UF

КӨМІРСУЛАР. ЛИПИДТЕР

 

Көмірсулар. Жануарлар клеткаларында шамалы мөлшерде (құрғақ зат массасының 1%-і шамасында) ғана көмірсулар кездеседі; бауыр мен бұлшықет клеткаларында олар көбірек - 5%-ке дейін болады. Өсімдік клеткалары көмірсуға өте бай: кептірілген жапырақта, тұқымда, жемісте, картоп түйнегінде олардың мөлшері 70%-ке жетеді.

Көмірсулар дегеніміз құрамына көміртегі, оттегі және сутегі атомдары кіретін күрделі органикалық қосылыстар болып табылады.

Көмірсулар қарапайым және күрделі болып бөлінеді. Қарапайым көмірсулар моносахаридтер деп аталады. Күрделі көмірсулар полимерлер болып саналады, ондағы моносахаридтер мономерлердің ролін атқарады. Моносахаридтердің екеуінен - дисахарид, үшеуінен - трисахарид, бірнешеуінен - полисахарид түзіледі.

Моносахаридтердің бәрі де суда жақсы еритін түссіз заттар. Олардың бәрінің дерлік ұнамды тәтті дәмі болады. Моносахаридтердің ішіндегі ең көп таралғандары - глюкоза, фруктоза, рибоза және дезоксирибоза. Жемістер мен жидектердің, сондай-ақ балдың тәтті болуы, олардағы глюкоза мен фруктоза мөлшеріне байланысты. Рибоза мен дезоксирибоза нуклеин қышқылдары мен АТФ құрамына кіреді.

Моносахаридтер сияқты, ди және трисахаридтер де суда жақсы ериді, дәмі тәтті болады. Мономерлік буындарының саны көбейген сайын полисахаридтердің ерігіштігі кеміп, тәтті дәмі жойылып кетеді.

Дисахаридтердің ішіндегі маңыздысы - қызылша (немесе қамыс) қанты мен сүт қанты, полисахаридердің ішіндегі кең таралғаны - крахмал (өсімдіктерде) және гликоген (жануарларда), клетчатка (целлюлоза). Ағаш сүрегі - түгелдей дерлік целлюлозадан құралады. Бұл полисахаридтердің мономерлері - глюкоза.

Көмірсулардың биологиялық ролі. Көмірсулар клетканың әртүрлі формадағы активтігін жүзеге асыруға қажетті энергия көзі ролін атқарады. Клетканың қозғалыс, секреция, биосинтез, жарық беру және т. б. әрекетіне энергия қажет. Құрылымы күрделі, энергияға бай көмірсулар клеткада әбден ыдырап, осының нәтижесінде қарапайым, энергиясы аз қосылыстарға - көміртегі (IV) оксиді мен суға (СО2 мен Н2О-ға) айналады. Бұл процестің барысында энергия босап шығады. 1 г көмірсу ыдырағанда 17,6 кДж энергия босап шығады.

Қөмірсулар энергетикалық қызмет атқаруымен бірге кұрылыс материалы қызметін де атқарады. Мысалы, өсімдік клеткаларының қабырғалары целлюлозадан құралады.

Липидтер. Липидтер жануарлар мен өсімдік клеткаларыныңбәрінде де болады. Олар көптеген клетка құрылымының құрамына кіреді.

Липидтер дегеніміз суда ерімейтін, бірақ бензинде, эфирде, ацетонда еритін органикалық заттар болып табылады.

Липидтердің ішіндегі ең көп таралған және белгілісі - майлар. Әдетте, клеткада майдың мөлшері шамалы (құрғақ заттар массасының) - 510%. Алайда, құрамының 90%-ке жуығы майдан тұратын клеткалар да бар. Жануарларда ондай клеткалар тері астында, көкірек бездерінде және шарбыда кездеседі. Май барлық сүтқоректі жануарлардың сүтінде болады. Кейбір өсімдіктердің, мысалы, күнбағыстың, сораның, грек жаңғағының тұқымдары мен жемістерінде май өте көп.

Клеткаларда майдан басқа да липидтер, мысалы, лецитин, холестерин болады. Кейбір витаминдер (А, Э) мен гормондар да (мысалы, жыныс гормондары) липидтерге жатады.

Липидтердің биологиялық маңызы аса зор және алуан түрлі. Ең алдымен олардың құрылыс материалы ретіндегі қызметін атап өтейік. Липидтер гидрофобты болады. Осы заттардың өте жұқа қабаты клетка мембранасының құрамына кіреді. Липидтердің ішіндегі ең көп таралған майдың энергия көзі ретіндегі маңызы аса зор. Майлар клеткада көміртегі (IV) оксиді мен суға дейін тотыға алады. Майдың ыдырауы барысында көмір-судың ыдырауы кезіндегіден екі есе көп энергия босап шығады. Жануарлар мен өсімдіктер май қорын жинап, оны тіршілік әрекеті процесінде жұмсайды. Өсімдік тұқымдарында майдың көп болуы өскіндерді өз бетінше қоректене алатын болғанша энергиямен қамтамасыз ету үшін қажет.

Бұдан соң майдың су көзі ретіндегі маңызын да айту қажет. 1 кг май тотыққан кезде одан 1,1 кг-дай су түзіледі. Кейбір жануарлардың айтарлықтай ұзақ уақыт су ішпей жүре алатынын осылай түсіндіруге болады. Мысалы, түйелер сусыз шөлде 10-12 күнге дейін су ішпей жүре алады. Қыста ұзақ ұйқыға кететін аю, суыр секілді жануарлар екі айдан астам уақытқа дейін су ішпейді. Бұл жануарлар өздерінің тіршілігіне қажетті суды майдың тотығуынан пайдаланады. Лигіидтер құрылымдық және энергетикалық қызметінен басқа қорғаныш қызметін де атқарады: май жылуды нашар өткізеді. Ол тері астында жиналады да кейбір жануарларда едәуір қалың қабат түзеді. Мәселен, киттің тері астындағы май қабатының қалындығы 1 м-ге дейін жетеді, бұл оның поляр теңіздеріндегі суық суда тіршілік етуіне мүмкіндік береді.

 

Әдебиет: Жалпы биология. Алматы, 1991. -Б.361-362.

 

 

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-11-09 17:48:30     Қаралды-8369

ОРТААЗИЯ ОВЧАРКАСЫ

...

Ортаазия овчаркасы өте ерте кезден қой отарын жыртқыш аңдардан қоргауға пайдаланылган. Кавказ овчаркасы секілді мұның да арғы тегі - тибет иті.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЮАНЬ ПАТШАЛЫҒЫ

...

Юань патшалығы - 1271-1368 жылдар аралығында қазіргі Моңғолия және Қытай аумағында салтанат құрған мемлекет. Мемлекеттің негізін Шыңғыс ханның немересі Құбылай қалаған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЙМАҚҚА ЕЗІЛІП, ҚҰРҒАҚ ЖЕМІСТЕР НЕМЕСЕ ЦУКАТ ҚОСЫЛҒАН ҚҰРТ

...

Кептірілген жемістер жақсылап іріктеледі, сортталып, жуылады. Ірілері бөліп туралады. Ыдысқа салынып дайын болғанша қайнатылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕНЕСАРЫ ХАН

...

Кенесары Қасымұлы (1802-1847 жж.) - қазақтың ірі мемлекет қайраткері, қолбасшы. Кенесары 1841 жылы бүкіл қазақ халқының мақұлдауымен хан көтерілген Қазақ хандығының соңғы ханы. 1837-1847 жылдардағы қазақ халқын басқыншылардан азат ету күресінің басқарушыс

ТОЛЫҒЫРАҚ »

РЕПРОДУКЦИЯ ДЕГЕН НЕ?

...

Журнал мен кітап бетінен кейде суретшілердің картиналарын да ұшырастырамыз. Бірақ олар өнер туындыларының түпнұсқасы емес, репродукциялары ғана.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БАЛҚАЙМАҚ

...

Үн түсі алтындай сарғайғанша шала қуырылады. Содан соң оған қаймақ, бал қосып, араластырылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »