UF

МҰХАММЕД-ХАЙДАР ДУЛАТИ

 

Мұхаммед-Хайдардың кім екенін тарихты зерттеушілер болмаса, жұрттың көпшілігі біле бермейді. Әрине, бұған Мұхаммед-Хайдар да, жұртшылық та кінәлі емес. Тек оның ой қазыналарының жарыққа шықпай, ғасырлар бойы белгісіз жатқаны ғана жазықты. Шығыс әдебиетінің іргелі салаларын ақтарып отырсаңыз, Мұхаммед-Хайдардың кім болғаны, оның тұлғасы көз алдыңызда суреттеліп, Орта Азиядан шыққан Әлішер Науаи, Бабыр сияқты атақты данышпан, ғалым, жазушылардың бұл кісі дс бірі екенін көресіз. Мұның даңқын дүние жүзіне «Тарихи Рашиди» деген кітабы жайған. Бұл кітап барлық мәдениетті елдердің тіліне аударылып, мәңгі өшпейтін дүние жүзілік әдебиет мұрасының бірі болып отыр.

«Тарихи Рашиди» кітабының ең тамаша жері, Мұхаммед-Хайдар мұнда Алтынорда мен Шағатай ұлысының әбден ыдырап, XV ғасырдың орта кезінде бұрынғы қазақ тайпалары бірігіп, жеке өкімет құрғанын бірінші рет ашық, көлемді түрде төндіре жазған. Кітаптың тіліне, ондағы мәліметтердің айқын, маржандай тізіліп құрылуына қарағанда, оның жазушысы жергілікті халықтың тұрмысын, шаруашылығын, саяси тіршілігін жете білетін кісі екенін көрсетеді.

Мұхаммед-Хайдардың қазақ туралы жазғандарында тек сұрау арқылы біліп, үстірт жазу мүлде жоқ. Ол көбінесе өзінің көзімен көріп, байқағанын әңгіме етіп, не атақты билермен кездесіп, солармен пікір алысқанын негізге алып жазады. Мұхаммед-Хайдардың жазуында өрескел, оғаш айтқан ойлар кездеспейді. Оның еңбегінен сыпайылық, әдептілік, сезгіштік, халық мұңын ойлаушылық аңқып тұрады. Сондықтан бұл кісіні халықтың адал ұлы, кемеңгер ойшысы, халық өмірінің суретшісі деуге болады.

Кемеңгер жазушы мен саңлақ ойшылдардыц қайда туып-өскені де оның ұрпақтарына зор мақтаныш. Міне біз әңгіме етіп отырған Мұхаммед-Хайдар ұлы жұз, дулат тайпасынан шыққаны байқалады. Академик В.В.Вельяминов-Зерновтың анықтауынша: «Мұхаммед-Хайдар дулат руынан, текті атадан көрінеді. Дулаттар - тарихи заманнан келе жатқан түрік нәсілдес көп тайпалардың бірі. XVI ғасырда қазақ қауымына қосылып, Алтынемел тауынан Шымкентке дейін қоныстап отырады» дейді. Шоқан Уәлихановтың жазуынша: Мұхаммед-Хайдар дұғлат руынан, Болашы бидің ұрпағы. Дұғлат руы ол кезде атақты рулардан болып, Қашқар хандары әйелді осы рудан алатын болған. Мұхаммед-Хайдардың өз әкесі - Мұхаммед-Құсайын, жоғарыда Вельяминов- Зернов көрсеткендей, Жетісу, Шу, Талас өзендері бойын мекен еткен дулаттар ортасында туған. Қасым хан мен Шайбани хан Алтынорда дәуірінен қалған мұра (Сыр бойындағы қалалар) үшін жауласып жүргенде, Хайдардың әкесі Құсайын, оның ағасы Мұхаммед-Қайсар, дулат биі Сұлтан-Ахметтің - барлығы да дұғлат руының тума бектері аталған қолбасылары болған. Олар бір жағынан, Ферғанадағы Бабырға күш берсе, екінші жағынан, Қасым ханды қолдап, Шайбани ханға қарсы тұрады. Хайдардың әкесі Құсайын көреген ол кезде өзінің қайын атасы Жүніс ханның атынан мезгіл-мезгіл Ташкент пен Ұратөбе қаласын басқарады. Осы кезде келешек жазушы Мұхаммед-Хайдар дүниеге келеді.

Ұлы жүздің үйсін, дулат, қатаған-шанышқыл рулары Ташкент қаласып басқаруға жиі қатынаскан. XVI-XVIII ғасырларда олардың беделі бұл қалада аса зор болған, ең соңғы Төлебидің өзі көп өмірін осы қалада өткізіп, бір талай естелік мұра қалдырған.

Ұлы жүз тайпаларының, оның ішінде дулаттың ол кездегі қауым тіршілігіндегі орнын әлпеттеу үшін тарихқа біраз көз жіберіп көрейік.

Шыңғыс империясының бір бөлігі Шағатай өкіметі ыдырай бастаған кезде (XIV ғасырдың екінші жартысында) ол екіге бөлініп, бір Орта Азияның өзінде екі мемлекет көріне бастады: Самарқан, Бұқардағы шағатайлықтар астана үшін Самарқанды белгілеп, өздерін маураннайырлық деп атаса, Жетісуды мекендеген тайпалар Шағатайдың ескі ордасы Алмалық қаласын төңіректеп, Моғұлстан деген атқа ие болады. Шоқан Уәлихановтың айтуынша Шағатай ұлысының екіге бөлінуі 1360-жылы Моғұлстан ханы Тұғлық Темір кезінде болған. Жаңадан құрылған бұл екі саяси қауым бірімен-бірі өштесіп, феодалдық қым-қиғашты тереңдете берді. Жетісулық тайпалар (моғұлдар) Самарқан шағатайларын «қараунас» (қарасарт), қара ұлыс деп атап, самарқандықтар мен бұқарлықтар Моғұлстан тайпаларын «жете» - бұзақы, дінсіз деп атады. Өйткені Маураннайырды билеушілер арасында дін өкілдері ишан-қазылардың ықпалы тым күшті еді.

Жетісудың ол кездегі саяси аты Моғұлстан болса, оны мекендеген тайпаларға ресми тілде моғұл деп лақап ат берді. Бірақ бұл моғұл деп отырған көшпелі тайпалар - монғол емес, түрік тілінде сөйлейтін сол жердің ерте заманнан келе жатқан тұрғын халқы болатын. Екінші сөзбен айтқанда моғұл деп аталған тайпалардың көпшілігі кейін ұлы жүз құрамына кірген үйсін мен дулаттар, қаңлы мен шанышқылы, жалайырлар, бұларды біріктіріп, саяси тіршілік түйіні ретінде не моғұл, не дұғлат деп атағаны байқалады. Дұрысында бұл моғұлдарды шағатай ұлысынан бөлініп шыққан, сол кездегі қазақ тайпаларының (ұлы жүздік) алғашқы саяси тіршілігі деуге болады. Кейін Алтынорда үкіметі ыдыраған кезде, 100 жылдан кейін, Әбілқайыр ханға паразы болған Керей мен Жәнібек (әз-Жәнібек) соңына ерген қыр қазақтарымен Моғұлстанға келіп, ұлы жүз тайпалары үйсін, дулаттан күш алып, Шу өзені бойында қазақ хандығын құрады. Осы кезде Моғұлстан үкіметі де кеңейіп кушейеді, өйткені оның құрамына енді Қашқар уәлаяты да қосылады. Моғұлстанның билігі толығынан Қашқар жұртына ауысқанда, XVI ғасырдың 30-жылдары Рашид ханның заманында, ұлы жүз тайпасы, оның ішінде дулаттар Моғұлстаннан бөлініп, қазақ хандығына қосылады. Содан бері дулаттар бір ғана ұлы жүз құрамында айтылып, өзге елде болғандығы айтылмайды. Дулаттар жөніндегі деректер өзбек тарихында да, ұйғыр тарихында да әзірге кездескен жоқ. Дулаттардың тарихи заманнан түбегейлі қонысы - Жетісу, Шу, Талас өзендерінің бойы болғандықтан, өзге жерде кездесуі мүмкін емес. Ол кезде дұғлат, бұл күнде дулат аталуында еш қайшылық жоқ. Тарихи кітаптарда дұғлат, халық аузында дулат аталуы заңды нәрсе. Тарихи дәуірлердегі кітап тілінің әсері бергі кезге дейін жойылмаған.

Демек, Мұхаммед-Хайдардың жазғандарын Орта Азия халықтарымен бірге мақтаныш етіп, оны тікелей мұра ететін - қазақ халқы. Бұл жөнінде: Мұхаммед- Хайдар қазақ ортасында болған жоқ, өзі басқа мемлекетте жасап, сонда қайтыс болды деушілер де болар. Бірақ ол дәлел емес, өйткені XV-XVIII ғасырларда қазақ ортасынан шыққан кейбір сұлтан мен билердің өз отанынан шығып, басқа жерге барып тіршілік етіп, барған жеріндегі әлеуметтік тіршілікке белсене қатысқандары аз емес. Оған Москва патшалығына барған Оразмұхаммед пен Қадырғали Жалайыр Хиуаға барып үкімет басқарған Қайып пен Абулхайыр, Бұқарға барып ел басқарған Жалаңтөс батыр айқын дәлел бола алады. Атақты ойшы, халықтың ақылгөйі болған Асан-қайғы да өзінің туып-өскен жері - Ор өзені мен Аят бойын тастап, Ыстықкөл жағасына келіп дүние салады. Мұхаммед-Хайдар да солар сияқты өзінің кір жуып, кіндік кескен, тәрбие алған жерінен кетіп, басқа жерде қайтыс болған адамдардың бірі.

Мұхаммед-Хайдардың туған жері тарихи жазулардың ешқайсысында көрсетілмеген. Бірақ бұл мәселені өзге мәліметтермен анықтауға болады: оның әкесі Құсайын мен анасы Хұб Нигар ханымның тіршілік еткен жерлері арқылы дәлелдеуге болады. Бұлардың екеуінің де мекені Ташкент қаласының төңірегі. Әкесі Құсайын Қасым ханмен бірге Шайбаниға қарсы соғысқанда, осы Ташкент маңында қаза табады. Демек, Мұхаммед-Хайдар осы Ташкент қаласында не соның төңірегінде туған болуы керек.

Мұхаммед-Хайдардың анасы Хұб Нигар ханым - Шағатай ұрпағы Жүніс ханның қызы. Жүніс Ташкент қаласын билеп, Алмалыққа дейін басқарған. Бұл жерлерді жоғарыда аталған моғұлдар мен дұғлаттар мекендеген. Хайдардың жазуынша Жүніс хан - көшпелі руларды отырықшылыққа айналдырып, қала салу ісімен шұғылданған кісі. «Моғұлстан қалалары қара қытай дәуірінен ойран болып, - дейді Хайдар-, - Жүніс ханның заманына дейін көшпелі болып келді, қала тұрмысын білмеді. Ташкенттен бастап қыр даланың шетіне дейін моғұлдарға (қазақ тайпаларына) тиісті еді». (Ч.Валиханов, Собр, соч. том 1, стр 447). Дегенмен Жүністің өзі де жазда жайлауға шығып, Арыс, Бөген, Шаян, Қаратауға дейін жайлап, көшпелі тайпалармен аралас отырады. Жүністің екі баласы Ахмет пен Махмұт та қазақ қауымының бірігуіне көп күш салған кісілер. Міне Мұхаммед-Хайдардың туып өскен, тәрбие алған ортасы осылар.

Мұхаммед-Хайдардың шешесімен туысқан, Жүністің бірнеше парасатты қыздары болған. Оның бірі Құтлығ Нигар ханым атақты жазушы Бабырдың шешесі. Екінші Сұлтан-Нигар ханым - қазақ ханы Әдіктің бәйбішесі. Демек, бұл қарым-қатынастың барлығы Мұхаммед-Хайдарға бала кунінен таныс болмаса, ол «Тарихи Рашиди» кітабында мұның барлығын сондайлық жылы, сондайлық ашық жаза алмас та еді. Хайдардың жазуынша, Сұлтан-Нигар ханым Сыр бойында соғыс жиі бола берген соң, қырда тұра алмай, Қашқардағы туысына барғысы келеді. Өзінің өгей баласы қазақтың ханы Тайырға арыз етіп: «Мен болсам қартайдым, Маураннайыр мен Дешт-Қыпшақ арасы әлі түзелер емес. Қалған өмірімді қалада өткізейін, мені Қашқарға апарып, Сейітханның қолына табыс ет» дейді. Бұл кезде Сұлтан-Нигар ханымның қалған төркіні тегісімен Ташкент, Түркстан тересін қалдырып, Қашқарға барған тәрізді. Кейін олардың соңын ала жетім қалған Хайдар да нағашысының қолына барады.

Бұл жерде айтылып отырған Қашқар ханы Сейіт - жаңағы Жүніс ханның немересі, Сұлтан-Нигар ханымның ағасы Ахметтің баласы. 1525-жылы Сейіт пен қазақ ханы Тайыр араздасқанда, Сұлтан-Нигар ханым бұл екеуін татуластырады. Екі ханның екеуі де (бірінің апасы, бірінің өгей шешесі) бұл кісінің сөзіне бас иеді. Мұхаммед-Хайдар бұл туралы былай дейді: хан Қашқардан шығып Қошқар келді. Бұл жерге мен де келдім. Маған: сен Қашқарға бар да, апайды алып кел. Тайыр ханмен екеумізді татуластырсын дегенді айтты.

Әдік ұлы Тайыр - қасқа жолды Қасымның немересі, - ол кезде аузынан от-жалын атып тұрған-ды. Бұрынғы Моғұлстаннан қырғызды, үйсін мен дулатты өзіне қаратып, қырғыз бен қазақты бірдей меңгеріп тұрған кезі. Осы оқиғаның ашық суретін біз бір ғана Хайдардын «Тарихи Рашиди» кітабынан көреміз. Бұл, біріншіден, Мұхаммед-Хайдардың туып-өскен ортасы кім екенін білдірсе, екіншіден, оның ол ортаны сондай жақсы біліп, кейінгі заманға мұра етіп қалдырғанын көреміз.

Мұхаммед-Хайдар халық ортасында көбінесе Мырза-Хайдар деген атпен даңқы шығады. Оған қосымша лақап аты Қөреген, Мырза-Хайдар болған. «Қөреген» ескі монғол-түрік тілдерінде күйеу деген сөз. Орта ғасырларда хан қызын алып, ел басқарған би-батырларға көреген деген лақап ат беретін болған. Мағынасы ел басқаратын ханның күйеуі, бірақ ханның өзі емес. Бұл лақап атты Хайдардың әкесі - Құсайын да, әмір Темір де және тағы басқалар да таққан. Сонымен қатар ол жазған кітаптарында өзінің қай рудан шыққанын білдіру үшін ресми атын Мұхаммед-Хайдар дұғлати деп қолданған. Фамилия ретінде өзінің шыққан руын қолдану - өзге жазушыларда да, саяси қайраткерлерде де болған. Мәселен, белгілі тарихи шығарма «Жамиг - ат-таварихтың» авторы ресми түрде «Жалайыри» деп қол қойған. Сондықтан тарихшылар, оның ішінде Шоқан Уәлиханов та Қадырғалидың Жалайыр руынан шыққанына ешбір шүбәланбады. Белгілі адамдар: Қарақожа Арғын, Махмұт-Барлас, Шахбаз-Қарлұқ, Әли Жалайыри, Сұлтан Ахмет дұғлат, Тұрды-Мұхаммед қыпшақ және тағы басқалардың осылайша айтылуы мұның дәлелі.

Дұғлат тайпасынан XIV-XV ғасырларда бірнеше атақты адамдар шықты. Олар: әмір Темірдің Моғұлстанды жаулауына қарсы тұрған белгілі Қамаридден, Болашы, Түлек, Жорас деген кісілер. XIII-XIV ғасырларда бұлардың арғы аталары шағатай мемлекетінің сол кездегі астанасы Алмалық тересінде болып, оларға қызмет етті. Алмалық ол кезде Жетісудағы ең үлкен қала, сауда мен мәдениеттің, саяси тіршіліктің қайнаған ортасы болды, Шағатай тірі кезінде (XIII ғасыр) мемлекет орталығына осы Жетісуды таңдап, осында отырып, Самарқан, Бұкар Термезге дейін билігін жүргізген. Кейінірек, екінші пайтақ (астана) етіп Самарқанды көтерді. Шағатай ұлысының ыдырар кезінде оның мемлекетінің екіге бөлінуіне осы екі астананы төңіректеген дұғлат бектерінің ықпал еткеніне күмәндануға болмайды. Өйткені, Алмалықты (Жетісуды) қопыстанған негізгі ел - дулаттар Самарқанға бағынбай, Самарқанды билеп-төстеп отырған барлас тайпалары Алмалыққа бағынбай, екі жаққым-қиғаш тартыста болады. Хайдардың арғы аталары Бауырты, оның баласы Болашы шағатай ұрпағы Есен-Бұқа мен Тұғлық-Темірге қызмет еткен Моғұлстанның атақты билері болған. Бұл екеуі де Тұғлық-Темір дәуірінде Алмалық қаласы төңірегінде жасап, сонда дафинделген. Тұғлық-Темірдің әдемі күмбезі осы күнге дейін сол ескі Алмалық қаласының орнында, қазіргі Қорғос төңірегінде сақталғаны байқалады.

XIII-XIV ғасырларда шағатай хандары мен дұғлат билері Іле өзенінің бойы, Ақкент деген жерді жаз жайлауы еткен. Бұл қазіргі Жаркент қаласына өте жақын. Хайдардың арғы аталарының тұрақты қонысы осы Алмалық, Жетісу. Кейінірек дулаттар Алмалықтан Ташкентке дейін созылып отырған. Хайдардың әкесі Құсайынның Ташкентті басқарып, Хайдардың Ташкентте тууы осымен байланысты. Бұл тұз ара тегінде ұлы жүз тайпаларының ескі дәуірлерден XIX ғасырларға дейін мекен еткен жері.

Тарихи шежірелердің көрсетуінше Хайдардың арғы атасы Бауырты, оның баласы Дұғлат Болашы би - XIV ғасырдың бірінші жартысында жасаған кісі. Болашы мен Хайдардың арасында 5-6 ата өткен. Шоқанның айтуынша Болашы шағатай ұрпағы Есен-Бұқа I заманында билік кұрған кісі. Шағатай мен дұғлат Бауырты шежіресін Шоқан мына түрде суреттейді:

Бауырты-Дұғлат

Болашы би

Құдайдат би

Сейіт Ахмет би

Сейітәлі би

Мұхаммед Хайдар

Мұхаммед Құсайын би

Мұхаммед-Хайдар Дулати

 

Есен-Бұқа I

Тұғлық Темір (1330-1364)

Қызырқожа

Мұхамедхан

Шерәліұғылан

Уайыс хан

Жүніс хан

Сұлтан Ахмет

Сейітхан

Рашид сұлтан

Мұхаммед-Хайдар Қашқар уәлаяты, жалпы Орта Азия мен Қазақстан туралы жазған тарихи кітабын осы шежіредегі Шағатайдың соңғы ұрпағы Рашид сұлтанға арнап, кітабының атын «Тарихи Рашиди» деп атайды.

Жоғарыда келтірген деректер бойынша Мұхаммед-Хайдар 1499-жылы Ташкент қаласында туып, 1552-жылы Қашмир уәлаятын басқарып тұрғанда қайтыс болады. Оның әкесі Құсайын қазақ ханы Қасыммен бірігіп ІІІайбани ханмен жауласып жүргенде, 1508-жылы Шайбани әскерінің қолынан өледі. Сегіз жасар Хайдар әкесінен жетім қалып, үш-төрт жылдай өзінің бөлесі, атақты жазушы Бабырдың қолында тәрбиеленеді. Хайдар 13 жасқа жеткенде Қашқар өлкесін билеп тұрған нағашысы Сейітханның қолына келіп, оның қарамағында 20 жыл бойы әрі би, әрі әскер басы болып қызмет атқарады. Сейітхан өлген соң оның баласы Рашид сұлтанға уәзір болып істейді, бірақ онымен келісе алмай, Бабырдың балалары Қамран мен Ғұмайынның қасына қайтып барып, олар арқылы Қашмир уәлаятын басқаратын болады. Сөйтіп Қашмир өлкесін басқарып тұрғанда, елуден асқанда, дүние салады.

Мұхаммед-Хайдар XVI ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Бабыр сияқты Орта Азиядағы білгіш, майталман адамдардың бірі болды. Ол науша күнінен кітап оқып, өлең шығарып, сурет салу ісімен, зергерлік, шеберлік, ұсталық өнерімен шұғылданады. Шеберлік ісіне ол қолынан бал тамған іскер, нәзік сезгіш, сұлулық дүниесін жанымен сүйетін қас шебердің өзі болады. Қырнау, безеу, ою өнерін ол тіпті биік сатыға жеткізіп, оны шын мағынасында сұлулық қазынасы - өнерге айналдырған. Хайдар өзінің ойға жүйрік, майталман, сөзге шебер, саңлақ болуымен халық ортасында даңқты болады. Өзінің айтуынша: «халықпен кішіпейіл болып мажыраласуды (кеңесуді), олардың алдында әдепті, мәйін болуды, соғыс үстінде қырағы болуды, атқыш мергендіктң тағы басқа өнер түрлерін үйренуде мен нағашым Сейітханның шәкірті ғана едім» деп өзінің қойдан қоңыр, кішіпейіл мінезін сипаттайды. Хайдардан басқа біреу болса, әрине, буға пісіп, «мен-мен!» деп кеудесін соғар еді. Оның жазған тарихи шығармалары, көркемөнер, поэзия туралы жазғандары кейінгі жазушыларға зор әсер етіп оларды кішіпейілдікке, нәзік сезгіштікке, алғырлыққа баулиды.

Мұхаммед-Хайдардың адамшылық қасиеті туралы Бабыр былай дейді: «Хайдардың әкесін өзбектер өлтіргеннен кейін ол менің қарамағыма келіп, үш- төрт жыл тұрды. Кейін рұқсат сұрап, Қашқардағы (Сейіт) ханға кетті. Не нәрсе болса да, өзінің шыққан тегіне тартатын әдеті ғой, мәселен, сап алтын да, күміс те, қорғасын да тегіне тартпай ма? Жұрттың айтуынша ол бұрынғыдан көп есейіп, жақсы жолға түскен. Өзінің қолы әр нәрсеге шебер, оның қолынан келмейтін ісі жоқ: - ол әрі жазушы, әрі суретші, онымен бірге садаққа оқ жасап, оның жебелерін өзі істейді. Бір жағынан дарынды (құйылма) ақын. Маған бірер жазуы келген еді, әлпеті еш жаман емес».

Кейін есейіп ер жеткен шағында Мұхаммед-Хайдар шын мағынасында Шығыстағы даңқты адамдардың бірі болып, Орта Азия халықтарының әдебиетіне, оның тарихына зор үлес қосады.

Шығыс халқын зерттеуші ғалымдардың айтуынша Мұхаммед-Хайдардың атын жоғары көтеріп, оны жұртқа танытқан, әсіресе оның «Тарихи Рашиди» деген кітабы болды. Бұл шығарманың XVI-XVII ғасырларда жасаған Шығыс жазушыларына еткен әсері күшті еді. Олар Мұхаммед-Хайдардың тарихи жазуларына ерекше баға беріп, оның кейбір жерлерін өздерінің жазған кітаптарында пайдаланып отырады. XVI-XVII ғасырдағы Үндістан мен Орта Азия тарихшыларынан Мұхаммед-Хайдардың «Тарихи Рашиди» кітабын пайдаланбағандары кем де кем-ақ. Оның ішінде Үндістанның Европа әдебиетіне белгілі тарихшысы Мұхаммед-Қасым Ферште, Бадахшан, Қашмир, уәләяты туралы жазғанында, оның мағлұматын бір ғана «Тарихи Рашиди» кітабынан алады. Мұхаммед-Қасымның айтуынша «Тарихи Рашиди» Орта Азия тарихы туралы жазылған шығармалардың ішіндегі ең мағыналысы және мағлұматы ең дұрысы, ең толығы болып саналған.

Мұхаммед-Хайдарды оқыған Шығыс ғалымдарының ол туралы жылы сөз айтпай қалған бірде-бірі жоқ. Үндістанның атақты ғалымдарының бірі Ағзам, Мұхаммед-Хайдардың Қашмир өлкесі туралы жазғанына зор қуаныш көрсетіп, өзінің «Қашмир тарихы» деген кітабында Мұхаммед-Хайдардың әдебиеттегі орнына ерекше баға береді. «Мұхаммед-Хайдар Шығыс ғылымын терен, білген данышпан адам еді. Оның үстіне ол қаламынан сөз құйылған талантты ақын болды. Оның жазған «Тарихи Рашиди» кітабы болған оқиғаны төндіре айтуда ең инабатты шығармалардың бірі» дейді.

Мұхаммед-Хайдардың шығармасын көп пайдаланған, әсіресе Иран жазушылары мен Орта Азия тарихшылары. Иран жұртының Ахмет-Рази дейтін географ-тарихшысы «һафт-ықлым» («Жеті дүние») деген кітабында Мұхаммед-Хайдар туралы ең жылы сөзін айтып, кітабының бірнеше тарауын Мұхаммед-Хайдардан көшіріп алады.

Орта Азия тарихшыларының барлығы (мәселен, Хафиз-Таныш, «Шайбани-нама», «Жами-ат тауарих» шығармаларының авторлары) қазақ халқы туралы айтқан жерінде мағлұматты тегісімен «Тарихи Рашиди» кітабынан алып отырған. XV ғасыр мен ХVІ ғасырдың бірінші жартысында болған Орта Азиядағы тарихи оқиғаны зерттеуде Мұхаммед-Хайдардың «Тарихи Рашидиі» ең сирек кездесетін кітаптардың бірі. Сол дәуірдегі әрбір тарихи кезеңдерді айыруда «Тарихи Рашиди» мен «Бабыр-нама» - бұл реттегі тарихи жазулардың ең бағалысы.

«Тарихи Рашидидің» басқа мағлұматтардан ерекшелігі, мұндағы оқиғаның көбін автор өз көзімен көріп жазған. Және мұнда басқа түрлі тарихи жазулар сияқты еш бір шұбалаңдық жоқ, бұл тек белгілі бір дәуірді алып, соны, әдемі тілмен айқын суреттеген.

«Тарихи Рашидидің» екінші қасиеті - бұл қазақ тарихы туралы жазылған бірінші кітап. «Тарихи Рашиди» негізінде жүз жыл ішінде (1450-1546) болған оқиғаны суреттейді. Бұл кез бұрынғы Алтын орда мен Шағатай ұлысының әбден ыдырап, оның орнына жеке хандықтар құрыла бастаған кез. Мұхаммед-Хайдар «Тарихи Рашиди» кітабында осы Шағатай ұлысы мен Алтынорданың қалай азып-тозғанын суреттеп, ол екеуінен тарап шыққан қазақ халқының саяси тіршілігін баяндайды.

«Тарихи Рашиди» кітабын орта ғасырдағы шығыс жазушылары қандай қадірлесе, оны біздің дәуіріміздегі Орта Азия тарихын зерттеуші ғалымдар да сонша бағалаған. Академик Вельяминов-Зерновтың айтуынша да «Тарихи Рашиди» ең қадірлі еңбектердің бірі. «Мұхаммед-Хайдардың жазғандары ылғи соны, өте қызық келеді. Оның тарихи әңгімелеуі әрқашан зор дәлелге сүйеніп, тілі өте айқын болып отырады және бұл сияқты ерекшелікті «Тарихи Рашидидің» авторынан күтуге сыйымды еді» дейді.

Мұхаммед-Хайдар «Тарихи Рашидиді» 1541-1546-жылдардың арасында жазған, әуелде оның қай тілде жазылғаны анық мәлім емес. «Бабыр-нама» сияқты кітаптарға қарағанда «Тарихи Рашиди»де шағатай тілінде жазылуға тиісті. Бірақ Шығыс тарихын зерттеуші ғалымдардың айтуынша ол ең алғаш парсы тілінде жазылып, кейін шағатай тіліне аударылған дейді. Қазір «Тарихи Рашидидің» екі тілдегі қолжазбасы бар. Оның парсы тіліндегі бір вариантын аударушы Мұхаммед-Садық Қашқари деген кісі.

Мұхаммед-Садық - XVIII ғасырдың орта кезінде жасаған белгілі тарихшы. Ол «Тарихи Рашидиден» басқа атақты «Тарих-Табари» деген X ғасырдан белгілі Орта Азия тарихын ұйғыр тіліне аударады және «Тезкрей-Қожаған» деген атпен өзі Қашқария тарихын жазады.

Қазір «Тарихи Рашиди» бірнеше тілде басылып отыр. Ол ең әуелі ағылшын тілінде 1849-жылы (Калькутта) басылып шықты. Бұдан кейін қазақ тарихына тиісті бөлімін академик Вельяминов-Зернов зерттеп, оны 1864-жылы «Қасым хандарының тарихы» деген кітабының екінші томына қосып шығарды,

«Тарихи Рашидидің» толық басылуы - 1895-жыл. Мұны ағылшын тіліне жаңадан аударып бастырушы Д.Росс деген кісі. Әдебиеттегі кейбір мағлұматтарға қарағанда Росс «Тарихи Рашидидің» екінші томын баспаға дайындаған сияқты. Бірақ ол баспа жүзіне шықты ма, жоқ па, ол арасы мәлім емес.

«Тарихи Рашидидің» қолжазбасы бірнеше жерде сақтаулы. Оның парсы тілі мен шағатай тіліндегі екі нұсқасы Санкт-Петербург кітапханаларында тұр, парсы тіліндегі бір тәуір нұскасы Тәжікстанның Орталық кітапханасында сақтаулы. Бірақ бәрін айт та бірін айт, «Тарихи Рашиди» қазақ тарихының ұлы арнасына жататын мағналы бір шығарма болса да, ол әлі күнге халық бұқарасының игілігі бола алмай келеді.

Мұхаммед-Хайдар қазақ тарихының қандай кезеңдеріне тоқталады?

Мұхаммед-Хайдар ең алдымен қазақ халқының Алтынорда мен Шағатай ұлысынан ең алғаш (1456-жылы) бөлініп, өз алдына жеке бір саяси организм бола бастағанын анықтайды. Екінші, Қасым хан дәуірінде (1480-1520) Қазақстан Орта Азиядағы мықты жұрт болып, бұрынғы «Дешт-Қыпшақ» (Алтынорда) кезіндегі жұртшылық ісінің жақсы жағын жаңадан көркейтуге ұмтылғанын баяндайды. Үшінші, сол кездегі өзбек ұлысы мен қазақ жұртшылығының бұрынғы Шағатай ұлысы мен Алтынорда дәуірінен қалған жұртшылық мұрасына таласып, өзара жауласқанын суреттейді.

Мұхаммед-Хайдардың айтуынша өзбек пен қазақ ұлысы жауласқанда Моғұлстап хандығы қазақтармен бір болып, екеуі өзбек Шайбани ханға қарсы болады.

Мұхаммед-Хайдар «Тарихи Рашиди» кітабының қазақ тарихына арналған бөлімін мына тарауға бөледі:

1. Оқиға, сұлтан Сейіт ханның Сүйінші ханнан жеңілгенінің баяны.

2. Ахуал қазақ, олардың сұлтандары, «қазақ» деп ат қоймақ себебінің баяны.

       3. Сүйінші хан жеңгеннен кейінгі оқиғалар және сұлтан Сейіт ханның Қасым хан қасына барғаны.

       4. Қасым ханнан кейінгі оқиғалар. Тайыр хан қазақты өзбектермен елдестіріп, онда өткен оқиғаның баяны.

       5. Қасым хан өлгеннен кейінгі Моғұлстан мен Қазақстан арасында болған оқиғалар.

Қазақ қауымының ең алғаш ұйымдасуы туралы Мұхаммед-Хайдар былай деп жазады:

«Ол уақытта барлық Дешт-Қыпшақтың ұлы ханы Әбілқайыр еді. Бірақ Жошы ұлысының сұлтандары өзара толқып, Жәнібек пен Керей хан одан қашып, Моғұлстан келді. Бұл жерге келген соң, Моғұлстан уәләятын билейтін Есен-Бұқа оларға көп құрмет көрсетіп, Моғұлстанның күнбатысында тұратын «Қозыбасы», «Шу» өлкесін оларға берді. Бұлар ол жерде емін-еркін жасады.

Әбілқайыр өлген соң өзбек ұлысы қозғалып, зор көтеріліс шықты. Толқын шығарғанның көбі ауып, Керей мен Жәнібектің қасына барды. Оларға босып барған адамдардың саны 200 мыңға жетті. Өздеріне «өзбек-қазақ» деген ат берілді.

Қазақ сұлтандарының ең алғаш мемлекет құруы тарихтан сегіз жүз жетпісте (1456-жылы) еді».

Міне, Шағатай мен Жошы ұлысынан бөлініп шыққан қазақ руларының ең алғаш бір саяси орталыққа бағынып, өз алдына мемлекет болғанын бірінші рет ашық, көлемді түрде жазған бір ғана Мұхаммед-Хайдар екенін көреміз. Мұхаммед-Хайдар бұл оқиғаның кейбірін көзімен көріп, өз қолынан өткізген соң, көбінесе онын ең түйінді-түйінді жерлерін ғана жазып қалдырған.

Қазақ ұлысының Әбілқайыр ордасынан бөлініп, «қазақ» аталғанын Мұхаммед-Хайдар: «Ахуал қазақ, олардың қазақ аталуы» деген тарауында тағы жазады. Бұл туралы Мұхаммед-Хайдар былай дейді:

«Барлық Дешт-Қыпшақты билеп тұрған хан Әбілқайыр еді. Бірақ Дешт-Қыпшақ сұлтандарының кейбірі оған наразы болып, толқын шығаруды ойлады. Осы кезде Керей мен Жәнібек хан тағы басқа адамдармен Әбілқайырдан қашып, Моғұлстан шекарасына барды. Бұл уәләятты билейтін ол кезде Есен-Бұқа хан еді. Есен-Бұқа оларға көп құрмет көрсетіп, Моғұлстанның бір бөлегін берді. Олар бұл жерді паналап, бейбіт тұра берді.

Әбілқайыр өлген соң, өзбектер өзара толқып, қашуға шамасы келгендерінің көбі Керей мен Жәнібекті паналады... Сондықтан оларды «қазақ» деп атап кетті».

Мұхаммед-Хайдардың ұғындыруынша «қазақ» деген ат бұрын Алтынорда хандары мен Шағатай ордасына наразылық білдіріп, толқыған ру жұртшылығына берілген ат. Бұл топқа кірген бұрынғы тайпалар (қыпшақ, алшын, арғын, найман, үйсін тағы басқалар), 1450-жылдан былай қарай олар өз алдына бір саяси күш болып, «қазақ» деп атала бастайды.

Мұхаммед-Хайдардың «Тарихи Рашидиде» көбірек көңіл бөлетіні XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдың бас кезіндегі Орта Азияда болған әрбір саяси ағымдар болады.

«Тарихи Рашидидің» «Оқиға сұлтан Сейіт ханның баяны» деген тарауында Мұхаммед-Хайдар қазақ ұлысы мен Моғұлстан, Бабыр сұлтан үшеуі бірігіп, Әбілқайыр (Шайбан) ханның ордасымен жауласқанын сипаттайды.

Бабыр мен Моғұлстан хандарының қазақ ұлысына қарым-қатынасы қай түрде болғанын, Мұхаммед-Хайдар былай деп жазады: «Есен-Бұқа заманынан (1460) Рашид заманына (1540) дейін Моғұлстан мен қазақ араларында достық, татулық күшті еді. Рашид сұлтан оны жоқ қылды». Рашид сұлтанға дейін өзбек-шайбандар Моғұлстан хандарымен ескіден дұшпан еді. Рашид хан болғаннан кейін олармен достасып, бірігіп, қазақтарға қарсы дұшпандық тілегінде болды дейді.

Рашид хан дәуіріне дейінгі Орта Азияда болған саяси ағым туралы Мұхаммед-Хайдар тағы да былай дейді: «Дешт-Қыпшақ ІІІыңғыс ханның ұлы Жошының жұрты еді. Оның нәсілінен Дешт-Қыпшақты ең соңғы рет басқарған ұлы хан Әбілқайыр болды. Әбілқайыр өлген соң, оның халқы тобымен жіктеліп, бұқара халықтың көпшілігі Керей мен Жәнібекке барып қосылды. Керей мен Жәнібектің Әбілқайырмен араздығы ескіден бар еді. Сондықтан Әбілқайыр ханның балалары Моғұлстан хандарымен араз болып, Моғұл хандары Кереймен, Жәнібекпен ымыралас болды».

Мұхаммед-Хайдардың айтуынша қазақ ұлысы мен өзбектер хандық мұрасына таласқанда, атақты Бабыр данышпан да қазақтарға қосылып, 1514-жылға дейін Шайбани ордасымен жауласады. 1512-жылы Ташкенттің құсбегі Ахмет-Қасым, Сайрамның хакімі Қетебек, Бабыр-сұлтан, Қасым хан - бәрі бірігіп, Әбілқайыр ханның баласы Сүйінші қожамен қырғын соғыс ашады. Бұл соғыста Моғұлстан уәләятын билейтін Сейіт ханның әскері де болады. Соғыс тарихта «Ғыждуан соғысы» деп аталады.

Бұл туралы Мұхаммед-Хайдар былай деп жазады: «Бабыр патша Мавереннахрді (бүкіл Түркстанды) алғанда (1511), Ташкентті Ахмет-Қасым құсбекке беріп, Сайрамды (өзінің туысқаны) Қетебекке берген еді. Падиша Самарқаннан Қисарға кеткенде, өзбектер Ташкент қаласын кеп торлап, ондағы (Бабыр қойған) адамдар жаудың әскеріне қарсы тұра алмай қаладан кашып шықты. Өзбектер Ташкентті алғанның өзіне разы болып, қашқандардың соңына түспеді. Мер Ахмет-Қасым Әндіжандағы (Сағит) хан қасына барып, одан өтіп, Қисардағы падиша (Бабыр) қасына жетті.

Бабырдың туысқаны Қетебек Сайрам қаласына бекініп, шығудың есебін таба алмады, қысты зор қауіппен өткізді. Жаз шыға Қасым ханды паналап, Сайрам қаласын Қасым ханға тапсырды. Қасым ханды үгіттеп, Ташкент қаласына аттандырды» дейді.

Сөйтіп, Бабырды Шайбани өзбектері Ташкенттен қуып шыққан соң, Ташкентті қорғауға енді қазақ ұлысын басқаратын Қасым хан мен Моғұлстан уәләятын басқаратын Сейіт хан бірігіп әскер шығарады. Осыған байланысты Мұхаммед-Хайдар былай дейді: ««Қасым хан Ташкент барып, Сүйінші ханды торлап жатыр» деген хабар Сейіт ханға естіледі. Хан мұны естіп Ташкентке аттанады. Ферғана уәләяты мен Ташкент арасында тұратын Кендірлік дуанына жеткенде, Қасым хан қаладан тысқары шықты деген хабар естіледі. Сейіт хан мұны естіп, шегініп Ақсайға келеді, Ферғана өлкесінің қамалдарын бекінтіп, өзі қазақтарға кетеді, Сейіт ханның ойы қазақтарды қайтадан көтеріп, Ташкентке шығару еді» дейді.

Мұхаммед-Хайдардың айтуынша, Қасым хан мен Сейіт ханның бірігіп екі рет Ташкентке аттанған бұл сапарында Мұхаммед-Хайдардың өзі бірге болады. Бұл кезде Мұхаммед-Хайдар 13-14 жасар бала. Бұл туралы Хайдар былай дейді: «Қасым хан, Сейіт хан Ташкент өлкесі - Ангренге аттанарда мен бұл сапарда болған едім. Мен ол кезде жақсының жаманнан парқын айыра білмейтін албырт едім. Сейіт хан мені Қожағали деген әскербасыға тапсырып, жау қолына түсетін қауіпті жерде болмасын деп қадағалаған еді» дейді.

Мұхаммед-Хайдар енді бір жорықта «мен ауырған себепті ханға ере алмай қалып қойдым. Хан аман-есен Шу бойына келді, Шу - Моғұлстандағы белгілі жердің бірі. Қасым хан ол кезде алпыстан асып, жетпіске таянған еді (1443-1513). Сейіт хан жас еді, жасы 30-дардың шамасында еді» - дейді.

«Тарихи Рашидиде» айтылатын белгілі оқиғаның бірі Әбілқайыр немересі Шайбани ханның 1509-жылы қазаққа аттанған жорығы. Шайбанидың бұл жорығы да қазак ұлысы мен өзбектердің бұрынғы жұртшылық мұрасына таласудан шыққан. Мұхаммед-Хайдардың айтуынша: «Шайбек хан тарихтан тоғыз жүз он бесінші жылы (1509) қыс ішінде қазақ үстіне барды. Ол заманда қазак ханы Бұрындық еді, бірақ хандықтың билігі Қасым ханның қолында болатын. Қасым ханның әскері екі жүз мыңнан артық еді.

Қыс уақыты болғандықтан қазақтар ешнәрсені ойламай, малын бағып, қыстауларында жай отырған еді. Шайбек хан қыс ішінде аттанып, қырға барып, кейбір жердерді шауып алып, еліне қайтты. Одан кейін тағы аттанды. Әскерінің аттары арып, жүдеген еді. Аттары мықтыларын ілгері жіберіп, өзі «Көк-Кесене» деген жерде қалды. Шайбек жіберген әскер бірнеше адамды тұтқынға алып, олжа-асыр қылды. Бұл барлауда Шайбанидың әскері Сарысу өзенінің аяқ шенінде Белең-Ана, Ала-Теге, Телі-Көл-Татада отырған елдерді шауып, Ұлытауға жете алмай қайтқаны көрінеді.

Бір күні олар Ұлытау жағынан Қасым хан келеді деген хабар естиді. Бұл хабарды естіген соң Шайбанидың әскері қатты қауіптеніп, Шайбанидың қасына қашып келеді. Шайбани мұны есітіп, амал таппай, қорқып, әскерін бет-бетімен жібереді. Өзі қыс ішінде қашып, Самарқан барды. Бірақ анығында бұл келген Қасым ханның өзі емес, оның билерінің біреуі - Мер-Хасен деген кісі еді» - дейді.

Мұхаммед-Хайдар Шайбани ордасы мен қазақ ұлысының Сыр-Дария, Ташкент - өлкесі туралы таластарын айта келіп: «Бұлардың таласы Әбілқайыр ханның баласы Беріш ұғлан мен әз-Жәнібек, Керейлердің тұсынан еді» дейді.

«Тарихи Рашидиде» ой бөлетін нәрсенің бірі - Қасым хан дәуіріндегі (1443-1520) қазақ халқының әлеуметтік-шаруашылық күйі. Бұл мәселені Мұхаммед-Хайдар көбінесе Қасым хан атымен байланыстыра айтады.

Барлық Орта Азия, Иран тарихшыларының жазғаны тәрізді, Мұхаммед-Хайдар да Қасым ханның тарихи бейнесін келістіре сипаттап, ол қазақ халқын ең алғаш ұйымдастырушы, ең күшті адам болғанын айтады. Олардың Қасым хан туралы жазғандары халық аузындағы «Қасым ханның қасқа жолы» деген ескі сөзге ұқсас келеді. Расында да Қасым хан қазақ халқының өсіп-өнуіне үлкен қамқорлық еткен адамдардың бірі. Бұл жөнінде Мұхаммед-Хайдар былай дейді: «Қасым хан шын кемеңгер адам еді. Сейіт хан өле-өлгенше оны есінен түсірмей, оның тәрбие беретін (жайдары) мінезін әруақыт әңгіме қып отыратын еді. Не туралы мәселе болса, оның барлығын да Қасым ханды мысалға ала сөйлейтін еді», - дейді.

Мұхаммед-Хайдар Қасым ханның тәрбие беретін кемеңгерлік ісін суреттеумен бірге, оның саясатқа жүйрік адам болғанын да айтады. «Қасым хан барлық Дешт-Қыпшақты өзінің ақыл-күш билігіне алды. Жошы ханнан кейін Дешт-Қыпшақты ол сияқты ешкім билеген жоқ еді. Оның әскерінің саны жүз мыңнан артық еді. Ақыры тарих тоғыз жүз жиырма төртте еді (1518), сол уақытта опат болды».

Бұл сөзін Мұхаммед-Хайдар кітабының тағы бір жерінде айтады: «Қасым хан барлық Дешт-Қыпшақты өзіне бағындырды. Оның әскері мың-мыңнан көбейіп отырды. Бәлки, Жошы ханнан кейін ол жұртта одан ұлығырақ кісі жоқ еді».

«Тарихи Рашидиде» ең мағыналы нәрсенің бірі - Сейіт хан мен Мұхаммед-Хайдардың Қасым ханның ордасында қонақтап жатқан кездері, сол қонақ болған кезіндегі олардың саясат туралы әңгімесі, мажыраласу, сұхбаттасу, әзіл сөздері. Қазақ халкының XV-XVI ғасырдағы әлеуметтік-шаруашылық күйін зерттеу үшін бұлардың әңгімесі бір сыпыра мағлұмат беріп, қазақ тарихының кейбір көмескі мәселесін ашуға кілт болғандай. «Тарихи Рашиди» бойынша Сейіт хан Қасымның ордасына келерде Қасым хан оның алдынан өзінің билерін, сұлтандарын жіберіп, оны қанша сый-зияфатиен қарсы алады. «Бұл келгендердің кейі елуде, кейі алпыс шамасында еді. Олардың ішіндегі біліктілері Жаныс (би), Бенеш, Мамаш, Жанайдар, Қараш (би), жіберілген кісілердің барлық саны отыз-қырық шамасындай еді. Олар келгенде Сейіт хан орнынан тұрып кішілік етті».

Сейіт хан Қасым ханның ордасына келгенде Қасым ханның оған айтқан сөзін Мұхаммед-Хайдар былай деп жазады:

- Біз сахаралық адамбыз. Бұл жерде асыл бұйым, қымбат дүние болмайды. Біздің асыл дүниеміз - бір ғана жылқымыз, ләззәт алатын асымыз - ет, сүйетін шәрбәтіміз - кымыз. Біздің жерімізде салынған қала, бау-бақша жоқ. Біздің көңіл көтеретін жеріміз - мал бағатын қонысымыз (жайлауымыз), қызық көретініміз - өрістегі жылқымыз, не болмаса бір-бірімізбен бас қосып, соны мереке ету.

Қасым хан бұл сөзді Моғұлстан ханына айтқанда, Мұхаммед-Хайдар оның ішінде бірге отырады.

         - Мұның артынан, - дейді Хайдар, - Қасым хан Сейіт ханды өріске апарып, ондағы жылқымен тамаша қылдырады. Жылқыға барған соң айтты: менің жақсы көретін екі атым бар, ол екеуі де бір, барлық жылқым да бір деді. Сейіт хан кейін сол аттарға таң қалып, расында да ол екі ат сияқты жылқыны мен ешуақытта көрген жоқ едім, - деп айтып жүрді.

Қасым хан айтты: Біз - сахаралық адам, бір ғана жылқының күшімен тіршілік етеміз. Бізге бұл екі аттан өзге ешбір ат сенім бермейді. Мұның екеуін бірдей сыйға тартуға қиын. Бірақ сіз қадірлі меймансыз, таңдағап біреуін алыңыз деп, әр аттың қасиетін жеке-жеке сипаттады.

Сейіт хан одан таңдап біреуін алды, оны «Ұғланторы» деп атаушы еді. Расында, бұл сияқты атты ешуақытта көрген жоқ едім, - дейді.

Бұдан әрі Мұхаммед-Хайдар Сейіт ханмен бірге Қасым ханның ордасында жиырма күндей жатып, онымен мәжіліс құрғанын әңгіме қылады.

Қасым хан Сейіт ханды үйіне келтіріп, алдына кесемен қымыз қойып (1513-жылы), былай деді: «біздің меймандарлығымыз көбінесе осында. Біздің ішетін сусынымыздың ең сүйкімдісі және ләззаттырағы қымыз. Оның ішінде қымыз, қымыздың ләззаттысы осы қымыз», - деді.

Сейіт хан бұрын қымыз ішіп көрген жоқ еді. Қасым ханның сөзінен кейін бұл шәрбатты ішетін болды. Сұхбат қызды. Бұлар жиырма күн бойы қымыз ішіп, бірге тұрды. Ақыры күз болды. Қазақтар көшіп, қыстаудың жанына келді. Қасым хан былай деді:

- Қазаққа өзбектерге бару қиын, өйткені сахара халқына қыс жабдығы туралы ойлау керек. Қазір әскерді әурелеу керек емес.

Одан кейін Сейіт ханға қанша қадір-құрмет көрсетіп, өзінің жеріне қайтуға рұқсат берді. Өзі (жайлаудан) көшіп, (қысқы) ордасына барды. Сейіт хан одан қатты разылықпен қайтып, Әндіжан келді. Күз уақыты еді. Ол кездегі ғұламалардың біреуі бұл уақиғаны «ашты-қазақ» деп жазыпты, мәнісі: «ол сөздің әріптерін цифрға айналдырса, ол - 1513-жылы қазақ жерінде болған оқиға дегені екен», дейді.

Мұхаммед-Хайдар Моғұлстан мен қазақ арасында тел өсіп, қала мен даланың тұрмысын жете білген адам болғандықтан, ол кездегі саяси-әлеуметтік жағдайды өте төндіре жазған. Оның Қасым хан мен Сейіт ханның жолығуы туралы жазғаны да сондай қызықты суреттердің бірі.

Мұхаммед-Хайдардың қазақ тарихы туралы жазғанының соңғы тарауы Қасым ханнан кейінгі оқиғаға арналған.

«Тарихи Рашидидің» суреттеуінше Орта Азиядағы саяси тіршілік бұл кезде бұрынғыдан гөрі де шиеленіседі. Қасым хан өлгеннен кейін, қазақтар мен Моғұлстан арасындағы бұрынғы достық туысқандық біраз шытынап, бұл екі ұлыстың арасы суи бастайды.

Моғұлстан мен қазақ ұлысының бұрынғы достығының жойылуын Мұхаммед-Хайдар Рашид ханнан көреді. Рашид Моғұлстанның ханы болғаннан кейін, Шайбани өзбектермен ымыраласып, қазақтарға қарсы дұшпандық ниетте болды, - дейді. Бұл кезде Мұхаммед-Хайдардың өзі де Рашид ханнап қашып, Бабырдың балалары Қамран мен Ғұмайұнның қасына барады.

Мұхаммед-Хайдардың айтуынша Қасым ханнан кейін қазақ қауымы зор апатқа ұшырайды. Бұларды бір жағынан өзбектер мен Рашид ханның бірлескен күші әлсіретсе, екінші жағынан халық бұқарасы Тайыр мен Мамаш сияқты тоғышар хандардың басшылығына разы болмай, тоз-тоз бола бастайды.

Сондықтан «Тайыр хан тұсында қазақтарға ойран салынды. Оның інісі - Бұйдаш хан кезінде қазақтар жиырма мыңдай ғана қалды. Тоғыз жүз қырқыншы (1534) жылдан кейін ол тағы қалмады, қазақ қауымы тегіс жоқ болды» - дейді.

Қасым ханнан кейін қазақ қауымының тоз-тоз болып кеткенін Мұхаммед-Хайдар енді бір жерінде өте бір аянышты түрде сипаттайды: «Ахрыл-Әмір ол халаиықтан 14 жылдың ішінде (1524-1538) еш жерде тірі жүргені қалмады. Тоғыз жүз отызыншы жылы (1524) қазақ мың-мыңнан еді, 944 (1538)-жылы бұл қауымнан жер үстінде еш кісі қалмады».

Мұхаммед-Хайдардың бұл сөзі «қазақ қауымы 1538 жылы тегіс қырылып бітті» деген ұғымды бермеуі керек. Бұл туралы академик Бартольдтың жоруы дұрыс болуға тиісті. Ол кісінің айтуынша Мұхаммед-Хайдар 1538-жылы қазақ қауымынан жер үстінде біреу қалмады деуі - тек бұрынғы Қасым хан жасаған саяси күштің уақытша ыдырағанып айтқандық.

Қасым ханнан кейін қазақ қауымының неге ыдырап кеткенін Мұхаммед-Хайдар Тайыр ханның қатыгез інісінен көрді. «Тайыр ханның ол кезде (1530) екі жүз мың әскері бар еді, - дейді Мұхаммед-Хайдар, - бірақ дәулеті қайтуға жақын тұрған еді. Ол өзі топас адам болғандықтан, халық бұқарасы мен кейбір сұлтандар оның кеңесінен жирене бастады. Оның қатыгез болуын халық оның інісі Әбілқасымнан көріп, оны өлтірген еді. Ақыры, халық бірігіп, Тайыр ханнан босып кетті».

Сөйтіп Мұхаммед-Хайдардың Қасым ханнан кейін қазақ қауымы он төрт жылдың ішінде құрып бітті деуі осы сияқты саяси-шаруашылық негізінен туып, оның тек уакытша ғана ыдырағанын көрсетеді.

XVI ғасырдың отызыншы жылдары қазақ қауымының не себепті ыдырағанын Мұхаммед-Хайдар жоғарыда аталған данышпан әйел Нигар ханымның аузынан баяндайды. Бұл айтқан Нигар ханым - Сейіт ханның апасы. Ол халық бұқарасына белгілі әз-Жәнібектің туған келіні. Оның күйеуі Әдік сұлтан соғыста өлген соң, Нигар ханым Қасым ханның қарамағында болады. Қасым хан өлген соң, Нигар ханым өзінің өгей баласы Тайырдың қолына келеді.

Ханым бір күні отырып: шырағым, сен менің туған баламдайсың, сенен басқаның маған керегі жоқ. Мен болсам, қартайдым. Менің енді бұл жерде қалуымның лайығы жоқ. Мен туысқаным Сейіт ханның қасына барайын. Мені сонда апар, қалған өмірімді шаһар ішінде, тыныш өткізейін. Оның үстіне маңғыттардың (ноғайлы) кесірінен сенің ісің өзбек тарапынан түзелмекші емес. Сенің бұрын он лек әскерің бар еді, қазір төрт лек қана қалған. Мен араға түсіп, Моғұлстан хандарына жақындатсам, арада бірауыздылық туар - дейді.

Мұхаммед-Хайдардың Нигар ханым аузынан айтып отырған бұл оқиғасы - XVI ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ қауымының тіршілігінде болған шындықтың бір түрі. Мұхаммед-Хайдардың айтуынша, Нигар ханым өзі өлгенше (1528) қазақтар мен Моғұлстан арасында жарғышақ шығармады. Екінші жағынан, ол Тайыр мен өзбектерді елдікке келтіреді.

Бірақ бұл елдік ұзаққа созылмады. 1530-жылдан былай қарай Орта Азия феодалдары бірігіп, қазақтарға қарсы күш жиды.

Мұхаммед-Хайдардың жазуынша бұл дәуірде көзге түсетін оқиғаның бірі - қырғыз халқының тағдыры. Бұл халық бұрын Шағатай ұлысына қарап, кейін оның бір бөлігі Моғұлстан хандығына бағынатын еді. Бірақ Моғұлстан хандығы қырғыз халқына көп зәбірлік жасағандықтан 1525-жылдан бастап олар әлсін-әлсін толқып, Моғұлстан хандығына бағынбай да жүрді.

Бұл жөнінде қырғыз халқының билері қазақ ұлысының орталығымен байланыс жасап, Моғұлстанға қарсы күш қосады.

Қырғыз халқының арасында толқын көбейіп, алым-салық төлеуден бас тартқан соң, Сейіт хан оны тексеруге өзінің баласы Рашид сұлтанды қырғыз халқының әкімі қып бекітеді.

Бұл туралы Мұхаммед-Хайдар былай дейді: Сейіт хан қырғыз ортасында болған ереуілді басу үшін қырық күндік жолды он екі күн жүріп, Ақ-Құяшқа жетті. Қасында бес мың кісі бар еді, оны маған қосып, Рашид сұлтан екеумізді қырғыздарды басқаруға тағайындады. Қырғыздар Арысларда (Арыста) екен. Біз сонда бардық. Онда олардың жұрт ордалары бар екен.

Қырғыз көштерін өзбектерге (қазақтарға) қосып, өздері Бабашық сұлтанның соңынан кетіпті. Көштің соңынан жүз мыңға таяу қырғыз қойларын тауып алдық. Қырғыздар қазаққа қосылыпты.

Ханның ойы қазақтармен жауласу емес еді, тек қырғыздарды бағындыру еді. Біздің бұл жорығымыз «Қойшерігі» деп аталды.

Қазақ пен қырғыз халықтарының бірігіп, Моғұлстан хандығына қарсы тұрғаны туралы Мұхаммед-Хайдар «Тарихи Рашидидің» енді бір жерінде былай дейді: «Сейіт хан Қошқардан (Қырғыздың Алатауы) қайтарында, кырғыздың биі Мұхаммедті өзімен бірге Қашқарға ала кетті, себебі қырғыздар Моғұлстан хандарына бағынбай, қазақтарды жақтаған еді. Хан Қашқарға қайтарында қырғыздарды бақылау үшін мені Моғұлстанда (Жетісу, Алатауда) қалдырды. Бірақ қырғыздардың толқыны басылмады: олар қайтадан жөңкіліп, Тайыр ханға барып қосылды, кейі Моғұлстанда қалды.

Қырғыз бен қазақ халықтарының саяси бағытын аңғарту үшін 1525-1526-жылдары Алатауды қыстап қалған Рашид сұлтан туралы Мұхаммед-Хайдар былай деп жазады: «1525-жылы Рашид сұлтан Моғұлстанда қалып, қысты Қошқарда өткізді. Бұл кезде Тайыр хан Өзбекстанда еді, әлде бір оқиғаның айдауымен ол Моғұлстан келіп, Қошқарға таяу жерді қоныстанды. Бұл жердегі қырғыздардың көбі оған қосылып, ол оған еркіншілік берді. Рашид сұлтан оның дүмпуінен қорқып, қыс ішінде Қошқардан қашып «Ат басына» барды».

«Тарихи Рашидидің» баяндауынша 1526-жылы Дешт-Қыпшақта (Жайық пен Ертістің арасы) қазақтан біреу қалмай, олар тегісімен Моғұлстан ауып келеді. «Қазақтар Дешт-Қыпшақты мысыр етіп тұра алмады, Моғұлстан келді. Екі жүз мың кісі еді, оларға қарсы тұру мүмкін емес болды. Сондықтан Рашид сұлтан өз елімен Қошқарға келігі кірді.

Қазақтар Моғұлстан келгенде Рашид сұлтан қарамағындағы қырғыздар ішінара қазақтағы қырғыздарға қосылмақшы ойы болған еді. Бірақ олар «Жұмғал» мен Қошқардан «Ат басына» көшіруге ұйғарылды» дейді.

Сөйтіп Мұхаммед-Хайдардың баяндауынша XVI ғасырдың отызыншы жылдары қазақ ұлысы мен қырғыздардың бірігіп, Моғұлстан хандығына қарсы тұруы, Орта Азия тарихының ең белгілі бір оқиғасы болып саналады. Оңың ішінде 1526-жылы қазақ пен қырғыз Моғұлстанды өз қолына қарату үшін Қашқария калаларына ат қойып, үлкен ереуіл жасайды. Бұл туралы Мұхаммед-Хайдардың жазып қалдырған мағлұматы тарихи бағалы нәрсе. Бұл жөнінде Мұхаммед-Хайдар: «1526-жылы қырғыз бен қазақ бірігіп, Моғұлстанға орнамақшы болды. Жұрттың айтуынша қазақ өте көп болса керек. Сейіт хан қазақ әскеріне қарсы шыға алмай, Қашқарда тығылып отырды. Қырғыз жұртын басқарып отырған баласы Рашид сұлтанды Қашқарға шақырып алды» - дейді.

«Бір мезгілде қазақтардың салған ойраны Қашқарға естілді. Жаз уақыты еді. Бірақ Сейіт ханға Моғұлстанға (Жетісу, Алатау) келуге болмады». Сөйтіп қырғыз бен қазақ халықтарының бірігіп, Орта Азия феодалдарына қарсы күресуі - «Тарихи Рашидидегі» көрнекті мәселелердің бірі. Мұхаммед-Хайдардың қазақ туралы жазғандарының бәрі осы сияқты зор тарихи шындыққа негізделген, оның көбін өз көзімен көріп, өз құлағымен естіген. Сондықтан да Мұхаммед-Хайдардың жазғандары қазақ тарихын зерттеуде негізгі мағлұмат.

Мұхаммед-Хайдардың «Тарихи Рашидиде» Жетісу төңірегінде болған тарихи қалалар (Таразы, Барысхан, Баласағұн, Қиялық, Алмалық) туралы жазғандары мәдениет тарихы үшін керек мәлімет болып табылады. Бұл қалалар Мұхаммед-Хайдардың тұсында тегіс қирап, жер болуға айналған. Мұхаммед-Хайдар Таразы қаласы (Талас, қазіргі Жамбыл қаласы) туралы қажетті мәліметтер келтіреді. Кітаптың көрсетуінше моғұлдар (қазақ, қырғыз тайпалары) Таразыны «Жаңа» деп атайды. Мұның халқы Мавреннахрде де (Самарқан, Бұқарда да) көп. Олардың бәрін «жаңалық» - «жаңаның халқы» деп атайды. «Жаңа» деп аталатын жерде ескі қаланың орны бірталай (мәселен, Ақыртас, Ақкесене, Қырықкүмбез, Құланауызы, Төрткүл, Шоңқара, Түймекент). Бұл жерде Күмбез, Мұнара, Қаңға, медреселерінің орны әлі күнге дейін сақталған. Бірақ бұл қалалардың ішінде Жаңа қала қайсысы, өзгесін не деп атаған, ол арасы анық емес.

Мұнан кейін Мұхаммед-Хайдар Шу бойындағы қалалар туралы да бірталай жаңа мәліметтер береді. Шу (өзені) бойында бір жерде бір үлкен шаһардың орны бар. Онан қалған мұнаралар, күмбездер, медреселердің орындары әлденеше жерден көрінеді. Бұл қаланың бұрын қалай аталғаны белгісіз. Моғұлдар оны Мұнара (Баласағұн) деп атайды. Онда ерекше тұратын бір күмбез, және нақыс жазу мен ою түсірген тас тақта бар. Бұл күмбез атақты заң шығарушы Мұхаммед-Имам Баласағұнидің қабыры дейді.

Мұхаммед-Хайдардың жазуынша Талас өлкесі мен Шу бойында болған тарихи қалалар Мұхаммед-Хайдар дәуірінің өзінде қирап, аңырайып қалған. Бірақ алайда, оның биік мұнаралары, күмбездері, сұлу кешендері мен медреселері көп уақытқа дейін бұрынғы сәулетті түрін жоя қоймаған. Одан бері 400 жыл өткен де әлгі қалалар жермен жексен болып, тек топырағы ғана қалған. Ерте заманда Жетісу, Алатау төңірегінде бұл сияқты мәдениет орындары болғанын Мұхаммед-Хайдар сияқты ғалымдар жазып қалдырмаса, оның кезіндегі әлеуметтік және тарихи маңызын жерді қазғанда тапқан материалдар арқылы айыру қиын болар еді.

Мұхаммед-Хайдар Дулати XVI ғасырдағы шығыс халықтарынан шыққан атақты ғалымдардың бірі. Оның Орта Азия тарихы туралы жазғандары бұл реттегі мәліметтердің ұлы арнасына келіп қосылады. Қазақ тарихының көмескі жерлерін зерттеу үшін «Тарихи Рашидидің» әдебиетте алатын орны ерекше.

«Тарихи Рашиди» шетелдер тілдерінде басылып жүрсе де, ол өз тілімізде әлі күнге дейін басылмай келеді. Біз бұл құнды шығарманы совет жұртшылығына түсінікті тілде шығарып, оны халық игілігіне айналдыруымыз керек.

Пайдаланған әдебиет:

Әлкей Марғұлан. Мұхаммед-Хайдар Дулати. Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары (ІХ-ХІх ғасырлары). Құраст: Исқақов Б. -Алматы, 1964. 246-269 б.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-11-24 10:42:07     Қаралды-5234

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »