UF

Календарь тарихынан жазылған кітаптарда елеулі кемшіліктер болып келді. Бірталай ғалымдар Египеттің, Вавилонның, Римнің т. б. ежелгі халықтардың календарьларын зерттеп, құнды еңбектер берді. Бірақ ежелгі Шығыстың календарьларымен шұғылданып жүргенде Совет Одағындағы халықтардың календарьлары зерттеушілердің назарынан тыс қалып қойды. Осының нәтижесінде оқушылар жұртшылығы ежелгі Шығыс елдерінің календарьларымен танысты, ал өз халқымыздың календарынан бихабар қалды.

Қазақ календары жайынан көлемді еңбектер жазылмаған, ондайлар қазір де жоқтың қасы. Өткен ғасырдың орта шенінен бастап қазақ календарын кейбір тарихшылар, лингвистер, саяхатшылар сөз еткен. Олардың ішінде қазақ календарын арнайы қарастырғандар Б. А. Куфтин мен А. Н. Седельников.

Қазақтың байырғы календары жайында жазылған мақалалар мен кітаптарда зор олқылықтар бар. Олардың дені тиісті материалды зерттеудің нәтижесінде жазылмай, жергілікті тілмаштар мен шала сауатты чиновниктердің айтуы бойынша жазылған. Сондықтан бұл еңбектер қазақтың Октябрь революциясына дейінгі календарының толық сипатын бере алмайды.

Алдымен басын ашып алатын мәселе: байырғы қазақ календарындағы жыл неше айға бөлінген және ол жылда неше күн болған?

Неміс саяхатшысы А. Штубендорф «Орыс географиялық қоғамы хабаршысының» 1854 жылы шыққан VI томында Сибирьдегі қаракастардың жылында 13 ай болатындығын айтып келеді де, түркі тілдес халықтардың бәрінің де (демек, қазақ халқының да) жылы 13 айға бөлінеді дейді. Академик А. А. Шифнердің (1817-1879) шығармаларының 1857 жылы Петербургта басылған III томында «Россияның он үш айлы халықтары» дейтін мақала бар. А. А. Шифнер он үш айлы халықтардың қатарына қазақтарды да қосады (ол кездегі неміс авторларының «киргизен» дегенін біз «қазақтар» деп түсінеміз. Б. А. Куфтиннің баяндауынша қазақ жылында 13 ай, 370 күн болған. 1903 жылы В. П. Семеновтың редакциясымен шыққан «Россияның толық географиялық суреттемесінің» XVIII томында (бұл томды 8 адам жазған, олардың қатарында академик П. П. Семенов-Тянь-Шанский бар) қазақтар туралы анықтама мағлұматтар келтірілген. Осы томның А. Н. Седельников жазған V тарауында байырғы қазақ календары сөз болады. А.П.Седельниковтың айтуынша қазақтар жылды 12 айға бөлген, әр айда 4 апта, яғни 28 күн болған. Мұндай жылдың ұзақтығы 336 күн болады.

Ш. Уәлиханов пен В. В. Радлов еңбектерінде қазақ жылы 12 айға бөлініп баяндалады.

Б. А. Куфтии «қазақ жылында 13 ай болады» дей келе: Он екі айлық жыл қазақтарда болуы мүмкін емес» деген үзілді-кесілді пікір айтқан. Өз пікірін «дәлелдегенде» ол түркі халықтары тоғыз санын қадір тұтады, он екіні елемейді» деген принцип ұстаған. Б. А. Куфтиннің бұл пікірі мүлде қате. Тоғыздың жиі айтылатыны рас, мысалы: «тоғыз қабат торқа», «тоғыз тоңқылдақ», «тоғыз жолдың торабы», «тоғыз әйелдің толғағы бір күнде келіпті» т. с. с. Бірақ он екі одан әлдеқайда жиі кездеседі. «Он екі мүшесі сау болса», «Он екіден бір нұсқасы жоқ» сияқты тіркестер аз емес. Қазақ шежірелерінде «он екі баулы өзбек, тоғыз арыс түрікмен» делінеді. Ескілікті жырлардан мысалдар келтірейік.

«Орай да орай оқ атқан, Он екі тұтам жай тартқан»

(«Батырлар жырларынан»)

«Ел болар он екі ру, бірі - Серкеш, Қом жасап, сары атанға бітеді еркеш.

Он екі айдыц жартысы жаз болады, Жаз белгісі үйрек пен қаз болады».

(«Қозы Қөрпеш - Баян сұлу» жырынан) «Үлкендігі басының Он екі қарыс қазандай»

(«Қамбар батыр» жырынан). «Он екі құлаш кезеннен Атылып бурыл ойнайды.

Кешегі кеткен қияттан

Он екі күн бұрын барарсың

Он екі күн дегенде Айдан шықты далаға»

(«Қобланды батыр» жырынан).

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мүшелде 12 жыл бар. Бұл фактілер Б. А. Куфтиннің «принципін» түгелдей теріске шығарады.

Ғылым тұрғысынан қарағанда жылдың 12 айға да, 13 айға да бөлінуі мүмкін. Вавилондықтар мен ежелгі еврейлердің кейбір жылдарында 13 ай болған. Майялар жылды 18 айға бөлген. Мәселе тек тарихи шындық пен оның дұрыс баяндалуында. А. Штубендорф пен А. А. Шифнер өздері айтқан 13 айды тізіп көрсете алмаған, «ұзын құлақтан» естіп қана жазған. Бұлардың неміс тілінде жазылған шалағай мақалалары қате пікірлер тудырған. Кейбір батыс европалық авторлар, сол мақалалар бойынша, Россияның түркі тілдес халықтарын - қазақтарды, қырғыздарды, өзбектерді т. б. мәдениеттен тыс қалған, жылда неше күн барыл білмейтін, өздерінің жасын айта алмайтын, топас, жартылай тағы тайпалар ретінде сипаттай бастаған. XV ғасырдың бірінші жартысында, европалықтар «обсерватория» деген сөзді естімеген заманда, Самарқандта Ұлықбектің атақты обсерваториясы болғандығын осындайларды жазатын дүмшелердің көпшілігі білмейді. Сүйектеріне сінген әдет бойынша, Батыс Европа халықтары 13 санынан қорқады, 13 бақытсыздық әкеледі, қырсықтың саны деп есептейді. Олар 12-ні «дюжина» дейді де, 13-ті «шайтан дюжинасы» дейді. Сондықтан жылды 13 айға бөлетін халықтар, сөзді жұмсартып айтқанда, батыс европалықтарға ұнамайды. Бір мысал келтіре кетейік.

Лондондағы Совет елішілігінің үйі Кенсингтон Палас Гарденс көшесінде орналасқан. Оған орны бойынша он үшінші нөмір тиісті екен. Бірақ әуелгі иесі, «қырсықты» нөмірден қорқып, қала бастықтарынан арнайы рұқсат алып, нөмір орнына «Харрингтонның үйі» деп жаздырған. Үйдің өзі де, тұрған жері де жақсы. Осы үйді 1990 жылға дейін пайдалануға Совет елшілігі жалдап алған. 1932 жылы біздің елшіміз И. М. Майский (бұл кісі кейін академик болып сайланған) «Харрингтонның үйі» дегеннің орнына «Советтік Социалистік Республикалар Одағының Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия біріккен корольдығындағы елшілігі» деп жаздырып, көрсеткіш тақта ілдіріп, 13-нөмір шегелеткенде ағылшындар сасқалақтап, үрейленген, көпке дейін ол маңға бармайтын болған. Әрине, біздің елшілігіміз нөмірден зиян шеккен жоқ. Батыс Европа қалаларының көшелерінде негізінен алғанда 13-нөмірлі үй болмайды, 13-этаж нөмірленбейді, мейманханаларында 13-бөлме болмайды, айдың 13 күні дипломатиялық шарттар мен келісімдер жасалмайды, айдың 13 күні туған балалар 14 күні туған болып тіркеледі.

Мүшел есебінде жылқы, сиыр т. с. с. жылдар бар. Бұллар - тек шартты атаулар, хайуандар «еркек», «ұрғашы» деп айтылмайды. Батыс европалық авторлар бұдан «жаңалықтар» тауып жазады. Олардың айтуынша: азиялықтарда ат жылы, айғыр жылы, бие жылы, байтал жылы, өгіз жылы, сиыр жылы, бұқа жылы т. с. с. болады-мыс. Қарапайым халық осындай шатпақтарға нанады, империалистердің үгіт-насихаты бұл сияқты сандырақтарды пайдаланып отырады. Қазақстанның тарихшылары мен философтары да тарихты бұрмалаушыларды әшкерелеп, шындықты дәлелдеп, шетелдік сатымсақ жазғыштарға тойтарыс беріп келеді.

13 айды Б. А. Куфтин де дұрыс айта алмаған. Ол, айлардың санын 13-ке жеткізу үшін, әдеттегі 12 айға «екі ағайынды» дегенді қоса салған. Ал екі ағайынды - дербес он үшінші ай емес, екі суық айдың - қаңтар мен ақпанның - қосалқы аты, синоним сияқты. А. П. Седельниковтың келтірген мағлұматтары да дұрыс емес. Ежелгі түркілерде де, қазақ календарында да 336 күндік жыл болмаған.

Байырғы қазақ календарында 13 айлық жыл да, 12 айлық жыл да болған. Онда пәлендей қайшылық жоқ. Мәселен, қазіргі Иран мен Түркияда 4 түрлі, Ауғанстанда 3 түрлі календарь қолданылады. Тек жылдағы күн саны дұрыс есептелуі керек. Жылы 13 айға бөлінетін календарьды қазақ халқы тоғыс есебі деп атайды. Оған келесі тақырыптарда тоқталамыз. Жылы 12 айға бөлінетін календарь ерте замандардан бері қолданылып келе жатыр. Әуелі осыны қарастырайық.

Бируни мен Ұлықбектің еңбектерінде ежелгі түркілердің жылды 12 айға бөлгендігі, ол айларда 30-31 күннен болғандығы айтылады. Айлардың екі жүйесі болған, бірінде айлар реттік сан есімдер арқылы, екіншісінде - мүшелдегі хайуандар арқылы аталған. VII-VIII ғасырлардан қалған көне түркі жазуларынан теріп алып, тізгенде реттік айлар былай аталады: 1) ілкі ай, 2) екінті ай, 3) үчінчі ай, 4) төртұнчі ай, 5) бісінчі ай, 6) алтынчы ай, 7) житінчі ай, 8) секізінчі ай, 9) тоқұзынчы ай, 10) онұнчы ай, 11) бір йегірмінчі ай, 12) екі йегірмінчі ай. Ежелгі түркілер «он бірінші», «он екінші» деу орнына «бір иегірмінчі», «екі йегірмінчі» деген. Айлардың бұл атаулары даусыз. Құлтегін ескерткішінде: «жетінші айдың 27 күні зиратына тас орнаттық» делінеді. Мойын шор ескерткішінде: «бір йегірмінчі айдың 18-інде жолықтым» делінеді.

Түркілердің реттік айлары Бируни мен Ұлықбектің кітаптарында былай аталған: 1) ұлұғ ай, 2) кішік ай, 3) бірінші ай, 4) екінші ай, 5) үшінші ай, 6) төртінші ай, 7) бесінші ай, 8) алтыишы ай, 9) жетінші ай, 10) сегізінші ай, 11) тоғызыншы ай, 12) оныншы ай.

Бұл айлар Сибирьдегі кейбір түркі тілдес халықтарда 1917 жылына дейін қолданылып келген.

Байырғы қазақ календарында реттік сан есімдер арқылы аталатын айлар кездеспейді. Ұйғырлардың ескі календарындағы ай аттарын. В. В. Радлоз былай тізген: 1) арам ай, 2) ігінді ай, 3) үчінчі ай, 4) төртінчі ай, 5) бесінчі ай, 6) алтынчы ай, 7) жетіичі ай, 8) сегізінчі ай, 9) тоғызынчы ай, 10) онынчы ай, 11) бір йегірмінчі ай, 12) чақшабут ай.

Бируни мен Ұлықбектің келтірген мағлұматтарына қарағанда мүшелдік айлар былай аталған: 1) кешку немесе күску (мағынасы - «тышқан), 2) ут пемес ұд (сиыр), 3) барыс, 4) тувушқан немесе табышқан (қоян), 5) ұлу немесе нек, 6) ыйлап, 7) юнед немесе юнд (жылқы), 8) қон (қой), 9) бічін немесе січен (мешіп), 10) доқұқ немесе тақығу (тауық), 11) іт (ит), 12) лағзын (доңыз). X ғасырдан бергі жазба документтерде «лағзып» орнына «доңғұз» (доңыз) айтылады. Кешку айы қазанда, бічін айы маусымға, йылан айы наурызға сәйкес болған. Әзірше белгілі көне тұркі жазуларында мүшелдік айлар кездеспейді. Ал түркі тілдес халықтардың ешқайсысы да қазір айларды «тышқан айы», «сиыр айы» т. с. с. демейді. Бірақ Бируни мен Ұлықбек жазып қалдырғандықтан, ондай айлардың қолданылғандығына күмәндануға болмайды. Мүшелдік айлар революцияға дейінгі қалмақ календарында болған, олар былай аталған:

I) хон сар (қой айы), 2) мечін сар (мешін айы), 3) така сар (тауық айы), 4) ноха сар (ит айы), 5) гаха сар (доңыз айы), 6) хұлғұн сар (тышқан айы), 7) үкір сар (сиыр айы), 8) бар сар (барыс айы), 9) туула сар (қоян айы), 10) лу сар (ұлу айы), 11) моға сар (жылан айы), 12) мөрін сар (жылқы айы). Хон сар майға, үкір сар қарашаға, моға сар мартқа сәйкес болған.

Ұлықбектің келтірген мағлұматтарына қарағанда кейбір түркі халықтары, мәселен ұйғырлар, тәулікті 12 бөлікке бөліп, әр үлесін «чағ» деп атаған. Чағтың ұзақтығы 2 сағат болады. Ұйғырлар «кешку чағ», «ут чағ», «барыс чағ» т. с. с. деген.

Монғолдар да тәулікті 12-ге бөліп, бөліктерін «цағ» деп атаған. Оларда «хулугун цағ», «хукар цағ», «барыс цағ» т. с. с. болған. Бірақ бұл цағтарды абыздар ғана білген, бұқара халық оны қолданбаған.

«Чағ» деген көне түркі сөзі қазақ тілінде «шақ» делінеді. Байырғы қазақ календарында «тышқан шағы», «сиыр шағы», «барыс шағы» т. с. с. болғандығы (немесе болмағандығы) жөнінде әзір нақты мағлұмат жоқ. Оларды жұлдызшылар мен есепшілер ғана біліп, бертін ұмыт болуы мүмкін. Қазақ тіліндегі «бесін» сөзі «бічін шағының» қалдығы болуға ықтимал, өйткені араб тілінде де, ислам дінінің ережелерінде де «бесін» термині кездеспейді. Бесін уақыты - күндізгі 3 пен 5 сағаттардың аралығы (декреттік уақыт бойынша).

Түркі тілдес халықтардың XI ғасырда жылды, зодиак бойынша, 12 айға бөлгендігі, ол айлардың «жұлдыздар» деп аталғандығы жоғарыда айтылды («Құтадғу біліг» материалынан).

Енді календарьға қатысты жұмбақтарға тоқталып өтейік.

Келеді үлкен алып аузын ашып, Жүреді он екі аяқ қадам басып, Отыздан әрбірінде саусағы бар, Құтылмас ешбір адам одан қашып».

Мұнда: алып - жыл, аяқ - ай, саусақ - айдағы күн.

«Жұмбақтап, тілесеңіз, сөз бастайын, Жаралған бір мақұлық - үлкен жайын. Өзі обыр, басы жетеу, қолы он екі, Отыздан саусағы бар қол бас сайын. Жиырма төрт құлағы бар бір басында Жолдас бон жүрер оның кім қасында? Біреуі ақ, біреуі көк екі көзі, Қимылдар қарыны менен арқасында».

Мұнда: жайын - жыл, бас - аптадағы күн, қол - жылдағы ай, саусақ - айдағы күн, құлақ - тәуліктегі сағат, көздер - Күн мен Ай.

«Атасы мен анасы,

Үш жүз алпыс бес баласы, Он екі ауыл шамасы, Отыз ор дуадақ, Бес балақ сан, Елу екі қарашы».

Мұнда: атасы мен анасы - Күн мен Ай, 365 баласы - жай жылдағы 365 күн, 12 ауыл - жылдағы 12 ай, 30 ор дуадақ - айдағы 30 күн, 5 балақ сап - жылдың аяғында («балағында») айлардан тыс алынып, жылға қосылатын 5 күн, «бес қонақ», парсылардың «фәнджи» дейтіні, 52 қарашы - жыл ішіндегі 52 апта. Бұл жұмбақта байырғы қазақ календары қысқа да сәтті баяндалып тұр, тек кібісе жылдар туралы ереже мен мүшел есебі ғана айтылмаған. Күн мен Ай календарьдың атасы мен анасы сияқты екені рас, уақыт есебі солардың қозғалысына ңегізделеді. Жылда, бүтін сандарды ғана алғанда, 365 күн бар, олар жуық түрде («шамасы» деп орынды айтылған) 12 айға бөлінеді, айларда 30 күннен болады, 52 апта 364 күн болады, «бес қонақ» жыл аяғында қосылады. Жұмбақты құрастырушының календарьды жақсы білгендігі аңғарылады.

Қазақ тілінде календарьға қатысты жұмбақтардың ең қөркемі және ең көлемдісі - Әсет пен Рысжанның айтысы. Сол айтыстан бір үзінді келтірейік,

Рысжан:

«Арықтап бір түйе өлді, жетіп ажал, Алты батпан майы бар, безбенге сал. Сүйегі жерден, көктен табылмайды, Білдің бе мұның өзі қайда өлген мал?

Артылған мәртебеңіз талай жұрттан, Көрген жоқ, сізді сөгіп біреу сырттан. Алты батпан түйеден түскен майдың Санаса әр батпапы жеті пұттан.

Жілігі жиырма алты, топайы бес, Шамалап өлшеп байқа ерте мен кеш, Осыны найзағайдай жарқылдатып, Тегістеп бас-аяғын, анықтап шеш».

Әсет:

«Домбыра саған ерген бұлбұл екен, Рысжан қара сөзге қырғын скен. Арықтап, оттай алмай өлген түйең Ақылмен абайласам бір жыл екен.

Ол түйе арық емес семіз еді, Халыққа түрлі неғымет жегізеді. Жылды өлтіріп, өтірік арықтатып, Осынша жалған сіздің неңіз еді?

Болады осылайша сөздің жайы, Ақынның жарамайды құр айғайы. Әлгі айтқан алты батпан түскен майың Санаулы бір жылдағы жаздың айы.

Тамаша тапқан сөздің бар ма міні, Болады осылайша сөздің шыны, Әр батпаны жеті пұт деген сөзің, Оралған бір жұманың жеті күні.

Жүректе таппаған сөз жүдә болар, Бір үлкен жалған айтсаң күнә болар. Жілігі жиырма алты деген сөзің Оралған алты айдағы жұма болар».

Бұл жұмбақтың шешуіне тоқталмасақ та болады. Үзіндісі келтірілген елеңнің жалпы көлемі 440 жол. Айтысқан екіақынның бірі - атақты ақын, композитор және дауыл дауысты әнші Әсет Найманбаев (1867-1923). Әсеттен қалған «Шама», «Әсет», «Ардақ» т. б. асқақ әндер оқырмандарымызға мәлім болар. Әсеттің өлеңдері мен әндерін Ілияс Жансүгіров жоғары бағалаған. Рысжанның фамилиясы, өмірбаяны белгісіз. Қарқаралы маңының кызы болса керек. Өлеңнің бас жағындағы шумақтарға қарағанда айтыс болған жылы Әсет 16 жаста, Рысжан 17 жаста екен. Бұдан айтыстың 1883 жылы өткендігі, Рысжанның 1866 жылы туғандығы шығады. Айтыс Қоянды жәрмеңкесінде, Талды өзенінің бойында өткен. Жәрмеңке өткізілген Қоянды бекетінің жерінде қазір «Қоянды» мал совхозы бар (Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданы). Қоянды жәрмеңкесі 1882-1916 жылдары маусым айында өтін отырған. Демек, Әсет пен Рысжанныц айтысы 1883 жылы маусым айында болған.

Сонымен, ежелгі түркі және қазақ мәдениетінің тарихи ескерткіштері де, қазақ ауыз әдебиетінің ескілікті үлгілері де А. Штубендорфтың, А.А. Шифнердің, Б. А. Куфтиннің, А. П. Седельниковтың және солардың ізімен жүргендердің байырғы қазақ календары жөніндегі пікірлерін теріске шығарады.

Б. А. Куфтип қазақ айларын былай тізген болатын:

шілде,

қаңтар,

сарша-тамыз,

ақпан,

қараша,

ала сапыран (наурыз),

қыркүйек,

көкек,

қазан,

мамыр,

желтоқсан,

маусым немесе отамалы,

екі ағайынды,

 

 

Бұлар жөнінде бұрын айтылған. Наурыз ала сапыран емес. Шілде жыл басы емес.

Шоқан Уәлихановша қазақ айлары мен олардың тетелестік реті мынадай:

1. отамалы (март),

2. көкек (май),

3. саратап (апрель),

4. шілде (июнь).

5. сарша-тамыз (июль),

6. қыркүйек (август),

7. казан (сентябрь),

8. қараша (октябрь),

9. тоқсан (ноябрь),

10. қаңтар (декабрь),

11. ақпан (январь).

12. наурыз (февраль).

Алайда наурыз ақпан емес , ол - жылдың бірінші айы, наурызға сәйкес. Отамалы мартқа сәйкес болмайды. Саратан - жұлдыз ай, зодиак бойынша ғана айтылады, айлардың бұл жүйесіне қатыспайды. Шоқанға мағлұмат берген кісілер жаңсақ айтқан.

В.В.Радловтың еңбектерінде қазақ айларының жүйесі мына түрде келтірілген:

1. отамалы (май),

2. шілде (нюнь),

3. сарша-тамыз (июль),

4. қараша-қауыс (август),

5. қазан (сентябрь),

6. мизан немесе қыркүйек (октябрь),

7. желтоқсан (ноябрь),

8. қаңтар (декабрь),

9. ақпан (январь),

10. наурыз (февраль),

11. көкек (март),

12. мамыр (апрель).

Көкек наурызға сәйкес бола алмайды, наурыз айында көкек шақырмайды. Қараша тамыз емес.

Профессор Ғ. Ғ. Мұсабаев өзінің «Қазіргі қазақ тілі» атты кітабында 1907 жылы Қызылжарда (Петропавлда) және Омбыда басылған газет, журналдардан теріп алып, қазақ айларының екі тізімін келтірген.

1965-1968 жылдары «Қазақстан» баспасындағы календарь редакциясына «айларды біздің ауыл былай айтады» дейгін ондаған хаттар түскен болатын. Әр түрлі кітаптар мен мақалаларда келтірілетін қазақ айларының тізімдерін жасасақ, олардың жалпы саны елуге тартады. Тізімдердегі айлардың саны да, тарихи негізі де әр түрлі болып отырады. Мәселен, Қуфтинше жылдың бастапқы айы шілде болса, Уәлиханов пен Радловша - отамалы. Бірақ бұлардың біріншісі отамалыны наурызға, екіншісі мамырға сәйкестендіреді. Мәселенің бұлай болуының бірнеше себебі бар.

Біріншіден, ертеде қазақ халқының бір орталыққа қараған біртұтас мемлекеттігі болмаған, қазақтар біріңен бірі шалғай әр түрлі хандықтардың, жүздердің, бертін генерал-губернаторлықтардың құрамында жүрген. Олардың арасындағы экономикалық және мәдени қарым-қатынастар, ішкі байланыстар нашар болған. Сондықтан уақыт есебі әр жерде әр түрлі негізде жүргізілген. Екіншіден, айлардың жүйелері астрономиялық тұрғыдан зерттелмегең, салыстырмалы талдау елегінен өткізілмеген. Мәселен, қараша - азаматтық ай, зодиак бойынша оған сәйкес уақыт - қауыс (мерген) жұлдызы. Ал жоғарыдағы тізімдерде бұл (қараша, қауыс және қараша-қауыс түрінде) үш түрлі ай болып шыға келеді. Астрономияны білмейтін адамдар солай жаза береді. Үшіншіден, айлар жөніндегі мағлұматтар әр жерде және әр кезде жазылған. Календарьға бұл фактілердің де әсері болады. Төртіншіден, жоғарыдағы айларды тізіп жазған авторлардың қатарында бірде-бір астроном жоқ, жазғандардың басым көпшілігі - саяхатшылар мен тіл мамандары.

Қазақ халқының көпшілігі қолданған айлардың бір жүйесі төмендегідей:

  1. наурыз (март),
  2. көкек (апрель),
  3. мамыр (май),
  4. маусым (июнь),
  5. шілде (июль),
  6. тамыз (август),
  7. қыркүйек (сентябрь),
  8. қазан (октябрь),
  9. қараша (ноябрь),
  10. желтоқсан (декабрь),
  11. қаңтар (январь),
  12. ақпан (февраль).

Бұл тізім «Қазақ ССР тарихының 1957 жылы басылған бірінші томында келтірілген (тараудың авторы - Ә. X. Марғұлан). Мұнда айлар дұрыс тізілген, наурыз - жылдың бірінші айы, жыл 12 айға бөлінген. Жоғарыдағы тізімдер іс жүзінде осының шашыранды вариантары болып табылады. Ал сонда сараған, қауыс, отамалы, сарша, бірдің айы т. с. с. қайда қалады? Енді осы мәселеге келейік.

 

Қолданылған әдебиет

1. Исқақов М.Ө. Халық календары. –Алматы, 1980. -318 бет.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-05-31 13:30:00     Қаралды-2504

ИСЛАНДИЯ – АТЫ ДҰРЫС ЕМЕС ЕЛ

...

Исландия ағылшын тілінен сөзбе-сөз аударғанда «мұз елі» деп аталады

ТОЛЫҒЫРАҚ »

20 ҒАСЫРДЫҢ НЕГІЗГІ ӨНЕРТАБЫСТАРЫ

...

20 ғасырдың негізгі өнертабыстары, оларсыз қазіргі адам өмір сүре алмайды

ТОЛЫҒЫРАҚ »

САМАУЫРДЫҢ ІШІНЕ ҚАҚ ТҰРСА

...

Cамауырдың ішіне қақ тұрса

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ШАШ КҮТІМІ

...

Адамның шашы бірде түсіп, бірде шығып дегендей, ұдайы алмасып отырады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІЗДІҢ ӘЛЕМ ТУРАЛЫ СІЗ БІЛМЕГЕН 15 КЕРЕМЕТ ФАКТ

...

Біздің әлем - шексіз жұмбақ. Күн сайын сіз ол туралы көптеген жаңа нәрселерді біле аласыз!

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТАРКТИДА ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

...

Мұз құрлығының ресми ашылған күні 1820 жылдың 28 қаңтары болып есептеледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЫЛҚЫ АТЫМЕН АТАЛАҒАН SNICKERS ШОКОЛАД БАТОНЧИК

...

Snickers - жастар арасында ең танымал батончик

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЕР ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

...

Бұл мақалада біздің жер туралы қызықты деректер талқыланады

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЯҚ КИІМГЕ ДЕ КҮТІМ КЕРЕК

...

Әдетте, адамның екі аяғы бірдей бола бермейді. Көбіне оң аяқ сол аяқтан гөрі үлкенірек келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »