UF

ТОҒЫЗ ҚҰМАЛАҚ

 

 

 

«Қойшылар алгебрасы» атанған тоғыз құмалақ қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Бұл ойын қазақ, қырғыз, қарақалпақ, тува, алтай халықтары арасында кеңінен тараған.

Ертеректе тоғыз құмалақ ұясын жерден қазып қойдың құмалағымен ойнаған екен. Бұған огапа күрделі жабдықтар да қажет емес. Әр ойыншының тоғыз-тоғыздан шұңқыры (ұя деп аталған) және бір-бірден қазаны болған. Тоғыз құмалақ ойыны құмалақтарының саны 162, яғни әрбір ойыншыда 81 құмалақ болуға тиіс. Сонда әр ұяға тоғыз құмалақтан салынады.

Тоғыз құмалақ есеп ойыны. Мұнда арифметикалық төрт амалды өте жақсы білетін, еске сақтау қабілеті өте күшті адамдар ғана жеңіске жетеді. Математиктердің айтуына қарағанда тоғыз - көптеген арифметикалық жұмбақтар шығаратын ерекше қасиеті бар сан. Ойынның тоғыз құмалақ аталуында және әр ұяда тоғыз тас болуында үлкен сыр бар сияқты. Бұл қазақ халқының қашаннан алғыр, ауызекі есепке жүйрік болғандығын дәлелдейді.

Тоғыз құмалақ ойынының бірнеше түрі бар. Оның балаларға арналған қарапайым түрлерін «Қоздату», «Бестемше» деп атайды. Мұның өзі тоғыз құмалақтың адамның ой-санасының жетілуіне байланысты күрделілене түсетін шытырман қызық ойын екендігін көрсетеді. Біз бұған жеке-жеке тоқталмай-ақ негізгі ойын ережесімен танысайық.

Тоғыз құмалақты ойнау үшін арнаулы тақта жасалынады. Мұның бір жағы шахмат-дойбы үшін пайдаланылатын тақта болуы мүмкін. Тақтада 18 ұя (кіші отау), екі қазан (үлкен отау) болады. Әр жақта тоғыз үй, бір қазан болуға тиіс. Ойын алдында кездесушілер жеребе тастасып, кімнің қай жақта ойнайтынын анықтайды. Ойынды міндетті түрде ақ құмалақ жағы бастайды.

Жүріс тиген құмалақшы өзінің кез-келген отауына бір құмалақ қана қалдырып, қалғанын қолына алып, солдан оңға қарай жүреді. Сөйтіп әр ұяда бір-бір құмалақтан қалдырып отырады. Бұл жағдайда екі жақтың отауына да құмалақтар бірдей түседі. Ең соңғы құмалақ түскен қарсы жақтың ұясындағы сан жұп болса (10, 12, 14, 16) онда сол ұя босатылады да, құмалақ жүруші жақтың қазанына салынады. Ал егер жүрушінің соңғы құмалағы өз ұясына түссе, ол алынбайды. Позициясын нығайту мақсатымен жүйрік ойыншылар кейде осылай жасайды. Ондағы мақсат қарсы жақтың ұяларындағы құмалақ санын жұп етуіне мүмкіндік туғызбау. Мұндай ойын шиеленісіп, ұзаққа созылады. Бұл «жай» жүріс деп, ал қарсы жақтын ұясы жеңілсе, «шабысты жүріс» деп аталынады. Келесі жүріске мүмкіншілік алған қарсы жақтың да мақсаты бәсекелесінің тақ санды құмалағы бар ұясына өзінің соңғы құмалағын салып, ал ондағы құмалақтарды алып қою. Осындай тәртіп бойынша жүріс алма-кезек екі ойыншыға ауысып отырады.

Әр отаудағы құмалақтар санының азайып-көбеюі қарсы жаққа шабуыл жасаудың мүмкіндігін анықтайды. Оны ретке келтіріп отыру ойыншының шеберлігіне байланысты. Тоғыз құмалақтың әр отауы былайша аталады: отаулар әр жақтан солдан оңға қарай «А» әрпінен басталып «И» әрпіне дейін белгіленеді:

А. 1-отау - арт немесе таңдық деп аталады.

Б. 2-отау - тектұрмас.

В. 3-отау - атөтпес.

Г. 4-отау - атсыратар.

Д. 5-отау - бел.

Е. 6-отау - белбасар.

Ж. 7-отау - қандықақпан.

З. 8-отау - көк мойын.

И. 9-отау - маңдай.

Шахмат ойынында пешканың ферзаға шығуы немесе дойбыда биге шығу бар ғой. Тоғыз құмалақта мұндай артықшылыққа ие болу «тұздық» немесе «тұзды үй» деп аталады. Мысалы қарсы жақтың маңдайдан басқа кез келген отауындағы құмалақтар саны екеу болып, шабуылдаушы жақтың ең соңғы құмалағы соған түссе, бұл «тұздық» болып есептелінеді. «Тұздық» берген жақ сол ұядан жүріс бастай алмайды және ондағы құмалақтар «тұздықтың» иесіне көшіп отырады.

Мұндай артықшылыққа екі жақ та бір-бірден ғана ие болуға тиіс. Бір ескеретін жай «тұздықтар» аттас ұялардан және маңдайдан болмайды. Егер «тұздық» белбасарға, қандықақпан, көкмойын отауларынан жасалса, бұл өте қауіпті. Ол қарсы жақтың позициясын қатты әлсіретеді. Халық әр отауға ат беруде де білгірлік танытқан. Мысалы, екінші отау - тектұрмаста құмалақ көп жатпайды. Ойынның алды бірінші маңдай отауынан басталып, соңы арт немесе таңдық отауларынан атөтпес аяқталады. Үшінші ұяның атөтпес аталу себебі оның құмалақтан еш уақытта арылмайтындығынан. Ал төртінші отау - атсыратардан ойынның аяғы басталса, құмалақ тез таусылады. Бел - бел орта, алтыншы отау - белбасар - көбіне қарсы жақтың соңғы құмалағы осыған дәл жетеді. Жетінші, сегізінші отаулардың қандықақпан, көкмойын атауларының себебі егер олар «тұздыққа» берілсе, үстінен жүріс көп өтетін болғандықтан жүруші жақтың құмалағын азайтып, қарсы жақтың позициясын күшейтіп отырады.

Егер бір отауға құмалақ көп жиналса, ол «бай» деп аталады. Егер ойыншылар «байларды» шауып алса, онда жағдайларын біраз жақсартады. Әр ұядағы құмалақтың саны бір айналымға жететін саннан (19) асса, ол да «бай» деп есептелінеді. Екі айналымға жететін «бай» ұяда 37 құмалақ болады. Бірақ мұндай жағдайға жету екі жақ үшін де өте хауіпті. Сондықтан мұндай ұялардың құмалағын басқа отауларға тезірек бөлу керек.

Қазақ халқының өмірі көбіне жылқыға байланысты болғандықтан ойындарда оның есімі көп айтылады. Тоғыз құмалақта да атөтпес пен атсыратар деген екі отау бар. Жүрілетін ұяны «ат» деп атайды. Мысалы, қарсы жақтың бір отауы, шабылайын деп тұрса, «атым жетіп тұр» дейді немесе «көкмойынға атым жетпейді» деуге болады. Бұл көкмойын ұясына жететін құмалағы бар отауым жоқ дегенді білдіреді. Осыдан «байға жетем десең ат жина» деген мақалдың шығуының тоғыз құмалаққа да тікелей қатысы бар. Ойынның аяғына таман құмалақ азайып, қарсы жақтың отауларына шабуылдау мүмкіндігінің төмендеуін «атсырау» дейді. Мұндайда әр жүрісте өз отауларына көшіп, құмалақ жинау арқылы қарсы жаққа шабуыл жасау мүмкіндігі туады. Атсырамау үшін ойыншының өте шебер болуы керек. Оның жолдары көп. Ең аяғында көше алмаған немесе отауларында құмалақ қалмаған ойыншы жеңіледі.

Жарыстар кезінде әр тоғыз құмалақшының ойнаған партиялары жазылып отыруға тиіс. Бұл шебер спортшылардың ойын тактикасын зерттеуге мүкіншілік туғызады. Жоғарыда әр ұя солдан оңға қарай «А» әрпінен басталып, «И» әрпіне дейін белгіленеді дедік. Партия жазуда жүріс басталатын атау былайша жазылады: мысалы, А11 немесе Б7. Мұндағы 11 және 7 цифрлары сол отаулардағы құмалақ саны. Осыдан кейін А11 - деп оның түскен ұясы (мысалы Б14) көрсетіліп аяғындағы сол ұядағы құмалақ саны цифрмен белгіленеді. Егер цифр жұп болса, ондағы құмалақтар қазанға салынады да, аяғына минус белгісі қойылады. «Тұздық» X әрпімен белгіленеді. Мәселен, мына жүріс былайша жазылады: Ж5 - В3Х. Күшті жүрістің аяғына леп (!), нашар жүрістің аяғына сұрау (?) белгілері қойылады.

Осылайша партиялар жазылып кете береді. Әр кездесудің протоколына бас төреші мен секретарь қол қойып, аяғына кімнің ұтқанын жазады.

- Отарбаев А. Шопан серігі. -Алматы, 1978. -232-236.

 

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2024-02-16 17:09:47     Қаралды-51

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »