UF

Тоғыс есебі - уақыт есебінің Үркер шоқжұлдызы бойынша жүрғізілетін жүйесі, яғни Үркерге негізделген календарь. Ай орағының немесе Ай табағының Үркерді «басып өтуі» тоғыс, тоғысу немесе тоғаю деп аталады. Тоғыс кезінде аспан әлемінің аядай учаскесіне шоғырланып жиналған Үркердің айқын 6 жұлдызы Айдың арғы жағында, тасада қалады да, жердегі бақылаушыға көрінбейді. Ай ақырын жылжып өтіп кеткенде тоғыс аяқталып, Үркер көрінеді. Ай мен Үркер үнемі тоғыса бермейді. Тетелес келетін екі тоғыстың аралығында өтетін уақытты қазақ халқы тоғыс айы деп атаған. Оның ұзақтығы жуық түрде 27,32 тәулік, яғни 27 күн 7 сағ. 43 мин. Дөңгелектеп, 28 күн етіп алғанда 28X13 = 364 болады. Сондықтан Ай мен Үркер жыл ішінде 13 рет қана тоғыса алады, жылда 13 тоғыс айы болады.

Жаздың басында Үркер аспан әлемінің екінші жағына (көкжиектен төмен) кетеді де, Жер шарының солтүстік жартысындағы елдерге 40 күндей көрінбейді. Қазақтар бұл жөнінде: «Үркер 40 күн жерде жатады» деген. «Жерде жататын» кезінде Үркер Аймен 2 рет тоғысуға тиіс, бірақ олары бізге көрінбейді. Біз 11 тоғысты ғана көре аламыз. Үркерді бір жаңасындағы Ай орағы жауып өткеннен кейінгі 4 апта уақыт бір тоғыс айы деп аталады. Осы сияқты, 3, 5, 7, ... , 25 тоғыс айлары болады, бәрі де 28 күннен. Тоғысу үнемі тақ санға келе бермейді, 4 тоғыс т. с. с. болуы да мүмкін. Бірақ оларды қалыптасқан дәстүр бойынша, тақ санға келтіріп, 5 тоғыс, 7 тоғыс т. с. с. деп айта береді. Сондықтан тоғыс есебінде жұп сандар кездеспейді. Календарьлық жылда 365 немесе 366 күн болатыны мәлім. 13 тоғыстың бұған 1-2 күні кем. Бұл кем күндер жыл аяғында, тоғыстан тыс қосылып отырады. Тоғыс есебін жүргізу үшін әжептәуір білім керек. Бұл мәселемен шұғылданған сауатты адамдар есепшілер деп аталған. Есепшілер Айды, Үркерді, Сүмбілені т. б. жұлдыздарды бақылап, төл алу, бие байлау, жайлауға көшу, қой қырқу, күйек ағыту т. с. с. шаруашылық маусымдарының мерзімдерін бұқара халыққа жариялап отырған. Олардың практикалық ережелері бойынша: «5 тоғыста күйек түседі», «3 тоғыста қой қоздайды» т. с. с. Есепшілердің атқарған ролін:

«Ел күйекті шешіпті,

«Есепші айтты», - десіпті»

(Ілияс Жансүгіров)

сияқты өлең жолдарынан да аңғаруға болады.

Тоғыс есебі бойынша жыл басы - бір тоғыс айы, ол григориан календары бойынша әрдайым май айында басталады, содан соң сәйкес ретімен 25, 23, 21, ... 5,3 тоғыс айлары келеді, ең ақырғысы (13 = ай) - 3 тоғыс айы. Бір тоғыс айында Қазақстан жеріне жыл құстарының бәрі де келіп болады. Сондықтан жыл құстарының келуі жаңа жылдың (тоғыс есебі бойыпша) басталғандығының қарапайым табиғи белгісі болған. «Жыл құсы» революциядан бұрынғы қазақ әдебиетінде үлкен тақырыпқа айналған.

1977-1978 шаруашылық жылына сәйкес тоғыс айлары:

I.

11.

Бір тоғыс айы

19.5-15.6. 1977,

16.6-13.7,

25

»

»

III.

23

»

»

14.7-10.8,

IV.

21

»

»

11,8-7.9,

V.

19

»

»

8.9-5.10,

VI.

17

»

»

6.10-2.11,

VII.

15

»

»

3.11-30.11,

VIII.

13

»

»

1.12-28.12,

IX.

11

»

»

29.12-25.1.1978,

X.

9

»

»

26.1-22,2,

XI.

7

»

»

23.2-22.3,

XII.

5

»

»

23.3-19.4,

XIII.

3

»

»

20.4-17.5. 1978.

 

Бұған 18 мамыр күнін қосқанда жыл 365 күн болып шығады. Тоғыстардың таблицасы 19 жылда 1 рет қайталанып отырады.

Тоғыс есебі ежелгі түркілер мен үнділерде болған. Г. Н.Потаниннің келтірген деректеріне қарағанда Сибирьдің түркі тілдес халықтары (алтайлықтар, хакастар, тувалықтар т. б.) 1917 жылға дейін тоғыс есебін қолданып келген. Қырғыздардың байырғы календарындағы «тоғыздың айы», «жетінің айы», «бестің айы» т. с. с. ай аттары ежелгі қырғыздардың да тоғыс есебін қолданғандығын көрсетеді.

Жоғарыда айтылған кейбір авторлар қазақ жылында 13 ай, айларында 27-28 күн болды дегенде азаматтық айлар мен тоғыс айларын шатастырып алған болуы керек. В.В. Радлов қазақ жылының басымай (отамалы) айы деген болатын. Бір тоғыс айы жуық түрде майға сәйкес келеді.

Тоғыс есебі күрделі, сондықтан оны әркім біле бермейді. Оның үстіне тоғыс айларының реті табиғи тәртіпке кері жүреді: 21 тоғыс айы, 19 тоғыс айы т. с. с. 25 және 23-тоғыстар көрінбейді. Осының салдарынан болар, тарихи документтерде тоғыс бойынша көрсетілген даталар кездеспейді. Тоғыс есебінің элементтері ауыз әдебиетінде де, жазба әдебиетте де жоққа таңдық. Белгілі біреуі мынадай:

«Қыз Назымға таласып,

Екі батыр соғысты.

Бұлтты шайнап мұз бүркіп, Үркер мен Айдай тоғысты»

(«Қамбар батыр» жырынан).

Астрономиядан жазылған белгілі кітаптарда тоғыс есебі айтылмаған, кейбір мақалаларда айтыла қалған күнде «уақыт есебін Үркер бойынша жүргізген» дей салынған. Қалай жүргізілгені мәлімсіз. Тоғыс есебінің анықтамасы мен теориялық негіздері бізге белгілі әдебиетте X. Әбішев пен осы жолдар авторының еңбектерінде ғана кездеседі.

Бақылаушыға көрінетін орындарына қарай жұлдыздар 88 үйірге бөлінген. Бұл үйірлер, яғни жұлдыз топтары, шоқ- жұлдыздар деп аталады.

Күн аспан күмбезінің бергі жағында қозғалып жүретін сияқты болып көрінеді және жыл ішінде оның керінетін орындары ауысып отырады. Күннің осы көрінерлік жолында 12 шоқжұлдыз бар. Бұлардын әрқайсысында Күн жуық шамамен айтқанда бір ай болды. Тұсына Күн келген шоқжұлдыз көрінбейді, өйткені ол Күннің тасасында (сырт жағында) қалады. Мысалы, Қүн маусым айында Босаға шоқжұлдызының тұсына келеді, сондықтан бұл айда Босаға көрінбейді.

Күн жолындағы 12 шоқжұлдызға ежелгі грек ғалымдары хайуандардың аттарын қойған: Тоқты, Торпақ, Егіздер, Шаян, Арыстан, Бикеш, Таразы, Бүйі, Мерген, Ешкімүйіз, Суқұйғыш, Балықтар. Грекше хайуан деген сөз «зоон», одан «зодиак» деген анықтауыш шығады. Сондықтан айтылып отырған 12 шоқжұлдыз зодиак шоқжұлдыздары немесе қысқаша түрде зодиак деп аталған. Ертедегі халықтардың көпшілігі зодиактың әрбір бөлігін бір ай деп есептеп, оларды календарьда пайдаланған.

Зодиак шоқжұлдыздары халықтар арасында былай аталған:

Тоқты - латынша Ариес, грекше Криос, еврейше Тола, сирияша Әміра, арабша әл-Хамал немесе әл-Қәбіш, парсыша Бара, орысша Овен.

Торпақ - латынша Таурус, грекше Таурос, еврейше Шур, сирияша Таура, арабша әс-Сәуір, парсыша Гәу, орысша Телец.

Егіздер - латынша Гемини, грекше Дидиму, еврейше Тумим, сирияша Тәми, арабша әл-Джауза немесе әт-Тауаман, парсыша Дүпейкер, орысша Близнецы,

Шаян - латынша Канцер, грекше Қарканос, еврейше Саратон, сирияша Саратан, арабша әс-Саратан, парсыша Қарзаң, орысша  Рак,

Арыстан - латынша Лео, грекше Лаон, еврейше Ари, сирияша Ария, арабша әл-Әсет, парсыша Шір, орысша Лев,

Бикеш - латынша Вирго, грекше Парсанас, еврейше Батулу, сирияша Шәбалта немеее Биталта, арабша әл-Әзра немесе әс-Сүнбілә, парсыша Хұша, орысша Дева,

Таразы - латынша Либра, грекше Зугас, еврейше Мозаним, сирияша Масаса, арабша әл-Мизан, парсыша Таразу немесе Таразық, орысша Весы,

Бүйі - латынша Скорпиус, грекше Искарбиус, еврейше Акроб, сирияша Акраба, арабша әл-Ақырап, парсыша Қаждүм, орысша Скорпион,

Мерген - латынша Загиттариус, грекше Таксавтас, еврейше Қишт, сирияша Қәшта Сәлмарабба, арабша әл-Қауыс немесе әр-Рәми, парсыша Нимәспі, орысша Стрелец,

Ешкімұйіз - латынша Қарикорнус, грекше Агукаруc, еврейше Қази, сирияша Қәзия, арабша әл-Джәди, парсыша Бахи, орысша Козерог,

Суқұйғыш - латынша Аквариус, грекше Идрихус, еврейше Дилу, сирияша Дола, арабша әд-Дәльв, парсыша Дәл, орысша Водолей,

Балықтар - латынша Пишес, грекше Иксиюс, еврейше Дуг, сирияша Нуна, арабша әт-Хұт немесе әл-Сәмака, парсыша Махи, орысша Рыбы.

Орта ғасырларда грек ғалымдарын ұстаз тұтқан араб астрономдары зодиактың атауларын араб тіліне аударып, әл-Хамал, әс-Сәуір, әл-Джауза т. с. с. деген. Тәжік, өзбек, қазақ молдалары бұл терминдсрді өз тілдеріне сәйкестендіріп пайдаланған. Осыдан амал, сәуір, зауза, саратан, әсет, әзра, мизан, ақырап, қауыс, джедди, дәлу, үт атаулары шыққан. Амал -наурыз, бұл - жыл басы, сәуір - апрель г. с. с. Кейде джәди «жәді», «жәтті» деп те айтылады. Бұлардың мағыналары төмендегідей: Амал - бағлан тоқты. Сәуір - өгізше, бұл өзі гректің «таурос» - өгіз деген сөзінен шыққан, Зауза - егіз балалар, Саратан - су шаяны, бұл ескі еврей тіліндегі «саратон», демек, «саратан» арабтың төл сөзі емес, Әсет - арыстан, Әзра - бой жеткенқыз, қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде бұл ай көбінесе Сүмбіле делінеді, Мизан - таразы, Ақырап - бүйі, ескі еврейше акроба, Қауыс -садақшы, мерген, Джәди - ешкімүйіз, Дәлу - суқүйғыш, құман, бұл сөз еврейдің «дилу» немесе сириялықтардын «дола» сөзінен шыққан болу керек (бұлардың мағыналары да су тұратын ыдыс), Үт - балық, ол кейде «хұт» деп те айтылады. Бұл айларда 30-31 күннен болған, олардыц реті мен күн сандарын жұлдызшылар мен есепшілер тағайындап отырған. Жай жылда 365, кібісе жылда 366 күн болған. «Сауір болмай тәуір болмас», «Қараша-қауыс кәрі-құртаңды тауыс», «жақсылығына алса - хұт, жаманшылығына алса - жұт», «Жетті айы жебедей жерге тығады», «Үт келді - жұт келді», т. б. осы айларға сәйкес.

Бір айта кететін жай мынау: келтірілген ай аттары арабша болғанымен, айларды арабтар олай атамайды. Арабтар мұхаррам, сафар, рәби т. с. с. дейді. Амал, сәуір т. б. арабша тек астрономиялық терминдер (зодиак үйірлерінің атаулары), ал Қазақстан мен Орта Азияда олар ай аттары.

Зодиактың схемалық суретінде жұлдыздар мен айлардың осы күнгі сәйкестігі көрсетілген. Онда Күн орталықта орналасқан, ішкі шеңбердің бойында Жердің әр айдағы орны, сыртқы шеңбердің бойында зодиак шоқжұлдыздарының әдеттегі орындары бейнеленген. Белгілі бір айдағы, мысалы қазандағы, Жердің календарьға қатынасын қарастырайық. Осы қазан айындағы Жер мен Күн арқылы ойша түзу сызық жүргізсек, ол сызық Тоқты және Таразы шоқжұлдыздарынан өтеді. Жер бетіндегі халықтарға (іңірде, тун ортасында немесе таң алдында болса да) Тоқты шоқжұлдызы көрінін тұрады, бірақ Таразы шоқжұлдызы көрінбейді, өйткені ол Күннің арғы жағында, тасада қалады. Осы көрінбей қалатын Таразы шоқжұлдызы жеңілдетіп, есепшілер тілімен айтқанда «таразы жұлдызы» (арабша атауын қолданғанда - мизам) қазан айына сәйкес келеді. Дәл осы сияқты, көкек айында «тоқты жұлдызы» Дарабша - хамал, амал), тамызда «арыстан жұлдызы» (арабша - әсет) көрінбейді. Сондықтан зодиак есебі жүйесінде қазан орнына таразы жұлдызы (мизам), сәуір орнына тоқты жұлдызы (хамал), тамыз орнына арыстан жұлдызы (әсет) делінеді. Схемадағы Тоқты, Торпақ, Егіздер т. с. с. шоқжұлдыздар X. Әбішев жасаған, қазіргі оқулықтарда айтылатын, терминология бойынша беріліп отыр. Байырғы қазақ календарындағы араб терминдері бойынша айтқанда былай болады:хамал –сәуірге сәйкес, сәуір –мамырға сәйкес, зауза –маусымға сәйкес т. с. с.

Ал байырғы қазақ календарында тізілген жұлдыздарды алсақ, онда хамал (амал) жұлдызы наурызға, сәуір жұлдызы апрельге, зауза жұлдызы мамырға т. с. с. сәйкес болған. Ол даусыз. Мұның қандай себебі бар, есепшілер шатастырып жіберген бе? Жоқ, есепшілер кіналы емес. Мәселе зодиак шоқжұлдыздарының өз орындарынан бір «адым» жылжып кетуінде. Ертеде Тоқты (хамал) шоқжұлдызы Балықтар (үт) шоқжұлдызының қазіргі орнында болған. Басқа шокжұлдыздар да осы тәртіппен бір «адым» жылжып, орындарын ауыстырған. Бұл - табиғи кұбылыс, ұлы грек астрономы Гиппарх ашқан прецессия құбылысының бір салдары осы (екінші тарауды қараңыз). Орнынан жыл-жып кеткен Хамад, Үт, Дәлу т. с. с. шоқжұлдыздар өз шеңберінің бойымен болар-болмас сырғып отырып, 26 мың жылда бұрынғы орнына қайта келеді. Гиппархтан бері өткен 2150 жылда ол шеңбердің 12-ден бір бөлігіндей, яғни 1 айға сәйкес жолға сырғып кетті. Гиппархтың тұсында, шынында да, хамал наурызға, сәуір апрельге т. с. с. сәйкес болған. Орта ғасырлардағы астрономдар мен есепшілер ерте кездегі сәйкестікті пайдаланған. Сондықтан байырғы қазақ календарындағы зодиак айлары, яғни жұлдыз айлар, мынадай болған:хамал –наурызға сәйкес, сәуір - апрельге сәйкес, зауза – мамырға сәйкес, саратай–маусымға сәйкес, асет –шілдеге сәйкес, сүмбіле–тамызға сәйкес, мизай–қыркүйекке сәйкес, ақырап –қазанға сәйкес, қауыс –қарашаға сәйкес, жәди –желтоқсанға сәйкес, дәлу –қантарға сәйкес, хұт –ақпанға сәйкес.

Жұлдыз айлардың рим айларына сәйкестігі осы түрде. XVII-XVIII ғасырлардағы документтерде осы ретімен кездеседі. Қазан университетінің профессоры болып қызмет істеген, татар, башқұрт, қазақ, араб тілдерін жақсы білген миссионер Н. И. Ильминскийдің (1822-1892) еңбектерінде де осылай баяндалған. 1922 жылы Орынборда шыққан «1923 жылдың қазақ календары» атты кітапта да дәл осы тәртіппен келтірілген:          қаңтар - дәлу, ақпан - хұт, наурыз - хамал, ... , желтоқсан - жидді делінген.

Жұлдыз айларды сөз еткенде біз олардың ертеде қолданылған ескілікті сәйкестігін және тарихи қалыптасқан ескіше аттарын айтқанымыз жөн. Зодиактың қазіргі сәйкестігі біздің практикамызда қолданылмайды, өйткені есепосы күні жаңа санат бойынша жүргізіледі. Ескі атауды сақтау дәстүрі рим календарында да бар: қыркүйек (римше - «септембер») - «жетінші ай» деген сөз, бірақ ол қазір тоғызыншы ай, қазан (римше - «октобер») - «сегізінші ай» деген сөз, қазір оныншы ай. Қараша, желтоқсан айлары да осылар сияқты. Орындары өзгергенімен, ескіше атаулары сақталған. Бір айта кетерлік жайт: енді 2200 жыл өткенде Хамал (Тоқты) шоқжұлдызы қазіргі Сәуір (Торпақ) шоқжұлдызының орнына барады, онда хамал мамыр айына сәйкес болады. Басқа шоқжұлдыздар да солай жыл-жып кетеді. Мұның себебі де жоғарыда айтылған прецессия.

Ежелгі түркілердің жұлдыз айларында 12 ай 30 күннен алынып, жыл аяғында 5-6 күн қосылып отырғаны мәлім. Ал бертін қолданылған жұлдыз айларда неше күннен болғандығы жөнінде әзір дәл мағлұмат жоқ. Хамал, сәуір, зауза т. с. с. айлар тізбегі бар, қайсысында нақты қанша күн болғандығы әдебиетте айтылмаған. Алайда бұл туралы жанама деректерді Иран мен Ауғанстан календарьларынан алуға болады. Айлары дәл осылай аталатын календарь Иран мен Ауғанстанда бар. Ол «борджы календары» деп аталады (парсыша «борджы» - «зодиак таңбасы» деген сөз). Борджы календары Иранда 1851 жылы қолданыла бастаған, 1911-1925 жылдары Иранның ресми календары роліп атқарған, Қазір онда ресми түрде қолданылмайды.

Борджы календары ресми түрде Ауғанстанда 1911 жылдан бері қолданылып келеді (қазір де қолданылады). 1964 жылы оның айларындағы күедер саны мынадай болды:

  1. хамал - 31,
  2. сәуір - 31,
  3. зауза - 31,
  4. саратан - 31,
  5. әсет - 31,
  6. сүмбіле - 31,
  7. мизан - 30,
  8. ақырап - 30,
  9. қауыс - 30,
  10. жәди - 30,
  11. дәлу - 30,
  12. хұт - 29.

Мұнда кейбір жылдары зауза 32 күн, хұт 30 күн болып есептеледі. Ол жылдар Омар Хайям кібіселерінің ережесі бойынша анықталады. Жалпы алғанда байырғы қазақ календарындағы зодиак айлары (жұлдыз айлары) осылар іспеттес болуға тиіс. Бірақ қазақ календарында 32 кундік ай да, жұлдыз да болмаған.

Зодиак айлары жүйесінде жыл басы - әрдайым хамалдың бірі, ол күн мен түннің жазғытұрғы теңелуі күніне (бізше 22 наурыз, Иран мен Ауғанстан календарьлары бойынша 20, 21 немесе 22 наурыз) келіп отырады.

Егіздер шоқжұлдызы, яғни зауза, үнді тілінде маусун деп аталатындығы, байырғы қазақ календарында кездесетін маусым айы, іс жүзінде маусым жұлдызы, осы заузаның қосалқы аты екендігі, оның мамыр сәйкестігі екінші тарауда айтылған болатын.

Уәлиханов пен Радловтың тізімдеріндегі саратан, қауыс, мизан айлары - осы зодиак айлары, яғни жұлдыз айлар.

Ежелгі түркілердің календарында зодиак айлары болғандығын білеміз, олардың көне түркіше атаулары - қозы, уд, ерентүз т. с. с. Хас Хаджибтің кітабында (1069 жылы жазылған) келтірілген. Ал зодиактың мына арабша варианты қашан қолданыла бастаған? Бұл жөнінде әзір нақты дерек жоқ, біздің ойымызша XIV-XV ғасырларда қолданыла бастаған болуы керек. Ислам діні мен араб сөздерінің Қазақстан мен Еділ бойындағы түркі тілдес халықтарға кең таралуы сол кезге жатады. «Қобланды батыр» жырында қауыс жұлдызы (оның көне түркіше аты «йа жұлдызы» болатын) айтылады:

Қараша емес, қауысты,

Қоңыраулатып дауысты,

Жақын қылды алысты,

Берсін кімге намысты,

Күн тобеден аумай-ақ

Түзеді бурыл шабысты.

Қыстың басы қауысты,

Артық туған Қобланды

Ерегіскен дұшпаның

Басын қоймай тауысты.

Қарақыпшақ Қобланды XV ғасырдың орта шенінде өмір сүрген адам. Үзіндіге қарағанда қауыс жұлдызы қазақ календарынан сол кезде-ақ берік орын алған. Зодиак таңбаларының арабша атаулары дәл сол кезде қолданыла бастады деу де қиын, «Қобланды батыр» жыры сол XV ғасырда шықты деу де қиын. Батырдың ерлігі әуелде аңыз болып жүріп, өлең жолдарына кейін түсірілуі де мүмкін. Алайда «Қобланды батыр» XVIII-XIX ғасырларда шыққан жыр емес, ол көптен бері айтылып, атадан балаға, баладан немереғе қалып келе жатқан жыр. Хамал, сәуір, зауза т. с. с. атаулар Қобландыдан бұрып айтылып жүруі де мүмкін.

Жұлдыз айлардың арабша атаулары қазақ халқының ескілікті мақал, мәтелдерінде де жиі ұшырап отырады.

Қазақ тіліндегі кісі аттары да зодиак таңбаларының ел өміріне сіңісіп кеткендігін көрсетеді. Мәселен, Қамал, Сәуірбек, Әсет, Мизами, Маусымжан т. с. с. есімдер (Наурызбай, Мамырбай, Шілдебай, Қараша, Қаңтарбай, Ақпанбет сияқты) баланың туған уақытына - жұлдызына қарай қойылған. Қазір мұндай есімдер аз, бірақ ерте кезде көп болған.

Зодиак айлары қазақтарға парсылардан ауысқан шығар деуге ешқандай қисын жоқ. Парсылар оларды тек 1851 жылы ғана қолдана бастаған. Тегінде жұлдыздардың хамал, сәуір, зауза, саратан т. с. с. атаулары қазақ, татар, башқұрт халықтарында қалыптасып, бертін түрікмендер мен өзбектер арқылы Иран мен Ауғанстанға ауысқан болуға тиіс.

Осы арада оқырмандармен және мектептерде астрономиядан сабақ беретін мұғалімдермен ақылдасатын бір мәселе бар сияқты. Зодиак ұғымы және ондағы 12 шоқжұлдыздың атаулары алғаш рет Ежелгі Вавилонда қалыптасқан. Ежелгі гректер вавилон сөздерін өз тілдеріне аударып, зодиактың грекше терминологиясын жасаған, онда шоқжұлдыздар Криос, Таурос, Дидиму т. с. с. деп аталған. Бертін зодиак шоқжұлдыздарының (таңбаларының дёп те айтылады) грекше атаулары араб, латын, үнді, орыс, түркі тілдеріне аударылған. Астрономиясы кеш дамыған халықтар оларды соңғы ғасырларда ғана аударды. Бұл дәрежеге әлі жетпеген халықтар да бар.

Орыс тілінде зодиак шоқжұлдыздарының осы күнгі астрономия оқулықтарында айтылатын атауларының кейбіреулері қазіргі орыс тіліндегі сөздер емес, көне орыс тілінің сөздері, олар X-XI ғасырларда қолданыла бастаған. Мәселен, «овен» сөзі қазіргі орыс тіліндегі «овца» сөзімен түбірлес, ол осы күні қой шаруашылығында қолданылмайды, оның орнына «овечка» немесе «барашка» дейді. «Телец» сөзі орнына қазіргі мал шаруашылығында «телка» немесе «бычок» делінеді. «Стрелец» орнына «стрелок» делінеді. Жаңа сөздерді пайдалануды орыс астрономдары білмей жүрген жоқ, тарихи дәстүрді сақтап жүр. Ескілікті атаулар астрономиялық білімдердің Россияда ерте кезде-ақ болғандығын көрсетеді, орыс халқы оны заңды түрде мақтан етеді. Оқушыларға «овен», «телец», «стрелец», «водолей» сөздерінін мағыналарын мұғалімдер түсіндіреді. Мұндай дәстүр Кавказ бен Балтық іргесіндегі республикаларда да бар. Орыс ғалымдарынан үлгі алып, осы дәстүрді сақтау бізге де қажет ау дейміз. Астрономияның қазақ тіліндегі қазіргі оқулықтарында зодиак шоқжұлдыздары былай аталады: Тоқты, Торпақ, Егіздер, Шаян, Арыстан, Бикеш, Мизан, Сарышаян, Мерген, Ешкімүйіз, Суқұюшы, Балықтар (X. Әбішев терминологиясы).

Мұнда пәлендей қате жоқ, бірақ атаулар қазір айтылатын сөздерден жасалған және қарадүрсін. «Мизан» - араб сөзі. «Шаян» (орысша - «Рак») мен «Сарышаян» (орысша - «Скорппон») қабаттасып келеді. «Суқұюшы» сөзі қонақтардың қолдарына су құйып, орамал әперіп жүретін елгезек жігітті елестетеді, «құман», «шелек», «су тұратын ыдыс» мағынасын бере алмайды. Осы терминологиямен жүре берсек, «атам заманында» қолданылған ескілікті атаулар иесіз, далада қалады. Ал ол атаулар да жақсы еді.

Қазақ салтында «қозы» ұғымы «тоқты» ұғымынан жоғарырақ. Сүйікті баланы «құлыным», «ботам», «қозым» дейді, «тоқтым», «бұзауым» демейді. Баян сұлу «Тоқты көрпешті» емес, «Қозы көрпешті» сүйген еді ғой. «Қобланды батырда» жаурыншы қара Боқанмен қатар Қарақозы, Аққозы деген батырлар бар. Атақозы шешен деген болған, Ақтоқты деген қыздың ғана Ақан серіге байланысты аты шыққан. Хамал - Овен - Тоқты шоқжұлдызын, көне түркіше атымен, Қозы шоқжұлдызы деу орынды болар еді.

Сәуір - Телец - Торпақ шоқжұлдызы көне түркіше «Үді» болуға тиіс (европалық тіл мамандары «Уд» деп оқып, солай жазып жүр). Зауза - Близнецы - Егіздср көне түркі тілінде Ерентүз деп аталған. Саратан - Рак - ІІІаян көне түркіше «Қучық» болған, қазіргі қазақ тіліне сәйкестендіріп оқығанда «Қушық» болады. Әсет - Лев - Арыстан - бұрынғы Арыслан. Әзра немесе Сүмбіле - Дева - Бикеш бұрын «Бұғдай башы» делінген. «Сүмбіле» сөзін египетше Сотис, латынша Сириус аталатын жарық жұлдыздың аты ретінде сақтап, соңғы айтылып отырған шоқжұлдызды «Бидай басы» деу жөн болар еді. Әсіресе миллиондаған гектар тың игерген, айырықша сортты алтын бидайымен де даңқы шыққан Қазақстанға ондай атау жарасып тұрады. Ата-бабаларымыз бидайдың қадірін білгелі мыңдаған жылдар болған дейміз. Мизан - Весы - Таразы көне түркіше «Өлкі» болуға тиіс («Улгу», «Алку» деп жазылып жүр), «өлшеу құралы» ұғымын білдіреді. Ақырап - Скорпион - Сарышаян көне түркіше «Чадан» болған. «Ракты» «Қушық» деп алсақ, мұны «Шаян» деуге болады (біздің кітаптарымызда бұл атау «Бүйі» деп аударылған). Қауыс - Стрелец - Мерген көне түркіше - Йа. Бұл атау қазір қолдануға қолайсыз. «Мерген» көбінесе «снайпер» сөзінің баламасы болып жүр. «Стрелок» сөзі (бұл да әскери термин) «атқыш» деп аударылады: стрелковая дивизия - атқыштар дивизиясы. Бізде ауыз әдебиетінде «Сұрмерген» дейтін кейіпкер бар, бұл ертегіні балалардың көпшілігі біледі. Белгілі қазақ ақыны Кете Жүсіп Ешниязовтың (1871-1927) «Сұрмерген» атты дастаны бар. Бұлардың мазмұны зодиактағы садақшы туралы грек ертегісінің мазмұнына өте жақын. «Қауысты» «Сұрмерген» деуге әбден болады. Жәді - Қозерог - Ешкімүйіз көне түркіше - Ұғылақ. Мағынасы атауға сәйкес (ешкінің лағы). Дәлу - Водолей - Суқұюшы көне түркіше - Көнек, яғни көн теріден жасалатын, бие сауғанда пайдаланылатын шүмекті шелек, ыдыс. Ертедегі қазақ тұрмысына сай. Хұт - Рыбы - Балықтар бұрын да «Балықтар» делініен. Сонда зодиак таңбалары былай аталар еді:

Қозы (Овен, Хамал, Ариес),

Үді (Телец, Сәуір, Таурос),

Ерентүз (Близнецы, Зауза, Гемини),

Қушық (Рак, Саратан, Қанцер),

Арыстан (Лев, Әсет, Лео),

Бидай басы (Дева, Сүмбіле, Вирго),

Өлкі (Весы, Мизан, Либра),

Шаян (Скорпион, Ақырап, Скорпиус),

Сұрмерген (Стрелец, Қауыс, Загиттариус),

Ұғылақ (Козерог, Жәді, Каприкорнус),

Көнек (Водолей, Дәлу, Аквариус),

Балық (Рыбы, Хұт, Пишес).

Мұнда жақшаларда бірінші орындарда орысша, екінші орындарда арабша, үшінші орындарда латынша атаулары келтірілген.

Айтылып отырған он терминді («Арыстан» мен «Балық» атаулары сол қалпында қалады) өзгерткенде ешқандай шығып шықпайды, ол үшін тек астрономияның оныншы кластарға арналған оқулығының аудармасына алдағы жылдары осы он сөзді енгізу ғана қажет болады. Сонда біз не ұтамыз? Ұтарымыз көп. Заңды ескі мұрамызды кәдеге жаратып пайдаланып, қазіргі қазақ тілін байытатындығымызды былай қойғанда, біз көне мәдениетті ел болып көрінеміз де, халқымыздың халықаралық беделін көтереміз. Ғылымымыз бен мәдениетіміздің тарихын қазіргі айтылып жүрген уақыттан 1000-1500 жыл бұрын бастауға мүмкіндік аламыз.

Әрине, зодиак шоқжұлдыздарын Қозы, Үді, Ерентүз т. с. с. деп көне түркіше атаған күнде орта ғасырларда "қолданылған жұлдыз айлардың атаулары - хамал, сәуір, зауза т. с. с. тарихи атаулар ретінде анықтама кітаптарында сақталуы керек (қазір қолданылмайды). Келешекте кейбір тарихи оқиғалардың болған уақытын анықтағанда олардың кажеті болып қалуы мүмкін.

Күн мен Айдың қозғалысына тікелей қатынасы жоқ, негізінен алғанда ауа райы мен шаруашылық маусымдарына байланысты қалыптасқан айлар азаматтық айлар деп аталады. Күн мен түннің теңелуін, ұзаруы мен қысқаруын, Күннің тоқырауын, Ай мен Үркердің тоғысуын, зодиактың қай шоқжұлдызы көрінбей қалғанын жұрттың бәрі бірдей біле бермейді. Ал қардың еруі мен жердің көктеуі, өсімдіктердің толуы мен солуы, күн салқындап, аспанды сұр бұлттар қаптап, күздің басталуы, қар жауып, аяз бен боран кезектесіп, қыстың түсуі бүкіл халыққа мәлім болады. Сондықтан азаматтық айлар халықтардың өмір тәжірибесіне жақын болады. Байырғы қазақ календарында азаматтық айлар былай аталған: наурыз, көкек, мамыр, отамалы, шілде, сарша, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан.

Жыл 12 азаматтық айға бөлінген, айларда 30 күнйен болған. Жыл аяғында, айлардан тыс, 5-6 күн қосылып отырған. Ол күндер «бес қонақ» деп аталған. Жылда 12 ай болғандығы, айда 30 күн болғандығы даусыз сияқты, оның дәлелдемесіне тоқталмасақ та болады. Алдыңғы тақырыптарда ол жөнінде жеткілікті түрде айтылған. 3 айда 90 күн болатындықтан, үш айлық уақыт «тоқсан» деп аталған, бұл термин «жылдың ширегі», орыс тіліндегі «четверть года», латынша «квартал» ұгымын білдіреді.

Жылдың бірінші айы - наурыз, наурыздың бірі ұнемі күн мен түннің жазғытұрғы теңелетін күніне келіп отырады. Ол ескі сапат бойынша 9 наурыз, жаңа санат бойынша 22 наурыз. Б. з. б. VII ғасырда наурыздың бірі марттың біріне дәл келген де, наурыз мартқа сәйкес болған. Сондықтан, ескі дәстүрмен осы күні де наурыз мартқа сәйкес деп айтыла береді. Парсы календарында наурыз ай емес, бір ғана күн, жаңа жылдың бірінші күні - фервердин айының бірі. Қазақ календарында 30 күндік ай.

Байырғы қазақ календарындағы азаматтық айлардың бірі - отамалы. Ол - жылдың төртінші айы, жаздың бірінші айы. «Қазақ ССР тарихында» бұл айдың орнына маусым келтірілген. Сол бойынша қазақ тілінде шығатын жыртпа календарь мен табель-календарьда да отамалы орнына маусым жазылып келеді. Ал маусымның іс жүзінде азаматтық ай емес, жұлдыз ай, атап айтқанда Егіздер - Ерентұз - Зауза - Близнецы шоқжұлдызының үнді календарынан ауысқан баламасы екендігі жоғарыда дәлелденген болатын. Оның үстіпе «маусым» атауы «сезон» сөзінің орнына да қолданылады («шаруашылық маусымдары» делінеді). Отамалы айы жоғарыда келтірілген тізімдердің бәрінде де, солардың ішінде Куфтиннің, Уәлихановтың, Радловтың, Мұсабаевтың, Мұқановтың, Машановтың тізімдерінде де айтылған. Оны айлар санатынан шығару орынсыз болады. Отамалы ертедегі қазақ шаруашылығына өте-мөте жақын, содан тікелей туған ай. Бұл айда шөп өсіп, жер отаяды, малдың аузы көкке толады. Мұндай ай басқа халықтарда да кездеседі. Мәселен, славянша «мурава» айы («мурава» - қазіргі орыс тіліндегі «трава» сөзінің ескілікті түрі, мағынасы - «шөп»), қазіргі украин тіліндегі «травень» айы (мағынасы - «шөп») - осындай айлар. Екеуі де ескіше майға сәйкес. Француз календарында «прериаль» деген ай болған, мағынасы - «жер отаятын ай».

Отамалы алтайлықтарша -  көк ай («жер көктейтін ай» мағынасында), туваша - от ай, шорша - от ай немесе қыра сүрген ай.

Шілде - жылдың бесінші айы, жаз ортасы. «Шілде» атауының екі мағынасы бар. Бірі - «қырық күндік уақыт кесіндісі», екінші - «отыз күндік азаматтық ай». Бірінші мағынасында жаздың ең ыстық 40 күнін (жуық түрде 26 маусым мен 5 тамыз аралығы) немесе қыстың ең суық 40 күнін (жуық түрде 27 желтоқсан мен 5 ақпан аралығы) айтады. Бұлардың алдыңғысы «жазғы шілде» немесе «үлкен шілде» деп, соңғысы «қысқы шілде» немесе «кіші шілде» деп аталады. Жазғы шілде кезінде «Үркер жерде жатады». Сәбит Дөнентаевтың (1894-1933) шілдені сипаттағап елеңінде мынадай жолдар бар:

Жаз бен жалғас шілде келді,

Деп ұқпаңдар мүлде келді,

«Қонысыңды қуартам» деп,

ІІІақырайған түрде келді.

Маса, сона, бөгелектер

Үрандасып бірге келді.

«Ырас-ау» деп, басын изеп,

Боз шолақтар тілге келді...

Бұл өлен 1915 жылы жазылған. Абайдың «Жаздыгүні шілде болғанда» деп басталатын әйгілі өлеңін оқымаған қазақ кемде-кем шығар. Халық әндерінің бірінде:

Жаз болса жердің жүзі жайнап тұрған,

Ән шырқап, бұлбұл құстар сайрап тұрған,

Болғанда қырық күн шілде, сарша-тамыз

Ыстығы күннің түсіп, қайнап тұрған,-

делінеді. Кейде жаздып осы ыстық болатын 40 күні ешбір айға жатқызылмай, жай да айтыла береді. Мысалы:

«Қызыл турам дәм болса,

Аямайды қарындас

Қырық күншілік жаз күні

(«Тоқсан үйлі табыр» жырынан).

Қысқы шілде сирек айтылады.

«Шілденің» екінші мағынасына келейік. Қейбіреулер «шілде ай емес, тек жаздың ыстық болатын 40 күні» деп топшылайды, бірақ дәлел келтіре алмайды. Бұл - ұшқары пікір. Жоғарыда айтылған тізімдердің бәрінде де шілде айы бар, олардың бәрі қате деу ағаттық болар. Шілде айы «Қобланды батыр» жырында да айтылған:

Шілдедегі бір айда

Көктен түскен самалды.

Шөже мен Кемпірбайдың айтысында:

Шілденің он бесінде сауын айтып,

Жаныстың Сәтбайының асы болды, -

дейтін жолдар бар. Бұл айтыс өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында өткен.

I. Жансүгіровтың балаларға арналған (1922 жылы жазылған) бір өлеңінде:

Шілдем, шілдем - шілде айым,

Шырлап торғай күн сайын.

Шұбар ала шешектер,

Шудаланған көк шөптер.

Жапырақтар жалпайды,

Жас қозылар марқайды,-

делінеді. Мұндай мысалдарды келтіре беруге болады, олар шілденің екінші мағынасы да болғандығын дәлелдейді.

Жетісу қазақтарының бір бөлігі ақпан орнына «екі ағайынды» деген айды айтқан. Олар:

Ақпан - тоқпан,

Ай мүйізді алты күн,

Сұрап алған жеті күн,

Қырына алса, қырық күн

деген. Қазактардың көпшілігі «екі ағайынды» айын білмеген, айлар есебінде ақпанды алған, ол - жылдың ең соңғы айы. Жалпы қазақ календарында ақпан айы сақталуға тиіс, қажет болғанда жақша арқылы «ақпан (екі ағайынды)» деп көрсетуге болады.

Азаматтық айлардың аттары ықшам, айтуға да, жазуға да қолайлы, тікелей өмірден алыпып, ғасырлар бойы қолданылып келген. Олардың ішінде Рим айларындағыдай пірлер мен патшалардың аттары кездеспейді.

Байырғы қазақ календарындағы азаматтық айларды ескі санат (юлиан календары) бойынша былай көрсетуге болады:

наурыз, 9 марттан 7 апрельге дейін,

көкек, 8 апрельден 7 майға дейін,

мамыр, 8 майдан 6 июньге дейін,

отамалы, 7 июньнен 6 июльге дейін,

шілде, 7 июльден 5 авгусқа дейін,

сарша, 6 августан 4 сентябрьге дейін,

қыркүйек, 5 сентябрьден 4 октябрьге дейін,

казан, 5 октябрьден 3 ноябрьге дейін,

қараша, 4 поябрьден 3 декабрьге дейін,

желтоқсан, 4 декабрьден 2 январьға дейін,

қаңтар, 3 январьдан 1 февральға дейін,

ал жай жылдары ақпан 2 февральдан 3 мартка дейін,

бес қонақ 4 марттан 8 мартқа дейін,

кібісе жылдары ақпан 2 февральдан 2 мартқа дейін,

бес қонақ 3 марттан 8 мартқа дейін.

Айлардың шекараларын жаңа санат бойынша көрсету үшін, XX ғасырда тиісті даталарға 13 күн қосып отыру керек. Мысалы, XX ғасырда наурыз - 22 наурыз пен 20 сәуір аралығы, көкек - 21 сәуір мен 20 мамыр аралығы т. с. с. болады.

Қазір бидайдың 22 түрі бар. Олар: цезиум, мичуринка, безостая, янтарь т. б. Білмейтін адам бәрін де бидай дейді, бірақ бірінен-бірін айыра алмайды. Бидайдың түрлерін тек маман агрономдар ғана ажырата алады. Айлардың жоғарыда қарастырылған тізімдері бір қапшыққа салынып, араласып кеткен әр түрлі бидай сияқтьі еді: жұлдыз айлар, тоғыс айлары, азаматтық айлар, кейбіреулері ескі санат бойынша, ксйбіреулері жаңа санат бойынша тізіле берген. Бұлардың жүйелерін анықтап, әрқайсысын өз орнына орналастыру үшін көптеген халықтардың календарьларымен танысуға, салыстыра талдауға және әр түрлі календарьлардың астрономиялық негіздерін қарастыруға тура келеді.

Азаматтық айлардың қазақ календарында қашаннан бері қолданылып келе жатқандығы жөнінде мағлұмат жоқ. Көне түркі жазуларында олар кездеспейді. «Қобланды батыр» жырында наурыз, көкек, шілде айлары айтылады. Соған қарағанда қарастырылып өткен азаматтық айлар XV ғасырда қолданыла бастаған болуы керек.

Қолданылған әдебиет

1. Исқақов М.Ө. Халық календары. –Алматы, 1980. -318 бет.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-06-05 14:08:12     Қаралды-2760

АРАБ ЖЫЛҚЫСЫ

...

Араб жылқысы - байырғы жылқы тұқымдарының бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРХЕОЛОГИЯ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

тарих ғылымының бір саласы, алғашқы қауымнан, көне заманнан, орта ғасырдан қалған заттай есқерткіштерді зерттеу арқылы адам қоғамының өткендегі тарихын анықтайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БЕЛБЕУ ТАСТАУ

...

Қазақтың ұлттық ойыны

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СОЛТҮСТІК МҰЗДЫ МҰХИТ

...

Жер шарындағы ең кіші мұхит

ТОЛЫҒЫРАҚ »

САРЫАРҚА ҚАТПАРЛЫ АЙМАҒЫ

...

Сарыарқа қатпарлы аймағы - Азиядағы дербес ірі геологиялық құрылымдардың бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЖЫЛДАМ ҚҰСТАР

...

Құстар - жердің ең жылдам тіршілік иелері, өйткені жануарлар әлемінің құрлық немесе суда жүзетін құстарының бірде-бір өкілі олармен жылдамдығымен салыстыра алмайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АУА

...

Жер атмосферасын құрайтын, негізінен азотпен оттектен тұратын газдар қоспасы. Ауа су мен жер қыртысының құрамында да болады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН - САРА АЙТЫСЫ

...

Біржан мен Сараның 1871 жылы қазіргі Талдықорган облысының Қапал - Ақсу өңірінде кездескендегі айтысы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН-САРА ОПЕРАСЫ

...

Опера тұңғыш рет 1946 жылы 7 қазанда Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында қойылды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »