UF

ЖАНУАРЛАР АТАУЛАРЫ

АКУЛА. Мұхит пен теңізде кездесетін үлкен жыртқыш балықты тек қазақ тілі ғана емес, басқа түркі тілдері мен орыс тілінде де осылайша атайды. Осыған қарағанда түркі тілдеріне басқа бір тілден ауысып келген деген жорамал айтуға тура келеді. Ондай тіл - парсы тілі болса керек. Бұл тілде: акул - «обыр», «тоймайтын», «қанағатсыз» деген мағыналарда қолданылады. Шын мәнісінде, акуланың жыртқыштық қасиеті басқа балық атаулыға қарағанда анағұрлым басым. Осы қасиетіне байланысты «акула» атына ие болған тәрізді.

АҚҚУ. Көлге көрік, жағаға сән беретін, ал ұша қалса аспандағы ақша бұлтқа ұқсайтын әсем де сұлу құсты өздерің де талай көрген боларсыңдар. Оның аты түсіне байланысты қойылған. «Аққу» дегендегі алғашқы буын - «ақ». Өздерің күнде қолданып, күнде айтып жүретін «ақ қағаз», «ақ мақта» сияқты сөздердегі заттың түсін білдіретін «ақ» сөзімен мағынасы бір. Сендерге түсініксізі екінші буындағы - «қу». Қазақ тілімен туыстас тілдердің бірі хакас тілінде «хуу» сөзінің мағынасы біздегі «ақ» сөзімен бірдей. Осыдан «ақ + қу» (ақ-хуу) сөзі пайда болған. Оны толық қазақшаласақ «ақақ» болмақ. Әрине, аққу құсының қара түстісі де бар. Бірақ, біздің жиі көретініміз ақ түстісі. Сөйтіп, «аққу» өз атын «ақ-ақ» деп күшейте айту нәтижесінде иеленген. Басқаша айтқанда, «аппақ» сөзімен барабар.

АРЫСТАН. Халық аузында «аңдар патшасы» делінетін бұл аңның аты - оның ерекше қасиеті мен тұлғасына қарай қойылған. Хакас тілінде «арсыл» сөзі «ашулы, қатал» деген мағынаны білдіреді. Тағы бір туыстас халық - алтай тілінде «тісті, азулы» деген мағынаны ұғындырады. Осы «арсыл» сөзіне, үйреншікті -ан қосымшасы жалғанып, «арсылан» пайда болған. Қазақ тілінде бұл тұлға «арыстан» қалпына дейін өзгерген. Сөйтіп «арыстан» - «тісті аң», «азулы аң» дегенмен бірдей.

АЮ. Бұл аңның екі түрін білесіңдер: қоңыр аю, ақ аю. Аю әрі күшті, әрі қорқынышты аң. «Аю» деген атын осы көрсетілген қасиеттеріне байланысты алған деуге болады. Өте ертеде тасқа қашалған жазуда «айын» - қауіпті, ал «ай» - қорқынышты деген мағыналарды білдірген. Мұндай мағыналы сөз қазіргі монғол тілінде де бар: аюул - қауып, айх - қорқу, шошу деген түсінікте қолданылады. Сойтіп, бұл аңның аты тілімізде ертеректе «қорқынышты», «қауіпті» сияқты мағыналарда қолданылған - «ай», «айын», сөздерінен шыққан.

БУРА. Түйе малының екі түрі бар: бірі - айыр (екі) өркешті, екіншісі - жалғыз өркешті (нар). Айыр өркешті түйенің еркегін - бура, ал нар түйенің еркегін - үлек деп атайды. «Бура» атауы да оның өзіне тән мінез-құлқына байланысты пайда болған. Монғол тілдерінің бірі - буряттарда «бураа» сөзі «құтырған» мағынасын береді.  Шынында да, айыр түйе еркегі көктем кезінде еліреді. Ашуланып, ызалануды қазақ тілінің өзінде де «бур» тұбірлес сөзбен берілетіндігін батырлар жырынан да кездестіреміз: «Буырқанды, бұрсанды, мұздай темір құрсанды». Сөйтіп, «бура» - еліру, құтырудың ертедегі дыбыстық тұлғасы.

БУЫРШЫН. Тілімізде 4 жастағы еркек түйені осылай атайды. Бұл жастағы түйе жүнінің түсі сұрғылт, бозғылдау болады. «Буыршын» түйе де өз атауын осыған байланысты меншіктенгендігі байқалады. Өте ертеректе біздегі «боз» сөзін тұркі тілдерінде «бор» қалпында айтқан. Бұл ойымызды тува тілінде «боз» сөзінің «бора», якут тілінде «бороң» болып дыбысталуы дәлелдейді. Ал монғол тілінде «сұрғылт», «боздау» сияқты мағыналарды «борогчин» сөзі береді. Сөйтіп «буыршын» сөзінің алғашқы мағынасы - «сұр», «боз» мағыналарын беретін «бор» түбіріне «шын» жұрнағы қосылып, «боздау», «сұрғылт» дегенді ұғындырған.

БҰЛҒЫН. Түлкі сияқты терісі бағалы аңдардың бір түрі. Жамбыл өлеңдерінің бірінде: «Бермедің қалы кілем, бұлғың ішік» делінеді. Осындағы «бұлғын ішік» - бұлғын терісінен істелген киімді аңғартады. «Бұлғын» сөзінің түбірі - «бул» қалмақ тілінде «түк», «түбіт» деген мағыналарды ұғындырады. Осы түбірге (бул) монғол тілдеріне тән «гин» жұрнағы қосылып, «түбітті», «түкті» мағынасын беретін «бұлғын» атауы туған. Басқаша айтқанда, бұл атау аң түгінің қымбаттылығынан, түбітке ұқсатудан шыққан.

ДУАДАҚ. Қаз тұқымдас дала құсын біз осылай атаймыз. Сырт қарағанның өзінде қос сөзден құралып, қалыптасқаны көрініп-ақ тұр. Бірінші сөз дуа, екіншісі - дақ. Ертедегі тұркі жазба ескерткіштері сөздігінде қазіргі «түйе» аталатын мал «деуә» дыбыс құрамында қолданылған. Осы тұлға қазіргі кезге дейін кейбір түркі тілдерінде, дәлірек айтсақ, түрікмендерде сақталып «дүе» қалпында айтылады. Ал екінші буындағы «дақ» қазіргі тіліміздегі «сияқты», «тәрізді» мағыналарының ергедегі түрі. Ол қазақ тілінде жұрнаққа айналып -дай, -дей (баладай-бала сияқты т. б.) қалпына дейін өзгерген. Сойтіп, «дуадақ» атауымыз - «деуә» және «дақ» сөздерінен пайда болып, мағынасы - «түйедей» немесе - «түйе сияқты құс» дегенді нұсқайды.

ЕЛІК. Бұғы тұқымдас жаңуар. Қазақтарда әдемілікті білдіретін «еліктің лағындай» деген теңеу де кездеседі. Бұл жануар да ез атауын бойына біткен тез, әрі әсем жүру қасиетіне байланысты алған тәрізді. Якут тілінде «елік» сөзі - тез, шапшаң, епті деген мағына береді. Ерте кездерде қазақтар да шапшаң, жылдам сөздерінің орнына «елік» сөзін қолданған деген жорамаға жол береміз.

ЖАЙЫН. Жыртқыш балықтың бір түрі. Оның бұл атауы Орта Азиядағы кейбір түркі тілдерінде ғана кездеседі: Қырғыздарда - жайын балық, түрікмен тілінде - яйын. Сібір, Алтай төңірегіндегі түркі тілдеріне дәл мұндай атау жайылмаған. Осыған қарағанда «жайын» сөзінің тегі басқа тілдерден шыққан деуге тура келеді. Парсы тілінде: жийан - жыртқыш және үрейлі, қорқынышты мағыналарында қолданылады. Біздің өзендерімізде кездесетін балықтың бұл түрі басқаларға қарағанда, шын мәнінде, үрей туғызарлықтай. Осыған орай «балық» сөзінің алдына парсыдан енген, «жийан» сезі қосылып, «жийан балық» қалпында көрініп, кейінірек «жайын балық» одан әрі «балық» сезі тұсіріліп, «жайын» болып қалыптасқан. Алғаш «жайын балық» қалпында болғандығын қырғыз тілі дерегі көрсетіп отыр. Сөйтіп, «жайын» атауының мағынасы - жыртқыш, үрейлі, қорқынышты балық дегенге саяды.

ЖАПАЛАҚ. Жыртқыш құстардың бір түрі. Сырт қарағанда, құстарда құлақ бар екенін аңғару қиын. Өйткені, олардың құлағы кәзге көрінбейді. Ал жапалақтың кейбір түрінде құлағы көрініп тұрады. Сондықтан да оларды «құлақты жапалақ» дейді. Осымен байланысты «жапалақ» сөзі екі түбірден құралған деп жорамалдаймыз. Бірінші «йап». Бұл сөз түрік тілінде «үнсіз», «тым-тырыс» деген мағына береді. Екіншісі - «құлақ». Бұл бәрімізге таныс сөз. Екі түбірді қосқанда «йапқұлақ» пайда болады. Кейбір туыс тілдердегі «й» дыбысы орнына қазақ тілінде «ж» қолданылады. (Татарша - йақшы, қазақша - жақсы). Екі сөз қосылғаннан кейін соңғы түбірдің бас дыбысы - «қ» түсірілген. Осылайша «йапқұлақ» сөзінен «жапқұлақ» одан әрі «жапұлақ» сөзі келіп шыққан. Кейін келе, «а» дыбыстарының қоршауына түскен «ү» солардың ыңғайына қарай сәйкестеніп, «жапалақ» болып өзгерген. Басқа құстарға қарағанда «жапалақтың» тыныштық сақтауға төзімі жететіндігін еске алсақ, оның атының пайда болуы жөніндегі жорамал теріс емес сияқты. Ал дыбыс өзгерістері тілдегі заңдылықтан туған.

ЖОЛБАРЫС. Жыртқыш аң. Бұл да атауын түсіне, тұлғасына сәйкес алған. Аң терісі жолақ сызықтармен таңбаланған. Біздегі «жолақ» сөзі қырғыздарда «жолдуу» дыбыстық құрамда көрінеді. Аң атауындағы бірінші буын «жол» - жолақ, жолдуу сөздерінің қысқарғап түрі. Ал екінші буындағы «бар» - ертедегі түркі тілдерінде «үлкен» мағынасын білдірген. Соңғы буын -ыс - жұрнақ. Осы ұш буынның қосындысы «жолбарыс» сөзі «жолақ үлкен аң» деген мағынаны аңғартады. Кейінгі кездерде «аң» сөзі түсіріліп «жолбарыс» түріне дейін ықшамдалған.

ЖЫЛҚЫ. Мінсе - көлік, сауса - қымыз беретін төрт түлік малдың бірі. Бірақ «жылқы» сөзі алғаш қандай мағынада қолданылғанын біле беру оңай емес. Айғыр, ат, бие, құлын, тай атаулының жиынын «үйір» деп атайтынын білесіңдер. Біздің осы ойымызды тува тілінің дерегі анықтайды. Оларда дәл осындай - «үйір» деген ұғымды «чылгы» сөзі береді. Сөйтіп, «жылқының» алғашқы мағынасы «үйір» деген сөзден шыққан деп айтуымызға әбден болатын сияқты.

ИТ. Адам баласының алғаш қолға үйреткен жыртқыш аңдарының бірін біз қазір осылай атаймыз. Ал жануарлар дүниесіне кіретін құстар мен аңдарға ат қою олардың іс-әрекеті, тұсіне, дыбыс шығаруына байланысты болатыны да бар. Айталық, көкек, тоқылдақ тағы басқалар. Сол сияқты «ит» те өз атауын тұла бойына біткен қасиетіне орай алған. Тунгус-маньчжур тобындағы тілдердің көбінде «иит», «иитмэт» сияқты тұлғалар «ырылдау», «тісін қайрау» мағыналарында қолданылады. Демек, ит те өз атауын сол қасиетіне сай иеленген деуімізге әбден болады.

КӨГЕРШІН. Бұл атау құстың түсіне байланысты пайда болған. Сөз түбірі - көк. Осы түбірге түрлі жұрнақтар қосылу арқылы көк түсімен тектес басқа да реңдер (түстер) атаулары жасалатыны белгілі. Якут тілінде «кегөлчор» немесе «көгөччер» сөздері - болат реңдес, қара көк деген түсті аңғартады. Бара-бара осы тұлғалас атау қазақ тілінде «көгершін» қалпына дейін өзгеріп, кейін келе құс атауына көшкен.

Көгершінді қазақтар кейде «кептер» деп те атайды. Бұл атау да құстың түсіне байланысты қойылған. Қазақ тіліне, жалпы түркі тілдеріне, туыстығы жағынан жақын саналатын маньчжур тобындағы тілдердің бірінде «һэпкэмэ», екіншісінде «һэвкэн» сөздері «сұр», «сұрғылт» сияқты мағыналарды береді. Бұлардағы сөз түбірі «һэп» болса, осыған қазақ тіліне тән жұрнақ -тер қосылып, «кептер» пайда болған. Ал құс түсінің көбіне сұр, қара көкшіл болып келетіні белгілі.

КІРПІ. Бұл мақұлық та өз атауын тікірейген тікеніне байланысты алған. Ертеде шыққан сөздіктердің бірінде «тікен», «тікенек» деген мағынаны «қорі» сөзі білдірген. Осыған -пі жұрнағы жалғану арқылы «кірпі» пайда болып, оның мағынасы «тікенекті» дегенді ұғындырған. Тіпті адам мен жануарлар көзінің маңайындағы «кірпік» аталатын зат атауы да осы «тікен», «тікенек» мағыналарымен тамырлас деуге болады.

ҚАРЛЫҒАШ. Күнде көріп жүрген осы бір кішкене құстың атауы өзінің түр-түсіне байланысты пайда болған. Қазақ тілінде ақ пен қара түстердің араласып келуін «қара ала» деп те айта береді. Ал мына құстың түсі - тек ақ пен қараның араласуынан тұрады. Сондықтан оның алғашқы атауы - «қара ала құс» болған сияқты. Бертін келе, сөздердің біріге түсуінен кейбір дыбыстар түсіп, соның салдарынан қалған дыбыстар өзгеріске ұшырай отырып «қаралақұс» одан әрі «қарлақұс», «қарлығұс», «қарлығаш» қалпына дейін өзгерген. Сөйтіп, құс атауы «қарлығаш» - «қара ала құс» деген мағынадан шыққан.

ҚАСҚЫР. Жалпы жұртқа кеңінен мәлім, жыртқыш аңдардың бірі. Буряттарда біздегі «тістеу», «қабу» мағыналарын, «хасха» сөзі ұғындырады. Осы сөзге қосымшасының жалғануы нәтижесінде, «қасқыр» атауы шықса керек. «Хасқа» сөзіндегі соңғы «а» дыбысының «ы» болып өзгеруі тіл заңдылығында жиі кездесетін құбылыс. Мұны мысалы, кей жерлерде кездесетін «арқалы», «қажарлы» сөздерінің әдеби тілімізде «арқылы», «қажырлы» болып өзгергенінен де байқауға болады.

Қасқырды біз «бөрі» деп те атаймыз. Оның бұлай аталуына қасқырдың табиғи белгілері себеп болған деген жорамал бар. Соның бірі - якут тілінде қасқырдың алдыңғы аяғындағы қара жолақ белгіні «бөрте» деп атайды екен. Ал келе-келе ондағы «т» дыбысының түсіп, «бөре», «бөрұ», «бөрі» қалпына дейін өзгеруіне таңдануға болмайды.

Екінші бір табиғи белгі - қасқыр түсінің сұр болып келуі. Қазақ тіліндегі «сұр», «боз» сияқты түстерді якутша «бороң», монғолдарда «боро» қалпында қолданады. Осы сөздер біздің тілімізде «бөрі» дыбыстық тұлғасына дейін өзгерген бе дейміз. Соңғы пікірдің дұрыстығын халық аузындағы: «Қасқырды сұрлығы үшін емес, ұрлығы ушін соғады» деген мақал да растай түскендей.

ҚОРАЗ. Қазақстанның кей жерінде әтешті осылай деп те атайды. Ал түркі тілдері ішінен оны түрікмендер, ұйғырлар, құмықтар, қырғыздар, қарақалпақтар қолданады. «Қораз» сөзі ертедегі түркі жазба ескерткіштерінде де ұшырасады.

Сөздің шыққан төркіні парсы тілі. Оларда «хорус» сөзі әтеш деген мағына береді. Бұл атауды ол өзіне тән қасиеттердің бірі - айқайлау, шақыруға байланысты иеленсе керек. Өйткені парсы тілінде: хоруш - айқайлау мағынасын ұғындырады.

Ал Қазақстанның енді бір жерлеріндегі тұрғындар қоразды «әтеш» дейді. Сөз түбірі «ата» деп қарар болсақ, онда ноғай, башқұрт, татар тілдерінде онымыз жануарлардың еркегі деген мағына берер еді. Чуваш тілінде «әтеш» «автан» делінеді, ал якуттарда «атас» - бұлғынның еркегі. Осы деректерден-ақ «әтеш» сөзінің түбірі «ата» екендігін аңғарамыз. Біз қаздың еркегін «ата қаз» деп те атаймыз. Сондықтан «әтеш» сөзің «атас» тұлғасының дыбыстық өзгеріске түскен түрі деуімізге әбден болады.

ҚОЯН. Біздің байқауымызша, «қоян» атауы да оның ең басты кемшілігі - қорқақтың, үрейшілдік қасиетіне байланысты айтылса керек. Кейбір түркі тілдерінде осындай қасиетті білдіретін түбір сөздер кездеседі. Тува тілінде: хоюган-қорқақ, үркек деген мағына береді. Сөз түбірі бір буын екендігі хакас тілі дерегінен анықтала түседі. Онда: хұй - қорқу, шошу. Сөйтіп, осы түбірлерге -ан қосымшасы жалғану арқылы «қорқақ аң» мағынасындағы «қоян» пайда болған.

ҚҰЛЫН. Жан-жануарлар әдетте өз атауын түсіне, іс-әрекет, қозғалысына, бітім-болмысына байланысты алатынына көз жеткізіп отырмыз. Мысалы, «көгершік» өз атауын түсіне, ал «көкек» өзіне тән «өнеріне» қарай меншіктенгендігін білдік. Дәл сол сияқты, жылқы түлігінің жас төлінің «құлын» болып аталуы да оның бойындағы шапшаңдық, ойнақылық тәрізді қасиетке байланысты. Басқа ірі малдар төліне қарағанда (түйе мен сиырдың) жылқы төлі өте тез ширап, шапшаң қозғалады. Ал якут тілінде «холуон» тұлғасындағы сөз біздегі «шапшаң», «пысық», «ойнақы» деген сөздер орнына қолданылады. Тіліміздегі «құлынды» дүниеге тудырған да осы сөз-ау дейміз.

ҚЫЗҒЫШ. Көзінің айналасы мен бауыры ақ, басы мен мойны қара, үлкендігі көгершін шамалас, өзен, көл маңын, сазды жерді мекендейтін құс.

«Қызғыш» - екі сқздің қосындысы. Біріншісі - қыз, екіншісі - ғыш. Өте ерте кездегі тілімізде «қыз» сөзінің мағынасы - сараң, қызғаншақ дегенді аңғартқан. Ал «ғыш» қазір өзіміз күнде айтып жүрген «құс» сөзінің дыбыстық өзгеріске ұшыраған түрі. Демек, қазіргі «қызғыш» тұлғасы алғашқы кезде «қыз құс» та, ал мағынасы - «қызғаншақ құс». «Қызғыштай қорғау» мәтелі де осы қызғаншақтықпен байланысты туса керек. Өйткені қызғыш жұмыртқасын, балапанын жауларынан жанын сала қорғайды.

САЗАН. Балықтың бір түрі тілімізде осылай аталады. Кейбір туыстас тілдерде, дәлірек айтсақ, қалмақ тілінде дыбысталуы «сазанға» сәйкес «заһсн» сөзі жалпы балық атауына арналған. Осы «балық» мағынасындағы - «заһсн» қазақ тілінде мағына ажырату салдарынан балықтың бір түрі - сазанға меншіктелген. Тілде мұндай құбылмалы жағдай бола беретініне мына мысал айғақ: тува да «ыдыс» мағынасын «сава» дыбыстық құрамындағы сөз ұғындырса, қазақтарда ол ыдыстың бір ғана түрі - теріден жасалып, қымыз құятын затқа арналған. Тіпті монғол, қалмақ тілдерінің өзінде «цагаан», «сазн» сөздері «сазан» мағынасын береді. Демек, бұлардың өздерінде де балықтың бір түрі «сазанның» атауына алғаш «балық» мағынасын меншіктенген «заһсн» сөзінің арқау болғандығы көрініп тұр.

САМҰРЫҚ. Ертегілерде жиі айтылатын алып құс. Аңыз бойынша, ол арқасына адамды отырғызып алып та ұша береді. Алып құстың бұл аты түркі және монғол тілдеріндегі «қалқу», «қалықтау» мағыналарымен байланысты туған. Мұны қазіргі монғол тілінің дерегі де қостай туседі. Ондағы «самрах» сөзі қазақ тіліндегі «қалқу», «жүзу» (әуеде, суда) дегенмен мағыналас. Өз тіліміздегі «самғау» да осымен мазмұндас екендігін айта кеткен жөн. Сөйтіп «самұрық» аты мағына жағынан «қалықтау» дегенге сәйкес келеді.

САУЫСҚАН. Құйрығы ұзындау, қара ала құс. Оның өзіне тән қасиетінің бірі - өте сақ, үркек. Бізде осы құстың өте сақтығына байланысты туған - «сауысқаннан да сақ» деген мәтел бар. Құстың осы қасиеті - оны «сауысқан» атандыруға себепші болса керек. Бұл ойымызды қазақ тілімен туыстас ұйғыр, шор тілдерінің деректері де қостайды. Оларда біздегі «сауысқан» сөзі - «сағысқан» тұлғасында кездеседі. Демек, сауысқан сөзі былайша қалыптасқан: сақ+құс+қан. «Саққұс» сөзіне көптеген аң, құс аттарына жалғанатын -қан жұрнағы қосылған. Қазақ тілінде алғашқы «қ» дыбысы «у»-ға айналып, одан кейінгі «қ» түсірілген. Осылайша «сауысқан» пайда болған. «Қ», «ғ» дыбыстарының «у»-ға ауысуы түркі тілдеріне ежелден тән құбылыс (түрікменше - саг бол, қазақша - сау бол, т. б.)

СИЫР. Бұл да өз атауын адамға тигізетін пайдасына орай иеленген. Адам сиыр сүтін қорек етеді. Ерте кездегі тілімізде «сауу» мағынасын «сығыр» тұлғасындағы сөз беретін болған. Уақыт өткен сайын, қазақ тілінде бұл сөз «сиыр» тұлғасына дейін ықшамдалып, төрт түлік малдың біріне атау болып белгіленген. Осылайша қазіргі «сиыр» деген сөздің мағынасы «сауатын мал» дегенді аңғартады.

ТАЗЫ. Аңға қосатын иттің бір түрі. Тазының әрекеті - қашқан аңды қуып жетіп, тайсалмай бас салу. Осы әрекетіне байланысты - «тазы» аталған. Өйткені, сөз құрамы жағынан түркі тілдеріне туыстас бір тілде (сарыкөл тілінде) «тиз» сөзі «ұмтылу», «бас салу» мағыналарын береді. Қазақтарда кейде «тазы ит» деп те айтады. Осыған қарағанда, кейінгі кездерде «ит» сөзі түсіріліп, «ұмтылатын, бас салатьін ит» мағынасын «тазы» сөзінің өзі-ақ түсіндірерлік қалыпқа жеткен сияқты.

ТАЙЛАҚ. Бір жастан асқан, екі жасқа толмаған түйе төлі. Оның «тайлақ» аталуы жүрісі мен жүгірісіне қарай берілгенге ұқсайды. Түйе малы, әсіресе, тайлақтың шабысы өзгеше. Олар артқы аяғын шалыс, қисық басады. Мұндай жүрісті қазақ тілінде «тайраңдау» десе, монғол тілінде «туйлах» қалпында айтады. Екі тілде де сөз түбірі сәйкес. Бірінде - «тай», екіншісінде - «туй». Сөздің соңғы буындары - әр тілге тән қосымшалар. Монғол тіліндегі сөз түбірі «туй» - шалыс, қисық мағынасын берсе, оған -лак, жұрнағы қосылып, «шалыс басу», «қисық басу» дегенді білдіріп тұр. Демек, «тайлақ» өз атауын жүрісіне байланысты меншіктенген.

ТОРҒАЙ. Құстың бұл түрін бәрің де білесіңдер. «Торғай» аты дене тұрқының шағын, кішкентайлығына байланысты қойылған. Якут тілінде «туор» - «арық» деген мағынаға ие. Осы түбірге сол тілге тән -хай жұрнағы қосылғанда - «әлсіз», «нәзік» дегенді ұғындырады. Шамасы, алғашқы кездерде «туорхай құс» тіркесінде айтьілып (қазақша: «әлсіз құс»), кейін «құс» сөзі түсіріліп, «туор-хай» десе де түсінікті болған. «Туорхайдың» қазақ тілінің даму барысында «торғай» қалпына жетуі заңды құбылыс.

ТӨБЕТ. Тілімізде иттің еркегін осылай атайды. Әдетте еркек ит ұрғашысынан ірі, үлкен болады. Осы ерекшелігіне байланысты оның «төбет» атауы шыққан. Түркі, монғол тілдерінде «тойв» немесе «тойбо» сөздері кейде ірі, үлкен деген мағына берген. Ерте кездерде осы сөздердің бірі «ит» сөзінің алдында айтылып, оның ірілігін білдіру үшін «тойв ит» қалпында қолданылған тәрізді. Мезгіл, уақыт өткен сайын бұл сөздердің біріге түсуінен, кейбір дыбыстар түсіріліп, қазіргі «төбет» қалпына дейін жеткен. Қазіргі тіліміздегі «төбет» сөзі - «ірі ит» дегенмен бірдей.

ТҮЙҒЫН. Жыртқыш құстың бір түрі. Бұл атау да сол құстың жеке қасиетіне байланысты туған. Түркі тілдерінің ертедегі жазба ескерткіштерінде «түйғун» сөзі белгілі бір хайуанға тән қасиет мағынасында қолданылған. Қазіргі якут тілінің өзінде «туйгун» сөзі «өте жақсы», «тамаша» сияқты мағыналарда көрінеді. Осыған сәйкес «тұйғын қаршыға» (қазақша: «тамаша қаршыға») деп қосарлап айтпай-ақ, «тұйғын» десе де түсінікті болып, атау боп қалыптасқан.

ТҮЙЕ. Кейбір тіл деректеріне қарағанда, малдың бұл түріне тағылған «түйе» сөзі алғашқы атау емес екендігі аңғарылады. Парсы тілінде осы тұлғалас «даббэ» сөзінің үш түрлі мағынасын көреміз: 1) салт мінуге арналған үй жануары, 2) жүк артатын жануар, 3) жануар. Мұнда «даббэ» сөзі тікелей «түйе» мағынасында қолданылмайды. Осыларды еске алсақ, өте ерте кездерде жалпы үй жануарларын «даббэ» деп атағандығы байқалады. Бертін келе, көбіне жүк артатын жануар түрі біреу ғана болғандықтан «даббэ» сөзі соған ғана меншіктелген сияқты. Сөйтіп, қазіргі тіліміздегі «түйе» сөзі, алғаш жүк артатын малдың жалпы атауы «даббэ» тұлғасының өзгерген түрі болмақ.

ТҮЛЕН. Теңізде өмір сүретін сүт қоректілердің бірі. Оның әрқашан семіз болатыны да мәлім. «Түлен» деген атаудың өзі де, оның семіздігіне байланысты шыққан деуге болады. Татар тілінде «тұл» сөзі біздегі «май» мағынасын берсе, «түллі» - «семіз» сөзінің баламасы ретінде қолданылады. Ал «түлен» сөзіндегі соңғы -ен қосымшасы және оның -ан дыбыстық түрі басқа түркі тілдерімен қатар қазақ тілінде де бірқатар аң, балық атауларында ұшырасып отыратындығын (сазан, құлан, күзен т. б.) көруге болады. Сөйтіп, «түлен» атауы «түл аң», яғни, «семіз аң» дегенді білдіреді.

ТҮЛКІ. Айлакер, алдауға шебер бұл аңды халық ертегілерінен жақсы білесіңдер. Бұл атаудың шығуы да қызық. Тіліміздегі жүн, қылшықтың тағы бір атауы - түк. Осы сөз якут тілінде - «тұү» болып айтылады. Терісінде түктің молдығы, көптігі ескеріліп -лі -ті жұрнағының жәрдемімен (сүтті, майлы дегендей), әуелі бұл аң «түклі» атанған. Кейін қатар тұрған «к» мен «л» дыбыстары өзара орын алмастырып (қолғап - қолбақ, қапқан - қақпан сияқты), «түлкі» қалпына жеткен. Сөйтіп, «түлкі» дегеніміз - «түгі мол аң» деген сөз.

ҮКІ. Жапалақ тектес құс. Екі шекесінде құлаққа ұқсас қауырсыны тікірейіп тұрады. Ертеде үкі қауырсынын қыз-жігіттер тақияның, бөріктің тебесіне сән үшін тағып жүрген.

Монғол тілдерінің бірінде «үһэн» сөзі «түк», «қыл» мағынасында қолданылады. Екі шекесінде тікірейіп тұрған қауырсынына орай «үһэн» аталып, кейініреқ қазақ тілінде өзгеріске ұшырап, «үкі» болып қалыптасқан.

ШАҒАЛА. Өзен, көл, теңіз үстінде ұшып жүретін түсі ақ құс. Оның бір қасиеті - үнемі әр түрлі дыбыстар шығарады. Ыбырай Алтынсарин аталарың жазған «Асан мен Үсен» атты әңгімеде түн мезгілінде бірде балаша жылап, бірде қарқылдап күлгендей дыбыстар шығаратын осы құстың бір түрі - өгіз шағала деп аталады. Оның «шағала» аталуы да осы алуан түрлі дыбыстар шығаруына байланысты. Ертедегі тілімізде «чағыла» тұлғасындағы сөз «айқайлау» «шулау» мағынасында қолданылған. Құстың осындай қасиетіне сәйкес «шағала» аты берілген.

ШОРТАҢ. Біздегі «шортан» сөзінің мағынасына кейбір монғол тілдеріндегі, дәлірек айтсақ, буряттардағы «сордан» сөзі сәйкес келеді. Сол тілді зерттеуші ғалымдар «сордон» төркінін «ұзын», «сопақша» мағынасын беретін «сордогор» сөзінен шығарады. Бұл пікір сенбестік туғызбайды. Өйткені «шортан» денесінің ұзынша, сопақша келетінін бәріміз де білеміз. Қорыта айтсақ, балық өз атауын дене құрылысына байланысты меншіктенген. Сонда «шортан балық» дегеніміз - «ұзынша, сопақша балық» болмақ.

Нұрмағамбтов Ә. Сөз сырына саяхат. -Алматы, 1990. -Б.40-56.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2024-02-20 20:28:00     Қаралды-71

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СОВЕТ ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЛАРЫ

...

СССР-ді қорғау жолында жасаған ерлігі мен батырлығы үшін Совет Одағының Батыры атағына ие болған қазақстандық қаһармандар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАҺАРМАН ХАНДАРЫ

...

Қазақ төрінде отырып, халық қамын ойлаған ойлы хандар аз болған жоқ. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деп қазақ халқы тегін айтпаған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПАЙҒАМБАР НЕГЕ БАЛДЫ (ӘСЕЛ) ТАҢДАМАДЫ?

...

Расында, ең шырынды гүл мен шүйгінді шөптен жиналатын балдың адам денсаулығына пайдасы зор екені бесенеден белгілі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

Жұлдызды жауынгерлер әлемді қалай өзгертті

...

1977 жылы алғашқы рет «Жұлдызды жауынгерлерді» көргеннен кейін Джеймс Кемерон қалааралық жүргізуші жұмысымнан кетті және кинематограф болуға бел буды. Фильмнің экран нұсқасы 1977 жылы көптеген ізбасарлардың, ойындардың санын, сонымен қатар «Жұлдызды жау

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ШОҚПАРБАС ПЛАУН – ДЕНЕДЕГІ ШАНШУЛАРДЫ ЕМДЕЙДІ

...

Дәрі жасау үшін шоқпарбас плаунның жас бұтақтарын және спораларын жинап алады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚҰЛАН

...

Құлан - жылқы тектес тұякты жануарлардың бірі. Құлан «Қызыл кітаптың» қызыл парағынан орын алған. Оның тірілей салмағы 250-300 кг. Етінің дәмділігіне қызыққан аңшылар оны мүлде құртып жібере жаздаған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »