UF

ҚАДЫРҒАЛИ ҚОСЫНҰЛЫ ЖАЛАЙЫРИ

 

Елеусіз келген есім

 

Қадырғали Қосынұлы Жалайыри - қазақ тілінде тарихи шығарма жазған адам. Оның есімі мен шығармасы тарихи әдебиеттерде осы күнге дейін түрліше жазылып келген. Мәселен, оның атын бірде Қадырғали бек Хошимұлы десе, бірде өзінің шыққан руының атымен Жалайыри немесе жалайырлық деп атаған. Сол сияқты оның еңбегі де бірде «Жами-ат-таварих» немесе «Жылнамалар жинағы» деп әр түрлі аталып жүр.

Қадырғалидан бұрын, бұдан да басқа қазақ тілінде қолжазба кітаптар болды деген тарихи мағлұматтар бар. Бірақ ол ескерткіштер әлі табылған жоқ. Сондықтан да, әзірше қолымызда бар деректерге сүйене отырып, XVI ғасырда таза қазақ тілінде тарихи еңбек жазған Қадырғали Қосынұлын - қазақ тіліндегі жазба шығармалардың бастаушысы деуге болады. Қадырғали еңбегінің ана тіліміздегі алғашқы шығарма екенін ескерумен катар, оның қазақ тарихы үшін құндылығын бағалай отырып, Қадырғали есімін Орта Азия мен Монғолияның Әбілғазы, Бабур, Бенаи және Саган Сэцэн сияқты атақты тарихшыларымен қатар қоюға болады.

Орыстың атақты ғалымдары, Қазан университетінің профессорлары Н.И.Ильминский, И.Н.Березин, академик Вельяминов-Зернов және қазақтың көрнекті ғалымы Шоқан Уәлиханов Қадырғалидың еңбегімен таныса, оны зерттей келіп, оны аса жоғары бағалағаны мәлім. Мәселен, Шоқан Уәлиханов Қадырғалидың қолжазбасы туралы: «Бұл кітаптың Әбілғазы және «Шайбанинамемен» салыстырғанда аңыздан гөрі ақиқаты молырақ... Тілі қазіргі қазақ тілі сияқты», деп жазады.

Қадырғалидың тарихи еңбегінің ғылыми жұртшылыққа белгілі болғанына бір ғасырдан артық уақыт өтті. Бірақ оқушылардың көпшілігі күні бүгінге дейін қазақ тіліндегі тұңғыш тарихи шығарма, жазба ескерткішті қалдырған адамның кім екенін, оның еңбегінің халкымыздың мәдени тарихынан алатын орнын жете білмей келді. Тіпті ғылыми жұмыспен шұғылданып, қазақтың тарихы, тілі және әдебиетін зерттеп жүрген кейбір оқымыстыларымыздың өздері де бұл авторға және оның еңбегіне соңғы уақытқа дейін жеткілікті назар аудармады. Сол себептен де Қадырғали Қосынұлы Жалайыридың есімі ұмытылуға тақалып, өзінің тарихта алатын орнына ие бола алмады.

Халкымыздың мақтанышы ретінде қаралуға тиіс бұл ескерткішке ғалымдар жұртшылығының жете көңіл бөлмеуіне бірнеше себептер болды. Біріншіден, Октябрь революциясынан бұрынғы буржуазияшыл оқымыстылар «қырғыз» немесе «қайсақ» аталып жүрген халықтың ана тілінде сол заманда мұндай қолжазба болады деп санамаған, ондай мүмкіншілікке сенбеген. Ал, қазақ тілінде ондай қолжазбалар кездесе қалса, ондай ескерткіштерге мән бермеген. Оны шағатай, татар тілдеріндегі көптеген қолжазбалар қатарына қоса салған. Екіншіден кейбір ғылыми еңбектерде көп уақытқа дейін қазақтар жартылай жабайы, тағы халық деген секілді ағат ұғым, теріс пікір орын алып келді. Осы қате түсінік жалпы қазақ халкының ертедегі мәдениетін танып, білуге өзінің кері әсерін тигізді.

Қадырғали еңбегінің танылмауына үшінші бір себеп бұл шығарманың алғашқы бірнеше беттерінің жоғалуына байланысты, автордың өзінің қойған аты тарихта белгісіз болып, ол И.Н.Березиннің көрсетуі бойынша «Жамиғ-ат-таварих» деп аталып кетті. Тарихи әдебиетте көптен белгілі Рашид-ед-диннің дәл осылай аталатын XIV ғасырда парсы тілінде жазылған әйгілі еңбегі бар еді. Академик Ә. Марғұланның көрсеткеніндей осы «екі шығарманың бір атпен аталуы ғылымға үлкен түсініксіздік тудырып, Жалайыридің еңбегінің мәні жете бағаланбады». Қадырғали Жалайыридың өзінің және еңбегінің ұмытылып кете жаздап журуінің себептері міне осылар.

 

Қадырғали кім?

 

Қадырғали Қосынұлы Жалайыри 1530-жылдары туып, 1605-жылдары шамасында қайтыс болған. Өз өмірі туралы өте аз мәлімет қалдырған. Біздің қолымызда бар деректер бұл құрметті адамның өмірін баяндау үшін жеткіліксіз. Қадырғалидың қазақ даласында өткен жастық шағы тарихқа белгісіз. Өз әкесі - Қосын бек, атасы - Темшік батыр қазақ хандарының ордасына жақын жүріп, соларға қызмет еткен адамдар.

Қадырғали хан ордасының қағазын жазып, жас сұлтандарға тәлім-тәрбие беру ісін басқарып, ханның қарашысы (ақылшысы, кеңесшісі) ретінде іс атқарған адам. Қадырғалидың ата-бабалары және өзі хан ордасына жақын болғандықтан, ол үшін XV-XVI ғасырлардағы қазақ хандықтары жайында тарихи шығарма жазу оған онша қиынға түспеген және бұл шығармада шындықтың, ақиқаттың көбірек болуына мүмкіншілік туғаң. Қадырғали өзінің «Жылнамалар жинағында»: «Менің аталарым Ораз-Мұхаммед сұлтанның аталарына қызмет етті. Мен өзім Ораз-Мұхаммедтің атасы Ондан сұлтанға қызмет еттім, одан соң Ораз-Мұхаммедтің қасында болдым» - деп жазады. Бұған қарағанда Қадырғали Қосынұлы Ораз-Мұхаммедтен жасы көп үлкен, егде тартын қалған адам болып шығады. Бұл жерде айтылып отырған Ондан сұлтан - қазақ ханы Тәуекелдің інісі. Жоңғарларға карсы ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін ел арасында ол «ұзын оқты Ондан сұлтан» атанған. Ал, Ораз-Мұхаммед - Онданның баласы.

1580-жылдан бастап Қадырғали осы Ораз-Мұхаммедтің қарашысы болады. 1588-жылы Ораз-Мұхаммед екеуі Ертіс бойында «тұйғын салып, аң аулап жүріп», Сібір воеводасы Даниил Чулковтың қолына тұтқынға түседі де, сол жылы аманат ретінде Мәскеуге әкелінеді.

Қазақ ханы Тәуекел өз туысы Ораз-Мұхаммедті сұратып, орыс патшасына сан рет елші жібереді. Бірақ орыс патшасы Ораз-Мұхаммед пен Қадырғали Қосынұлын өз еліне қайтармайды. 1588-жылдан 1598-жылға дейін олар Мәскеуде, патша сарайында болады. Оған себеп болған нәрсе тағы да Ораз-Мұхаммед сұлтан. Өйткені, ол Ресей патшасының қарамағына келгеннен кейін шведтерге қарсы, Қырым хандығына қарсы жасалған көптеген жорықтарға қатысады. Осы жорықтарда ерлік көрсетіп, көзге түседі. Соның үшін Ораз-Мұхаммедті Қасым қаласына хан етіп сайлайды.

Қасым қаласы - Ока өзенінің бойындағы ертеден бар қала. Бұл қала мещеряктар (ел) қаласы деп саналатын. Шығыс халықтары «Кермен» деп атап кеткен. Бұл - жақсы бекіністі қала. 1265 жылы осы қалада Александр Невский қайтыс болған. Ал, 1471-жылдан бастап Қазаннан барған бір сұлтанның есімімен Қасым қаласы немесе Қасым хандығы деп аталып кеткен. Осы Қасым қаласын 1598-жылы Ресей патшасы Борис Годунов қазақтың сұлтаны Ораз-Мұхаммедке берген. Ораз-Мұхаммед осы қалада бірнеше жыл хандық құрады.

Қадырғали Қосынұлы Жалайыри Қасым қаласында, Ораз-Мұхаммедтің қасында жүріп, 1600-жылы өзінің атақты кітабы - «Жылнамалар жинағын» жазады. Кітабының кіріспе бөлімінде Борис Годунов сарайының салтанатын жаза келіп, өзі туралы: «Мен дүние жүзіндегі неше түрлі мемлекеттерді аралаған, әділ үкім мен нақыл сөзге қанық көптеген кітаптар оқыған адаммын», деп өзінің көргенді де, білімді адам екендігін аңғартады. Қадырғали Жалайыридың Қасым қаласында немесе басқа жерде қашан қайтыс болғандығы бізге белгісіз. Бірақ 1600-жылдан кейінгі тарихи оқиғаларда ол адамның аты аталмайды. Ол өзінің тарихи еңбегін, ертедегі және сол замандағы Шығыс ғалымдарының дәстүрінше, Борис Годуновқа арнаған. Алайда, ол кітаптың Мәскеу патшалығына берілгендігі туралы да мәлімет жоқ. Қадырғали Қосынұлының өмірі туралы қысқаша дерек осы.

 

Жалайырлар жайында бірер сөз...

 

XV ғасырдың орта кезінде (1456-жылы) қазақтар Өзбек хандығынан бөлініп, кейбір ноғайлы-түрікмен тайпаларымен бірігіп, өз алдына жеке мемлекет құра бастайды. Алғаш қазақ тайпалары ІІІу-Сарысу, Сыр бойы мен Қаратау төңірегінде, Түркстан, Ташкент маңында жиналып, бірлеседі. Бұл бірлікке ертедегі түрік қағанатының негізін қалаған ескі рулар: қаңлы, қыпшақ, үйсін, дулат, қоңырат, албан, суан, жалайыр сияқты тайпалар кіреді. Кейін қазақ хандығының құрамына Еділ - Жайық, Есіл - Тобыл, Ертіс бойын мекендеген арғын, найман, керей, уақ, шекті, жағалбайлы, табын, тама рулары қосылады. Бұл мемлекеттік бірлестік XV ғасырдың екінші жартысынан бастап (1465-жылдары), «қазақ» деп аталып кетеді. Ал XVI ғасырда - қазақ хандығы өз алдына тәуелсіз, рулық қатынасы кушті, феодалдық мемлекет болып құрылады.

Міне, осы қазақ мемлекетінің құрамына енген жалайыр тайпасы - үйсіннің ертеден келе жатқан белгілі де белді руларының бірі болған. Орта ғасырлар заманында жалайырлар Түрік қағанатының негізін салуға, кейін Орта Азия мен Персияда жаңа династиялар құрылуына белсене араласып, онда белгілі роль атқарып отырған. Монғол тарихшысы Саган Сэцэннің (1604-1662) жазуына қарағанда Шыңғысханның кезінен бастап жалайырлар қаңлы руы сияқты хан ордасына жақын болып, ерекше олжа алып отырған. Сол кездің өзінде-ақ жалайыр руынан тарихта белгілі көптеген адамдар шыққан. Мәселен, Шыңғысханның Батыс Қытайды бағындырған атақты қолбасшысы - Мукулы Гован жалайыр болған.

Жалайыр руы негізінен төрт бөлініп Шу бойында, Сыр бойында, Ангрен - Шыршық, Қаратал - Жетісу бойында орналасқан. Осы Қаратал бойындағы жалайырлар 1500-жылдары Ұлытау, Көкшетау, Нұра өзендері маңын мекендеген. Себебі, хан ордасы XVI ғасырдың басында Ұлытау маңына ауысқан. Ал XVII ғасырда хан ордасының Түркстанға қоныс аударуына байланысты жалайырлар қайтадан Жетісуға көшіп келген. Міне, Қадырғали Қосынұлы осы жалайыр руынан шыққан және өз руының есімін сол кездегі дәстүр бойынша өз фамилиясына тіркеген.

 

Қадырғали кезіндегі қазақ хандығы

 

Қадырғали кезінде қазақ хандығының халықаралық жағдайы төмендегідей еді: Астрахань, Қазан хандықтары, Сібір Көшім хандығы құлаған, Моғұлстан әлсіреген. Міне осы жағдайда қазақ хандары мен олардың саясатшылары Ресей мен Қытайдың күшті мемлекеттер екенін жақсы түсінген. Қазақ хандары бүкіл XVI-XVII ғасырлар бойы өздерінің тәуелсіздігі үшін, Сырдария мен оның бойындағы қалалар үшін Бұқар, Хиуа хандықтарымен ылғи күрес жүргізіп отырған. Қазақ хандықтарының сыртқы саясатын жүргізушілер Қасым ханнан бастап (1513-1523), әсіресе Тәуке ханның тұсында Ресеймен тығыз байланыс. жасауға тырысқан, оны өзіне мият тұтқан. Мәскеуге жиі-жиі елшілер жіберіп, аманат тапсырып отырған.

Ал қазақ хандығының ішкі жағдайына келетін болсақ, ол біртұтас болмаған. Феодалдық ыдыраушылық, ырың-жырың алауыздық, рушылдық бойға сіңген ауру сияқты қазақ хандықтарынан қалмаған. Хандыққа таласқан сұлтандар, ханның оң жақ, сол жағына отыруға, ақылшы болуға, сенімге кіруге тырысқан ірі феодалдар, ханның әскер қолын басқаруға ұмтылған батырлар, жалпы мансапқа құмар төрелер көп болған. Ханның ортаншы және кіші балалары көбінесе хандық орын жетпеген соң басқа көрші елдерге топ-тобымен қашып кетіп отырған. Міне, осындай ренжушілер, өкпелеушілер, ханның аманатшылары, тұтқынға түскен мырза-бектер, сұлтандар Шығыс елдерінде де, сол сияқты Мәскеу патшалығында да көп болған. Жоғарыда айтқан Қасым қаласының ханы Ораз-Мұхаммед осындай жолдардың бірімен, яғни тұтқынға түсіп, аманат ретінде Мәскеу патшасына келтірілген хан тұқымдарының бірі.

 

Қадырғали кезіндегі қазақ тілі

 

Қадырғали Қосынұлы Жалайыридың өмір сүрген дәуірі XVI ғасыр - қазақ хандығының өз алдына тәуелсіз, рулық қатынасы күшті, феодалдық мемлекет болып тұрған дәуірі дедік. Ал, қазақ хандығының құрылуы, оның біртұтас мемлекет болып бірігуі, оның құрамына енген тайпалар мен рулардың бір орталыққа бағынып, өзара саяси-экономикалық және мәдени байланыс жасауы - осы мемлекеттің құрамына енген тайпалардың ортақ бір тілде сөйлеуін қажет етті. Осыған байланысты XV-XVI ғасырларда қазақтың жалпы халықтық тілі пайда болды. Ол алғашқыда көне қыпшақ диалектісі негізінде пайда болады да, кейін өзімен туыстас басқа да рулардың диалектілеріндегі ерекшеліктерімен толысып, өзгеріп, байи түседі.

XVI ғасырда қазақ халқының халықтық тілімен бірге әдеби тілі де қалыптасқан. Оған жоғарыда айтқан тарихи жағдайлардан басқа мына төмендегі жағдайлар да себепші болды:

       1. Қазақ хандығының құрылуына байланысты қазақтың хан, сұлтандары, батырлары мен ірі ру басшыларының жазған жазба деректерінің саны көбейді. Олар: сәлем хаттар, алдияр сәлемнама, аманат хат, қол хат т.б. түрінде жазылды.

       2. Жалпы түрік тіліндегі шығармалар деп аталатын бірнеше батырлық және лиро-эпостық шығармалардың қазақша варианттары (мәселен, «Алпамыс», «Қобыланды», «Қозы-Көрпеш - Баян сұлу», «Боз жігіт» т. б.) пайда болды.

       3. Хан балаларына өсиет, насихат ретінде жазылып қалған шығармалар, қазақ даласынан кетіп қалған, басқа елдерде, жерлерде жүрген адамдардың мемуарлық бағытта жазған шығармалар және ханның кеңесшісі, хатшысы ретінде ордасына жақын жүрген білімпаз, сауатты адамдардың жазып қалдырған қолжазбалары.

Осы үш жағдай қазақтың жалпы халықтық және әдеби тілімен бірге, қазақ тілінде жазылған алғашқы қолжазба шығармалардың пайда болуына негіз болды. Міне Қадырғали Қосынұлының «Жылнамалар жинағы» - осындай жолдармен жазылып қалған тарихи ескерткіштердің бірі болып табылады.

 

«Жылнамалар жинағында» не жазылған?

 

Қадырғали Қосынұлы Жалайыридың «Жылнамалар жинағы» атты тарихи еңбегі 157 бетке, қытай қағазына ұқыптылықпен жазылған. Бұл шығарманың бізге белгілі бір данасы Қазан университетінің кітапханасында сақтаулы. (Қаталог № 10422). Бұл бізге белгілі бір данасының өзін Қадырғали өлгеннен кейін 1641-42-жылдары аты белгісіз бір адам көшірген. Осы қолжазбаны Н.И.Ильминский қазақ тілінен орыс тіліне аударған. Ильминскийдің аударған тексті басылып шықпаған. Ол текст қазір қайда екені белгісіз. Ал, қазақ текстісін 1854-жылы И.Н.Березин өзінің шығармаларының екінші томына енгізіп, басып шығарған.

«Жылнамалар жинағы» негізінен төрт бөлімнен тұрады. Кіріспе, аударма бөлімі, қазақ хандықтары және қортындылау бөлімі. Кіріспе бөлімін Мәскеу патшалығына, оның патшасы Борис Годуновқа арнайды. Осы бөлімінде «Ресей патшалығы - дүние жүзіндегі ең үлкен патшалық. Оның әскеріндей күш жоқ. Оған қараған жер-байлық, сән-салтанат ешбір елде болмаған көрініс» деп мадақтайды да, «осы еңбегімді Мәскеу патшасы Борис Годуновтың құрметіне арнаймын» - деп атап көрсетеді. Содан кейін Қасым қаласының ханы, қазақ сұлтаны Ораз-Мұхаммедті, оның хандыққа отырғандығын сыпаттап кетеді. Кітабының алғашқы бес бетінде Мәскеу патша сарайында болғандығын, оның көркем, байсалдылығын, әр елден келіп жатқан елшілерді, тағы басқа оқиғаларды жазған. Кітаптың негізгі бөлімі XIII ғасырдан XVI ғасырға дейінгі қазақ жеріндегі оқиғаға арналған. Автор: «ертедегі оқиғаларды парсы тіліндегі «Шыңғыс-Зададан» қазақшаға аудардым. Ал одан кейінгі окиғаларды алланың қуатының арқасында өзімнің зерттеуімше жаздым» деген. Бұған қарағанда кітаптың бірінші бөліміндегі баяндалатын оқиғалар Рашид-ед-диннің белгілі «Жамиғ-ат-таварих» атты парсы тіліндегі еңбегінен қазақ тіліне аударылған да, ал екінші бөліміндегі оқиғалар - Қазакстанның XVI ғасырдағы тарихына байланысты жазған беттері - бірінші қазақ тарихшысының өз қаламынан шыкқан.

Қазақстанның орта ғасырдағы тарихымен шұғылданушылар үшін тың мағлұмат беретін өте бағалы бөлімі - осы Қадырғалидың өзі жинап, өзі зерттеген, көзімен көріп, заманның куәшісі болған дәуірі - XVI ғасыр. Бұл ғасырдағы Қазақстан тарихы терең зерттелмеген. Міне, осы кемшілікті толықтыруда таптырмайтын тарихи дерек беретін еңбек - Қадырғалидың «Жылнамалар жинағының» екінші бөлімі деп білеміз. Бұл бөлімде XVI ғасырдың басынан бергі қазақ хандықтарының ішкі, сыртқы жағдайларына тоқталады. Қазақ тайпаларының халық болып қалыптасуы, оның тәуелсіздігі үшін жүргізген күресі, халықаралық жағдайы, тағы басқа мәселелер суреттеледі. Автор ұлы орыс халқына үлкен мейірбандықпен, сүйіспеншілікпен қарайды.

Бұл тарихи еңбекте қазақ хандарының саяси-әлеуметтік жағдайы туралы көптеген мағлұмат бар. Қазақстандағы рулық, патриархалдық-феодалдық қатынастың қаншама дамығандығы байқалады. Ханның төңірегіндегі сұлтандар мен қарашылар, бектер, мырзалар, аталықтар мен данышпандар, хафиздар сияқты түрлі әлеуметтік топтарға тоқталады. Ертеден келе жатқан бірнеше қазақ руларының тарихын баяндайды. Қадырғали бір кезде: «ханның қасында, оның сол жағында - Шырын, Барын тайпаларынан шыққандар, оң жағында - қыпшақ, арғын тайпаларынан шыққандар болса, қазір басқаша. Ханның сол жағында арғын - Жанышбек, қыпшақ - Төкейбек отыр, оң жағында маңғыт - Себайбек, жалайыр - Қадырғалибек отыр» деп көрсетеді.

«Жылнамалар жинағының» авторы қазақтың бай тілін жақсы меңгерген. Көрген-білгенін шеберлікпен суреттей білген, жақсы сауатты жазушы болған. Сондықтан бұл еңбек - тек тарихи мұра ғана емес, сонымен бірге бағалы әдеби шығарма. Бұл еңбек тарихи және әдеби ескерткіш болумен қатар, қазақ халқының рухани байлығының ең басты және бай саласы - тіл тарихын зерттеуде де мәні өте зор. Кітапта көптеген жер-су аттары, адам аттары (Жаған бикен, Қанық ханым), түрлі мақал-мәтелдер көп кездеседі. Мәселен, «Ойда-орыс, қырда-татар, барша ұлысын бақтырған хан» (5-бет). «Ғаділ келіп, залым кетер белгісі, кеше кетіп, күндіз болар, бұлт арасынан күннің көзі көрінер» (6-бет) немесе «Абаха хан Улан ханның ұлы еді. Арғын хан Абаха ханның үлкен ұлы еді. Бұл Ахметтен кейін жеті жыл патша болды» (10-бет). «Оғуздың барша қауымын ол уақытта түрікмен деп айтар» (12-бет).

Жалайыри еңбегін зерттеуші кейбір ғалымдар онда кездесетін қазақтың ару, қауым, қыршын деген сияқты сөздерін дұрыс түсіне алмаған. Тіпті «мал» деген сөздің де мәнін білмеген. Өйткені, бұл шығармада, Шокан Уәлиханов көрсеткендей, «мал» деген сөз, «туар қара мал» деген сөзсіз ешбір жерде жазылмаған. Бұған қарағанда ертеректе «жылқы» деген сөзді «туар қара» деген ұғымда айтқан сияқты. Ертеректегі қазақ келіншектері Жылқыбай деген атасы болса, жылқыны жылқы демей, «туар» деп атаған.

Қамбар сұлтан туралы әңгімесінде: «Қамбар сұлтан өмірінде Қасым ханның тобығында жүрді. Ешуақытта хан болуға тырысқан емес. Қамбар сұлтан ылғи сақта болып, әскерді басқарған адам. Оның тұкымдары да хан болған емес» деп жазады. Бұл деректерге қарағанда, қазақтың батырлар жырында жырланатын атақты Қамбар батыр-әскери адам, хан әскерінің басы, ол қазақ хандығының жерін, шегін қорғауға, халқын қорғауға өмірін сарп еткен адам деп есептеуге негіз бар.

Қазак халқының қадірменді ұлы Қадырғали Қосынұлы Жалайыридың өмірі, ол жасаған дәуір және оның қаламынан туған қазак тіліндегі тарихи еңбектің кысқаша мазмұны осындай. Әрине, заманымыздың жетістігі тұрғысынан қарағанда, әңгіме етіп отырған еңбек ғылыми, әдеби жағынан онша құнды болып көрінбеуі де мүмкін Бірақ бұл еңбекке және оның авторына тарихи тұрғыдан, атап айтқанда XVI ғасырдың өлшемімен қарауымыз керек. Ал, бұл тұрғыдан алғанда, Қадырали Қосынұлының еңбегінің мәні өте зор.

Пайдаланған әдебиет:

Жүнісбаев Қ. Қадырғали Қосынұлы Жалайыри. Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары (ІХ-ХІх ғасырлары). Құраст: Исқақов Б. -Алматы, 1964. 270-281 б.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-11-24 10:45:58     Қаралды-7831

БӨЛШЕКТЕР ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Алдымен бұлар «жай бөлшектер» деп аталды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ЦИРК ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЙ ЖЕРДЕ АШЫЛДЫ?

...

Қазіргі кездегі заманауи цирктің әкесі - ағылшын кавалеристі аға сержант Филип Астли

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЕТРО ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖӘНЕ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Метро - теміржол көлігінің бір түрі, оның жолдары көшелерден алшақ, көбінесе жер асты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЫСЫҚТАР ҚАШАН ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫНА АЙНАЛДЫ?

...

Соңғы уақытқа дейін ежелгі мысырлықтар мысықтарды алғаш қолға үйреткен деп есептелді

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КІРПІШ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Пісірілген балшықтан жасалған бұл әмбебап құрылыс материалы

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ОТТЕГІ ҚАЙДАН КЕЛЕДІ ЖӘНЕ ОЛ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Оттегі - жер бетіндегі ең көп таралған химиялық элементтердің бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДӘПТЕР ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Мектеп дәптерлеріне ата-әжелеріңіз, аналарыңыз бен әкелеріңіз жазған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІЗДІҢ ПЛАНЕТА ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Біздің планетамыз шамамен 4,5 миллиард жыл бұрын пайда болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ПЛАНЕТА ҚАЙСЫ?

...

Күн жүйесіндегі ең үлкен планета - Юпитер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »