UF

ХАЛЫҚ ТВОРЧЕСТВОСЫ

 

Қазақтың халық творчествосы сән және қосалқы өнер, музыка (ән, аспаптық музыка), театр, би т. б. сияқты халықтыц көркем ой туындысынан пайда болған онер салаларын қамтиды. Қарапайым еңбекші халықтың іс-әрекеті, қоғамдық және тұрмыстық болмысы, табиғат пен өмір жайындағы танымы, діни сенім-нанымы халық шеберлерінің жасаған көркем туындыларынан көрініс тауып отырды. Халықтың есеюі, мұраты мен талпынысы,оның алғыр ой-қиялы, ғаламат ақылдылығы мен сезімталдығы, күйініші, озбырлық пен езгі атаулыға қарсылығы және әділеттік пен бақытты аңсауы қоғамдық еңбек тәжірибесі барысында қалыптасқан халық творчествосында тоғыстық тапты. Халық өнерінің сан ғасырлық тәжірибесін бойына сіңірген осынау өнер түрі шындықты көркем пайымдаудағы тереңдігі, образдарының шынайылығы әрі творчестволық түйінінің сомдылығымен ерекшеленеді. Халық ғасырлар бойы таланттар жасаған туындыларды електен өткізіп, асылын тауып, оны одан әрі дамытып отырады. Міне, сондықтан да бүкіл дүние жүзі халықтары сияқты қазақ халқының халық өнері де қашанда сап алтын күйін жоймайтын дәстүрлі мұра. Оның бүгінгі өнерге үлгі боларлық мәні зор. Социализм жағдайында халық творчествосы профессионалды өнермен жақындаса түсіп, түрі ұлттық, мазмұны социалистік қазақ мәдениетінің құрамды бір бөлігіне айналды.

Қазақтың үй жиһаздары мен сәндік бұйымдарындағы ою-өрнек үлгілері.

Сән және қосалқы өнер. Халық өнері еңбекші халықтың күнделікті тұрмыс-тірлігімен, оның өмір сүру ерекшелігімен біте қайнасып дамыды. Алғашқы бұйымдар күнделікті тіршілік мақсатында дүниеге келсе, көркемдік ойдың ояна бастауына орай әр затқа әсемдік әр беретін нақыштау ісі қолданыла бастады. Қазақстан территориясын мекендеген ежелгі тайпалардың қола құрал-жабдықтары мен геометриялық өрнекті қыш ыдыстары андронов мәдениетіне саяды. Қыштан құмыра жасау сияқты көзешілік өнерінің тамаша үлгілері Отырар, Сайрам, Сарайшық, Талғар, Қойлық, Созақ, Тараз қалаларына жүргізілген археологиялық қазба кезінде табылды. Үйсін өнері көзешілікті біршама ілгері дамытып, бұйымдарды қалыпқа салып жасау, оны ақшыл қызыл, қоңыр және солғын қызыл бояумен бояу тәсілін қолданды. Орталық және Батыс Қазақстан өңірінен табылған көзелерде үш бұрышты өрнек салу байқалады. Б. з. б. 2-мың жылдықтың соңғы жартысы мен 1-мың жылдықтың бас кезінде Батыс Сібір мен Қазақстанды мекендеген тайпалардың осынау ежелгі ескерткішінен, әшекей бұйымдарынан металл өңдеу ісімен де таныс болғандығын аңғаруға болады. Көшпелі тайпалардың қола дәуірінен кейінгі мәдени өркендеуін сипаттайтын байырғы сақ, ғұн, үйсін өнері халық қол өнері бұйымдарының озық үлгілерін дүниеге әкелді. Бұл өнер түріне негізгі сюжет болған - жылқы, түйе, арыстан, қабылан, барыс, аю, жолбарыс, бөрі, қанатты жыртқыштар, сонымен бірге бұлан (қандағай), бөкен, киік, елік, таутеке, бұғы, марал, олардың әрекеті. Ежелгі замандағы наным, ертегі-мифтерге байланысты туған сан алуан өрнек үлгілері (теке сақал, бұғы мүйізді арыстандар, қалқан құлақ арыстан бейнелі құмайлар-самұрықтар, құмай басты, ат денелі хайуандар, арыстан құйрықты, құмай басты аттар) де ежелгі зергерлер өнерінен елеулі орын алды. Бұл бейнелердің барлығы құю, қырнау, безеу, қақтау әдістерімен жұмыр мүсін не рельеф-бедер түрінде жасалды. Олардың көпшілігі ат-тұрманында, кісеннің ілгектерінде, киімнің қаптырмаларында, әйел әшекейлерінде, музыка аспаптарында, қару-жарақтарда тамаша әшекей ролін атқарып, заттың мазмұнымен ғажайып үндестік тапты. Ежелгі заман зергерлері алтын, күміс, қоладан мүсін жасаумен бірге оның бетіне асыл тас орнату ісін де меңгерді. Байырғы сақ, ғұн, үйсін халық өнерінің озық үлгілері қазақ зергерлік өнерінің бастауына айналды. 6-8 ғасырларда көшпелі түрік тайпалары жасаған мәдениет қазыналары, оған орай оларды жасаушы шеберлердің өзіндік аттары алтын, күміс соғушы (зергер), қолашы (қола құюшы), темірші (ұста), кашчі (безеуші, қашаушы), қырнаушы, бәдізші (мүсінші), барқ етушілер (сәулетші) белгілі болды. Бұлар - Орхон жазуында кездесетін әрбір ісмердің мамандық аттары. Халық шеберлері жасаған зергерлік бұйымдары мен әшекей-өрнектер сол заттың іс жүзіндегі мән-мазмұнына, тұтынушылардың көпкем талғамына сай келіп отырды. Қазақ халық өнері бұйымдары негізінен қыш, жүн, тері, ағаш, суйек, тас, металл заттардан жасалды. Қолөнері бұйымдарын жасаудың жеке бір шебердің қолынан шығатын я коллективті түрде істелетін (мыс., кілем, ши тоқу, киіз басу т. б.) негізгі екі түрі қалыптасқан.

Қазақ халқында жеке дара таланттардың қолынан шығатын зергерлік өнер бұйымдары дәстүрлі онердің бүгінгі заманға ұласқан ең бір дамыған түрінен саналады. Мұндай бұйым жасаушыларды зергер деп атайды. Зергерлік өнерінде бейнелеп құю, бедерлеу, қалыпқа салып қысу, бір затқа бір затты оюластыру, кіріктіру, қақтау, күмістеу, термелеу, өру, бұрау, тоқымалау, әбзелдеу т. б. әдістер қолданылады. Қазақ зергерлері негізінен әйел әшекейлерін (жүзік, білезік, алқа, сырға, шолпы), батырлық қару-жарақтарды (айбалта, көксүңгі, алдаспан, дулыға, қалқан, қорамсақ), үй іші мүліктерін (кебеже, жүкаяқ, асадал, адалбақан, зерлі аяқ), аңшылық жабдықтарын (томаға, тұғыр, балдақ, қарғы, оқшантай), музыкалық аспаптарын (асатаяқ, қобыз, домбыра, сыбызғы, дауылпаз), киім-кешектерді (кісебөлдік, зер кебіс т. б.) әсем жасаған. Бұл заттарды нақыштау ісінде мифтік ұғымдағы өрнек түрлері (қошқар мүйіз, түйе табан, таңдай), көгеріс өрнек (жапырақша, гүл, сабақша), ұласымды өрнек (ырғақ, сабақтау, айқас түр т. б.), геометриялық өрнектер жиі қолданылады. Бұл бұйымдар әрбір зергердің қайталанбас қол таңбасын, өзіндік әуенін танытатын нағыз көркем туынды болып табылады.

Қазақ халқының қолөнері 15-18 ғасрыларда жоғары дәрежеде дамыған киіз үйді сәндеу барысында біршама жетістікке жетті. Ат үстінен шаңырақ көтерген алып «ордалар» (30 қанатқа дейін барған) сүйегін жасау ісінде зергерлік пен ағаш ұқсату өнерінің тамаша үлгілері қолданылса, оның киіз әбзелдері мен бау-басқұрларын, сәндік һәм тұрмыстық жиһаздарыніші мүліктерін (кебеже, жұқаяқ, аса-жасауда халық ұсталары мен ісмерлер тер төкті. Осы кезеңде сән және жабдықтарын (томаға, тұғыр, балдақ, қосалқы өнерінің көркем оймыш қарғы, оқшантай), музыкалық аспаптарын (ағаш, сүйек), сүйек қырнау, түр салып текемет басу, ойып немесе кестелеп тұскиіздер жасау, сырмақ сыру, тоқымашылық, зер төгу сияқты әдістері кең қанат жайды.

1. Кісе. Былғары, металл. 19 ғ. 2. Күміспен қаптап, ақықтан көз салған ердің қасы. 19 ғасырдың аяң кезі. 3. Аяққап. Жүн, киіз. 20 ғасырдың бас кезі. 1-3. Қазақ ССР-інін Мемлекеттік орталық музейі.

Сән және қосалқы өнер бұйымдарындағы ою-өрнектер фрагменті. 1-2. Ағаш оймышты жұқаяқ. 3. Сүйек пен металл каптырылған төсекағаш. 4. Былғарыға бедер түсіру арқылы жасалған тұскиіз. 1-4. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың бас кезі. Қазақ ССР-інің Мемлекеттік орталық музейі.

Тоқымашылық өнердің халық арасында өріс алған түрі - өрмек. Осы әдіспен бау, басқұр, алаша, тықыр (терме алаша), түкті кілем, шекпен, қоржын т. б. тоқылады. Өрмек тоқуда кежім тоқу, яғни бұхар теру әдісі қолданылады. Тоқымашылық өнерінің ең дамыған түрі кілем тоқу ісінен көрініс тапқан. Өнердің бұл түрінің ежелден кепе жатқандығын Пазырық қорғанынан табылған түкті кілем (б. з. б. 5 ғ.) дәлелдей түседі. Қазақ кілемі тоқу ерекшелігіне (түкті, тықыр кілем, барақ кілем), тоқылып шығатын жеріне, материалына (жібек, масаты, қалы кілем), ру ұлгілеріне (Адай кілем, Қоңырат кілем, Керей үлгі, Найман үлгі), ою-өрнегі мен түріне (қос гүлді, үш гүлді, бес гүлді кілем), қосалқы белгілеріне (шашақты, шашақсыз, оқалы кілем) қарай бірнеше түрге бөлінеді. Қазақстанның оңтүстік облыстары мен Арқада түкті, тықыр, арабы кілем тоқу, Семей облысында тұс кілем кестелеу дамыған. Түкті және тықыр кілемдерде негізгі үлкен гүлдер «күмбез», жиектеріндегі текшелі өрнектері «қорған» деп аталып, оны қуалай «су» өрнегі жүргізіледі. Бұл атаулар қорғанын бойлай су жүргізілген күмбезді қаланы бейнелеуден шыққан. Кілемнің «гүл-күмбезді» үлгілері шамамен 7-8 ғасырларға саяды. Тұс кілемдер биязы көгеріс өрнектермен көркемделсе, тақыр кілем үлгілеріне геометриялық пішінге келтірілген төрт түлік мал (көбіне түйе мен жылқы) бейнеленеді. Түкті кілемге ортаңғы «гүл-күмбездерінің» орнына «түлкіге түскен бүркіт» т. б. жан-жануарлар немесе табиғат көрінісі тоқылады.

Ағаш оймышты піспекбас пен ожау.19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың бас кезі.

Ши тоқу өнері де халық ісмерлігінің бір саласын қамтиды. Ши жай және «шым ши» болып екі түрге бөлінеді. Ол аршылған шиді бір-біріне қатарлай тізіп, арқау жіппен бекіту арқылы тоқылады. «Шым ши» тоқығанда шиге түрлі-түсті бояуға боялған жүнді орау арқылы түр салынады. Негізінен геометриялық өрнек қолданылады. «Шым ши» киіз үйдің қабырға өрнегі ролін атқарады.

Әр түрлі материалды (киіз, мақпал, шұға, мата) оюлап қиып, қиықты бір-бірімен түс алмастыра құрау (мыс., ақ пен қара киіз) арқылы тұсқа ұстайтын (тұскиіз, бітпес т. б.), немесе төсеніш (сырмақ, бір салар т. б.) заттарын жасау - халық сән және қосалқы өнерінің бір саласы. Сондай-ақ жартылай басылған, әлі толық бірікпеген киіз үстіне басқа түсті жүнпен созып, түр салып текемет басу да осы әдіске ұқсас. Мұнда қолданылатын негізгі өрнек түрлері - қошқар мүйіз, тұмарша, тарақ, ирек, шырша, құрай гүл, шөп гүл, жүрекше, көз, айшық, жұлдызша т. б.

Ұлы Социалистік революциясы жеңіске жеткеннен кейін халық өнері жаңа арнада дами бастады. Жас Совет өкіметі халық творчествосын қайта өркендету мен дамыту шараларын қолға алды. Халық шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылды. Лениндік кооперативтендіру жоспары бойынша қолөнері дамыған ірі орталықтардан көркем-өнеркәсіп артельдері ашылды. Көркем-өнеркәсіп артельдерінде жұмыс істеу халық шеберлерін коллективтік еңбекке баулудың алғашқы мектебі болды.

Қазақ ою-өрнектерінің үлгілері.

Халық қолөнерінің алтын қазынасына, оның ертеден келе жатқан дәстүрлі көркемдік тәсілдеріне деген көпшілік ілтипаты бұл өнердің бүгінгі таңда өркен жаюына жағдай жасап отыр. Заттарды көркемдеуде тақырып ауқымы кеңіп, жаңа материалдар мен қазіргі техникалық мүмкіндігін орынды пайдалану жүзеге асты. Халық өнерінің кейбір ұмыт болған түрлері қайтадан қалпына келтірілуде.

Сырмақ. Жүн, киіз. 20 ғ. Қазақ Мемлекеттік орталық музейі.

Ежелгі ұсталар мен ісмерлер өз туындылары арқылы халықтың өнер қазынасын байытқанымен, оның аты-жөні беймәлім болып қала берсе, советтік заманда ел таныған таланттарға арнайы қамқорлық жасалып (көрме, сыйлық, атақ), олар халық игілігі үшін төккен терінің жемісін көріп, қуанышына бөленуде. Халық қолөнері шеберлері бұйымдарының көрмесі бүкіл одақ көлемін, тіпті шетелдерді аралауда. Республикада көзешілік, көркем оймыш және тоқымашылық (Алматы көркем керамикалық тәжірибе зауыды, «Тұскиіз» және Кілем тоқу фабрикалары т. б.), зергерлік өнер (Алматы көркемдеу өнеркәсібі фабрикасы; Семей мен Петропавлдағы арнаулы цехтар т. б.), мебель (Алматы, Сайрам, Шымкент фабрикалары) т. б. сән және қосалқы өнер бұйымдарын жасайтын өнеркәсіп орындары ашылды. Белгілі халық ұсталары мен ісмерлері: А. Абылаев, Ш. Айтмағамбетова, Ә. Алданазаров, Қ. Аманжолов, Ж. Арыстанова, С. Әзірбаева, М. Әметов, Б. Баймағамбетов, X. Ж. Бекмұхамедова, Ә. Беков, Н. Бекпенбетов, П. Берсүгіров, Т. Бимағамбетов, Б. С. Бөлтірікова, Ә. Дәулетов,Н. Дүйсенқұлов, М. Елікбаев, Ш. Ералинов, А. Ержанова, А. Ерқожаев, Б. Жақсыбаева, Ж. Жұмабаев, А. Жүзбаев, Ж. Жүзбаева, К. Жүсібаев, Ф. Зәуірбекова, Ғ. Иляев, И. Имашев, С. Көгентаев, О. Көшебенов, М. Қалқабаева, Қ. Қаңтарбаев, Л. М. Қожықова, А. Қошқарбаев, Б. Құлжабаева, А. Қыздарбекова, Ж. Қылышбаев, М. Машапова, Ж. Мөңкебаева, А. Нәлібаев, Р. Ошақбаев, Б. Раманова, Д. Садықов, А. Сариева, Б. Сәрсенбаев, Б. Сәрсенбиева, Р. С. Сәрсенбин, М. Сейдахметова, М. Сеңгірбаев, С. Солтыбекова, М. Сүлейменова, Н. Тайманова, Ж. Таңбаев, Ұ. Тәшенова, Қ. Тыныбеков, Д. Шоқпаров т. б.

Халық музыкасының шығу төркіні басқа да өнер түрлері сияқты өте ерте заманға саяды. Әрбір қоғамдық құрылыс кезеңіндегі музыкалық дәстүр мүмкіндігінше өзіндік ерекшелігін сақтай отырып бірден-бірге жетеді. Әр тарихи дәуірдің белгілі мөлшерде көне және трансформацияланған, сондай-ақ осы негізде жаңадап туған шығармалары болады. Адамзат өмірінің мәңгі серігі болған халық музыкасы жанр жағынан өте бай. Кедей шаруа тірлігінің әрбір кезеңі (өмірге келу, үйлену, қаза болу; діни наным-сенім, жаз жайлау, қыс қыстауға көшу, жыл мезгілі; төрт түлік мал т. б.) қазақ халық музықасында да өз таңбасын қалдырып отырды. Бірден-бірге ауызша таралып келген халық музыкалық творчествосын орындаушыларды ақын-әнші, жыршы, күйші деп атады. Міне, осы орындаушылар аузында, күйшінің көкейінде сақталып келген дәстүрлі музыкалық творчестводан музыкалық фольклор құралады. Қазақ халық музыкасының негізгі түрлері - ән, эпикалық толғаулар (жыр, қисса), аспаптық күйлер.

Қазақтың халық әні - оның бүкіл тірлігімен біте қайнасып, бірге өмір сүріп келе жатқан асыл мұра. Халық таланттары ойлап шығарған «әуен» мен «саз» әр тақырыпты қамтыған ән-әуен туындыларының арқауы болды. Оның ежелгі түрлері: жоқтау, діни сенім, ішінара сықақ және лирикалық ән-әуендер. Жоқтау қаза болған адамның кейінгіге үлгі боларлық жақсы қасиетін белгілі бір әуенмен әйел аузынан (ең жақыны) айтқызу

Қазақтың халық әнінен революциядан бұрынғы дәуірдің әлеуметтік мотивтері көрініс тапты. Онда байдың кедейге көрсеткен зорлығы, теңін таппаған қыз, теңдіксіз өткен әйел тақырыбы сөз болады.

Оны кейде «жылау», «дауыс айту» деп те атайды. Әр жоқтаудың белгілі бір тұтастығы, арнайы тақырыбы (мыс., «Қарағай найза қаяулым», «Боздағым кетті бел асып...», «Аққу ұшып көлге кетті...» т. б.) болады. Діни сенімге байланысты туған ән-әуендердің ең кең таралғаны - «Жарапазан». «Жарапазанды» ауыл жастары көктем мейрамы - «Наурызда» айтады. Оның негізгі мазмұны от басына молшылық, әкеге ұл тілеу сияқты ізгі тілектен құралады. Халық әндерінің бір саласын ұнамсыз қылыққа, халыққа зиян шектіретін жат құбылысқа қарапайым халықтың айтысу не ажуа сықақ қылу (мыс., «Қасқырмен айтыс», «Көксау шалдың әні» т. б.) арқылы өз ойын білдіру әндері қамтиды. Лирикалық әндер (махаббат, тәлім-тәрбие) халық ән- әуендерінің ішінен елеулі орын алады. Сұлу қыз («Күләнда» т. б.) беy әсем жігіттің («Кер марал» т. б. бір-біріне деген ынтызарлығы, пәк сезімі немесе жақсылық пен жамандық («Үлкендерден үлгі», «Он үш жаман» т. б.) ән арқауына айналады.

Алайда бұл әндердегі қайғылы мұң мен төгілген көз жасы, әділетсіздік пен теңсіздікке қатулы қарсылық сезімімен алмасып отырады. Қазақ халқының ең алғаш революциялық дүмпуге ояна бастауы ән жанрынан белгілі дәрежеде орын алды. Осы кезеңде қазақ жеріне «Интернационал» сияқты революциялық әндер кең тарай бастады. Осы революциялық әндердің ықпалымен қазақтың халық әні «Қозғал» дүниеге келді.

Халық музыкалық творчествосындағы эпикалық шығармалар мен қоғамдық-публицистикалық сипаттағы туындылар стилінен жалпы халық әніне тән құрылымды аңғаруға болады. Мұнда өріс алған негізгі ән-әуен ырғағы - терме мен желдірме. Кей жағдайда қисса сюжетіне қарай кең қайырымды, созып айтатын жеке иірімдер де кездесіп отырады. Халық музыкалық творчествосында ежелден келе жатқан қисса-толғаулар қазірге дейің мәнін жоймай, совет музыкалық фольклорындағы музыкалық-поэзиялық өнер түрінің кең тараған жанрына айналып отыр.

Халық музыкасының өркен жайған бір саласы - аспаптық музыка. Ол негізінен әнмен бірге туған көне жанр. Халық ән тілі жетпеген түйінді толғауын ежелден келе жатқан шертер, қыл қобыз, жетіген, домбыра, даңғыра, сыбызғы, асатаяқ, шаң-қобыз, қамыс сырнай, саз сырнай, мүйіз сырнай, ұран, үскірік, тастауық, дабыл, дауылпаз сияқты музыкалық аспаптар арқылы күймен жеткізген. Күй негізінен домбыра күйлері, қобыз күйлері, сыбызғы күйлері болып бөлінеді әрі ол композициялық құрылымы жағынан халық музыкасының күрделі бір саласы болып табылады. Күй аңызы ғұндар дәуіріне саяды. Күй 14 ғасырда жеке музыкалық жанр болып қалыптасты. Қазақтың халық күйлері аңыз, ертегі, нақтылы тарихи оқиғалар (мыс., «Ақсақ құлан - Жошыхан» т. б.) негізіне құрылып, көбіне программалы түрде дамиды. Күй мазмұны халықтың басынан кешірген тауқыметі мен әділетсіздікке қарсы күресіне, азат өмірді аңсаған асыл арманы мен қуаныш сезіміне, кейде адам қайғысы мен қуаныш сезімінің нәзік нюанстарына құрылады. Оның мелодиялық-формалық құрылысы, ырғақтық орындаушылық тәсілдері сан алуан. Жігерлі, екпінді болып келетін Құрманғазының; романтикалық лирикаға, философиялық толғауға негізделген Дәулеткерейдің; әуені әсем, жүрек суырар мұң мен тәтті қоңыр сазға малынған Тәттімбеттің; құбылмалы, ойнақы, жыр нөсері іспетті Қазанқаптың күйлері осының айғағы. 19 ғасырдың 2-жартысында осындай ұлы күйші-композиторлардың есімін дүниеге әкелген халық аспаптық музыкасы өзінің шырқау биігіне көтерілді.

Ұлы Социалистік революциясы қазақ халқын отаршылдық пен феодализмнің темір құрсауынан азат етіп, оның жаңа социалистік негізде бақытты өмір құруына жол ашып, халық музыкалық творчествосының дамуына прогрессивті ықпал етті. Қазақ совет фольклорының қалыптасуы Ұлы Октябрь, В. И. Ленин, партия туралы ән-күйлерден басталды. Халық ақындары, әнші- композиторлар мен күйшілер ұлы дәуірдің жаңа бастамасын шабытпен жырлады. Советтік халық музыкалық творчествосының алғашқы сәтті қадамдарының бірі «Қазак» газетінде басылған «Россия мен Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына» деп аталатын лениндік үндеудің музыкалы- поэзиялық әуенде жүзеге асуы болды. Ол кезде қалың бұқараның көпшілігі сауатсыз болды да, әлемге жар салған лениндік үндеуді жұртшылыққа газет арқылы жеткізу біршама қиындықтар туғызды. Сондықтан В. И. Лениннің үндеу сөзін халық арасына еркін жеткізу мақсатымеп есімі белгісіз қазақ большевигі мелодиясы мен сөзі осы документтің негізгі мазмұнын білдіретін «Жалпы әлемге» атты ән шығарды. Совет өкіметі орнаған алғашқы жылдарда-ақ ақындар айтысы, әнші-күйші өнерпаздар жарысы өткізіле бастады. Ұлы Октябрьдің жеңісі, жаңа өмір - өнер жарысы ақындар айтысының негізгі тақырыбына айналды. Ірі айтыстардың бірі 1919 жылы Верный (қазіргі Алматы) қаласында өтті. Оған жыр алыбы Жамбыл Жабаев (1845-1945) пен оның шәкірті Кенен Әзірбаев (1888-1976) бастаған 40-тан астам ақындар қатысты. Осы тойда Кенен құлдықтан, зорлық-зомбылықтан азат болған еңбекші қауымның шексіз қуанышынбілдіретін өзінің «Октябрь» атты әнін орындады. Сондай-ақ жарқын болашаққа, бақытты өмірге жол салған еңбекші халықтың сүйікті көсемі Ленин туралы әндер ақын-әншілердің творчествосынан көркем көрініс тапты. Белгілі халық ақыны Сәдібек Мүсіреповтің «Ленин жолы» әніне де көсемнің ісі мен ұлы есімі арқау болды.

Қазақ халық аспаптар оркестріне қатысушы өнерпаздар тобы. 1940.

Революциядан кейінгі әлеуметтік және экономикалық ірі өзгерістерге байланысты халық творчествосы жаңа тақырыптармен байи түсті. Республика өміріндегі әрбір тарихи кезеңге байланысты тол шығармалар туып, жаңа жанр - революциялық ән дүниеге келді. Бұл әндер өзінің мазмұны, кейде мотиві жағынан жұмысшы тап әндері, орыс пролетариатының революциялық әндері, сондай-ақ қызыл әскер әндерімен үндесіп жатты. Революциялық әндер халықты ақ гвардияшыларға, алашордаға, бай мен феодалдарға қарсы күреске шақырып, азат өмірді, Совет өкіметін қорғауға үндеді. Мұндай әндерде бұрын қазақ ән дәстүрінде кездеспеген марш ритмі пайда болып, ол әндерді жаяу және атты әскер саптарының хормен айтуына мүмкіндік туды. Халықтың музыкалық творчествосы жаңа мазмұнмен толықты. Композиторлар, әнші-күйшілер ауыл шаруашылығындағы, заводтардағы, фабрика мен шахталардағы ерлік еңбекті мадақтады. Олар өздерінің шығармаларында халықтың дәстүрлі речитативті ән формасы - «терме», «желдірмені», сондай-ақ кең тынысты кантиленалық әуендерді еркін пайдаланды. Әсіресе атақты әнші-ақын Иса Байзақовтың (1900-1946) жұмысшы табының жасампаздық ұлы күшін асқақ әуенмен жыр еткен «Желдірмесі» дәстүрлі халық музыкалық творчествосының советтік замандағы жаңа сипатын айқындай түсті.

1934 жылы халық творчествосы қайраткерлерінің Алматыда өткен Бүкілқазақстандық І-слеті халық таланттарын тани түсуге жағдай жасады.Сол жылы А. Қ. Жұбановтың басшылығы бойынша Л. Мұхитов, Қ. Жантілеуов, Ы. Уәлиев, Н. Бөкейханов, М. Бөкейханов, Ж. Қаламбаев сияқты халық таланттары мен Музыкалық-драматехникумы оқушыларынан құралғанұлт мәдениеті тарихындағы тұңғыш Қазақтың халық аспаптар оркестріұйымдастырылып, оған ҚАССР ОАК-тың аты берілді. 1944 жылдан оркестрқазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазының атымен аталады. 1967 жылдан Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген коллективі. Қазіргі кезде академиялық оркестр Совет Одағының барлық республикаларына, сондай-ақ көптеген шөтелдерге кеңінен танылды.

1937 жылы халық творчествосы қайраткерлерінің Бүкіл қазақстандық 2-слеті болды. Оған қазіргі заманның халық аспаптық музыкасының тамаша үлгілерін («Бұлбұл», «Әсем қоңыр» т. б.) жасаған атақты домбырашы әрікомпозитор Дина Нұрпейісова (Құрманғазының шәкірті) қатысты.

Ұлы Отан соғысының тарихи оқиғалары халықтың музыкалық творчествосында өшпес із-таңбасын қалдырды. Бұл шығармаларда халықтың фашист басқыншыларына қарсы жүргізген теңдесі жоқ ерлік күресі, соғыс зардабынан азап шеккен елдің жан күйзелісі, аяулысынан айрылған жанның қайғы-қасіреті, жеңісті асыға күткен жарқын үміт сәулесі шынайы суреттелді. Соғыс жылдарындағы алғашқы халық әндерінің бірі - Әзірбаевтың «Біздің Отан жеңеді» атты ән-монологы болды. Армия қатарына шақырылған жігіттің әйелімен қоштасуы Қ. Бабақовтың «Отан үшін» атты ән-термесінің арқауы болса, Дина жігерлі де шаттық рухтағы «Жеңіс» күйін шығарды. Ал жауынгер-композитор Р. Елебаев Совет Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровтың ерлігін жыр еткен, салтанатты, асқақ әуенді «Жас қазақ» (сөзі Р. Мұстафиндікі) ән-реквиемін жазды. Бұл әнді автордың өз аузынан үйренген Ж. Елебеков оны кең байтақ қазақ даласына таратты.

Совет музыкалық мәдениетінің сабақтас біи бөлігі - халықтың музыкалық творчествосы соғыстан кейінгі жылдары одан әрі дами түсті. Халық творчествосында патриоттық мазмұндағы тақырып елеулі орын алды. Осындай шығармалардың сәтті үлгілерінің бірі - әнші-ақын Қ. Жапсарбаевтың туған жерге, Отанға деген ыстық сезімін білдіретін «Сары жазық» әні. Тың және тыңайған жерді игеру халық творчествосында жаңа тақырып арқауы болды. Тың жерлерді игерудегі жастардың ынта-жігері, жастық жалыны, совет халықтарының туысқандық, достық бірлігі әнші-композиторлар М. Ержановтың «Біз тың жерге аттандық» әнінде халықтық бояуын тапты. Қазіргі халық музыкалық творчествосынан Ленин тақырыбы маңызды орын алып отыр. Бұл тақырып халық өмірі тарихының әр кезеңіне байланысты туған әндерден өзіндік сипатпен көрініс тауып отырды. Алғашқы революциялық әндерде Ленин ер жүрек, батыр, кедей-жалшының қорғаны және еңбекші халықты өз правосы үшін күреске шақырған, жарқын болашаққа жол сілтеген халықтың ұлы көсемі ретінде суреттелсе, 20-30 жылдары көсемпің қазасына байланысты туған жоқтау әндерінде көсемінен айрылған халықтың шексіз қайғысы, лениндік ұлы жолдан айнымауға серт еткен еңбекші бұқараның анты бейнеленді. Ал соңғы кезеңдегі қазақ халық әндерінде Ленин образы асқақ үнді батырлық-патетикалық сазға ие болды. Ленин ілімін, оның даналық ойын жүзеге асырып отырған Коммунистік партия, ұлы көсем Ленин - бүгінгі ән тақырыбының негізгі арқауы.

Совет Одағы халықтарының ұлттық мәдениетін дамытудағы лениндік саясат нәтижесінде ғасырлар бойы жиналған музыкалық мұра бүкіл халық игілігіне айналып отыр. Бұрын музыкалық шығармалар бір облыстық аумағынан аспаған болса, Совет өкіметі тұсында өрісі кеңіп, халықтың ортақ қазынасына айналды. 20 жылдардың ортасында басталған музыкалық радио хабарлары, артистердің гастрольдік сапарда болуы, барлық облыстардың ақындары, әнші-күйшілерінің қатысуымен өткізілетін республикалық слеттер мен фестивальдар, ән-күйлерді күйтабаққа жазу, теледидар (60 жылдардан бастап) халық композиторларының         шығармаларын, халықтың музыкалық творчествосын жұртшылыққа таратуға бірден-бір мүмкіндік туғызды. Музыкалық зерттеуші ғалым Б. Ш. Сарыбаев (1927 ж. т.) көп жылдар бойы ізденудің, еліміздің музейлеріндегі коллекцияларды зерттеудің нәтижесінде қазақ халқының мәдениетінде шертер, шаңқобыз, жетіген, үскірік, асатаяқ, сазсырнай т. б. осы сияқты көне музыкалық аспаптардың болғандығын айқындап, оларды бұрынғы қалпына келтіріп, халықтың аспаптық мәдениетін байыта түсті. Ол осы аспаптардың негізінде 1969 жылы фольклорлық «Жетіген» ансамблін ұйымдастырды.

Совет өкіметі жылдарында халық музыкалық туындыларын орындау сипатымүлде өзгерді. Бұл шығармаларды профессионал-шеберлермен қатар көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысушы әуесқойлар да орындайды. Совет үкіметінің халық өнерпаздарына деген қамқорлығы халық музыкалықтворчествосын жан-жақты дамытуға мейлінше мүмкіндік тудырып отыр.

Республикада көптеген әуесқой хор коллективтері жұмыс істейді. Олардың кейбіреулері («Тау гүлі», 1978, Жезқазған обл., Ұлытау ауд.) халық хор коллективі деген атаққа пе болды.

Совет өкіметі тұсында халық музыкалық өнерінің синтетикалық жаңа формасы - ән-би ансамбльдері пайда болды. Республикадағы белгілі ән-би ансамбльдері гастрольдік сапармен шетелдерге де шығып тұрады. Қызылорданың «Сыр сұлуы» (Болгарияда, 1969; ГДР-де, 1970), Жамбылдың «Алатау» (ГДР-де, 1971; ЧССР-де, 1972; Үндістан мен Бангладеште, 1974), Гурьевтің «Жайық қызы» (Югославияда, 1971), Қазақ политехникалық институтының «Дос-Мұқасан» мен Қыздар мемлекеттік педагогикалық институттының «Айгүл» (Польшада, 1971; ГДР-де, 1973), Жезқазғанның «Ұлытау» (ГДР-де, 1974; ГФР-де, 1976), Қарқаралының «Салтанат» (Францияда, 1976), Оралдың «Ақ Жайық» (Норвегияда, 1977), Шымкенттің «Достық» (Польшада, 1978) ансамбльдері шетелдерде болды. Таңдаулы музыкалық-театр коллективтері операларды да сахнаға шығаратын дәрежеге жетті. Халық оркестрлері (Ақтөбе обл. Байғанин ауд., Гурьев обл. Мақат ауд., Қызылорда обл. Арал ауд., Қарағанды обл. Егіндібұлақ аудандары мәдениет үйлерінің халық оркестрлері т. б.) классик һәм совет композиторларының күрделі шығармаларын орыидау қабілетіне ие болды.

Халықтың баға жетпес музыкалық мұрасы және совет дәуіріндегі халық творчествосы өзінің дербес көркемдік мәнімен профессионалды музыканы байыта түсті. Халық музыкалық творчествосы көптеген профессионал композиторлар шығармасынан елеулі орын алды.

Xалық биі. Қазақ халық билерінің байырғы нұсқалары біздің заманымыздан бұрынғы дәуірлерге саяды. Жергілікті тұрмыс пен салт ерекшеліктеріне орай көрініс берген би өнері жайлы деректерді Қазақстанға байланысты этнографиялық ескерткіштерден, тарихи мәліметтерден, тілдік қордан, қазақ халық музыкасында сақталып қалған би әуендері мен халық билерінен, ғылыми-зерттеу еңбектерден кездестіруге болады. Ежелгі замандарда ән мен сөз өнеріне тығыз байланысты пайда болған би ұлттық өнердің басқа түрлері сияқты көшпелі тайпалардың тұрмысына берік еніп, олардың әдет-ғұрпы мен іс-әрекетін бейнелейтін өнердің біріне айналды. Таңбалы тастардағы (Таңбалы сайдағы шекіме суреттер, б. з. б. 7-5 ғ., Алматы обл., Жамбыл ауд., Шолақтау аңғарындағы шимайлы тастар, б. з. б. 5-3 ғ.) билеп жүрген кісілер пішіндері қазақ жерін мекендеген тайпалардың әдет-ғұрпында би мен музыканың етене дамығандығының дәлелі бола алады. Бұл секілді алғашқы би нұсқалары табиғатты бақылау мен еңбек қимылдарына байланысты туған түрлі қозғалыстар мен әр қилы ым элементтерін қамтыған. Таңбалы сайдағы қолдарына сылдырмақ ұстаған жарғақ киімді үш кісінің дөңгелене билеу көрінісі мал күзету әрекетін бейнелейтін қазақтың халық биі «Айгөлектің», ал Шолақтау таңбалы тасындағы аңшылар өмірін меңзейтін, шапшаң әрі епті қимыл-жүріске құрылған ежелгі бидің сипаты халық биі «Аю бидің» шығу төркінін айқын аңғарта алады. Мұнда билеп жүрген тобырға қарама-қарсы қолдарына ағаштан жасалған ішекті музыкалық аспап ұстаған биді сүйемелдеушілер де бейнеленген. Ертеден сақталып келген халық билерінің мазмұны мен түрі, пластикалық тілі (қимыл-нақышы) көшпелі тұрмыста басым болған еңбек түрлерінен және салт-сана, әдет-ғұрып ерекшеліктерінен шынайы көрініс береді. Мұнымен қатар ежелгі музыкалық фольклорда билеп жүріп ән айту, билерді жекелеп немесе жұптасып, топтасып билеу кең етек алған. Халық арасында жаңа жылды қарсыалу мейрамдары мен «қырман тойларда» қызғылықты ойындар, салтанатты шерулер өткізу салт-жоралары тараған. Мұндай думандарда халық өнерпаздары айтыс, әншілік секілді өнер түрлерімен бірге бишілік өнер сайысына түсіп, би өнерінің бірте-бірте өріс алуына жағдай жасады. Орта ғасырға дейін қазақ арасына ислам діні толық сіңісе қоймағандықтан шаманизм әсерімен от төңірегіне жиналып, қосылып ән айту әрі сол отты айнала билеп, марапат көрсету секілді ойын-сауық ғұрыптары да ұшырасады. Бірнеше күндерге созылатын құда түсу, үйлену дәстүрлері сахналық өнердің жарқып көрінісіне айналып, мұнда уытты әзілдер мен шат-шадыман күлкіге негізделген әндер орындалып, ішінара билер де биленіп отырған. Бақсылардың басты емшілік құралы да халық би өнері арқылы әсер туғызу қасиетіне негізделді. Бақсылық билерде діни сенімнің әсер-күшін арттыра түсу үшін дене қозғалыстарының ерекше күрт өзгеруіне әрі ымдық қимылдардың әсерлі болуына көп көңіл бөлінді. Сондықтан бақсы билерінде белгілі бір сюжетті баяндау, ойды әсірелеп жеткізу, образға ену секілді халық билерінің басты шарттылықтары толық қамтылып отырды. Қазақ топырағында Шығыс елдеріндегідей (Үндістан, Қытай, Жапония) би үйрететін арнаулы мектептер болмағанымен, бишілік өнер ұрпақтан-ұрпаққа ауызекі түрде тарады. Патриархалдық-феодалдық қоғамда әрбір тайпаныңтанымал өз шеберлері қалың көпшілік алдында түрліше өнер көрсетіп, шайқымазақ-қуақы ретінде танылып отырған.

Дәулеткерейдің үйіндегі думан. Ортада Дәулеткерей домбыра тартып отыр (Т. Паулидің «Россия халықтарының этнографиялық сипаттамасы» еңбегі бойынша; СПБ, 1862).

19 ғасырдың 2-жартысынан халық билерін орындаушылардың есімдері айқындала бастады. Мыс., Т. Паулидің 1862 жылы жарық көрген «Россия халықтарының этнографиялық сипаттамасы» атты кітабына домбыра күйлеріндегі лирикалық бағыттың негізің салушы Дәулеткерей Шығайұлы үйіндегі думанда биші Жанұзақ Жаппасовтың (т.-ө. ж. белгісіз) күй ырғағымен жеке билеп жүрген сәті бейнеленген. Осы секілді қазақтың халық билерінің бәрі дерлік шағын киіз үй ішінде орындалатындықтан, халық бишілері кеудені алға, артқа, жоғары, төмен оздыруға, аяқ пен қолды жылдам созып әрі жиыруға, дене мен буын ырғағына, бел, мойын қозғалысына аса мән берген. Би орындалатын жердің өте тарлығы бишіден үздік шеберлікті қажет еткен. Халық арасында кең тараған билердің бірі - жалқау қойшының кейпін бейнелейтін «Ортеке биі» болды. Мұнда биші үстел үстіне орнатылған қуыршақ-текенің тұяғын, мойнын, құйрығын қозғалмалы етіп жасап, оларға жіңішке жіп таққан. Сол жіптер домбыра шерткен күйшінің саусақтарына байлаулы болған. Күй тарту кезінде қол саусақтарының жоғары-төмен қозғалуына байланысты текенің дене мүшелері қозғалысқа түсіп, күй әуенімен билеп жүргендей әсер тудырды. Ал халық билері «Тепең көк» пен «Қара жорғада» бишілердің ақпа жорғалардың аяңдау, тепеңдеу, шоқырақтау, бүлкілдеу, текіректеу, секектеу, қос аяқтау секілді жүрісін, бөкен желіс, сары аяң, сары желіс сияқты сымбатты қозғалысын, дыз етпе, ұшпа, ұрма, сыңар езу тәрізді шабыс ерекшелігін және осы тақылеттес қилы мінез-жүрісті, көлік үстіндегі салт аттының дене қозғалыс ырғағын егжей-тегжейлі ашып сипаттауы халық өнерпаздарының би әдістерін жете меңгергендігінің айғағы бола алады. «Құсбегі-Дауылпаз» биінде бүркітті аң-құс алуға баулу, түлкі ілдіру тәсілдері тәрізді саятшылық, «Аю би», «Насыбайшыда» әзіл-оспақ пен күлкілі қимыл-қозғалыс арқылы аңшылық кәсібі, кейбір аңшылардың аңғырттық мінезі суреттеледі. «Қаз-қатар», «Құр биінде» құстардың тізбектеле ұшуы, шолпылдай суға шомылуы, дүркірей көкке көтерілуі бишілер биімен өрнек тапты. «Айгөлек», «Қазақша би», «Қара құлақ», «Қылыш биі», «Сылқыма» т. б. әр түрлі мазмұндағы билерде ойын-сауық, ғашықтық сезім, қаһармандық сюжеттері қамтылды.

20 ғасырдың 1-ширегіндегі қазақтың талантты өнерпазы ақын Кемпірбай Бөгембайұлы халық алдында өлең айтумен бірге сырнай (гармонь) ырғағына билеген. Ағашаяқ (шын аты-жөні Берікбол Көпенұлы, шамамен 19 ғасырдың 2-жартысы мен 20 ғасырдың басы) әншілік, күйшілік, ақындық, қуақылық, бишілік өнерлердің бәрін бойына тоғыстырған нағыз халық өнерпазы ретінде белгілі болды. Мыс., ол шөгерілген 9 түйенің үстінен қарғып жүріп, ел күйеулерін қалжыңдауды өзек еткен күлдіргі «Қалды-ау, қалды-ау, қыз қалды-ау...» ән-өлеңіне билеген. Оның бишілік өнері кезінде қалың жұртшылықты таңдандырып ел ішінде аты аңызға айналды. Сондай-ақ «Жындықара» (лақап аты; шын аты-жөні Ахмет Берсеғалпұлы), «Жынды Омар» (лақап аты; шын аты-жөні Омар Әбенұлы, екеуінің де т.-ө. ж. белгісіз) секілді халық өнерпаздары бай, болыс, би, молдалардың озбырлығын, халыққа жасаған қиянатын, надандығын аяусыз мінеп шенеген. Бай-шонжарлар Ахмет пен Омардың ащы ажуасынан қаймығып, ел ішіне оларды «жынды» деп лақап таратқан. Ел арасында аңызға айналған Зәрубай Құлсейітов (т.-ө. ж. белгісіз) Қоянды жәрмеңкесінде үлкен үстел үстінде тізбектеп қойылған шыныларды құлатпай қоян қимылдарын сипаттап халық биі «Қоян биді», «жынды» Омарға қосылып бірі бүркіт, бірі қоян болып жәрмеңкз думандарында «Қоян-бүркіт» биін орындаған.

Совет өкіметі орнағаннан кейін материалдық және рухани мәдениеттің дамуына толық жағдай жасалды. 1926 жылы Қызылордада құрылған Қазақ драма театрының актерлері қатарында «Жындықара» да болып, концерттік ойындарда бірнеше халық билерін орындады. Осы кезеңде ұлттық би өнерінің өріс алуына қарай байырғы халық билері жаңа түр, жаңа мазмұнмен толыға түсті. Қазақтың халық ақыны Доскей Әлімбаев көптеген халық билерін («Халық биі», «Ұтыс би», «Құсбегі-Дауылпаз» т. б.) жастарға үйретіп әрі өзі де қосылып билеген. Кезінде «Ортеке биін» Шашубай Қошқарбайұлы орындаған. 1934 жылы Алматыда өткен Қазақстан халық таланттарының алғашқы слетінде халық бишілері Қасым Жұманов, Ғалым Әрмепов, Жалпақбас Оразгалиев, Ысқақ Быжыбаев т. б. «Той биі», «Бүркіт биі», «Қоян би» мен «Тырна биін» және музыкалық-драма техникумының студенттері де осы слетке қатысып, «Қара жорға» мең «Қаз-қатар» биін орындаған. 1936 жылы Москвада өткен Бүкіл одақтық халық билері фестивалында үш бишімен қосылып Быжыбаевтың билеген «Насыбайшы» күлдіргі биін совет балет мамандары (Р. В. Захаров, А. О. Лопухов, Ю. О. Слонимский т. б.) жоғары бағалады; кейіннен бұл би СССР халықтары билері ансамблінің программасына (И. А. Моисеевтің өңдеуімен) енгізілді. 1939 жылы Алматыдағы Қазақ филармониясы жанынан ұйымдастырылған алғашқы халық биі ансамблінің көркемдік жағын суретші әрі балетмейстер Ә. Ысмайылов басқарды. 1943 жылы Ысмайылов пен балетмейстер Г.В.Березованың халық билері жүйесінде жасаған «Қазақ би сюитасы» аттыойын-би кеші Қазақтың опера және балет театрында (2 рет) көрсетілді.

Ежелдеп келе жатқан қазақтың әдет-ғұрпы мен тұрмыс-салтына байланысты туған халық билері негізінен импровизациялық тұрғыда домбыра сүйемелімен орындалған. Бишілер шартты қимылдар арқылы адал сүйіспеншілік, дұшпанға айбар, досқа мейірім тәрізді күшті мән-мағыналы образдар жасап отырды. Би өнері қазақ халқының ежелден бүгінге дейінгі кешкен өмір-болмысын, рухани мәдениетін жан-жақты ашатын өнер түрінің бірі ретінде өсіп өркендеу үстінде.

Ел арасында қазірге дейін халық билерін орындаушы шеберлер (Ж. Ыбыраев, Торғай обл., Арқалық ауд.; X. Кімболдиев, Алматы обл., Шелек ауд.) кезігеді. ҚХР мен МХР-де тұратын қазақтар арасында «Асау ат», «Қара жорға» мен «Аю бидің» екінші нұсқалары және «Бүркіт биінің» бірнеше түрлері тараған.

Халык театры. Сахналық өнердің кейбір элементтері ерте дәуірдегі халық ойын-сауықтары мен салт-жора, әдет-гұрыптарында көрініс тапты. Өнердің басқа түрлері сияқты театр өнерінің нышандары Қазақстан жерін мекен еткен ежелгі тайпалардың алғашқы күнкөріс жағдайымен бірге өрбіді. Мұның өзі халық аңызында жиі ұшырасатын құлан, киік терісін жамылған мергендер, апанда жатып аспанға бөрік лақтырып, жемтікке үймелеген күшіген кейпін келтіріп немесе ұлып қасқыр шақыратын айлакер аңшылар әрекетінен айқын байқалады. Тіршілік қамы үшін біреуі әлеміш байлап, енді біреуі қимыл-әрекет пен дыбыс-үн құдіретін пайдаланған. Санадан тыс күштерге табыну сияқты жораларда емдеу, дуалау ырымдарында да театр өнерінің кейбір нышандары байқалып отырады. «Көш», «көш» деп ауруды (шүберекке түйіп басқа жаққа көміп тастайды) көшіру, бәдік айту, арбау, байлау (жыланның тілін байлау) т. б. сияқты халық емдерінің көбі емшінің бүкіл болмысы, қимыл-әрекеті арқылы ауру адамды һәм маңайдағыларды сендіруге құрылған. Ондағы диалогтардың тамаша үлгісіне бақсының «жынын шақырған» кездегі бүкіл жын атаулымен «тілдесуі» (мыс., «кереге бойлы кер жылан», «босағадай боз жылан» т. б.) жатады. Ежелгі ойын-сауықтар (кімді қалайсың, қынаменде, хан жақсы ма, судыр-судыр, аюмысың-қасқырмысың т. б.) халық театр өнері нышандарын бойына мол сақтаған құнды мұра. Бұл әрбір ойын кейіпкерлердің (ойынға қатысушылар) өзара диалог алмасуы арқылы орындалады. Біреуі - хан, екіншісі - уәзірі, үшіншісі - жаршы, енді біреуі - ханнан қорлық көрген жалшы т. б. болып ойнайды. «Ортеке» ойынынан қуыршақ театрының жылт еткен көмескі сәулесі көрініс береді.

9 ғасырдан қазақ жеріне тарай бастаған ислам діні жалпы халық творчествосының дамуына үлкен кедергі келтірді, Дінді уағыздаушылар ойын-сауықтарды «жынның ісі» деп түсіндірді. Әсіресе біреудің жүріс-тұрысын, озбыр қылығын, ұнамсыз мінезін, айнытпай сала қоятын халык арасынан шыққан ажуа-сықақшылар мен қу, шаншарлардан қатты қорыққан діндарлар оларды «диуаналар» деп ұғындырды. Алайда, халық санасымен бірге есейген өнер ұшқындары дін бұғауына қарамастан, айтыс, беташар сияқты көне мұралармен біте қайнасып өмір сүрді. Тымағымен айтысқан бидің шешендік сөзінен, бір өзі жеке театр - жыршылардың тыңдаушысын баурап алар «тылсым күшінен» театр өнерінің элементтері айқын аңғарылып отырды. Куйшілер күй үстінде домбыра шанағын соғу арқылы шапқан ат пен тартылған садақ дыбысын нышандады. Алдар Көсе, Жиренше, Айдарбек, Торсықбай, Қонтай-Тонтай сияқты халыққа аты мәлім қулар біресе «жынды», енді бірде «шаншар» деген атқа ие бола жүріп осынау өнер элементтерін кейінгі ұрпаққа жеткізді. Бұлардың жолын ұстағандар: Сүлеймен, Елеңке, Жалабай, Шәрке сал, Мыңжасар, Ақымша, Орынбасар, Төлебай, Дайрабай, Боранбай, Дәулетияр, Ахмет, Бостаи т. б.

19 ғасырдың 2-жартысында Қазақстанның Россиямен қосылуы қазақ жерінде халық театр өнерінің шын мәнінде өркен жая бастауына игілікті ықпалын тигізді. Орал, Орынбор, Омбы қалаларында алғашқы орыс театрларының әсерімен 1911-1912 жылдар Ақмешіт (Қызылорда), Ақмола (Целиноград), Қостанай, Қызылжар (Петропавл), Орал, Семей қалаларында әуесқой ойын-сауық үйірмелері шаңырақ көтере бастады. Осы кезден бастап ойын-сауық үйірмелерінің күшімен программалы кештер (мыс., «Шығыс кеші» т. б.) өткізіліп, «қыз ұзатудың сахнаға лайықталған түрі» сияқты драмалық сипаттағы дүниелер, «Біржан мен Сара айтысы» сахнаға шықты.

Ұлы Социалистік революциясынан кейін халық театр өнері көркемөнерпаздық творчество түрінде етек жайды. «Қызыл отаулар» мен «қызыл бұрыштардың» жанынан ұйымдастырылған көркемөнерпаздар үйірмелері халықты драмалық сипаттағы туындылар һәм ән-күймен думанға бөледі. Мәдени-ағарту жұмыстарының ұйтқысы болған Қазақ саяси-ағарту бас комитетінің көркемдік бөлімі халық творчествосының советтік бағытта дамуына басшылық жасап отырды. Ол жаңа ірге тіге бастаған жас Совет өкіметі еңбекшілері арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізетін көшпелі труппалар ұйымдастырып, жақсы пьесаларға бәйге жариялады. 1918 жылы Ақмола мен Қостанайда («Қызыл керуен»), 1920 жылы Семейде, 1923 жылы Орынборда («Орталық қазақ комсомолдары һәм оқушы жастар клубы» жанынан) драма труппалары ұйымдасты. Бұл труппалар репертуарынан С. Сейфуллин («Бақыт жолына»), М.О. Әуезов («Еңлік - Кебек», «Бәйбіше - тоқал»), Ж. Т. Шанин («Арқалық батыр»), сондай-ақ Қ. Кемеңгеров («Бостандық жемісі»), И. Меңдіханов («Малдыбай», «Үйшік-үйшік», «Байғүстар»), Е. Ерданаев («Малқамбай»), Ж. Тілепбергенов («Таңбалылар»), Р. Малабаев («Қатасыз қарғыс», «Ғұрып күні»), Ә. Сұлтанов («Дариға -Қайдар») сынды жазушылардың пьесалары орын алды. Осы кездегі драма үйірмелерінің тұңғыш жетекшілері - С. Қожамқұлов (Қостанайда), Е. Өмірзақов (Орын- борда), Ж. Т. Шанин, Ғ. Төребаев, С. Тоқымбаев (Семейде). Әуесқой театр труппалары спектакльдерінің ішінде жас драматург Ерданаевтың «Малқамбайы» жоғары беделге ие болды. Малқамбай - кедей таптан шыққан, әзіл-оспаққа, тапқырлыққа бойы үйір, жайдары мінез, қарапайым халық өкілі. Ол ақымақ байдың басын шыр айналдырып ең әуелі оның бәйбішесі мен тоқалын бір-бірімен ұрыстырып қояды да, қызын өзі сияқты кедейге қосып қашырып жібереді. Басты рольді Өмірзақов ойнаған. Халық қуларының дәстүрлі мұрасын советтік сахнаға жеткізген труппа мүшелері Өмірзақов, Қожамқұлов сияқты халық таланттары осы спектакльде ым-қимыл, өткір сөз бен ащы мысқылдың тамаша үлгісін жасады. Окт. революциясы әкелген әуесқой драма үйірмелері халық творчествосының бай мұрасын бойына сақтай білген ұлттық театр өнерінің алғашқы қарлығаштарына айналды. Міне, сондықтан да өнердің бұл түрі халықпен етене жақын, түсінікті бола түсті.

Қазіргі кезде өркендеген қазақ театр өнерінің бір саласын ұстап, дәстүрлі халық творчествосын халыққа насихаттаушы әр ауданның өз театры - драма коллективтері мен халық театрлары болып отыр. Республикадағы драма үйірмелеріне қатысқан сан мыңдаған әуесқой актерлердің ең таңдаулылары халық театрын құрайды. Халық театры атағы репертуары заман талабына сай, көркөмдік һәм мазмұндық жағынан жоғары талғамды, тұрақты жұмыс істейтін танымал коллективтерге беріледі. Халық театры - көркемөнерпаздықтың ең жоғары сатысы. Халық театры - ауыл еңбеккерлері мен интеллигенттерінің өз ортасынан шыққан халық өнерпаздарынан құралған коллектив. Ол колхоз-совхоз еңбекшілерінің күнделікті өмірімен біте қайнасып, ауыл тынысын дәл байқап отырады. Сондықтан оның үгіт-насихат саласындағы ролі, тәрбиелік мәні зор. Халық театрының репертуары негізінен жергілікті тақырыпты қамтып, көкейтесті мәселелерді қозғайды. Бұл күнде сахна өнерін профессионалды дәрежеге дейін көтерген халық театрлары халық өнері дәстүрін ұстана отырып, коммунизм құрылысшыларына мәдени-эстетикалық тәрбие беру ісімен шұғылданады. Қазақстан халық театрлары 1958 жылдан бастап шаңырақ көтере бастады. Теңіз, Ембі (Гурьев обл.), 22-партсъезд (Талдықорған обл.), Қарқаралы (Қарағанды обл.) Ақсуат (Семей обл.), Фурманов (Орал обл.), Преснов (Солтүстік Қазақстан обл.), Зайсан (Шығыс Қазақстан обл.), Қазалы (Қызылорда обл.), Жаңаарқа (Жезқазған обл.), Ақтөбе (Теміржолшылар мәдениет үйі), Лениногор (Полиметалл комбинаты мәдениет үйі), Қаратау («Горняк» клубы), Жезқазған (Кеншілер мәдениет сарайы), Қостанай (Оқу-ағарту қызметкерлері үйі) сияқты аудандық, селолық және қалалық мәдениет үйлері жанынан ұйымдастырылған халық театрлары осы алғашқы топқа жатады. Бұлармен өкшелес ірге көтеріп, республикалық көрермендерінің сүйіспеншілігіне бөленген Ақжар (Шығыс Қазақстан обл.), Абай (Семей обл.), Нарынқол (Алматы обл.), Ақсу (Талдықорған обл.) т. б. халық театрлары біршама творчестволық табысқа жетті. Үздік халық театрлары (Абай, 22-партсъезд, Марқакөл, Ақжар, Шаян, Нарынқол, Өскемен, Ақтөбе т. б. халық театрлары) творчестволық есеп беру мақсатымен Москвада онер көрсетті. Халық театрлары мен драма коллективтері репертуары қазақ совет драматургтары мен туысқан республикалар қаламгерлерінің шығармаларына, сондай-ақ ұлттық классикаға (ең алдымен қазақ) құрылған. Республика халық театры сахнасына лайықтап арнайы пьеса жазатын драматургтар қатары (И. Матақов, С. Сұбханбердин, Қ. Сатыбалдин, М. Хасенов, М. Дүзенов, О. Бодықов, А. Шамкенов, З. Ақышев, М. Сәрсекеев, Т. Жағыпаров т. б.) қалыптасты. Халық театрларын өркендету барысында елеулі еңбек еткен режиссерлер: Қаз. ССР халық арт. Т. И. Загвоздкина, Қаз. ССР-інің еңбек сіңірген арт. Ж. Әбілтаев, Солтүстік Осетин АССР-інің еңбек сіңірген арт. М. А. Беленькая, Қаз. ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкерлері А. Т. Шанин, Қ. Хамзин, В. В. Дробышев, Д. Ғұмаров, Н. Әмірғалиев, Қ. Момышев, А. Нұрбеков, А. Я. Гольштейн, А. Е. Каллас, Т. Серікбаева, Н. Таласбаева; реж. О. Бірімбетов, Ж. Досмырзаев т. б.

Совет заманында халық театр коллективтеріне творчестволық және методикалық кеңес беру мемлекеттік мәні бар іске айналды. Республикалық халық творчествосы үйімен (1939 жылдан) қоса әрбір облыс орталықтарында облыс халық творчествосы үйлері жұмыс істейді. 1972 жылы Республикалық мәдениет қызметкерлерінің мамандығын арттыру институты ашылды. Жыл сайын халық театрларының республикалық байқауы өткізіліп тұрады.        

Әдеб.: Марғулан Ә., Басенов Т., Меңдіқұлов М. Қазақстан архитектурасы. А., 1959; Назаров Ф. Записки о некоторых народах и землях в средней части Азии, СПБ, 1821; Пашино П. Туркестанский край в 1866 г. СПБ, 1868; Лерх П. Поездка в Туркестанский край в 1867 г., СПБ. 1870; Бартольд В. Отчет о поездке в Среднюю Азию. СПБ, 1897; его ж е, Очерки истории Семиречья, Фр., 1943; его же. Туркестан в эпоху монгольского нашествия, Соч., т. 1, М., 1963; Кастанье И. Древности Киргизской степи и Оренбургского края, Оренбург, 1910; его же, Надгробные сооружения Киргизских степей и Оренбургского края, Оренбург, 1911; Добросмыслов А. Города Сыр-Дарьинской области. Таш., 1912; Массон М. Мавзолей Ходжа Ахмеда Ясави. Таш., 1930; Басенов Т. Архитектурные памятники в районе Сам, А.-А., 1947; его же, Орнамент Казахстана в архитектуре, А.-А., 1957; Засыпкин Б. Архитектура Средней Азии, М.. 1948; Пугаченкова Г. К проблеме возникновения «шатровых мавзолеев» Хорасана, «Материалы Южно-Туркменской археологической комплексной экспедиции», в. 1, Ашх, 1949; Лавров В. Градостроительная культура Средней Азии. М., 1950; Маргулан А. Из истории городов и строительного искусства древнего Казахстана. А.-А., 1950; его же. Казахская юрта и её убранство, М., 1964; Мендикулов М., Памятники архитектуры Казахстана с коническими или пирамидальными куполами. в кн.: Архитектура республик Средней Азии, М., 1951; его же, Памятники архитектуры Западного Устюрта и полуострова Мангышлака, А.-А., 1956; Герасимов Г. Памятники архитектуры долины реки Кара-Кенгир в Центральном Казахстане. А.-А..   1957; Бухарбаев Т. Бетон и стекло, полимеры, в кн.: Казахстан как он есть, А.-А., 1967.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2023-01-31 14:58:46     Қаралды-321

ГАЛАКТИКА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Ежелгі гректер бұл жұлдыздар шоғырын Галактика деп атаған, ол Құс жолы дегенді білдіреді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАЛАМ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

20 ғасырдың бірінші ширегіне дейін Әлемнің өзгермейтін, тұрақты және мәңгілік нәрсе ретіндегі идеясы болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК МҰХИТ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

...

Дүниежүзілік мұхиттар – гидросфераның негізгі бөлігі

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЭЛЕКТР ҚУАТЫН КІМ АШТЫ?

...

Бенджамин Франклин есімді адам бірінші болып электр тоғының не екенін толық түсіндіруге тырысты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ВЕЛОСИПЕДТІ АЛҒАШ КІМ ОЙЛАП ТАПТЫ?

...

Бұл скутер педальсыз велосипедке көбірек ұқсады...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КОФЕНІ ҚАШАН ЖӘНЕ КІМ ОЙЛАП ТАПТЫ?

...

Кофені кім және қашан ойлап тапқанын нақты айту мүмкін емес - бәрі аңыздан басталды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ АЛҒАШҚЫ СМАРТФОН

...

Сенсорлық экраны бар ең алғашқы смартфон IBM Simon болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СІЗ АУАНЫ КӨРЕ АЛАСЫЗ БА?

...

Ауаның мөлдір, түссіз, иіссіз екенін бәрі біледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕҢ БИІК ТАУ ҚАЙ ЖЕРДЕ?

...

Планетамыздағы ең биік тау құрлықта емес, Тынық мұхитының түбінде тұр

ТОЛЫҒЫРАҚ »