UF

ЖАР ТАҢДАУ ЖӘНЕ ОТАУ ТІГУ

 

§ 1. Жар таңдау

 

Некеге тұрып, үй болу - үлкен адамгершілік пен зор рухани құндылықтардың бірі. Бірін-бірі сүйген екі жастың болашақта бірлесіп өмір сүруге талпынуы, шынайы махаббаттың моральдік көрсеткіші. Некелесу үшін тек іңкәрлік сезім жеткіліксіз. Ол - алдымен, некенің құқтық негіздерін түсіну, отау құруға деген психологиялық даярлықтың болуы, үй ішінде тіршілікке қажетті тұрмыстық дағдыларды игеру, өмірге ұрпақ келтіріп, оны өсіріп, бағып-қағып, тәрбиелей білу. Ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлеріне сәйкес халқымыз ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, өсіп-өнген. Бұл салада жинақталған мол тәжірибе бар. Олардың біразы күні бүгінге дейін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Қазақ халқы ұл баланы «он бесінде (кейде он үшінде) - отау иесі» - дейтіні де осыдан болар. Келін түсіріп, қыз ұзататын үйлердің әңгіме-жыры, іс-әрекеті көбінесе осы мәселелердің төңірегінде болады.

Жар таңдау, келін түсіру мәселесіне халқымыз қай кезде де жеңіл-желпі қарамаған. Бұл жөнінде бізде қалыптасқан толып жатқан салт, дәстүр, сан алуан рәсімдер бар. Мәселен, қыз көруге, жар тандауға соншалықты күрделі талап қойғанда, жұртымыз көшпелі елдің тыныс-тіршілігінен туындайтын наным-сенімдерді басшылыққа алған.

Әдетте, әрбір бозбала үшін өз отауының шаңырағын көтеріп, үй болу шарасы қыз көруден, жар таңдаудан басталады. Үйленетін жігітке оның жақын достары, туыс-тумалары, құда-жегжаттары, нағашы-жиендері, әсіресе, жеңгелері мен жезделері бұл істе қолынан келген көмегін аямайды. Осыған орай жігіт, алдымен, болашақ қалыңдығы туралы әр түрлі мәліметтер қарастырады. Айталық, қай елде, қанша жерде, қандай бойжеткен ару бар, жасы қай шамада, болашақ қалыңдықтың ата-тегі, ру-тайпасы, оның жаңа жұртқа қандастық жақындығы, қыз елінің ұлағатты адамдары: батыр-мырзалары, болыс-билері, шежіре-шешендері, қыздың оке-шешесі, олардың қадір-қасиеті, жақын-туыстары, нағашы жұрты, олардың тыныс-тіршілігі; қыз тәрбиесі, іскерлігі, шаруаға бейімділігі т. б. еске алынып, оларға ерекше мән беріледі.

Осы тұстағы ерекше көңіл бөлінегін бір жайт - жеті атаға дейін қыз алыспау мәселесі. Қазақтар бір рудың (әулеттің) екі жасы біріне-бірі ғашық болып, әке-шеше, туыстарының айтқанына көнбей, үйленетін болса, оларды тас лақтырып өлтіруге дейін барған. Бұл тағылық емес, келешек ұрпақ қамын ойландыратын, оның дені сау, зерек, ақылды болуына зор жауапкершілікпен қарағандықтың белгісі. Өйткені, қаны жақын туыс адамдар бір-бірімен қосылса, олардың ұрпақтары не соқыр, не керең, не ақыл-есі кем болып туатынын халқымыз ежелден білген. Осы айтылғанның ғылыми негіздері генетика (тектану), әсіресе, дәрігерлік тектану ғылымының қағидаларымен үйлеседі. Жер бетінде қаншама адам болса, олардың түрі мен ұлты да сан алуан. Сондай-ақ, қазақтың баласы қазаққа, негрдің баласы негрге ұқсап туатыны, баласының әкесі мен шешесіне тартатыны да сөзсіз. Өйткені, әр адамның өзіне тән белгілері (көз, құлақ, ауыз, пішіні, бет әлпеті, түрі-түсі т.б.), яғни тек арқылы беріледі. Ғылым қаны жақын туыстардың некелесуінен өлім-жітімнің көбірек болатынын да анықтап отыр. Олай болса, осы кезге дейін сақталып келген, ғылыми жағынан дәлелденген халқымыздың жақын рудан қыз алыспайтын әдет-ғұрпын адамзат, өркениетті елдер алдында мақтаныш етуге тұрарлық ұлттық тәжірибе деп қарауға әбден хақымыз бар.

Ата-ананын, ақыл-кеңесінен кейін болашақ күйеу жинына ең жақын дос-жарандарын ертіп, қыз еліне аттанады. Ел арасында не көп, той-томалақ көп. Олар қызбен танысуға жақсы сылтау. Кейде «құдайы қонақпыз» деп, қыз ағалары үйде жоқ кезде сол отауларға барып қона жатып, қызды сол үйде кездестіреді (мәселен, «Абай» романындағы Тоғжан ағасының үйіне ұрлана келген жігіт Абай секілді). Сондай-ақ қыз көретін белгілі жердің баласы болса, оған жолшыбай әр жерден әнші, күйші, қобызшы дегендей өнерлі жігіттер қосылады. Ондайларды барған жері қол қусырып қарсы алады, мал сойып, құрмет көрсетеді. Жастар жиналған жерде ән салынып, күй тартылып, «қонақ кәдесі» жасалынады. Кейде өнерлі жігіттер көңілі жарасса, бір ауылда бірнеше күнге дейін кідіріп қалатын кездері де болады. Қызға жігіт ұнап қалса, оған өз қолымен тіккен кестелі орамал сыйлайды. Көңілі көншіген жігіт қызбен уәде байласып, кешікпей жаушы жіберетінін айтып, қыз аулынан көңілденіп аттанады.

Қыз көру ылғи да жігіт үшін сәтті бола бермейді. Не жігітке қыз ұнамайды, не қыз жігітті менсінбейді. Мұндай жағдайда күйеу жағы бұрын көріп-білмеген басқа жаққа аттанып, «қыз көру» сапарын әрі қарай жалғастыруына болады. «Қызды мың адам көріп, бір-ақ адам алады» дейтін аталы сөз осыдан қалса керек.

Қазақ ғұрпында қыз жігітке ұнағанымен, шын мәнінде мәселені оның әке-шешесі, тума-туыстары ақылдасып шешкен. Мәселен, болашақ келіннің келбеті мен көркі, сыр-сымбаты қаншалықты тартымды болғанымен, оның ата-тегінен, тәлім-тәрбиесінен, мінез-құлқынан, кісілік қасиеттерінен азды-көпті ақау байқалса, ондай ару бүкіл елді де, жігітті де ойландырған. Осы айтылған жағдаяттың борі жан-жақты ескеріліп, екшеліп болған соң ғана жігіттің әкесі жөн білетін, сөз ұғатын ет жақын туыстарының бірін қыз еліне арнайы жіберетін. Мұндай адам, көбінесе, қыз елінің салтын, жай-жапсарып жақсы білетін кісі болуы керек. Әдетте, өзінің қайын жұртының ішінде жүрген, «күшік күйеулер» мұндай міндетті атқаруға оңтайлы болды. Себебі күйеу жігіттің және жаңадан болатын құдалардың жағдайын олармен бірге араласып жүрген жездесінен артық білетін адам табылмайтын. Оның міндеті - қыз әкесінің алдынан өтіп, оның жігіт жағымен құда-андалы болуға келісімін алу. Егер бойжеткеннің басы бос болып, қыз әкесі құда болуға көнсе, өзінің мумкіншілігіне карай әлгі адамға (жаушыға) сый-сияпат жасап еліне қайтарады. Жаушы қашан, қай жерде, жылдың кай мезгілінде құда түсуге күйеу жақтың келетіні жөнінде келіседі. Екі ел арасындағы құдалықтың ірге тасы, ен алдымен, осылайша қаланатын. Осыдан былай қарай екі жағы да «кұда түсу» рәсіміне қызу дайындалады. Жігіт әкесі ауқатты болса, өз жақындарын (дос-жолдастары, құда-жегжаттары, нағашы-жиендері) жинап алып, олардың ең таңдаулысын құда түсуге өзімен ертіп апарады. Беделді адамдардьң құда түсу рәсіміне қатысу ел арасында үлкен абырой-атақ, дәреже болып есептелді. Бұл рәсімге шақырылмай қалған жақындары өкпелеп, реніш те білдіретін. Құда түсу рәсіміне қатысқандарды, әдетте, жігіт әкесінің өзі бастап барады. Қазақ дәстүрінде кұда - ең сыйлы адам. «Құдаңды құдайдай сыйла» деген сөз соған орай айтылған.

Жігіт пен бойжеткеннің әкелері «бауыздау кұда» деп аталады. Ерте кезде құдалықты бұзбау үшін анттасқанда «ақсарбас» айтылып, оның бауыздау қанына бас кұдалар алақанын батырып, бір-бірінің қолдарын қысы-сатын болған. Одан соң сол қанға найзаларының ұшын батырып, «қанымыз бен жанымыз қосылды, мың жылдық құда болдық» деп бірін-бірі құттықтаған. Жігіт пен қалыңдықтың ет жақындарымен қатар, жалпы руластары да біріне-бірі құда болып саналады. Кейде олардың да жастары бір-бірімен танысып, екі рулы елдің арасындағы құдалардың саны көбейіпте кетеді. «Күйеу - жүз жылдық, құда - мың жылдық» деген мақал осы саны көбейіп, мерзімі ұзартылған құда-андалы байданысты мегзейтін болуы керек.

Құдағилар болса екі жақта да аяулы ана әрі беделі күшті жегжат ретінде ерекше құрметтеледі. Олардың жанына еріп жүрген туыстарының әйелдері де құдағилар деп аталады. Олар туыстық жақындығына, жас ерекшелігіне, бәйбіше, тоқалдығына байланысты «үлкен құдағи», «кіші құдағи» деп аталады.

Құдалық рәсімдердің ішінде болашақ жас жұбайлардың «босағасы берік, шаңырағы биік, керегесі кең болуы үшін» бас құдаға «баға табақ» тартылады. Бұған «бауыздау құда» өзінің мүмкіндікті қарай бір жылқы не бір туйе, тіпті бірнеше тоғыз атауға тиіс болған. Қызға құда түскен жақ баталасқаннан сон, сол үйге белгі қалдырады. Бұны «қалыңдыктың қарғы бауы», «қалыңдықтың сырғасы» не «қалыңдықтың үкі тағары» деп атайды. Оған аз дегенде қоңды бір түйе не бір жылқы, немесе 10 сомнан 60 сомға (әрине, бағаның баяғы құнымен) дейін куміс ақша береді. Құдалық мәселесі шешіліп, тиісті салт-дәстүрлер, кәделер орындалып болған соң, бұның ең соңғы рәсімі ретінде құдалар «құйрық-бауыр» жейді, бас құдалар орындарынан тұрып көрісіп, бір-біріне деген ризашылық сезімдерін білдіреді.

Әдетте, құда түсуге келгендер жалғыз бір үйден қайтып кетпейді. Қыз әкесінің туыстары жаңа құдаларды кезек-кезек қонақ етіп, отбасын көрсетеді, сөйтіп бір-бірімен танысады. Олар бір-біріне әзіл-оспақ, күлкі-наз, тіпті, уытты сын, ажуа, мысқылдарын тайсалмай айтып салатын кездері де болады.

Қызға құда түсуге келгенде шешілуге тиісті басты мәселенің бірі - қалыңмал. Бұл - қазақ өмірінде ертеден келе жатқан дәстүр. Әрине, оның мөлшері құдалардың тұрмыс жағдайына байланысты. «Бай мен бай кұда болса - арасында жорға жүреді, кедей мен кедей құда болса - арасында дорба жүреді, ал, бай мен кедей құда болса - бір-біріне зорға жүреді» деген халық даналығы осының айғағы. Қазіргі кезде де қалыңмалды ескі деп, одан қашудың реті жок. Бұның бәрі қыз абыройына байланысты жасалатын рәсім екенін түсінген жөн.

Құда түскен кезде, сондай-ақ, қыздың жасауы, яғни оның отауы жайында да сөз болады. Бірақ, отауға қажетті жиһаздардың аттары тізбектеліп айтылмайды. Қызға берілетін дүниенің түрлерін оның төркіндері шешеді.

Күйеу жағы қыздың қалыңмалын түгел бергеннен соң көп кешіктірмей келін түсіруге дайындалады. Осыған орай күйеу бала қалыңдығын көріп, оның туыстарымен танысып қайтуға әзірленеді. Бұған қыз жағының келісімін алған соң, жігіт ауыл ақсақалдарының батасын алып жолға шығады. Оған еріп күйеу жолдасы және төрт-бес жақын дос-жарандары қоса аттанады. Ол жігіттер «ұрын бару», «ұрын келу», «ұрын тойына» тиісті берілетін «есік ашу», «ілу», «өлі-тірі», «қыз ибасы» т. б. дәстүр-ырымдарға берілетін малдарды (түйе, жылқы) айдап, жамбы бастаған әр түрлі зергерлік заттар; түлкі, сусар, кұндыздардың иленген терілерін; жібек мата, қант-шәй, өрік-мейіз сияқты тәттілер салған қоржындарды өздерімен бірге ала шығады. Күйеу баланың «ұрын келуі» қыз беретін ауыл үшін кішігірім тойға айналады. Бұл - жұрттың көңілін бір көтеріп тастайды.

Күйеудің келуіне арнап қонақасы беріледі; ішіне қойдың төсін салған арнаулы табақтар тартылады. Онын бәріне күйеу жолдасы тиісті кәдесін жасап отырады. Ертеңіне күйеу бала «қара шаңыраққа», қыз әкесінің үйіне барып тағзым етіп, сәлемдеседі, ілуін береді. Аруақтарға арналған «өлі-тіріге» байланысты тиісті рәсімін, ырымын жасайды. Сәлемдесуге барғанда алдымен үйді бір айналып өтіп, есіктің оң босағасынан ұстап, «бісміллә» айтып, аруақтарға сиынып, табалдырықтан оң аяғымен аттап, үйдің оң жақ іргесінің босағаға жақын төменгі жағына жайғасады. Күйеудің жолдасы қайда да күйеу баладан жоғары отырады. Күйеуге қисаюға, жантаюға болмайды, ол тікесінен малдас құрып отырады. Әдеппен баяулата сөйлейді, көбінесе тиісті сұрақтарға ғана жауап береді. Осынау дәстүрдің тәлімдік жағы ерекше.

Келесі күні «қыз ибасы» рәсімі өткізіледі. Жаз айларында бұл рәсім күйеуге арнап тігілген отауда өтсе, қыста қыздың жақын тумаларының (жеңге т. б.) үйінде өткізіледі «Қыз ибасының» мақсаты ұрын келген күйеуді қызбен таныстырып, бірге қондыру. Бірақ, бұл рәсім жайдан-жай орындалмайды. Бұл үшін алдымен оларды некеге отырғызады. Бұл барлық мұсылман елдеріне тән дәстүр. Некесі қиылмай тұрып олардың бір-бірімен жақындасуы «зина» деп есептелінеді.

«Неке қию» дәстүрі үйде жақын-жұрағаттардың, үлкен-кішілердің басы қосылып отырғанда өткізіледі. Төрде отырған молданың сол жағында өзінің ет жақындарымен қалыңдық, оң жағында жолдастарымен күйеу, ал қарсы алдында әдепті, инабатты үш жігіт отырады. Су құйылған сырлы тостағапға қыз шешесі күміс сақина не садақ жебесін салып молданың алдында жаюлы жатқан ақ шүберектің үстіне қояды. Куә болған жігіттер орындарынан тұрады. Молда олардың ортаншысына суы бар тостағанды ұстатады. Олар, алдымен, қызға барып оның жігітті шынымен сүйе ме, оған тұрмысқа шығуға риза ма екенін анықтайды. Одан соң жігіттің де келісімін алады. Жастардың өз қалаулары бойынша үйленіп жатқанына әбден көздері жеткен соң, құдай алдында, жұрт алдында осының шындығына ант беріледі. Куәлік анттың мына төмендегідей шағатай тіліндегі нұсқасы бар:

«Куә, куә, куә дүрміз,

Куәлікке жүре дүрміз.

Танда хақ алдында,

Бүгін халық алдында

Ақ куәлігін бере дүрміз».

Бұдан сон күйеу, мен калыңдык, олардың жакындары, күәгері болған жігіттер неке суынан ішеді. Молда жас жұбайларға бақыт тілеп, оларды заңды некесімен құттықтайды. Тостаған ішіндегі қасиетті заттарды келінге тапсырады. Келін оларды адал некенің шартты белгісі ретінде өмір бойы сақтауға тніс. Молдаға мал не ақша беріп, куәгер жігіттерге шапан жабады. Будан соң жастар жағы ерлі-зайыптыларды заңды некемен құттықтайды, отауға барып көңіл көтереді.

 

§ 2. Отау тігу

 

Үйлену тойында күйеу жағы біраз шығындалады. Қазақта қыз отауы, оның есік, босаға, маңдайша, табалдырығы, отауының үстіне жабатын үзік, туырлық, түндік т.б. көбінде күйеу жағы береді. Ал жалпы қазақ еліндегі отау тігу дәстүріне: «той малы», қыздың анасына берілетін «сүт ақысы», «жыртыс», «ат байлар» т. б. жатады.

Күйеу бала қайын жұртына «ұрын келген» кезден бастап қыз аулына бірер шақырымдай жер қалғанда аттан түсіп, өз серіктерінен бөлініп қалып қояды. Бұл ауылдың аруағын сыйлап, әдеп сақтаудың белгісі. Ауылдың қыз-келіншектері күйеудің алдынан шығып, оны ауылға ертіп келеді. Балдыздарының біреуі күйеудің атын желіге байлап «ат байлар» кәдесін алады. Үйге кіріп амандық-саулық сұрасқан соң, құдалар жағы сусын ішіп тиісті орындарына жайғасады. Осы кезде күйеудің шешесі қыздың әке-шешесіне әдейі алып келген «той малын», «жыртысын» т. б. жол-жоралғысын көрсетеді. Қыз отауы күйеу келу қарсаңына түгелдей дайын болуға тиіс. Әсіресе, отауды тігуге байланысты рәсімдер көп. Мәселен, қыз отауының шаңырағын көтеру міндеті ағайын арасында беделді, аукатты, бала-шағасы өніп-өскен, өнегелі, иманды әйелге тапсырылады. Бұл - жаңа отаудың шаңырағы шайқалмасын, өсіп-өнсін, көгерсін деген ырым.

Отау тігіліп болған соң, ең алдымен, оған «бісміллә» айтып қызды кіргізеді. Ол отаудың ас-су тұратын сол жақ босағасына барып, оң аяғын іргеге бір тигізіп сыртқа шығады. Одан соң үйге күйеу кіреді. Ол да осыны жасайды. Бұл дәстүр екі жастың ырысты, берекелі дастарқанды үй болуға берген серті іспеттес рәсім. Одан соң күйеу бала отау тігуге қатысқан әйелдерге жол-жоралғысын үлестіреді. Онысы: «шаңырақ көтерер», «отау жабар», «мойын омыртқа тастар» (мүжілген мойын омыртқаны жібек орамалға орап, шанырақтың көзінен тысқа лақтырып жіберу) т. Б. Кешке қарай күйеуге қыз туыстарының үйінде табақ тартылып, ойын-сауық өткізіледі. Оған күйеу жолдас пен оған еріп келген басқа да адамдар қатысады. Түн ортасынан ауғанда күйеу баланың жолдастары қалыңдықты отауға алып келеді. Қыз жеңгелері жолшыбай: «бақан аттар», «ит ырылдатар» кәделерін істейді. Ал қалыңдық отауға кіргенде «етік шешер», «кемпір өлді», «төсек салар», «шаш сипар», «ентікпе», «көрпе кимылдатар» сияқты жоралғысын күйеу тағыда жасайды. Күйеу мен қалыңдыктың тұңғыш рет бірге өткізетін алғашқы түннің олардың өздері үшін де, кастарындағы жолдастары мен жеңгелері үшін де, тіпті бүкіл құда-андалы ел-жұрт үшін де үлкен психологиялық-моральдық мәні зор тіршілік. Бұл түні қыздың өз сертіне беріктігі, ибалылығы мен пәктігі, ұстамдылығы мен кісілік қасиеттері анықталады. Бұлары ойдағыдай болса, қыз бен жігіт те, кұдалар да, абысын-жеңгелері де қуаныштары қойындарына сыймай, мәз болысып, күйеуден алатын кәделеріне таласады. Бұдан болашақ ерлі-зайыптылардың ар-намысы, абырой-атағы арта түседі.

Қазақ елінде қыз ұзату ең қадірлі, қызықты тойлардың бірі. Той иелерін халық «ұлын ұяға, қызын қияға» қондырып отырған бақытты кісілер деп есептейді. Мұндай тойлар көкпарсыз, курессіз, айтыссыз, өлең-жырсыз, думансыз өтпейді. Сондай-ақ, мұнда алтыбақан тебу, жамбы ату, арқан тарту, жаяу жарыс сияқты ойындар да ұйымдастырылады. Тойда көптеген мал сойылып, есепсіз табақ тартылып, саба-саба қымыз, шұбат ішіліп, жұрттың есінде қаларлық қонақасы беріледі. Осындай тойда жұрттың көбірек көңіл бөлетін нәрсесі: жасау артқан қыз көшінің сән-салтанаты. Мәселен, Ы.Алтынсарин «Орынбор қазақтарының кұда түсу, кыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркінде» бұл жөнінде мынадай мәлімет келтіреді: «Үй және жасау артатын 25 түйе, ... 125 шапан, 50 кілем, ... 25 ішік, оның біреуі жанат ішік, 10 түлкі ішік... бәрі де мауытымен, жібекпен тысталған; 300 сомдық отау, 5 ат, оның екеуі қыз мінетін жорға, 100 сомдык ер-тұрман, төсек-орын, бірнеше көрпе, көйлектер..., бағасы ең кемі 400 сом тұратын аяқ-табақ, киіз сияқты шаруашылық заттар берді», - деп жазды. Бұл дерек қазақ байларының мырзалығы өз заманында ешбір халықтан кем болмағанын көрсетеді.

Қыздың көші жолға шығып, қыз бен күйеу ауылдан аттанарда дәстүрлі «кыз сыңсуы» орындалады. Оның сөзі де, әні де мұңды келеді, ауыл адамдарына барынша күшті әсер етеді, жұрт көзіне жас алады. Мәселен, осындай «сыңсудың» бір түрі мынадай:

«Бұл не деген іс болды?

Көлінен кеткен құс болдым

Ата-анам еді дәулетім,

Мен жұртыма артық па ем?

Жат-жұрттық болып кеткен соң,

Кетер-ау, бастан сәулетім»

Ал өзінің сүйгеніне қосыла алмай, әке-шешесінің ұй-ғаруымен кетіп бара жаткан, малға сатылған қыздың «сыңсуы» оданда зарлы, аянышты. Мәселен:

«Шыңырау-шыңырау құдықтың суы тәтті,

Әке менен шешемнің мейірі катты

Қаттылығы мейірінің сол емес пе,

Шырылдатып баласын малға сатты». -

деп еңірейді қыз байғұс. Осыны естіген қыздың төркін жағы көзіне жас алып, камығады. Бұдан соң ауылдың беделді біреуі не сырлас жеңгесі былай деп жұбату айтады:

«Жылама бикем, жылама,

Көзіңнің жасын бұлама

Ұл боп тусаң әуелден,

Сені мұндай қыла ма?

Бүркендіріп қоя ма,

Көзінді жаспен бояма!

Жылансың неге «үйім» деп,

«Жиғаным қызыл бұйым» деп

Әкең сенің ойлайды,

«Отырып қалса қиын» деп

«Ақ отауға кірсем» деп,

«Әлдилеп бала сүйсем» деп

Осыдан соң қыз біртіндеп мауқын басып, өксіген азайтады. Жастар жағы қыз бен күйеуді, еріп бара жатқан адамдарды біраз жерге дейін шығарып салып, қоштасады.

Әдетте, ұзатылып бара жатқан қыздың көшін жұрт айтпай-ақ таниды. Мұндайда, жолдағы ауылдардың адамдары көштің алдынан шығып, құтты болсын айтып, бақыт тілейді, шашу шашады, сусын ішкізеді. Күйеу жолдасы оларға да тиісті жоралғысын жасап отырады, батасын алады. Келіннің көші жігіт аулына жақындағанда күйеудің анасы бастаған қыз-жігіттер мен әйелдер тобы алдарынан шығып карсы алады. Қыз жағынын құдалары аттарынан түсіп амандасады. Енесі келінін кұшағына қысып, мандайынан иіскеп, басына ақжаулық салады, шашу шашады, бақыт тілейді. Осы жерде құдағи келіннің жасауын қабылдап алып, көшті тоқтатпастан ауылға жібереді, отауды тездеп тіктіреді. Ал, басқа жұрт асығып-аптықпай, жаяулатып ауылға жетеді. Келін ауылға келгенше жұрт үлкен үйдің оң жак іргесіне жаңа отауды тігіп те үлгереді. Мұнда да отау тігу рәсімін ауылдың, тума-туыстардың ең кадірменді адамдарына сеніп тапсырады. Бүкіл ауыл болып қолға алған соң, отау да тез тігіліп, мал сойылып, бауырсак пісіріліп, шай қойылып, саба да пісіліп үлгереді. Жас келін өзінің отауына алғаш енгенде, шашу шашылып, жабайларға мәңгілік бақыт, ырыс тілеген ұлағатты сөздер айтылады. Дәстүр бойынша, келіннің төсек ағашын, шымылдығын енді отаудың сол жақ босағасына жақындатып жайғастырады. Төсектің ірге жағы - ерінің, алдыңғы жағы - әйелінің орыны болып саналады. Отауға бірінші күні келінмің шешесі, жеңгесі және олардың жас балалары қонып шығады. Құда мен оған ерген ер адамдар үлкен үйде болады. Ертеңіне кыздың шешесі, женгелері, келіннің өзі бас құдамен сәлемдесу үшін «қара шаңыраққа» келеді. Оларды улкен үйде ауыл ақскакалдары, әжелері қарсы алады. Алдымен үйге құдағилар кіріп төрге жайғасады. Аман-саулық сұрасқан соң кариялардың бірі: «Сапарларыңыз оң болсын! Құдалығымыз мың жылдық болсын!» - деп қуанышын, тілегін айтады. Абыр-сабыр басылған соң, екі жағынан екі абысыны қолтығынан ұстап жас келінді «қара шаңыраққа» алып келеді. Беті жабулы келін үйге кіргенде оң аяғымен табалдырықтан «бісміллә» деп аттайды да, ерекше бір ибалылықпен иіліп сәлем береді. Будан соң оны үйдін сол жағына құрылған шымылдықтың ішіне кіргізеді. Қариялар жағы: «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан, деген. Бәрекелді балам! Өркенің өссін! Үбірлі-шүбірлі бол! Құт-берекелі, ырысты бол!» - деп батасын береді. Сосын кыз шешесі қоржынның аузын ашып, өзінің құрметті құдаларына арнап алып келген сый-сияпатын, келіннің «қара шаңыракка» әкелген-ілуін дербес тапсырады. Әжелер: «достүр сақтап, жөн білгеніңе рахмет, балам! Аруақ әр уақытта қамқоршы болсын!» - деп батасын береді.

Келін түсіру тойыпа сол маңдағы ауыл-аймақ адамдарының бәрі келеді. Оларды күтетін арнаулы адамдар тарайындалады. Бұл өте жауапты жұмыс. Сондықтан оған жөн-жоба білетін, жанашыр туыстар ғана бөлінеді. Әсіресе, сыйлы қонақтардың табақтарына өзіне лайықты сыбағасын (еттің мүшелері) ұсыну тәртібі қатаң ескеріледі. Егер бұдан кемшілік болса, қонақтардың көңіліне қаяу түседі, тіпті кейбіреулері аттанар кезде өкпесін айтып жатады. Келін тұсіру тойлары да басқа тойлар сияқты «тойбастармен» басталып, «тойтарқармен» аяқталады

Келін түсіруге байланысты жол-жоралғыларға: «жар-жар» айту, «бата беру», «беташар» т. б. арнайы тоқталуды қажет деп таппадық.

Қазақ халқы: «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан», «Келін келді, құт келді», «Жақсы елге түскен келін - келін, жаман елге түскен келін - келсап» деп оның касиетті, инабатты, иманды да қадірлі болуын тілейді. Ақылды да сәнді, сезімтал да бауырмал келіндер түскен ауылына тыныс-тіршіліктің жақсы лебін, әсем ырғағын өздерімен бірге ала келеді. Жас жұбайлар отауы, ондағы мәзірге толы ақ дастарқан ауыл жігіттері мен қыздарының бас қосатын сыйлы орыны, өмірді армандап, пікір алысатын мекені болатындығы қандай жарасымды десеңізші! Сөйтіп, келіннің сыйлы болуы оның кісілік, имандылық борышын өтей білуіне байланысты. Ол қайын атасын - әкесіндей, қайын енесін - анасындай, қайнағасын - өз ағасындай, қайын бикесін - әпкеуіндей, қайын сіңлісін - өз сіңлісіндей, қайынын - інісіндей сыйлауға міндетті. Ал күйеуінің туыстар да оған оң көзімен қарауға тиіс. Мәселен, қайын атасы мен енесі оны туған қызындай еркелетсе нұр үстіне нұр. Олардан үлгі алған қайын бике, қайындары мен қайын сіңлілері, абысын-ажындарының жас келінмен ынтымағының жарасатыны белгілі. Береке - ырыс-ынтымақтың, берекелік - ырыстың кепілі екені түсінікті.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-10-16 18:07:02     Қаралды-5163

БӨЛШЕКТЕР ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Алдымен бұлар «жай бөлшектер» деп аталды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ЦИРК ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЙ ЖЕРДЕ АШЫЛДЫ?

...

Қазіргі кездегі заманауи цирктің әкесі - ағылшын кавалеристі аға сержант Филип Астли

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЕТРО ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖӘНЕ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Метро - теміржол көлігінің бір түрі, оның жолдары көшелерден алшақ, көбінесе жер асты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЫСЫҚТАР ҚАШАН ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫНА АЙНАЛДЫ?

...

Соңғы уақытқа дейін ежелгі мысырлықтар мысықтарды алғаш қолға үйреткен деп есептелді

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КІРПІШ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Пісірілген балшықтан жасалған бұл әмбебап құрылыс материалы

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ОТТЕГІ ҚАЙДАН КЕЛЕДІ ЖӘНЕ ОЛ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Оттегі - жер бетіндегі ең көп таралған химиялық элементтердің бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДӘПТЕР ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Мектеп дәптерлеріне ата-әжелеріңіз, аналарыңыз бен әкелеріңіз жазған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІЗДІҢ ПЛАНЕТА ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Біздің планетамыз шамамен 4,5 миллиард жыл бұрын пайда болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ПЛАНЕТА ҚАЙСЫ?

...

Күн жүйесіндегі ең үлкен планета - Юпитер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »