UF

ШҰҒЫЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУДІҢ КЕЙБІР ТҮРЛЕРІ

Жылан шаққанда қандай ем жасау керек? Қазақстанда жыланның улы және усыз екі түрі бар. Улы жыландар шаққан жерінде нүктедей-нүктедей екі із қалдырады.

Қазіргі дәрігерлік тәжірибеде жылан шаққан адамның денесіне бүрау (жгут) салу керектігі дәлелденген. Шаққан жыланның уыты бұраудан жоғары тарамайды. Осыдан кейін көп ұзамай жыланның тісі батқан «екі нүктені» спиртпен, не йодпен, одеколонмен тазартып, содан кейін өткір үшкір пышақтың ұшымен ұзындығын жарты сантиметр, тереңдігін 3 миллиметрдей етіп айқыш-ұйқыш кесу керек. Одан шыққан қанмен бірге жыланның уыты да қоса шығады. Бұрауды салғаннан кейін екі сағаттан артық ұстауға болмайды. Содан кейін ауруды емханаға жеткізуге тырысу керек.

Арақтан улану. Уланған адамды таза ауаға шығарған жөн. Төсекке жатқызғанда басын жоғары салу қажет. Сонда миға қан аз барады да, уыт тез тарайды. Құсқанда қысықтың тыныс жолдарына құйылмауы үшін науқастың басын бір жағына бұрып ұстаған, не болмаса қырынан жатқызған жөн. Уланған адамға мүсәтір спиртін мақтаға тамызып, ара-тұра иіскету керек. Мас адамның су іше алатын жағдайы болса жарты стакан суға 5-6 тамшы мүсәтір спиртін тамызып, ішкізу керек. Басына суық су құйған, мұз салған грелка басқан, аяғын горчичник салған суға малып, денесін суланған орамалмен уқалап сүрткен жөн. Мас адамның хал-жағдайы сағат сайын нашарлай берсе дереу дәрігер шақырған дұрыс.

Шайдан улану. Адамның жүрегі қорыққандағыдай қатты соғып, басы айналып, төс шеміршегінің асты батып ауырып, денесі құрысып ауырады. Ал бұның ауыр түрімен уланғанда адамға көзіне бір нәрселер елестеп (галлюцинация), жүрегі тоқтау салдарынан өліп кететін жағдайлар да кездеседі.

Шайдан уланған адамға дәрігер келгенше дереу ұлтабарын тазарту үшін екі-үш стакан жылы су ішкізіп одан кейін зорлап құсқызу керек.

Астан улану. Адамның астан улануы көбінесе жаз айларында жиі кездеседі. Бұл ауру көбінесе көп тұрып, бұзылып кеткен тағамдарды ішкенде не болмаса тамақтың мыс ыдыстарда сақталуы салдарынан ол микробтармен ластанады да адам уланып қалады.

Тамақта болатын микробты дәрігерлік тілде ботулинус дейді. Осыған байланысты аурудың аты ботулизм деп аталады. Адам көбінесе көп тұрып қалған колбаса, піскен ет, жұмыртқа, балық және бұзылған консерві жегенде уланады. Бұл микробтың уыты денеге 6-9 сағат шамасында тарап, ең алдымен адамның мыйына әсер етеді. Уланған адамның жүрегі айнып, төс шеміршегінің асты қатты батып ауырады. Кейіннен іші өтіп, басы ауырып, әлсірейді. Қабағы қатыңқы тартып, көзі кіртиеді. Тамырының соғуы нашарлап, қан тасқыны төмендейді. Терісі бозарып, кейде сандырақтап, есінен танады.

Астан уланған адамның ұлтабарын ас содасының 3-5 проценттік ерітіндісімен немесе 0,2 проценттік таннин, 0,05 проценттік марганец дәрілерінің ерітінділерімен жуып тастаған жөн.

Тамақтан уланған адамның ішегін тазалау үшін жылы судан клизма қойып, іш тазалауға көмектесетін дисульфан дәрісін күніне бір грамнан 2-3 рет берген жөн. Уланған адамның тамыр-жүрек соғуын, қуатын жақсарту үшін кодеин, стрихнин, адреналин, эфедрин, глюкоза дәрілерін беріп, қан тамырлары арқылы тұз араластырған су, сыворотка тағы басқа дәрілер жіберу керек.

Ал ботулизм ауруы екендігі анықталса денеге көп кешіктірмей осы ауруға қарсы тұратын сыворотка жіберу қажет.

Тамақтан уланбау үшін қайнатқан, пісірген тағамдарды тоңазытқыштарда, ол болмаса шыбын тимейтін салқын жерде ұстау керек.

Нафталиннен улану. Адам нафталиннен уланғанда басы ауырып, денесі қалшылдап тоңып, жүрегі лоблып құсқысы келеді. Уланудың ауыр түрінде маужырап, ұйқысы келіп, тамыр соғысы нашарлап, төс шеміршегінің асты батып ауырып, жүрегі көтеріледі. Осыдан кейін денесі сарғайып, іші өтіп, хал-жағдайы нашарлай түседі. Мұндай жағдайға жеткізбеу үшін уланған адамның ұлтабарын тазарту мақсатымен әлсін-әлсін жылы су, суға көмір (корболен) қосып ішкізіп, құсқызып тастау керек. Сондай-ақ бидай, күріш, тағы басқа сол сияқты дәнді дақылдарды қайнатып, солардың суын ішкізген де дұрыс. Тамаққа май құймау қажет.

Скипидардан уланған адамның басы айналып, көзі қарауытып, жүрегі қағып, әлі құрып, кіші дәретке жиі-жиі шығатын болады. Скипидарды денеден тезірек шығару үшін уланған адам құсу керек. Одан кейін науқасқа көмірден жасалған порошок, жылы сүт, болса мұз, майсыз жылы сорпа ішкізген жөн. Іш бұзатын дәрі берген де дұрыс.

Араның шаққанынан улану. Ондай адамның басы, ара шаққан жері қатты ауырады. Ара шаққан жері қызарып, ісіп кетеді. Міне, осы жерді дұрыстап қарап, араның бізбегін (жало) алып тастап, орнына мүсәтір спирті не араққа малынған тампон салып, табылса әлсін-әлсін мұз не суық су басу керек. Ауруға ыстық шай ішкізіп, аздап шарап берген дұрыс.

Керосиннен улану. Адам керосинмен оны үйдегі бүргені, қандаланы, битті өлтіру үшін қолданғанда не болмаса байқаусызда төгіп алғанда, сондай-ақ жаңылып ішіп қойғанда уланады. Керосинмен уланған адам мас кісіше лепіріп сөйлеп, басы айналады. Ал ауыр түрімен уланса (ішіп қойған жағдайда) адамның тынысы тарылып, көзі алақтап, есінен айырылады. Бұндай адам құсады. Құсығымен бірге керосиннің қалдығы қалқып жүреді.

Керосинмен уланған адамға дәрігер келгенше мынадай ем жасау керек. Ең бірінші ол адамды таза ауаға шығару керек. Қолдан немесе оттегімен (карбоген) дем алғызған жақсы. Уланған адамның ішін тазарту үшін су беріп құстырып не болмаса касторка майын беру керек. Бұндай адамға жиі-жиі ыстық сүт ішкізгеннің зияны жоқ. Басына мұз салған грелка басып, ішіне горчичник қойып, мүсәтір спиртін иіскеткен жөн.

Бензиннен улану. Бензиннің буымен көбінесе оның исі жайылған бөлмеде отырған адамдар уланады. Клиникалық белгілері керосинмен уланған адамдарда пайда болатын клиникалық белгілердей болады. Уланған адамның басы ауырып, тынысы тарылып, әлсірейді. Кейде есінен танып қалады. Оларды таза ауаға шығарып, бір ас қасық соданы бір стакан суға ерітіп, аузын шайғызып, бетін, самайын сүртеді. Бензинмен уланған адамға бірнеше стакан су ішкізіп, артынан зорлап құсқызған жөн. Егер уланған адамның тынысы тарылып, тыныс алуы нашарлай түссе, оған оттегін иіскетіп, қолдан дем алдыру шараларын жасау керек.

Темекіге улану. Темекі тартпайтын, насыбай атпайтын адамдар темекіге тез уланады. Ондай адамның тынысы тарылады. Мұндайда оларға қолдан дем алдыру керек. Қолдан дем алдырудың мынадай тәсілдері бар. Уланған адамның екі қолын басынан асырып көтеріп, содан соң кеудесіне апарып қысу. Сонда қолдарын жоғары көтергенде адам дем алып, ал қолдарын кеудесіне қысқанда дем шығарады. Бүл әдісті минутына 16-18 рет жасау керек.

Басын бірнеше рет суық сумен жуып, грелкаға мұз салып басу қажет.

Иіс тиюИіс тиген адамның басы айналып, зеңіп ауырады, көзі қарауытып, құлағы шыңылдап, тынысы тарылады, жүрегінің соғуы шапшаңдап, жүрегі айниды. Кейде жүрегі көтеріліп, құсады. Ал иіс қатты тигенде адам есінен танып, денесі қалшылдап, тынысы тарылады.

Иіс тиген адамды дереу таза ауаға шығарып, қолдан дем алдырған дұрыс. Қолдан дем алдырар алдында көйлегінің түймесін ағытып, шалбарының белдігін босату керек. Бетіне, кеудесіне суық су бүркіп, мұрнына мүсәтір спиртін жиі-жиі иіс кеткен жақсы. Иіс тиген адамды есі кіргеннен кейін де бірнеше сағат таза ауада ұстаған жөн. Үйдің есік-терезесін ашып таза ауа енгізу керек.

Оған дейін иіс тиген адамды ол үйге әкелуге болмайды.

Жарақаттану. Жарақаттанудың түр-түрі болады. Бұл жерде олардың бәріне тоқталып жатудың қажеті жоқ. Жарақаттанған адамға дәрігерге барғанша көрсетілетін жәрдем мынандай.

Адам қатты жарақаттанса, мысалы, аяғының басы, не жіліншігі зақымданса аяқ киімдерін шешу керек. Жарақаттанған аяқтан аяқ киімді шешу оңайлыққа түспейді. Өйткені аяғын қозғаса жарақаттанған жер қатты ауыратыны өзінен-өзі белгілі. Сондықтан да мұндай адамдар аяғына қол тигізбейді. Бірақ аяқ-қол, тағы басқа жерлер жарақаттанғанда қан тамырларының үзіліп кетуі салдарынан сыртқа не болмаса ет пен терінің арасына қан ағып, жиналуы мүмкін. Солардың ішінде қанның өз бетімен сыртқа ағып тоқтамау түрі өте қауіпті болады. Осыған байланысты жарақаттанған жерді жалаңаштап көрген жөн. Ол үшін аяқ киімді жараны ауыртпай шешуге тырысу керек. Аяғында етік болса шешілсе шешіп, ал шешілмесе тігісінен сөгіп жіберген жөн. Ауруға көмек беретін адам жараға микроб түсірмеу шараларын ойластыруы керек. Ол үшін өзінің қолын сабындап жуып, таза орамалмен сүртіп, спирт, одеколон, арақ, коньякпен тазарту керек. Аурудың жарақаттанған жерінде ағаштың, шынының сынығы, тағы басқа заттардың қалдығы болса, оларды алып тастаудың қажеті жоқ. Егер алып тастаса жараның терең жағынан жараланған үлкен қан тамырының көзі ашылып, науқастың қаны тоқтамай, қансырап өліп кетуі мүмкін. Сондықтан да жарада қалған ондай заттарды тек қана хирург алу керек.

Аурудың аяғын жалаңаштағаннан кейін оның жарақаттанған жерін спиртке не болмаса одеколонға батырылған таза мақтамен немесе дәкемен, шүберекпен сүрту қажет. Содан кейін жараның айналасына йод, йод болмаса бриллиант көгін, марганцовка ерітіндісін жағып, арнаулы пакеттегі бинтпен таңып тасталады. Арнаулы пакеттегі микробсыз бинт болмаған күнде жараланған жерді қызып түрған үтікпен үтіктелген таза шүберекпен орауға болады. Аурудың аяғын қарағанда оның етінің жаншылғанын не сүйегінің сынғанын білуге болады. Адамның сүйегі сынса ол адам аяғын не қолын өз бетімен көтере алмайды. Жарақаттанған аяқты, қолды сау қолдың сүйемелімен ғана көтереді. Жарақаттанған кісі аяқ-қолын өз бетімен көтере алмаса, оның сынғаны деп білу керек. Ондай қолға не аяққа бинттің сыртынан жарақаттанған тұсының қозғалмауы үшін тақтай, фанер, тағы басқа қатты заттар салып байлаған жөн. Ол зақымданған кісі жарақатының көп ауырмай, жүрек-тамыр соғуын жақсарта түседі.

Ми шайқалғанда ең алдымен жарақаттанған адамды төсекке жатқызу керек. Содан соң ол төсектен басын көтермеуге тиіс. Осыдан кейін ауру адамның бет-аузын, басын қарап, жараланған жер болса спиртпен, одеколонмен, не йодпен тазалап сүртіп, бинтпен таңып тастау керек. Аурудың басына суық су құйылған, не мұз, қар салынған грелка басу қажет. Грелканы жиі-жиі ауыстырып отырған жөн. Содан соң дереу дәрігер шақырту керек немесе жеңіл машинамен, қатты селкілдетпей ауруханаға жеткізу қажет.

Қарыннан, ұлтабардан қан кеткенде адам қан құсады немесе құсыққа қан араласады. Егер қан ұлтабардың ішінде біраз уақыт тұрып қалса оның ұюы мүмкін. Сонда құсықпен бірге кесек-кесек ұйыған қан да түседі. Міне осыларға қарап қанның ұлтабардан келіп жатқанын топшылауға болады. Бұндай адамды төсекке шалқасынан жатқызып, төс шеміршегінің тұсынан суық су құйған грелка басып, грелканы әлсін-әлсін жаңартып отырған жөн. Науқасты алғашқы жәрдем көрсетілгеннен кейін дереу ауруханаға жеткізген жөн.

Мұрын қанағанда одан аққан қанды тыю үшін сіңбіріп, танауға суық су тартып тоқтатқан дұрыс емес. Одан қанның ағысы үдей түспесе толастамайды. Сондықтан да мұрыннан аққан қанды тоқтату үшін адамның өзі қос танауын саусаусағымен қысып, екі көзінің арасына суық суға малынған орамал басу керек. Ал бұған да тоқтамаса қан аққан танауды мақта, не дәкемен тығындау қажет. Пайдаланатын дәкеге табылса сутегі тотығын сіңдіріп алған жөн. Сонда қан тоқтауға тиіс. Егер тоқтамаса ауруды дереу емханаға апару керек.

Жатырдан қан ағу. Әйелдің жыныс жолдарынан қан кетудің екі түрі болады. Біріншісі, менструация (етеккір) келу, ол - биология мен медициналық заңға байланысты шартты жағдай. Ал екінші түрі әйел жарақаттанғанда не болмаса түрлі ауруларға шалдыққанда (рак, эрозия шейки матки, фибромиома, т. б.) байқалатын кұбылыс. Мұндай әйелді дереу төсекке жатқызып, кіндігінің төменгі жағын ала грелкамен суық су, табылса мұз, қар аралас су басқан өте пайдалы. Алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін кешіктірмей дәрігер шақыру керек, ал аурухана жақынболса дәрігерді шақыртпай-ақ науқастың өзін апарған да дұрыс.

Өкпеден қанды қақырық, қан түсу. Өкпеден келген қанның ұлтабардан келген қаннан бір айырмашылығы оның көпіріп түсуі. Міне, осы жағдайға қарап, оның өкпеден екенін айыруға болады. Өкпеден қан көбінесе туберкулез, абсцесс, тағы басқа өкпе ауруларыпа шалдыққанда түседі. Мұндай адамды дереу төсекке жатқызып, суық, су, мұз аралас су не болмаса ас тұзының бір қасығын бір стакан суға араластырып, күніне екі-үш рет беріп отыру керек. Ең дұрысы - науқасты дереу ауруханаға жеткізу.

Омыртқаның сынуы. Омыртқа әр түрлі себептермен сынады. Мойын омыртқалары көбінесе адам құлаған кезде жерге басымен түскенде, кеуде сүйек, бел омыртқалары аяғымен түскенде, машина соққанда сынып кетеді. Сынған омыртқа жарқыншақтары жұлынды жарақаттаған жағдайда қол-аяғы сіресіп, қозғалмай қалады. Омыртқасы сынған кісіге алғашқы көмек көрсетерде қай омыртқасының сынғанын білу үшін ауруды домалатып мазасын алуға болмайды. Мойын омыртқасы жарақаттанған кісінің басын қозғалтпау керек. Сынған жерге салмақ түсіруге мүлде болмайды. Ол үшін ауруды астына жұқа тақтай салынған тегіс төсекке жатқызып, мойнына жұқа да ұзын орамалды бірнеше қабаттап орап, басын қозғалтпау үшін екі жағына қалың орамалдан не жұқа көрпеден ұяшық жасап тастаған дұрыс.

Кеуде, бел омыртқалары сынған адамды да қатты әрі тегіс төсекке не еденге жатқызып, омыртқасының сынды-ау деген тұсына орамалды білектей етіп есіп, ұяшық жасау керек.

Омыртқасы зақымданған адамды бір жерден екінші жерге қозғаудың да өзіндік тәртібі бар. Мойын омыртқасы сынған кісінің басы мен мойнын қозғалтпай бір адам көтерсе, жауырын, жамбас сүйектерінің тұсынан екі адам көтереді. Кеуде сүйек пен бел омыртқа сынғанда да көтеру тәсілі осындай. Бірақ кеуде сүйек не болмаса бел омыртқаның сынған жерін қозғалтып алмауға тырысу керек. Дәрігер келгенше ауруды отырғызуға, көлікпен бір жерге апаруға болмайды.

Жамбас сүйектерінің сынуы. Жамбас сүйектері адам биіктен құлап, құйымшағымсн, жамбасымен түскенде, машина апатында тағы басқа себептерден сынады. Ондай кісілердің жамбасы шыдатпай ауырады, аяғымен тік тұрып, жүре алмайды. Мұндай кісілерге дәрігер келгенше мынандай көмек көрсету керек. Омыртқасы сынған кісі сияқты жамбас сүйегі сынған кісіні де қатты, тегіс тақтайдың үстіне шалқасынан жатқызып, екі аяғын буындарынан бүккізіп екі жаққа алшита ұстау керек. Себебі олай еткенде жамбастың сынған сүйектері орнынан алшақтап кетпей, жымдасып тұрады. Аурухана алыс болса оған науқасты көлікпен, трактормен апаруға болмайды. Жамбасы сынған кісілерді самолетпен жеткізген дұрыс. Омыртқасы, жамбасы сынған адамды шешіндіру, отырғызу, жұмсақ төсекке жатқызу, көлікпен бір жерден екінші жерге апару аруға зияннан басқа ешбір пайда бермейді.

Көздің зақымдануы. Адамның көзі темірді пісіру кезінде, жонылып жатқан металдан, ағаштан, қырманда дән түсіру үстінде, химиялық қышқылдармен жұмыс істегенде, машина қақтығысқанда, сондай-ақ тағы басқа апаттарда зақымданады. Көз жеңіл зақымданса жанарына ешқандай әсер етпей-ақ жара тез жазылып кетеді. Ал көз қатты жарақаттанғанда адамның соқыр болып қалуы да ғажап емес. Сондықтан да көзі жарақаттанған адамның көзін табылса арнаулы пакеттегі бинтпен немесе үтіктелген таза шүберекпен таңып, дереу ауруханаға жеткізген жөн.

Ешқашан көзге тіл салғызуға болмайды. Мұндайда дереу дәрігерге көріну керек.

Электр тоғы соққанда ең басты мақсат - жарақаттанған адамды одан ажыратып алу. Ол үшін мына төмендегі жағдайларды білу керек. Электр тогы сулы киімнен, адамның денесінен, жерден жақсы өтеді. Ол құрғак, киімнен, ағаштан, резинкадан, арқаннан, қағаздан өте алмайды. Міне, сондықтан да электр тоғы соғып, оған жабысып тұрған адамды босату үшін құрғақ ағашпен электр сымын не көтеріп, не үзіп жіберу керек. Мүмкіншілік болса жалпы жүйеге келіп тұрған токты ажыратып жіберген дұрыс.

Электр тогы соққан адамға көмектескенде аяқтың асты құрғақ болуға тиіс. Олай болмаған күнде қалың қағаз, тақтай төсеген жөн.

Зақымданған адамды электр тогынан босатып алғаннан кейін оның дұрыс тыныс алуы үшін көйлегінің түймесін ағытып, шалбарының белдігін босату керек. Жылы көрпемен жауып, аяғына жылы грелка басқан дұрыс.

Ал ток соққан адам есінен танып, тынысы тарылса, сондай-ақ өз бетімен дем ала алмаса қолдан дем алдырып, дереу дәрігер шақырту керек.

Жай түсу. Күн күркіреп, найзағай жарқылдап тұрғанда төмендегідей сақтық шараларын жасау керек. Егер адам далада жүрсе ағаштың тасасына, бұтаның арасына тығылмауға тиіс. Өйткені мұндай жағдайда ашық жердің өзі жақсы. Ал үйде отырған адам антеннасы сыртқа шығарылған радио, телевизорларды сөндіріп, антеннасынан ажырату керек. Сырттағы антеннаны міндетті түрде жерге қосу қажет.

Жай түскен адамды дәрігерлер ауыр науқас деп есептейді. Ол адамның тынысы тарылып жүрегінің соғуы нашарлайды. Өлім аузындағы адамша, денесі сіресіп қалады. Жай түскен адамның киімі де, денесі де қызыл жолақ болып күйіп қалады. Мұндай адамға алғашқы қолдан дем алдыру бірнеше сағатқа созылуы мүмкін. Науқас дереу емханаға жеткізілуге тиіс. Бірақ қолдан дем алдыруды емханаға бара жатқан жолда да тоқтатуға болмайды. Мүмкіндік болса емханаға дейін ауруға кордиамин, кофеин, лобелин дәрілерін жіберіп қойған өте орынды. Жайдан күйген жерлерін таза шүберекпен, болса бинтпен, дәкемен тану керек.

Жай түскен адам да электр тогы соққан адам сияқты салқынды жақтырмайды. Өкпесіне суық тигізбеу үшін көрпемен немесе жылы киіммен қымтап, орау керек.

Жай түскен, электр тогы соққан адамды топыраққа көмуге болмайды.

Күю. Күйген адамды шешіндіру керек. Шешіндіру қиынға соқса киімді не жырту немесе өткір қайшымен қиып, өткір пышақпен кесіп-кесіп тастау қажет. Киім жараға жабысып қалса, жабысқан жерді айналдырып қана қиып алып тастаған дұрыс. Ал қиылмай қалған бөлекті алмай-ақ орнында қалдырған жөн. Терінің күйген жерлерін спирт (арақ коньяк, т. б.) немесе одеколонмен сүртіп, бинтпен не таза шүберекпен таңу қажет. Мұндай емді қол-аяқ, не дененің тағы басқа тұстары шамалы ғана күйгенде жасауға болады. Ал адам қатты күйгенде денесінің күйген жеріне тиіспей таза простыня жауып, оның сыртынан жылы одеялға не көрпеге орап, науқасқа ыстық шай, аздап арақ беріп, содан соң дереу дәрігер шақыру керек.

Күйген адамды аурухана алыс болса тек қана самолетпен, вертолетпен апарған жөн. Дәрігер келгенше ауруға жоғарыдағы айтылған емнен басқа ем жасауға болмайды. Әсіресе күйген жараның үстіне май, май қосылған дәрі, қара май, ас содасын, тұз ерітіндісін, тағы басқа заттарды жағуға болмайды. Онда жара көпке дейін жазылмай, кейін тыртык, болып бітеді. Тек қана жараның ауырғанын баса тұру ішін оның үстіне ретіне қарай спиртке не марганец ерітіндісіне малынған шүберек басуға болады.

Күйген жерлердің терісі күлбірейді. Оны жарып, тесуге болмайды.

Адам қышқыл ерітінділерімен күйгенде күйген тұстарын ас содасының ерітіндісімен, ал сілтімен күйгенде бор, не сіркесу қышқылы ертіндісіне малынған бинтпен танып тастаған жөн.

Үсу. Бұл жағдайдан сақтанудың ең басты шарасы - тазалық. Аяқ үсімеу үшін оны күнде-күнде сабындап жылы сумен жуып, таза шұлғау ораған дұрыс. Аяқ киімнің тар болмағаны жөн. Адамның беті, мұрны, құлағы үсімеу үшін оларға май жағып алу керек.

Егер адамның саусақтары не болмаса башпайлары үсісе оларды спиртпен, арақпен, камфорлық спиртпен тазартып, үсіген жерге мақта салып суық тигізбей таңып тасталады. Үсіктің бірінші түрінде (күлбіремеген түрі) сары май, вазелин жағуға болады, ал үсік күлбіреп кетсе онда май жағудың қажеті жоқ. Оны тек жылы ұстау керек.

Денесі түгел үсіген адамға алғашқы жәрдем көрсеткенде, алдымен жылы (37-38 градус) суға салып, үсіген жерді сабындап, қолмен ысқылаған дұрыс. Бұл қан айналысын жақсартады. Үсіген адамға ыстық шай ішкізеді.

Бірақ үсіген жерді қармен, вазелинмен ысқылап, күлбіреген жерді жарып жіберуге болмайды.

Күн өтіп, ыстық ұру. Бұл екеуінің де клиникалық белгілері бірдей. Екеуінде де адам әлсіреп, басы зеңіп ауырады, моншақтап терлеп, таңдайы кеуіп шөлдейді. Жүрегі айнып, құсады. Мұрны қанайды. Тынысы тарылып, жүрегінің соғуы нашарлайды . Тіпті есінен де танып қалуы мүмкін.

Күн өткен адамды көлеңке жерге әкеліп жатқызып, көйлегінің түймелерін ағытады. Шалбарының белбеуін босатып, бетіне су бүркіп, денесін сулы простынямен ораған жақсы. Басына және жүрегінің түсына грелкамен суық су қойған дұрыс. Есінен танбаған адамға сусын ретінде шалап, шай ішкізу керек. Содан соң тезірек дәрігерге жеткізу қажет.

Соқыр ішек ауруы екіге бөлінеді. Оның біріншісі - тосыннан қатты ауырып, тек қана операция жолымен емделетін түрі де, екіншісі - ауру адам денесінің күш-қуаты микробқа қарсы тұратындықтан аурудың асқынбай созылмалы түрге айналуы.

Аурудың алғашқы белгілері төмендегідей: ең алдымен адамның кіндігінің оң жағын ала жиі бұрап ауыра бастайды. Кейбір адамдарда ауру шеміршек астын ала басталып біраз уақыттан кейін ғана бірте-бірте кіндіктің оң жағына ауысады.

Іштің мұндай бұрап, шаншып ауырғаны кейде 20-30 минутқа ғана созылады, кейде бір мезгіл баяулап, бір мезгіл қатты ауырып отырады. Іштің қатты сұққылап, шаншып ауырғаны басыла қоймайтын жағдай да болады. Мұндай кезде дереу дәрігерге қаралу қажет.

Соқыр ішек ауруының тағы бір басты белгілері - құсу. Кейбір адамдар жиі-жиі құса береді. Сөйтіп тынышы кетіп, одан сайын ауырады. Кей адамдар аса көп құспағанмен іші шыдатпай ауыра береді.

Ауру басталғанда адамның ыстығы 37,2-37,5 градусқа дейін ғана көтеріледі, ал ауру асқынған жағдайда дененің ыстығы одан да қатты көтеріледі.

Кейбір кісілер осы аурумен бұрын бірнеше рет (2-3 ретке, одан да көп) ауыратындығын, бірақ аурудың өз бетімен тарап кететінін айтады. Мұны соқыр ішек ауруының созылмалы түрі деп білу керек. Бірақ оған сол сәтте операция жасамай-ақ кейін кең уақытта жасауға да болады. Соқыр ішек ауруының операция жасаудан басқа емі жоқ.

Эхинококкпен ауырмас үшін одан сақтанудың толып жатқан жолдары бар. Оларды екі топқа бөлуге болады. Біріншісі - үй жануарын, адамды эхинококктан сақтау үшін осы ауруды таратушыға қарсы күрес жүргізу. Сондай-ақ бұралқы иттердің көзін жойып, малды, ауыл иттерін мал дәрігерлік бақылауға алып, гельминтизация жасап отыру. Малды арнаулы бөлінген орында сойып, оның эхинококкпен зақымданған өкпе-бауырын көміп тастаған жөн.

Кейбір кісілер үйде ит ұстайды. Сөйтіп эхинококк ауруын таратуға өздері жол ашады. Ал тазалық - эхинококк ауруынан сақтанудың екінші жолы болып табылады.

Жарықтың (грыжа) асқынуы. Мұндай ауру көбінесе балаларда, қарт адамдарда кездеседі. Балалар жарық болып іштен туады, ал қарт адамдарда етінен арылып арықтағанда бұрынғы шаптағы, кіндіктегі тағы басқа жерлердегі қуыс-қуыстар үлкейіп, ол жерлерде жарық пайда болады. Бұл аурудың адамға келтіретін зияны көп. Жарыққа енген ішек бірімен бірі шатасып, түйіледі де қысылып қалады. Сөйтіп адамның үлкен дәреті дұрыс жүрмей, өте қатерлі жағдайға душар болады. Ондай кісілерге салбырап тұрған жарығын орнына түсірем деп оны қолмен қысу өте хауіпті. Өйткені жарықты қолмен қысқанда бұралып қалған ішектердің жарылып кетуі мүмкін. Сондықтан ондай науқасты дереу емханаға жеткізіп, ауру білінгеннен бастап, алты сағат ішінде операция жасатса, тез сауығып кетеді. Ал бұдан кешіктірсе аурудың өліп кетуі де мүмкін.

Жарықтың қабынған кезінде сүргі беріп ішті бұзу не болмаса ыстық су қойып, бұлау салып қыздыру зияннан басқа көмек бермейді. Жарықтың ең тиімді емі - оны асқындырып алмай дер кезінде операция жасау.

Жарықтың алдын алу үшін баланың жастайынан дене шынықтырумен айналысуы керек.

Жас баланы мезгілсіз аяғынан тұрғызу, аспанға лақтырып, қағып алу жарық ауруына шалдығуына әкеліп соқтырады.

Құяң (радикулит) адамда өте жиі кездесетін аурудың бірі. Ол адамның белі мен жамбас сүйектерінің тұсынан сұққылап қатты ауырып басталады. Адам қозғалғанда, түшкіргенде, жөтелгенде үдей түседі. Сөйтіп науқас адамның жүріс-тұрысы қиындайды.

Құяңға диагноз қою оңайға түспейді. Өйткені бұл аурудың клиникалық белгілері белден, омыртқадан, ішкі органдардан басталатын көп ауруларға ұқсас болады.

Құяңның емдеу жолдары әр түрлі. Солардың ішінде ең қарапайымы ауырған жерге ыстық су құйылған грелка, қыздырған құм, үтік, парафин, тағы басқа сондай қыздырғыш заттарды басу. Ауырып тұрған жердің терісіне хлорэтил дәрісін себезгілеген жақсы. Белдің ауырғанын басу үшін анальгин, амидопирин, фенацетин, промедол, фенадон, лидол дәрілерін ішу керек.

Ауырған жерге суық тигізбей жылы киініп, араның, жыланның уынан жасалған майлармен сылау қажет.

Құяңның барлык, түрінде де сылап (массаж) радон және хвойлык, тұзды ванналарға түскен өте тиімді.

Баспаны (ангина) көбінесе стрептококк, стафилакокк, пневмококк және тағы басқа микробтар қоздырады. Ол көбінесе тілдің түбіндегі без өскенде басталады. Бала кезден басталатын бүл аурудың кейін созылмалы түріне айналып кетуі де жиі кездеседі. Ең басты клиникалық белгілері - жұтынғанда тілдің түбі, көмекей ауырады. Кейін басы ауырып, ыстығы көтеріледі. Көп жағдайларда жүрегі шаншып, буын-буындары сырқырайды.

Баспаның түрлеріне орай емі де әр түрлі. Ауыр түрімен ауырғанда сырқат адамды төсекке жатқызып, күшті тағамдар берген жөн. Жеміс шырынын, лимон салған чай, ыстық сүт, минералды су ішкен пайдалы.

Дәріден пенициллин, тетрациклин, олеандомицин, олететрин, эритромицин, ацетилсалицил қышқылын ішу керек.

Ауызды фурациллин, бор қышқылы, грамицидин, шалфей және ромашка дәрілерімен шаю қажет. Осыдан кейін баспа жазылмай созылмалы түріне айналып кетсе дереу дәрігерге көрінген дұрыс. Баспа ауруын асқындырмай жүрекке, бүйрекке, буынға шаппай тұрғанда емдеткен жөн.

Бөгде заттардың тыныс жолдарына тұрып қалуы. Адамның тыныс жолдарына (әсіресе балаларда көп кездеседі) жемістің дәні, күміс ақша тағы басқа заттар байқаусызда кетіп қалады. Мұндай адам қатты жөтеліп, дем ала алмай булығады. Сондықтан да дереу дәрігерге жеткізу керек. Дәрігер оны ларингоскоп аспабымен немесе операция жасап алып тастайды.

Бөгде заттардың құлақтың тесігіне тұрып қалуы. Құлақтың тесігіне бұршақ, моншақ, түйме сияқты заттар, сондай-ақ кене, бүрге тәрізді насекомдар кіріп кетеді де, тұрып қалады (бұл әсіресе балалар арасында жиі кездеседі). Құлаққа кіріп кеткен кене, бүрге сияқты насекомдарды алу үшін ең алдымен оларды өлтіруге әрекет жасау керек. Сол мақсатпен құлаққа спирт, арақ, сұйық май құю қажет. Содан кейін үшкір пинцетпен оңай алуға болады. Осындай тәсілмен құлаққа тұрып қалған бөгде заттарды да алып тастауға мүмкіндік туады. Оларды жылдам алу үшін әсіресе бұршақты, тағы басқа жеміс дәндерін алдын ала спирт құйып, көлемін кішірейтсе алынуы оңайға түседі.

Бас ауруы. Бас көбінесе ми немесе оның сыртқы қабығы қабынғанда бауыр, жүрек бүйрек, іштегі бездердің ауруы салдарынан уланғанда, мұрын ауруға шалдыққанда ауырады. Біз бұл жерде бас аурудың барлығын бірдей қамтымай-ақ бастың сақинасына (мигрень) ғана тоқталмақпыз. Халық арасында бастың сақинасын медицина тілінде мигрень дейді. Ол көбінесе мидың ішкі және сыртқы қан тамырларының қысылуынан ауырады. Бұл ауру тұқым қуалайды.

Мигреньді никотин қышқылымен, депопадутин, димедрол, пипольфен дәрілерімен емдеу керек. Сондай-ақ басынан сақинасы бар адамның майлы ет, шоколад, тағы басқа тәтті тағамдар жеп, кофе ішуіне болмайды.

Буынның шығуы. Мұның жалғыз ғана емі бар. Ол - шыққан буынды орнына салу. Оны тек хирург қана сала алады. Шыққан буын дер кезінде салынса солғұрлым тез жазылады. Шыққан  қолды орнына салғаннан кейін оны қозғалтпайтындай етіп орамалмен мойынға асып қою керек. Ал аяғының буындары шыққан адам оларды орындарына салғаннан кейін 3-5 күнге дейін ауырған аяғын қозғамай жатуға тиіс. Содан кейін барып шыққан буынды сылап бірден жүріп кетпей, аз-аздап қозғалта беруге болады. Шыққан буынды кез келген адамның салуына болмайды. Өйткені буын орнына дұрыс түспей, сүйектің сынып кетуі мүмкін. Сондықтан да мұндай сырқатты дереу емханаға жеткізген жөн.

Тік ішектің айналып кетуі. Бұл аурумен осы жері жарақаттанған, дизентерия тағы басқа ауруларға шалдыққан адамдар көп ауырады. Әсіресе іш аурумен көп ауырған балалар арасында жиі кездеседі.

Тік ішек үлкен дәретке отырып, қатты күшенгенде, жөтелгенде айналып кетеді. Оның тіпті 15-20 сантиметрге дейін шығып кететін кездері де болады.

Сыртқа шығып кеткен ішекті вазелин майын жағылған таза шүберекпен өз орнына салып, қайтадан шығып кетпес үшін бинтпен таңып қойған жөн. Тік ішегі айналып кететін баланы горшокке отырғызуға болмайды. Оның жатқан күйінде дәрет сындырғаны дұрыс.

Ең алдымен тік ішектің айналып кетуіне себеп болып отырған ауруларды (дизентерия, бронхит т. б.) емдеу керек.

Отарбаев А. Шопан серігі. -Алматы, 1978. -Б.174-192.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2024-02-24 18:38:03     Қаралды-101

ШЫРҒАНАҚ – АСҚАЗАН АУРУЛАРЫНА ЕМ

...

Шырғанақ – биіктігі 5 метрге жететін, өткір тікенекті, бұталы өсімдік. Қабығы көбінесе қара түсті болып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТҮРЛІ ТҮСТІ КИНО АЛҒАШҚЫ КЕЗЕНДЕРІ

...

Турлі түсті кинофильмдерді түсіру, көрсету және олардың көшірмесін алу. Ол кинематографиямен қатар дамып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЫЛ МЕЗГІЛДЕРІ АТАЛЫМЫ БОЙЫНША 4 ТҮРЛІ САЛАТТАР

...

Жыл мезгілдері аталымы бойынша 4 түрлі салаттар

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТҰЗДАЛҒАН БАДАМ

...

Бұл - тұз себіліп қуырылған бадам. Бір килограмын жасауға 902,4 грамм бадам, 270,7 грамм тұз жұмсалады. Осындай рецептімен бадам орнына жер жаңғағы мен өрік дәндері алынып, тұз қосылып қуырылған тағамдар да жасалады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ШАХТА ІШІНДЕ НЕ БАР?

...

Міне, мынау - шахта. Оның көтергішінің төбесінде жұлдызшасы бар мұнарасы мен мұндалап алыстан көрінеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

Пайғамбар жұлдызы

...

Голливудта даңқ Аллеясы бар деп барлығы естіген шығар (біреулер көрген де шығар), ол жерде әйгілілердің құрметіне арнап тротуарда аты бар жұлдыздар құйылған. Бірақ, бір жұлдыз ерекшеленіп тұр - ол «Долби» театрының қабырғасында орналасқан

ТОЛЫҒЫРАҚ »