ҰСТАЛЫҚ ӨНЕР
Категориясы: Өнертабысты
Ұста - әр түрлі металдан, темірден тұрмыста тұтынатын түрлі бұйымдар мен шаруашылыққа қажет құрал-саймандар, қару-жарақтар, т.б. жасайтын адам. Кейде ұстаны «темірші», «темір ұстасы» деп те атайды. Ертеректе ұсталарды қара ұста, ақ ұста деп екі топқа бөлген. Қара ұста деп темір, мыс, жез, т.б. металдарды өңдейтін он саусағынан өнер тамған, темірден түйін түйген адамдарды айтқан.
Отқа қызған темірді ұста сол қолындағы қысқышпен қысып ұстайды да, төстің бетіне төсеп, қолындағы орта салмақты балғамен темірді ұрып, балғашыға жөн сілтеп отырады. Балғашы ұстаның соққан жеріне шой балғаны дәлдеп ұрады. Ұстаның қолындағы балғаны қол балға деп атайды. Оның салмағы соғатын бұйымдарына қарай әр түрлі болады. Егер ұста қол балғаны төстің бетіне жантайта жатқызса, балғашы соғуды тоқтатуы керек. Шой балғаның сабы кепкен қайың, қарағаш, емен, т.с.с. қатты ағаштан сапталады. Сабының ұзындығы созған қолының алақаны мен қолының арасына сәйкес келуі керек.
Сомдау. Темірдің белгілі бір жерін жуандатуды сомдау дейді. Ол үшін темірдің сомдайтын тұсын жақсылап көрікке қыздырып алып, төстің бетіне тігінен қойып, балғамен төбесінен ұру керек.
Қақтау дегеніміз - металды төске салып, балғамен ұрыптаптау аркылы жұқарту. Отқа оқтын-оқтын салып, көп ұрғандықтан темір жұқара созылып, қаңылтақ қалпына келеді. Отқа әр салған сайын темірдің қағы ұшып түсіп отырады. Сол сияқты отқа бір нәрсені қыздыруды да қақтау деп атайды. «Қақтау» сөзінің түп төркіні сонда жатса керек.
Шыңдау. Шалғы, орақ, күрек, кетпен, тесе сияқты саймандардың жүзін төске салып, балғаның сүйір қырлы жүзімен ұрып, таптауды шыңдау деп атайды. Аталған саймандарды отқа қыздырмай-ақ құрғақ күйінде шыңдайды. Шалғы, орақтарды шыңдаған кезде жүзін 2-3 мм-ден асырмай ұру керек. Егер одан көбірек жер ұрылып кетсе, оны «қарпытып» койыпты дейді ұсталар. Қарпыта шыңдаған шалғының жүзі толқып, иір-иір болып тұрады. Ұсталардың тілімен айтқанда «қалталанып» қалады. Ондай шалғы өтпейді. Жүзі жанығанда жұқарып, жарылып кетеді. Пышақ, балта, шот, т.с.с. өткір құралдарды суғарардың алдында құрғақтай шыңдап алады. Шыңдау кезінде металл қатаяды. Әткірлігі арта түседі.
Суғару. Құрамында көміртегі көп темірді отта қызарта қыздырып алып, дереу суға батырса, ол дереу катаяды. Міне, осыны болатты суғару деп атайды. Суы бабымен табылса, ондай құрал-сайман өткір болады. Сондықтан кесетін, шабатын, қыратын, жонатын кұрал-саймандардың барлығын әзірлеп болған соң міндетті түрде суғару керек. Кез келген кескіш құрал-сайманның өткір болуы еңбек өнімділігін арттырады.
Жасыту дегеніміз - металды отқа кызарғанша кыздырып, өз еркімен салқындату. Жасыған металл жұмсақ әрі өңдеуге жеңіл болады. Негізінен, темірді көріктің оттығында қалдырып, көмірмен бірге суытады. Ал мыс, жез, кола, т.б. түсті металдарды қызарта қыздырып алған соң суға батырып суыта беруге болады. Жасыған темір балғамен ұрып, шұңғылдап қобылауға, дөңес кейіпке келтіруге оңай көнеді. Балғамен көп ұрғандықтан темір қатая түседі. Сол кезде қайтадан жасытып алып, қобылау жұмысын әрі қарай жалғастыруға болады.
Жарияланған-2015-11-23 15:28:18 Қаралды-24889
УҚОРҒАСЫН – НЕВРАЛГИЯНЫ ЕМДЕЙДІ
Қазақстанда біріне-бірі өте ұқсас Жоңғар уқорғасыны мен Қарақол уқорғасыны өседі.
МАҢҒЫСТАУ
Байлық тұнған түбек атанған ғажап өңір Маңғыстау Қазакстан Республикасының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Ол «мың қыстау» сөзінен шыққан. Картадан қарағанда әйел адамның сүлбасы көз алдыңа елестейді.
КӨЗ ШАҒЫЛЫСТЫРҒАН ОТТЫҢ ӘМІРШІСІ
Пісіргіштің қалай жұмыс істейтінін көрген адам, сірә да, жанарғы мен ауыр баллон арасын жалғап жатқан құлаштай- құлаштай екі резеңке түтікті байқаған болар.
ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ОЙЫНЫ
Тоғызқұмалақ шахмат, дойбы, нард, калах тағы басқа ойындар секілді арнаулы тақтада ойналады.
ҚОРҒАЛЖЫҢ ҚОРЫҒЫ
Қорғалжың қорығы 1958 жылы Ақмола облысының бірнеше көлді (Қорғалжың, Теңіз) алқабының табиғат байлығын қорғау, құстарға қамқорлық жасау, қоқиқаз, аққулардың санын көбейту мақсатымен ашылды.
Адам бойы кешке қарағанда таңертең ұзын
Адам бойы немесе адам денесінің ұзындығы – бұл бастың ұшы мен табанға дейінгі ара-қашықтық. Антропологияда бой антропометриялық белгілердің бірі болып табылады. Адамның дене құрылысының дамуы көрсеткіштерінің тізіміне жатады.