ҚЫСТА ШЫРША ҚЫЛҚАНЫ НЕЛІКТЕН ЖАСЫЛ БОЛАДЫ?

ҚЫСТА ШЫРША ҚЫЛҚАНЫ НЕЛІКТЕН ЖАСЫЛ БОЛАДЫ?

Категориясы: Табиғат


  Жариялаған   2016-09-02 16:39:42


Күздігүні барлық ағаштардың жапырақтары сарғайып түсіп қалады да, шыршалардын қылқандары жасыл күйінде түспей тұра береді? Бәлкім, шырша қыстыгүні ұйқыға кетпейтін шығар? Жоқ, олай емес! Шырша да қалың ұйқыға батады. Жасыл қылқандарын көктемге дейін сақтайды.

Өзге ағаштарға қоректік заттарды жапырақтары әзірлесе, шырша, қарағай, бал қарағай үшін қылқандары әзірлейді. Әрбір қылқанда сол бір ғажайып жасыл хлорофилл дәндері болады. Ағаш жапырақтарына қарағанда қылдырықтай қылқанның бойында хлорофилл әлдеқайда аз. Есесіне қылқанды ағашта қылқан көп. Қандай бір қалың өскен ағаштың жапырағынан шыршаның қылқаны әлдеқайда асып түседі. Егер шырша күзге қарай өзінін тікенді киімінен айырылар болса, қайтадан дәл солай киінуі үшін көктем айлары жетпес еді. Ағаш жапырақтары оның діңі, тамыры, бұтақтары үшін құрылыс материалдарын қылқанға қарағанда әлдеқайда тез әзірлейді. Сондықтан да қылқанды ағаштар ағаштардан қалып қоймау көктемде өзгелерден ерте оянуға, кешірек ұйықтауға бейімделіп алған. Тіпті күздің ақырғы айларында да қайыңдар  мен көктеректер тұттай жалаңаш қалып, алғашқы қар қыламықтай бастаған кезде де шырша ұйықтай қоймайды. Бірақ  көп кешікпей оның да ұйқыға кетер уақыты жетеді. Ал қар жауса қайтпек? Қардың шырша үшін қаупі жоқ. Бұтақтары солқылдақ әрі берік келеді. Қар қанша қалың түссе де, сындыра алмайды, иіліп тұра береді. Ал шырша көктемнің жақындап қалғанын қалай біледі? Қоңырау сағаты жоқ қой. Өстіп тұрып ұзақ ұйықтап қалуы да немесе керісінше, ерте оянып кетуі де мүмкін ғой? Шынында аспан көгілдір түске еніп, орман ішінде қар ери бастады. Оянатын мезгіл жеткен секілді. Жо-жоқ, шырша алдана қоймайды. Ол алда талай аязды күндер тұрғанын біледі.

Шыршаны күн де, күннің жылы алдамшы сәулесі де оята алмайды. Оны оятатын - көктем күні. Көктемде күн қыстағыдай қысқа емес, әлдеқайда ұзара түседі. Шырша ұйықтап тұрып-ақ мұны жақсы сезеді. Ақырында күн дәл өзіне керекті мөлшерде ұзарған кезде, ол ұйқысынан оянады.

Басқа ағаштардың да осындай табиғат берген оятқыш «қоңырау сағаты» бар. Соның ішінде шыршаның оятқышы бәрінен ерте, ерте көктемде іске қосылады. Қайың, терек, көктеректер жаңа ғана бүршік атып, жаңа ғана жапырақ жайған кезде шыршаның жасыл қылқандары қауырт жұмыс үстінде болады. Қарағай, самырсын сияқты басқа қылқанды ағаштар да осылайша кеш ұйықтап, ерте оянуға бейімделген.

Олар жасыл киімдерін ауыстырады. Бірақ бірден шешіп тастамай, бірте-бірте шешініп киінеді. Мәселен, шыршаның толық шешініп киінуі үшін тоғыз жылдай уақыт керек.

Басқа ағаштардың жапырақтары сияқты қылқандары күзде сарғайып, түсіп қалатын ағаштар да бар. Бал қарағай, сағыз қарағай - сондай ағаштар. Олардың қылқандары өздерінің туыстас ағаштарының қылқандарына қарағанда тез өседі. Жазда олар өсіп жетіліп қана қоймай, ірі дәнге толы жаңғақтарын да салып үлгіреді. Көктем мен жазда бар жұмысын тындырып алған соң, қысқа қарай шешініп тастайтыны сондықтан.