тудырып, шығынды көбейтеді;

д) жаз айларында қозы арасында шығын көп болған отарлардың қозылары өзінше бөлек отарға топтастырылуға тиіс.

Күз айларында саулық отарларын қайта құрған кезде де әрбір отардың эпизоотологиялық жағдайы ескерілуі керек.

Айталық, төл қабылдау кезінде іш тастаған және қозы көп өлген отарлардың саулықтарынан бөлек отар құру, кәрі саулықтарды жеке отарға бөлу де малдан шығын шығармау шаралары қатарына жатады.

Күз айларында қозыларды енесінен бөлу, қозы отарларын құру, саулықтардың денсаулығын зерттеп, олардан жаңа отарлар құру мәселелері шаруашылықтың мал мамандары үшін өте жауапты науқан болып есептеледі. Сол себептен де бұл жұмыс зоотехниялық-мал дәрігерлік талаптарға сай жүргізілуі тиіс.

Қойдың жұқпалы емес ауруьін болдырмауда емдеу-санитарлық пунктін ұйымдастырудың да маңызы зор.

Қазіргі кезде әрбір екі қой шаруашылығының бірінде ЕСП (емдеу-санитарлық пункті) жұмыс істейді. Ал оңтүстік облыстардың көптеген шаруашылықтарында ЕСП қой бордақылау алаңының құрамында орналасқан.

Республика бойынша соңғы жылдарды Павлодар, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Семей облысының шаруашылықтарында ЕСП-нің дұрыс жұмыс істеуіне үлкен мән берілуде. Айталық, Павлодар, Жамбыл облыстарының қой өсірумен шұғылданатын әрбір шаруашылығында ЕСП жұмыс істейді. Бұл пунктке келіп түскен ауру малды дұрыс емдеу арқасында олардың 70-80 проценті жазылып, қайтадан қатарға қосылады.

Мәселен, 1986 жылы Павлодар облысында тұрақты түрде жұмыс істейтін 24 емдеу-санитарлық пунктінде 35651 қой емделіп, оның 29500-і қатарға қосылды, 5 мыңы етке өткізілді.

АС ҚОРЫТУ ЖҮЙЕСІНІҢ АУРУЛАРЫ

Ас қорыту жүйесінің аурулары мал арасында өте жиі кездеседі. Олар жұқпайтын аурулардың 20-50 процентін құрайды.

Осы ас қорыту жүйесі ауруларының өзі қарын, ұлтабар, ішек аурулары деп бірнешеге бөлінеді. Біз олардың мал арасында жиі кездесетіндеріне ғана тоқталып өтуді жөн көрдік.

Күйіс қайыратын малдың қарны - үлкен қарын, тақия қарын, жалбыршақ қарын және ұлтабар болып төртке бөлінеді.

Практикада осы қарындардың ауруы мал арасында жиі кездеседі.

ҮЛКЕН ҚАРЫННЫҢ, ТАҚИЯ ЖӘНЕ ЖАЛБЫРШАҚ ҚАРЫНДАРЫНЫҢ ДИСТОНИЯСЫ

Малшылар бұл ауруды күйістен жаңылу деп те атайды. Ірі қараны, қойды қолда бағып күтетін фермаларда және комплекстерде жиі кездеседі.

Үлкен, тақия, жалбыршақ қарындарда азық жұмсартылып, ұсақталып қорытылады, сөйтіп мал организміне тарайды. Мал дұрыс азықтандырылған кезде азық бірқалыпты қозғалыста болады.

Аурудың себептері. Мал азықтандыру дағдысы өзгергенде, ұзақ уақыт құнарсыз, сапасыз азықтармен азықтандырғанда, жемді шамадан тыс көп бергенде және организмде күнделікті су жетіспегенде малдың үш қарнында да азық баяу жүреді, осыдан барып қарынның жнырылып-созылу, тітіркену қабілеті төмендейді.

Аурудың белгілері. Ауру мал азықты нашар жейді, жалпы күйі төмендеп, жүріп-тұруы қиындайды, күйіс қайыруы бәсеңдеп, кейде одан мүлде қалады.

Үлкен қарынның жиырылып-созылуы әлсіреп, сирейді, мал нәжісті де сирек шығарады. Нәжісі қатыңқы болады. Малдың сол жақ аш бүйірін жұдырықпен басқанда оның азыққа толы екені сезіледі.

Ауруды анықтау үшін оның негізгі клиникалық белгілері, азықтандыру сапасы ескеріледі.

Емі. Қарындағы бөгіп қалған азықты қозғалтуға әрекет жасалады. Ол үшін ауыздан зонд салынып, үлкен қарында бұғып қалған жынды шайып шығарады. Ал қойдың аузына ихтиол қосылған 1,5-2 литр суды еріксіз құяды да, сол жақ аш бүйірін 5-7 минут бойы жұдырықпен басып уқалайды. Қорада күтіліп-бағылатын малды 25-30 минут әрі-бері кездіреді, мүмкіндік бар жерде биікке қарай айдайды.

Малдың ішін айдау үшін он проценттік глаубер тұзының ерітіндісі, чилибуха тұнбасы ішкізіледі. Сондай-ақ ауырған малға 3-15 сағат бойы жемшөп берілмейді, ал суды қалағанынша ішкізуге болады.

Аурудан сақтандыру шаралары. Бұл ауруды болдырмау үшін малдың азықтандырылу деңгейі жақсартылады, сапасыз азықтар рационнан шығарылады.

ІШ КЕБУ(тимпания)

Іш кебу деп күйіс қайыратын мал қарныныц газға толып, кеуіп кетуін атайды.

Аурудың себептері. Бұл ауру, әсіресе малдың шық түскен көк шөпті жайылымда көбірек жайылуынан, көктем мен күз айларында ашыққан қойдың, бұзаудың көк жоңышқа, шытыр мен мысыққұйрық сияқты шөптерді көп жеуінен пайда болады. Малды қорада күтіп-баққан кезде ол қызған, шіріген, көгерген жемшөп, үсіген қызылша, картоп, капуста жесе де іші кебеді.

Аурудың белгілері. Іші кепкен малдың сол жақ аш бүйірі өсіп, тырсиып шығып тұрады. Осы жерді жұдырықпен басып көргенде қарынның газға толып, кеуіп тұрғаны бірден сезіледі. Іші кепкен мал күйісінен жаңылады, азық жемей қояды.

Ауру малдың тыныс алуы қиындайды, аузын ашып, тілін салақтатады, іші кепкен сайын мал қиналып, бір орнында тұра алмай, бүйіріне жиі-жиі қарайды. Үлкен қарын кегікен сайын малдың тамыр соғуы жиілейді, тынысы тарылады, дер кезінде көмек көрсетпесе малдың өліп кетуі де мүмкін.

Ауруды анықтау үшін аурудың негізгі клиникалық белгілері ескеріледі. Малды күтіп-бағатын адамдардың мәліметі де есеп- ке алынады.

Емі. Ең алдымен ауруды тудыратын себептерді тездетіп жою қажет. Іші қатқан малдың сол жақ бүйірін жұдырықпен басып, уқалап, қарындағы газды шығару керек.

Ірі қараның қарнынан газды аузынан зонд салып шығаруға да болады. Сөйтіп сол зондпен ішке 1,5-2 литр 10 проценттік ихтиол ерітіндісін жібереді. Малдың іші кепкені аздап басылған соң глаубер тұзының ерітіндісі ішкізіледі. Мәселен, қойға жарты литр суға 50-70 грамм глаубер тұзын ерітіп беру керек.

Егер емнен ойдағыдай нәтиже шықпаса, онда малдың сол жақ аш бүйіріне трокар салып, оның қынабымен қарындағы газ біртіндеп шығарылады. Трокарды аш бүйірден салар кезде сол тұстың жүнін қайшымен тықырлап қырқап, йод ерітіндісін жағу керек. Трокар түтігімен қарынға иутиол, креолин және формалин ерітіндісін де жіберуге болады. Бірден көп малдың іші кепсе, онда оларды әрлі-берлі айдап, 6-8 сағатқа аш қояды.

Аурудан сақтандыру шаралары. Көктем және күз мезгілінде малдың ішіне кептіретін себептерден сақтану қажет. Әсіресе көктемде мал көкке жаюға біртіндеп көшіріледі. Ертеңгісін отарды өріске шығарарда аздап құрғақ пішен салса, қойдың іші кебе қоймайды. Мүмкіндік болса малдың күнделікті ішетін суына оның түсі өзгеретіндей ғана марганец ерітіндісін қосу қажет.

ҰЛТАБАР ЖӘНЕ ІШЕҚ АУРУЛАРЫ

Ұлтабардың қабынуын гастрит, ал ішегінің қабынуын энтерит деп атайды.

Гастрит деп ұлтабардың кілегейлі қабығының қабынуын атайды. Бұл ауруға душар болған мал біртіндеп арықтайды, өнімділігі төмендейді.

Ұлтабар қабынғанда сөл құрамында тұз қышқылының мөлшері өзгереді. Айталық, сөлдегі тұз қышылы көбейсе гиперацидті, ал төмендесе - гипацидті гастрит деп аталады.

Ауру жіті және созылмалы түрде өтеді.

Аурудың себептері. Сапасыз, құнарлылығы төмен, шіріген, қызған, көгерген, үсіген азықпен қоректендіргенде, мал химиялық заттармен уланғанда мал ұлтабары қабынады. Қыс кезінде қойға су дер кезінде берілмегендіктен олар кар жалайды да гастрит ауруына шалдығады. Сонымен қатар бұл ауру кейбір жұқпалы және инвазиялық аурулардың салдарынан да пайда болады.

Аурудың белгілері. Аурудың жіті түрінде мал азықты зауықсыз жейді, жалпы күйі төмендеп, әлсірейді, тез арада арықтай бастайды, су іше береді, ауыздың, танаудың, көздің кілегейлі қабықтары сарғыш тартады, малдың аузын ашқанда сасық иіс шығады.

Ұлтабар сөлінде тұз қышқылының деңгейі төмендегенде малдың аузы құрғайды, сілекейі қоюланады, ішектің жиырылып, созылуы жылдамдап, нәжісі сұйылады.

Ал ұлтабар сөлінде тұз қышқылы көбейгенде мал аузынан қою сілекей шұбыра береді, ішектің жиырылып-созылуы бәсеңдейді, нәжісі қатаяды.

Ірі қара, қой-ешкі ұлтабарының қабынуы ауыр түрде өтеді. Олар күйісінен жаңылады, жеген азығы бойына сіңбей, арықтай бастайды. Сауын сиырдың сүті қашады, қойдың қосымша салмақ қосуы төмендейді.

Ұлтабар қабынуының созылмалы түрінде, әлгі айтылған белгілердің бәрі де болады, бірақ олар анық білінбейді. Мал біртіндеп арықтап, өнімділігі кемиді. Ауыздың, танаудың, көздің кілегейлі қабықтары бозарып, сарғыш тартады. Бұл ауруға душар болған жас төл күнделікті қосымша салмақ қоспайды, өспейді, сүйектері арсаланып, көзге ұрады.

Ұлтабар қабынуының жіті түрі 10-15 күнге, ал созылмалы түрі 2-3 айға созылады.

Ауруды анықтау. Ауру негізінен клиникалық белгілеріне, мал азықтандыру жағдайына, ерекшеліктеріне қарай анықталады. Сондай-ақ шошқа мен жылқының қарнынан зондпен сөл алып тексеру жолымен де анықтауға болады.

Емі. Жас төлдердің гастрит ауруын емдеу жұмыстары жүргізіледі.

Қозыны асқазан-ішек ауруларынан сақтандыру шаралары жаппай қой төлдету науқанын өткізу кезінде жас төлдің ішек ауруларын болдырмауда қораның кең және таза болуы үлкен роль атқарады. Отардағы қойдың 200-300 басы төлдеген кезде жас төл арасындағы ішек ауруларын болдырмау үшін кіші, орташа және үлкен сақман бір-бірінен оқшауланып, әрқайсысы бөлек секцияда күтіп-бағылуы тиіс. Мұны мал дәрігерлік тілде «тазалық кесіндісі» деп атайды.

Қазіргі кезде осы «тазалық кесіндісі» ережесі сиыр төлдету кезінде өте қатаң сақталады. Айталық, Алматы облысының сүт өндірумен шұғылданатын шаруашылықтарында мал төлдету қораларының іші бір-бірінен оқшауланған бірнеше секцияға бөлінген. Осы секциялар мал төлдету барысында біртіндеп пайдаланылады, ал мұның өзі тазалық сақтау ережесінің қатаң сақталынуына ықпал етеді. Сөйтіп төл арасында асқазан-ішек және тыныс алу органдарының аурулары өте сирек шығады. Бірақ бұл әдістер қой шаруашылығында енгізілмей отыр. Оның басты себебі - қой төлдету қоралары өте тар.

Егер бір саулыққа 1,8 шаршы метрден кем болса, онда ол қорада қой төлдету кезінде тазалық ережесі толық сақталмайды да, жас қозылар арасында ішек аурулары пайда бола бастайды.

Сол себептен Бүкіл одақтық нормада бір саулыққа 1,8-2,0 м2 орын бөлу керек деп көрсетілген.

Қазіргі кезде Алматы, Талдықорған облыстарының көптеген алдыңғы қатарлы озат шаруашылықтары бір отар қойды төлдету үшін екі қора пайдаланады. Оның біреуі типтік жобамен салынған жаңа қора болса, екіншісі жөндеуден өткізілген ескі кора болады.

Алғаш туған төл 8-10 тәулік бойы жаиа қорада күтіп-бағылады да, содан соң ескі қораға көшіріледі. Қой төлдетуді осылай ұйымдастырғанда қора ылғи да таза болады. Жас төл арасында асқазан-ішек аурулары шықпайды.

Жалпы жас төлдің асқазан-ішек ауруларын болдырмауда қораның кеңдігі, тазалығы бірінші, ал дәрі және арнайы сарысу колдану екінші орын алады.

Қандай да болмасын ауруды емдегеннен гөрі одан сақтандыру әрқашан да тиімді екенін әрбір шопан мен мал маманының естен шығармауы керек.

Асқазан-ішек ауруларының мал арасында жиі кездесіп, көп зиян келтіретін кезі қозыларды енесінен бөлген уақыт. Осы кезде ауруды болдырмау үшін әрбір шаруашылықта төмендегіше жұмыстар жүргізілуі тиіс:

  1. Қыста және ерте көктемде қоздаған саулықтардың қозысы өздерінше бөлек отарларда күтіп-бағылуы тиіс. Оларға шүйгін жайылым, таза суат керек.
  2. Мүмкіндігінше бірінші, екінші қоздаған саулықтардың қозылары өзінше бөлек, 4-5 қоздаған саулықтардың қозылары бөлек сақманда болуға тиіс.
  3. Әрбір он отар саулықтың қозыларынан нашар жетілген және әлсіздерінсн жеке бір отар құру (изолятор), оларға отты өріс пен таза суат бөлу керек.
  4. Қозы отарларын құру кезінде әрбір саулық отарының эпизоотологиясы және гельминтологиялық жағдайы ескерілуі қажет.

Жаңадан құрылған қозы отарларында асқазан-ішек аурулары кездескен жағдайда себебін анықтап, оны дереу жою керек. Егер отардағы қозының үштен бірінен көбінің іші өте бастаса, онда гельминтологиялық аурулардан (мониезиоз) тексеру жұмыстары жүргізілуі тиіс.

Отардағы қозылардың арасында асқазан-ішек аурулары шығып, ол бір апта бойы тоқталмаса, онда өріс пен суатты ауыстыру қажет. Емдеу жұмысын тұрақты жүргізген дұрыс.

Енесінен жаңа бөлген қозылар асқазан-ішек ауруларына шалдығып, оларды емдеген кезде малдың 1 кг тірілей салмағына 1 мг есеппен тәулігіне 3 рет гентамицин, күніне 2 рет 37 мг мексаформ, аптасына 1 рет 2 мл АО3Е тривитаминін тері астына еккен жақсы.

Сондай-ақ ауру қозыларға тәулігіне 3 рет левомицитин, фталазол таблеткаларын ішкізсе тез жазылады.

Соңғы жылдары Қиыр Шығыс және Сибирь эксперименттік мал дәрігерлігі институтының ғалымдары (В. Г. Жаров, 1980) қозылардың ішек ауруларын «Лерс» деп аталатын жаңа дәрімен емдеп, жақсы нәтижелер алды. «Лерс» дәрісінің 500 грамы 10 литр қайнатылған суға ерітіледі. Сөйтіп әр қозыға күніне 3 рет 75-100 миллилитрден ішкізіледі.

Емдеу алдында қозыларға 2-3 сағат бойы азық берілмейді.

ДИСПЕПСИЯ

Диспепсия деген сөз қазақша қорытылмау деген мағына береді. Жас төл уыз, сүт ему кезінде ас қорыту органдарының жұмыс істемей, организмде зат алмасу процесі бұзылатын, сөйтіп төлді шығынға ұшырататын зілді ауру.

Бұл ауру пайда болуына және өршуіне байланысты жай және уытты диспепсия болып екіге бөлінеді.

Жай диспепсияда төлдің ас қорыту органдарының ішкі кілегей қабықтары аса қабынбайды, тек олардың ас қорыту заңдылығы ғана бұзылады.

Уытты диспепсияда ауру өте жіті түрде өтеді, организм уланады, құрғайды, зат алмасуы бұзылып, жүрек-тамыр, тыныс алу және зәр шығару жүйелері өзгеріске ұшырайды.

Төл арасында диспепсия бұзауларда, қозылар мен торайларда жиі кездеседі. Ал құлын мен бота бұл аурумен сирек ауырады.

Аурудың себептері. Диспепсия ауруын тудыратын себептер күрделі де көп. Аурудың пайда болуы енесінің организмінің, төлдің жалпы физиологиялық және ас қорыту жүйесінің қалпына, жас төлді күтіп-бағу жағдайы мен мал дәрігерлік-санитарлық жағдайларға тығыз байланысты болады. Ғалымдардың соңғы жылдарда жүргізген зерттеулері бойынша жаңа туған бұзау диспепсиясының шығуына буаз сиырлар, әсіресе, буаздығының үшінші кезеңінде жеткіліксіз азықтандырылып, сулы азықтарды көп беріп, қорада ұзақ ұстап, серуендетуге шығармау себеп болатыны анықталды.

Кейбір шаруашылықтарда буаз сиырларды мезгілінде суалтпайды, олар сауылатын малдың азық рационымен азықтандырылады. Соның зардабынан малдың зат алмасуы бұзылады, туған бұзауы диспепсия ауруына шалдығады.

Теңестірілмеген рацион, оның құрамындағы сапасыз сүрлем, жом, бардамен шамадан тыс көп азықтандыру буаз мал организмінде қышқылдық заттарды біртіндеп көбейтіп жібереді. Бұл жағдай құрсақтағы төлдің физиологиясына әсер етіп, олардан әлжуаз, физиологиялық тұрғыдан нашар жетілген төл тууына себепші болады.

Сондай-ақ қора температурасы ылғалдылығы және зиянды газдар мөлшері бірқалыпты болмай, ауытқып тұрса, ауру шыға келеді.

Жас төлді азықтандыру кестесі бұзылса да, уызбен кеш ауыздандырса да диспепсия шығып, тез өршиді.

Жалпы көптеген ғылыми және практикалық деректер бойынша төл диспепсиясы қатерлі жұқпалы індет болып саналмайды. Ол негізінен буаз малды және жас төлді дұрыс күтіп-бақпаудан болатын жұқпайтын ауру.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Төл диспепсиясы организмдегі зат алмасу процесінің бұзылуынан, иммунобиологиялық ауруға қарсы тұру қабілетінің төмендеуінен, сондай-ақ асқазан мен ішектің табиғи қарсылық күшінің нашарлауы салдарынан өршиді.

Мал буаз кезінде дұрыс азықтандырылмаса асқазан мәйегі құрамындағы полисахарид мөлшерінің жетіспеуі ішектің кілегейлі қабығындағы микробтардың қатерлі әсер етуін үдетеді, соның салдарынан төлдің іші өтіп, организмдегі су, микроэлементтер мөлшері азаяды.

Диспепсия ауруының өршуі барысында мал организміне каротин және А витамині жетіспейді, кальций, фосфор және хлорлы тұздардың мөлшері кемиді. Сондай-ақ протеин мен гаммаглобулиндер мөлшері азайып, организмдегі жалпы сұйықтық ерітінді резервацидоз бағытына ауысады.

Қанның құрамындағы белок, гамма-глобулин мөлшерінің азаюына байланысты ауруға қарсы тұратын иммунды-глобулиндік қабілеті төмендейді.

Ауру жіті өткенде қанда азот қалдығы артып, қант құрамы бұзылады, қанның электролиттік құрамы өзгеріске ұшырап, организм үшін өте улы болып табылатын кетондық денелер жинақталады. Бұл айтылған өзгерістер көміртегі, май, белоктық және витаминді-минералдық алмасу заңдылығының бұзылатындығын көрсетеді. Ауырып жазылған мал қанының биохимиялық құрамы ол сауыққаннан кейін 16-21 тәуліктен соң ғана қалыпқа келеді.

Қорыта айтқанда, төл диспепсиясының өршуі аурудың барысына және дер кезінде емдеуге тікелей қатысты аса күрделі процесс.

Бұл аурудың клиникалық белгілері үш сатыда өтеді. Оның бірінші сатысында бұзау азыққа селсоқ қарайды, жалпы күйі нашарлайды. Іші өтеді, нәжісі сұйықтау, кейде сұйық болады. Оның түсі сарғыш, өткір иісті, жылбысқы аралас келеді. Әдетте, ауру белгілері төлдің 3-5 күндігінде жақсы білінеді.

Аурудың екінші сатысы жіті түрде өтеді. Төлдің жалпы жағдайы нашарлап, сүт ішпей қояды. Іші қатты өтеді. Біртіндеп организм уланып, көз жанары мұнартып, көзі шүңірейіп кетеді.

Төл денесінің суы азайып, тез арықтайды, жата бергіш келеді.

Аурудың үшінші сатысында бұзау мойнын қайырып жатып алады, түрлі дыбысқа, тіпті дәрі еккенде де «мыңқ» етпейді. Бұл кезде ауру төлдің саны, ауыз, құлақ және мұрынның кілегейлі қабықтары салқындайды.

Аурудың осы соңғы сатысында төлдің іші тоқтаусыз өтеді. Жүрек, бүйрек қызметі нашарлап, ауру төл орнынан тұра алмайтын халге жетеді. Егер ауру төл дер кезінде емделмесе шығынға ұшырайды.

Ауруды анықтау. Төл диспепсиясын колибактериоз, қылау, кіндіктің жұқпалы індетінен ажырата білу керек. Оны дұрыс ажырату үшін төлдің бұзылмаған өлексесінен патологиялық материалдар алып, лабораториялык. жағдайда бактериологиялық тұрғыда зерттеу қажет. Осы зерттеуді, сондай-ақ клиникалық белгілерді, патоанатомиялық өзгерістерді ескере отырып анықталады.

Аурудан сақтандыру інаралары. Бұл төл ауруының алдын алу үшін ұрғашы малды жыл бойы зоотехниялық-мал дәрігерлік талаптарға сай күтіп-бағу керек.

Қазіргі кезде төлді шығынға ұшыратпау үшін шаруашылықтарда сауын малын күтіп-бағудың цехтық әдісі енгізілуде. Айталық, сүт комплекстері мен фермалардағы мал төлдету цехының құрамына сиыр бұзаулайтын екі қора және профилакторий кіреді. Ал жас бұзауларға арналған профилакторий қорасы бірнеше бокстарға немесе секцияларға бөлінген.

Олар кезек пайдаланылып, жаңа туған бұзаулар арасында ақ тышқақ (колибактериоз), қылау (паратиф), өкпе қабынуы және диспепсия ауруларының пайда болуына, бола қалған күнде олардың өріс алуына жол берілмейді.

Қораның ішінде суалтылған буаз сиырлар төрт қатарда тұрады, оның бір қатарында сиыр бұзаулау үшін жасалған 10-12 бокс бар. Әр бокстың аумағы 8 шаршы метрге тең. Бұл бокстарда жаңа туған сиыр бұзауымен тәулік бойы бірге болады да, содан кейін төл профилакторийге ауыстырылады.

Суалған сиырлар тұратын қораға галлерея арқылы жалғастырылып профилакторий қорасы салынған. Олар бір-бірінен оқшауланған сегіз секциядан тұрады. Әр секцияда 8-10 бұзау бағылады.

Ауыспалы секциялық профилакторийде бұзау өсіру технологиясының мәні мынада: профилакторий секциясына жас айырмасы 10 күннен аспайтын бұзауларды толтырып, онда 10 тәулік күтеді де, жеке топқа бөліп, жалпы бұзау қораға көшіреді.

Бірінші секция бұзаулармен толтырылғаннан кейін, екінші секцияға, одан кейін үшінші және келесі секцияларға қабылданады. Бұзаудан босаған секциялардың жеке клеткалары, қабырғалары, едендері тазаланып жуылады, дезинфекцияланады. Бұзау қораны кептіргеннен кейін секция ауасын 20-22 градусқа дейін жылытып, жаңа туған бұзауларды қабылдайды. Әрбір секцияға 30 күнде екі рет бұзау қабылданып тұрады.

Секцияны осылай кезектеп пайдалану профилакторий қорасының ауасын тазартып, микробтардың көбеймеуіне, тазалық сақтауға және бұзаулардың ауруға шалдықпауына игі әсерін тигізеді.

Сиыр арнаулы орында бұзаулағанда төлдің жұқпалы және тыныс алу, ас қорыту органдары ауруларына шалдығуы азаяды.

Жаңа туған бұзау ерекше күтімді қажет етеді. Олар алғашқы 24-48 сағатта ғана уыз белоктарын өзгертпестен сіңіре алады. Оның үстіне жаңа туған бұзаудың қанында геммоглобулиндер немесе ауруға қарсы тұратын белоктар болманды. Ал осы зат бұзау денесіне уызбен бірге сіңіп, организмде ауруға қарсы тұратын пассивтік иммунитет құрайды. Сол себептен де таза уызды бұзауға туғаннан кейін бір сағаттан асырмай беру оны диспепсия, колибакториоз және респираторлық өкпе қабынуы ауруларынан сақтандырады.

Мал дәрігерлік статистика бойынша кейбір шаруашылықтарда жас бұзаулар арасында диспепсия, колибактериоз, паратиф және респираторлық өкпе қабыну аурулары кездеседі. Егер көктем айларында сиырлар жаппай төлдеген кезде жаңа туған бұзаулар арасында жұқпалы немесе жұқпайтын аурулар кездесетін болса, ең алдымен оның қандай ауру екенін, оның шығу себебін анықтап жою жолдарын қарастыру қажет. Негізінде әлгі айтылған ауруларға қарсы жүргізілетін жалпы шаралардың бәрі бірдей. Мәселен төлдеуіне бір жарым ай қалғанда снырлар паратиф және колибактериоз ауруларына қарсы екі рет вакциналанады. Ал жаңа туған бұзау осы ауруларға шалдықпас үшін бірінші рет 1-2 күндігінде, екінші рет 3-5 күндігінде поливаленттік вакцинамен егілуі қажет.

Қажет болса осы ауруларға қарсы арнайы сарысу (сыворотка) қолданылады. Малды егу үшін қолданылатын вакциналар мен сарысулар тоңазытқышта немесе қазылған ұрада сақталуы керек. Әйтпесе вакциналар мен сарысулар емдік қасиетін тез жоғалтады.

Бұзаушылардың колибактерноз ауруын диспепсиядан, қылаудан дұрыс ажырата білуі керек. Мәселен колибактериоз бен диспепсияға бұзау туғаннан кейін 10 күнге дейін, ал қылауға 10 күн өткен соң шалдығады.

Мал аурулары (құрастырған З.Қ. Қожабеков). -Алматы: 1989. -Б.319-334.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2023-12-01 12:59:54     Қаралды-201

АСҚАБАҚТАН, АЛМАДАН ЖӘНЕ ҚАУЫННАН ЖАСАЛҒАН САЛАТ

...

Асқабақ ұсақталып туралады да балмен араластырылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БӨЛШЕКТЕР ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Алдымен бұлар «жай бөлшектер» деп аталды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМНІҢ ЖЕТІ КЕРЕМЕТІ

...

Әлемнің жеті кереметі - әлемге әйгілі болған ертедегі ғимараттар мен тас мүсіндердің атауы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖАЗДЫҢ ЫСТЫҒЫНДА ШӨЛ ҚАНДЫРАТЫН СУСЫНДАРДЫ ДАЙЫНДАУ

...

Жаздың аптап ыстығында ішкен сап-салқын сусын мейіріңді қандырмай ма?

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕСКЕРТКІШ

...

Салт аттының тегеурінді қолы құз-құяның ұшар басына жете бере асаудың басын әзер тартып тоқтатты. Екінші қолын алыс қиырларға қарай сілтепті.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЛШАДАН ЖАСАЛҒАН КӘМПИТ (пастила)

...

Алша жемістері піскенше қайнатылып, қабығы мен дәндерінен тазалау үшін електен өткізіледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »